Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Серік Ыдырысов: «Айтысты сағынып жүрмін»

01.08.2025, 15:50 737

Сырдың елі – жырдың елі. Әуелден сүлейлердің мекені. Аузында Алласы, қолында домбырасы бар қалың қазақты осы жақтан көп іздемей-ақ кездестіресіз. “Ақыны әкімін емес, әкімі ақынын іздепті” деген тіркестің түп-төркіні бізден басталған сияқты. Айтыс өнерінде өзіндік шыққан биігі бар, Сырдың сырбаз ақыны Серік Ыдырысов келесі жылы 60 жасты алқымдайды. Десе де, жақсылықтың ерте не кеші болмайды. Қазірдің өзінде ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар легі басталып кетті. Біз де дәстүрімізден жаңылмай ел руханиятын, мәдениетін асқақтатуға еңбек сіңірген айтыскермен еркін сұхбат ұйымдастырған едік.

Серік ЫДЫРЫСОВ, айтыскер ақын, асаба:

АЙТЫСТЫ САҒЫНЫП ЖҮРМІН

— Серік көке, 60 жасыңыз құтты болсын! (2017 жылғы сұхбат — ред.) Шал ақынның “Сүйіктісін сүйірлеп кесіп жейді, Дастарқандас, табақтас болған кісің” деген өлеңі бар емес пе? Алпыстың салмағы сізде байқала ма?

— Белгілі қазақтың марқасқасы, жерлесіміз Иран-Ғайып ақынның:

“Алақ-жұлақ бәле,

Келіп қалды әне.

Алпыс деген – тал түс,

Дегендерің кәне?”, — деп айтқаны бар еді. Алпыстың салмағы байқалады. Өйткені, жас ұлғайған сайын алдыңа қарамайсың, артыңа қарайсың. “Не бітірдім?” деп ойланасың. Мен осы күніме шүкіршілік етемін. Ең бастысы, жүрегімде иман деген жарық бар, жанымда сыйлап жүрген халық бар.

— Айтыссыз өміріңізді елестете алмайтын боларсыз. Айтыс төңірегіндегі дау-дамайлар да көбейіп кетті. Жалпы, бүгінгі айтыстың деңгейі туралы не айтасыз?

— Шынымды айтсам сахнаны, айтысты сағынып жүрмін. Бұл менің айтыссыз өмір сүре алмайтынымның дәлелі шығар. Айтыста жеңу, жеңілу мақсат емес, негізгі мақсат – ел жадында қалатын сүбелі, тұщымды сөз айту. Ал негізгі сұраққа жауап беретін болсам, қазіргі айтысты кемітпеймін. Бірақ, осы күнгі айтыс жазба айтыс болып кетті. Суырыпсалмалық аз. Тәуір ұйқас, ұтқыр жауап та. Айтыс төңірегіндегі шу оның беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан төл өнер турасында жағымсыз пікір айтпайық.

— Айтыстың түрлері де ұмыт қала бастағандай…

— Иә, рас қайым айтыс, бәдік айтыс, өтірік айтыс, сүре сынды түрлері ұмыт бола бастады. Осы кезден қолға алып, дамытпасақ болмайды.

Қазіргі сөз барымтасында сөзден жеңілгенін мойындайтындар жоқтың қасы. Тиісінше, жол беру дәстүрі бар. Басыңыздан өткен осыған ұқсас жайттар турасында ой қозғасақ.

Мен айтыста жол беру дәстүрі бар дегенді түсінбеймін. Қазақ “Алыссаң атаңды жық” дейді. Менің айтысымда бұған ұқсас жағдайлар болмаған. Қыз бала екен, жас бала екен демеймін. Айтыстың ба, таза жең немесе жеңіл. Менің ұстанымым – осы! Ал, жеңілгенін мойындамау дұрыс емес. Кешегі “Алтын домбыра” айтысында осындай жағдай болды емес пе? Негізі шешімге тоқтау керек.

— Көптеген атақты азаматқа, тіпті ел президентке дейін арнау айттыңыз. Қандай қызықты сәттер есіңізде қалды?

— Иә, елімізге, әлемге танымал, ықпалды тұлғалардың алдында арнау айтқаным бар. Олардың ішінде Финляндия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан президенттері, Индияның премьер-министрі де бар. Соның ішіндегі ерекше есте қалғаны мынау. Бірде бірнеше елдің президенттерін күтіп алу, арнау айту әнші-ақын Елена Әбдіхалықова екеумізге тапсырылды. Сонда Елбасымыз жайдары мінезімен, күлімсіреп отырып: “Асқар Ақаев қазақтың қызынан туған, ол қазаққа жиен. Осы жағын да бір айтыңдар” деп еске салып, жол көрсетті. Қазақта “Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді” деген сөз бар емес пе? Тез түсіне қалған мен домбырамды қағып-қағып:

“Қырғыздың ғажап биі едің,

Қазақтан жарты сүйегің.

Нағашыңның ауылына,

Қош келдің Асқар жиенім.

Жолын тапқан жүйенің,

Басымды саған иемін.

Құдай айдап келген соң,

Жалтыраған бастан сүйемін”, — деп қырғыздың мақамына салып айта жөнелдім. Соңғы қатарды айтысымен қырғыз президенті маған басын сүйдірді. Сонда Елбасы: “Қазақ сөзінің құдіретін-ай! Бір елдің патшасы ақынымызға маңдайынан сүйдіріп тұр ғой” деп тебіренді. Қызықты сәт деп осыны айтуға болатын шығар.
Сонымен қатар, 1992 жылы дүниежүзілік қазақтардың құрылтайында Сыр елі тіккен киіз үйге Елбасымыз арнайы аялдаған болатын. Сонда оған арнау айтатын айтулы, азулы ақынның бірі сөзін ұмытып, кідіріп қалды. Оған жаңбырдың жауғаны әсер етсе керек. Сол кезде мен суырылып шығып:

“Ассалаумағалейкүм Нұр ағамыз,

Көргенде өзіңізді қуанамыз.

Қарсы алып тұр сізді Сыр анамыз,

Кәнеки төрге шық, дайын сыбағаңыз.

Нұрекең де Құдайдың құлы емес пе?

Халықтың патша қылған ұлы емес пе?

Өзімен ерік берген мына жаңбыр,

Болашақта халқыңның нұры емес пе?”, — деп ойда-жоқта жырымды төгіп-төгіп жібердім. Осыдан соң маған сыртымнан мысқылмен “сарай ақыны” деп айдар тағыла бастады. Оларға берген жауабым мынау болды.

“Өмірде өтіп еді талай ақын,

Соның бірі мен Серік сарай ақын.

Халықтың мұң-мұқтажын жеткіземін,

Емеспін дүние қуған малай ақын”.

— Қазақ халқы “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” дейді. Дәл осы бір сөзді сізге бағыттап айтатын жандардың қарасы қаншалықты көп?

— Айтыста да, поэзияда да табысқа жетіп жүрген көптеген шәкірттерім бар. Айдос Рахметов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, т.б. атауға болады. Той басқарып жүрген көптеген асабалардың өзі “Серік көкем былай айтып еді, Серік көкем олай айтып еді” деп өздеріне ұстаз тұтады. Сыр бойындағы қолына қалам алған жастардың барлығын шәкіртім десем артық емес шығар. Ұстаз болу – оқушының алдында сабақ түсіндіру ғана емес.

— Құранда “Пайғамбарлардан соң өмірге ақындар келеді” деп айтылған екен. Өлеңнің киесі, қаламның қуаты, ақынның асылдығы жайлы не айтасыз?

— Ақын-жазушылар, жыраулар ертеден бастап діни өлеңдер, шығармаларымен халықтың сеніміне кіріп, елдің мұң-мұқтажын жазып отырған. Сол секілді ақындар молдалармен тең дәрежеде өзінің кестелі жырымен, иірімімен халықты діни тұрғыда сауатты ете алады деп ойлаймын. Артықшылығы ақындар арабша емес, таза қазақша, ұғынықты тілде баяндайды. Ақын шайтанөрнек құрмауы керек.

— Айтыстарыңызды жинақтайсыз ба? Баспа бетін жарық көрді ме?

— Айтыстарымды жинақтамаймын. Баспа бетінде жарық көргендері бар. Ол да ертеректе. Бірақ, менің қатысуыммен емес. Абай Құнанбаевтың 150 жылдығындағы айтысым, сондай-ақ, 1986 жылғы айтысым “Көктем” жинағында басылды. Жалпы, кітап шығаруға құмар емеспін. Әйтпесе, бірнеше кітап боларлықтай дүнием дайын тұр.

— Айтыңызшы, қазіргі кездегі Сыр елінің бас ақыны кім?

— Ол атақты ең бірінші алған Махамбетқали Тұрсанов еді ғой. Ендеше, мәңгілікке сол болып қалады. 3 жыл бұрын ел ішінде мені де бас ақын деп айтып жүрді. Бірақ, мен еш жерде бас ақынмын демедім. Махаңды да, мені де алып ұратын ақындар бола берсін, бірақ олар біз үшін жас ақын ғана. Мақаң демекші, сол Мақаң бізге айтыс сайын қағытып: “Мен төрт қатын алғанмын, үш қатын алғанмын” деуші еді. Қай күні 80 жылдығына орай арнайы құттықтап бардым. Үйге кірсем Маржан деген бірінші жеңгем жатыр екен. Арасында бас ақынмен де әзілдеп тұратынымыз бар. Сонда халықтың көзінше айтқаным:

“Болса да қанша қатыны,

Теңізден терең ақылы.

Махамбетқали Тұрсанов,

Екі ғасырдың ақыны.

Тарихта мәңгі қалады,

Тақпағының татымы.

Кәрі деп әзір ойлама,

Әлі де мықты тақымы.

Арзандарды тауысып,

Маржанмен қалды ақыры”.

— Ең жоғарғы атағыңыз қандай?

— Ертеректе сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, қала әкімі Бақберген Досмамбетовтың қолынан “Қызылорда облысының құрметті қайраткері” деген атақты алған едім. Бір қызығы, мұндай атақты облыс бойынша алғашқы болып иелендім. Мұнан бөлек көптеген марапатқа ие болдым. Әрине, ең жоғарғы атақ елдің берген батасы, құрметі деп білемін.

— Қазақтың жауы не?

— Қазақтың үш жауы бар десек, әуелгісі – жалқаулық, сонан соң көреалмаушылық және ақкөңілділік. Неге? Қазір қаланың кез келген жерінде құрылыс жүргізіп жатқан өзбек азаматтары. Біз оларды жұмсағанға мәзбіз. Сол жұмысты қазақ та істей алады, бірақ істемейді. Өйткені жалқаулық басым. Әйтпесе қазақтың да көпшілігі жұмыссыз жүр ғой. Өз жеріміздегі байлықты игере алмай отырғанымыз да соның дәлелі емес пе? Кешегі қуғын-сүргін заманында тәжіктен 1, өзбектен 7, қырғыздан 40 адам ғана атылды. Ал, қазақ зиялыларынан 25 мың адам құрбан болды. Бұл бір-бірін көреалмаушылықтан болған сияқты. Аңғалдығымыз, тым сенгіштігіміз де бізді орға жығуда.

— Уақытты кері айналдыруға мүмкіндік болса, тағы да осы жолды таңдар ма едіңіз?

— Еш ойланбай осы жолды таңдар едім. Өйткені мен қазіргі өміріме ризамын, бақыттымын! Әкем о дүниеге аттанбас бұрын: “Әй, Серікжан, өлім деген бар пендеге жазылған. Сен қатты жылама. Мен өлімнен кейінгі өмірім қандай болатынын армандап барамын” деді. Сол кезде әкемнің менен басқа есейген баласы жоқ еді. Артында қалған 9 баланы аяқтан тұрғызу менің мойныма жүктелді. Бар күш-жігерімді бауырларыма арнадым. Сол үшін де айтыстан қол үзіп, асабалық қызметке ойыстым.

— Саясатқа қызығасыз ба?

— Саясатқа қызықпаймын, қызыққан емеспін. Әркім өз жұмысымен айналысуы керек. Алла менің аузыма сөз салды, айтыскерлік қабілет берді. Сөз құмар адаммын, жақсы тіркес тауып алсам, соған қуанамын. Ал саясатпен айналысатын тиісті адамдар бар.

— “Той – халықтың қазынасы” дейміз. Сіздің ойыңызша, қазынамызды қаншалықты қорғаштап жүрміз?

— Кейінгі кезде той халықтың емес, шағын ғана топтың қазынасы болып жүр. Тойды мақтан үшін өткізетіндер бар. Өткізе қалса, шоу етеді. Той қазақы дәстүрмен өтуі тиіс. Ойсыз ойындар тойдың деңгейін көтермейді. Ұзын-сонар тілектер тойдың қадірін қашырып, деңгейін түсіріп жүр. Сосын тілекті той иелерінің өмірбаянымен шатастырып алған сияқтымыз…

Менің бір қуанатыным, қазіргі жастар тойда ащы суды іздемейді. Қайта үлкендер жағы сұрап жатады. Бұл жастардың ой-өрісінің кеңдігінен болар. Зиянды зиян деп, кесірін бағамдай білгені де.

— Бұған дейін “Қазақтың тойы 50 минуттан аспауы керек”, “Келінді үйге келмей тұрып төрге отырғызу дұрыс емес” деген сынды пікірлер айтылды. Алып-қосарыңыз бар ма?

— Қазақтың тойы 50 минуттан аспау керек дегенге келісе алмаймын. Өйткені қазақта “Отыз күн ойын, қырық күн тойын” жасады деген бар емес пе еді? Шамаң келсе, жағдайың көтерсе, неге жасамасқа? Тек ысырапшылдық болмауы керек. Ал, келінді үйге келмей тұрып төрге отырғызып қоямыз дегенің ойланатын жайт екен. Осы орайда айта кетейін, ас бергенде тілек ешқашан айтылмайды. Аста көңіл хошы, жұбату айтылады. Сосын ас 12:00-де деп белгіленсе, әрі кетсе көп ұзамай басталады. Бірақ, дастарқандағылар соған дейін тамақты жеп, суды ішіп мәре-сәре болып отырады. Ол дұрыс емес. Қазақта “тие берсін” деген сөз бар. Асты молда келіп құран оқып, ашып береді. Яғни “Асты Пәленше Түгеншеұлының рухына бағыштаймыз” деген соң барып, ауыз тиюге рұқсат. Әр сөздің айтылу заңдылығы бар. Осыны ескере жүрсек деймін.

— Келелі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН

Ескерту: Сұхбат «Халық» газетінің 2017 жылғы санына жарияланған еді

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: