Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сән көрсетілімі өтті

18.03.2026, 16:20 55

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалыда Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орай «Сән мен салт ұлттық киіммен» атты сән көрсетілімі мен кимешек шеруі өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Қазақ халқының ұлттық киімдері дәріптелген ерекше іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов қатысып, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аясында мерекеленіп жатқан атаулы күннің маңызы жайында айтып өтті.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев – «Ұлттық киім – халқымыздың мәдени мұрасы, оны дәріптеу – болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз» деп ұлттық киімнің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық киімді тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде де кию қажет екенін айтқан болатын. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен тағылымын, мәдениеті мен болмысын айшықтайтын асыл мұра. Әрбір ою-өрнекте, әрбір кестеде ата-бабамыздың дүниетанымы, талғамы мен өмірге деген көзқарасы көрініс табады. Қазақтың шапаны мен камзолы, сәукелесі мен кимешегі – ұлтымыздың айрықша келбетін танытатын құндылықтар. Бүгінгі іс-шара – сол асыл мұрамызды дәріптеп, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру жолындағы маңызды бастама. Ұлттық киімді ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Сондықтан осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Ұлттық киімдер ұлықталып, заманауи көзқараспен үндескен ерекше форматтағы іс-шара этностильдегі ұлттық киімдер, ана мен бала үйлесіміндегі образдар, кимешек киген аналардың шеруі сынды үш бағытты қамтыды.

Іс-шара соңында қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, дәстүр мен сәнді үйлестіре білген бірқатар кәсіпкер аруларға аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Алғыс хаты табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: