«Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Руханият жылын» қорытындылауға және Жаңа 2025 жылды қарсы алуға арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Қазақстанның Еңбек Ері, математик, Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен сала басшылары қатысты.
Облыс әкімі жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, жыл бедеріндегі жетістіктерге тоқталды.
«Баршаңызды енді аз уақытта төрімізге озатын Жаңа 2025 жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерекесі, үкілі үмітпен, игі тілекпен, толайым табыстармен қарсы алатын мерейлі сәті.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңірін айрықша қолдауының арқасында бүгінгі күні облысымыз қарқынды даму жолына түсті. Әлеуметтік-экономикалық дамуда оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындамыз.
2024 жылғы қаңтар-қараша айларында өңдеу өнеркәсібі 20,6 пайызға өсіп, 13 индустриялық жоба іске асты. Мұнай қорының сарқылуы салдарынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылдан бері өңдеуші өнеркәсіпті дамыту қарқыны бойынша республика өңірлері арасында 1-орындамыз.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 62 пайызға, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру 15,3 пайызға ұлғайды. Көлік саласының көрсеткіштері 3,3 пайызға, сауда 6,5 пайызға өсті. Өңірге шетелдік инвесторларды, озық технологияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Қытай, Италия, Испания, Голландия, Корея, Өзбекстан, Ресей өкілдерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге келдік. Биыл облыс экономикасына 559 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 72 пайызы жеке инвестиция, өсім 20,5 пайызды құрады. Қазірдің өзінде межені артығымен орындадық.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады.
2024 жылы Сыр өңірі республикада алдыңғы қатардан нық орын алып, байыпты бастамалар мен жүйелі жобалардың ордасына айналды.
Жаңа жылда игі істеріміз жалғасып, кең байтақ елімізге молшылығы мен тоқшылығын, қасиетті жерімізге бақ-берекесін алып келсін, баршамызға жайлы, жақсылық пен ізгілікке, қуаныш пен шаттыққа толы жыл болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, Сыр өңірінде ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының бастамасымен түркиялық инвестор «Акса Энерджи» компаниясы қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салуда. Бүгінде инвестор құрылысқа 127 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Мемлекет басшысының Катарға іссапары кезіндегі үкіметаралық келісім шеңберінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу мәселесі шешілді. Бүгінде «Самұрық Энерго» компаниясы инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, техника- экономикалық негіздеме әзірлеуде. Жаңа бу- газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағына салынатын болады. Бұл жұмыстарға әкімдік 280 гектар жер бөлді. Аталған мега жобаны 2028 жылы аяқтап, іске қосу жоспарлануда.
Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жөніндегі жоба аясында бірқатар тұрғын үйлер ыстық суға қосылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қорқыт Ата әуежайының» халықаралық стандарттарға сай жаңа терминалын салтанатты түрде ашты. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд 600 млн теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд. 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Білім, денсаулық пен спорт салаларында да жетістіктер жетерлік. Осы жылы жаңадан 3 мектеп, 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 900 оқушыға арналған алғашқы білім ордасы облыс орталығынан ашылды. Қазіргі таңда ұлттық жобамен 6 000 орындық 9 мектеп, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Биыл облыстық бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 27 дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жаңадан облыстық «Қан орталығы» салынды, 13 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес аймақтың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау ұйымдарына 245 санитарлық автокөлік алынып, халыққа қызмет етуде. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.
«Руханият жылы» аясында түрлі әлеуметтік нысандар салынып, ауқымды шаралар атқарылды.
«Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды.
Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар, құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Руханият орталықтары» салынды. Қармақшы ауданындағы осындай орталық іске қосылды.
Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы» бой көтеруде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!