Кеше Өнер орталығында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мақсат Мақұлбеков пен халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасовтың «Туған жер» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы Қызылорда облыстық филармониясының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Кеш Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ұйымдастырылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – «Тұран» сыйлығының иегері Нұрғиса Нұрбай.
Концерт барысында қазақтың дәстүрлі әуендері мен әлемдік классика жауһарлары көрермен назарына ұсынылып, музыкалық кештің мазмұнын айшықтай түсті. Сахнадағы кәсіби орындаушылардың шеберлігі оркестрдің әуезді орындауымен үйлесіп, көрерменге ерекше әсер мен толқыныс сыйлады. Концертте халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ақылбек Табынбаев өнер көрсетті. Бұл кеш көрермендерге рухани демалыс сыйлап қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеген тағылымды іс-шараға айналды. Концерт соңында көрермендер өнер иелеріне гүл шоқтарын табыстап, естелік суретке түсті.
Режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Азиза Іздіқұлова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!