Қасиетті Рамазан – мұсылмандардың асыға күтетін берекелі айы. Қасиетті үш ай басталғанда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Аллаһым! Ережеп, шағбан айларын бізге берекелі ет. Бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр!» деп дұға ететін. Себебі, бұл Рамазан айы – құлшылықтардың есігі айқара ашылып, сауабы еселеп жазылатын ай. Сахаба Салман Фарси (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алғанға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла тағалаға жақындаған адам Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деді.
Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді» дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ тағаланың рақметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді» деді».
Адам баласының жаны мен тәнін тәрбиелейтін ораза құлшылығы осы айда парыз етілген. Алла тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын…» («Бақара» сүресі, 183, 185-аяттар). Рамазан айының өзге айлардан артықшылығы қасиетті Құран түскен құтты ай. Бұл айда сонымен бірге мың айдан да қайырлы болған қасиетті Қадір түні бар. Қадір түнi – артықшылығы мол, қасиетi басым түн. Қадір түні Алла Тағалаға көбірек құлшылық жасап, дұға тiлеуден еш жалықпауымыз тиiс. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» деген.
Кім қасиетті Рамазан айында ораза құлшылығын шын ниетімен, бар ынта-ықыласымен ұстаса, Алланың мол сауабына кенеледі. Өйткені, Рамазан – айлардың сұлтаны, кешірімі мол мүбәрак ай. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деп айтқан. Оразаның екі жақсылығы осында. Біріншісі – ықыласы мен ниетіне қарай мол сауапқа кенелтеді, екіншісі – пенде баласының ұстаған оразасы себепті күнәлары кешіріледі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп, оразаның қадірі мен қасиетін жеткізген. Рамазан айының мәні мен маңызын түсінген адам бұл айда көбірек сауап амал жасауға талпынады. Ораза ұстаған кісіге берілетін сый да, сауап та ерекше. Алла Тағала «ораза тек Мен үшін» деп баяндай отырып, оның сауабы Өзіне ғана аян екендігін айтады. Ораза ұстаушыға көрсетілетін құрмет, жасалар марапат тіпті пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Ол үшін оразаны ішіп-жеуден ғана тыйылу деп емес, барлық күнәлі істерден, жат әдеттерден де тыйылу арқылы ұстай білуіміз қажет. Ораза үш шарттың аясында ұсталады. Мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа толған әрбір кісіге Рамазан оразасын ұстау парыз болып табылады.
Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Бұл айда жасалған әрбір жақсы іс үлкен сауапқа айналмақ. Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» деп сұрағанда, ол кісі: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген жан» деп жауап берген екен. Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шама-шарқыңызға қарай сауап амал жасаңдар. Өйткені сендер жақсылық жасаудан жалықпайынша, Алла да сендерге сауап жазудан жалықпайды. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны» деп айтқан. Сол үшін Рамазан айында мұсылман баласы көптеген сауапты іс жасауды жоспарлау керек. Бұл әдетін әрі қарай да тоқтатпай, жыл он екі ай аз да болса жалғастырып жүрсе, қоғамға пайда тигізуімен ең жақсы адам сипатынан болары хақ.
Ораза кезде мына нәрселерді жасау жақсы іс болып табылады. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар» деп айтқан. Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» деген-ді. Ауызды құрма немесе сумен ашу пайғамбар сүннеті екенін ұмытпаған абзал.
Рамазан айы дұға-тілектеріміздің қабыл болуына көбірек мүмкіншілік береді. Өйткені, ораза ұстаушының жасаған дұғасы қабыл болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды» деп айтқан. Сондықтан бұл айда отбасы, ағайын, ел-жұрт үшін жақсылық тілеп, дұға жасағанымыз абзал.
Рамазан айының әр күні мен түнінде нәпіл құлшылықтарға, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлу қажет. Мәселен, аузы берік жандарға ауызашар беру және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру, қаза намаздарды оқып, Алланы көбірек еске алу сауапты амал болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарга шақырып тамақ берген – ораза ұстаган адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді». Ауызашар жасау – сауабы мол іс. Бір дастарқан басында ағайындық артып, туыстық, достық, бауырмалдық қатынастар беки түседі. Қызғаныш, тәкаппарлық, көреалмау, өсек-ғайбат сынды істерден алыс болады.
Рамазан айында тән әлсірейді. Алайда иман мекені болған жүрек ізгі амалдардан қуат алады. Адамның жан дүниесі рухани бай болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза – (күнәларға қарсы) қалқан. Кімде-кім ораза кезінде жаман сөз айтпасын, өсек-аяңнан сақтансын, егер біреу оны балағаттап яки төбелеспек болса, «мен оразамын» деп айтсын» деген болатын. Кім Рамазан айын қадірлеп, әр күннің қасиетін бағалап, шын ықыласпен ораза ұстап, сауап амалдарды молынан жасай түссе, Алланың шарапаты мен шапағаты нәсіп болмақ.
Рамазан – жақсы істердің бастауы. Бұл айда ғана сауап іс жасау керек деген тар ұғымнан абай болу керек.
Рамазан – тәрбие айы. Ислам ғұламалары: «Рамазан – әрбір мұсылманның бір айлық тәрбие мектебі» деп баға берген. Оразада бір ай өзін тәрбиелеген адам жыл бойы жақсы амалға жақын жүреді.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!