(Өміріңді өзгертуге керек кеңестер)
1. Рамазан уақытын пайдасыз, бос нәрсемен өткізбе! (Уақыт қайта соқпайды)
2. Уақытың ғибадатқа, құлшылыққа, сауапты істерге байлансын!
3. Бес уақыт намазға ықтиятты бол! Оразамен қатар, намазға жығыл! Намаз парызың екенін еш ұмытпа!
4. Алладан күнәларыңның кешірілуін сұрап, көбірек истиғфар айт! (Күніне 100 рет: «Әстағфируллаһ уә әтубу иләйһ» деп айтуды әдет ет!)
5. Ораза ұстаған кісіге ауызашар беріп, сауабы мен дұғасын ал!
6. Өзіңді жаратқан Алланы үнемі еске алып, мақтау-мадақ айтып, зікір етіп жүр! (Іштей «Субханаллаһ, Аллаһу әкбар, Лә иләһә иллаллаһ» деп тілің зікірде жүрсін!)
7. Алланың берген нығметтерін ұмытпай, ертелі-кеш шүкір ет! (Алланың әрбір нығметі үшін: «Аллаға шүкір, Әлхамдулилләһ» де!)
8. Рамазан Құран айы екенін естен шығарма! Көбірек Құран сүрелерін жаттап, оқып жүр! Ұрпақтарыңа Құран үйрет!
9. Рамазанда жомарттығыңды көрсет, мал-дүниеңнен зекет бер. Сауап істе сараң болма! Мұқтажға жәрдем қолын соз!
10. Мешіттің қасынан жай өтіп кетпе! Жүрегіңді мешітке бұр. Намазға кел, иманыңды қуатта! Дін адамының насихатына құлақ сал!
11. Рамазан тәрбие айы екенін есте ұста! Кешірімді, кішіпейіл, мейірімді бол!
12. Рамазан – толықтай өзгеру айы. Күнә істеріңді таста, игі амалдарға бет бұр. Сауап істерге асық!
13. Рамазан тазалыққа тәрбиелейді. Тәнің дәйім таза болсын! Ғұсыл және дәретпен жүріп, дәретсіз жер баспа!
14. Үй-ішіңе көркем-мінез, әдептілігіңмен үлгі бол! Бала-шағамен бірге сәресі ішіп, олармен ауыз аш. Ас үстінде мейірімді, кешірімді болу жайында сөз қозғап, имандылық тәрбие бер!
15. Рамазан айын құрметте, сыйла! Сөзіңе аса сақ бол! Ғайбат, өсек сынды сөздерден тыйыл! Аузыңды боқтық сөзден тыя біл!
16. Көршің мен ағайын-туысыңа қарайла, мұқтаж болса, жәрдем бер! Олардың мұқтаждығын намыс көріп, өзгелерге қол жаюына жол берме!
17. Үйіңді таза ұстағаның секілді, айналаңның тазалығына мән бер! Тазалық иесін Алла да жақсы көреді. Ішімдік, темекі, құмар ойын секілді өмірді зая ететін нәрселерден бойыңды сақта!
18. Рамазанда ғана емес, жыл бойы ораза секілді жүр! Кісі ақысын жеме, ешкімді ренжітпе, аманатқа қиянат жасама!
19. Рамазан айы – жақсылығыңның айнасы. Рамазан айы – рухани медресең. Кемелдікке бет бұр. Өзгелер Рамазан айында түзеледі. Сен де Рамазан — мүмкіншілік айы екенін ұмытпа. Өзгелер саған қарап, жаман әдетін тастап, жақсылыққа бет алсын!
20. Рамазан – айлардың сұлтаны болғаны секілді, сен де ең көркем амалдарыңмен, жақсы мінезіңмен адамдардың СҰЛТАНЫ бол!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!