Рамазан – рухани тазару мен ізгі амалдарға бастайтын қасиетті ай. Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал, ораза айт мерекесі 20 наурызға тура келсе, қасиетті Қадір түні наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түні өтеді. Рамазан айы және қасиетті айда атқарылатын игі істер турасында облыстық дін зерттеу орталығының директоры Бекзат Қаппаров пен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев айтып берді.
— Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен мейірімнің айы. Қасиетті Рамазан қарсаңында өтетін іс-шаралар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдігімен бірлесе ұйымдастырылады. Ай барысында мұқтаж жандарға көмек көрсету, ауызашар дастарқандарын жаю, қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мешіттерде күн сайын тарауық намазы оқылып, жамағатқа рухани насихат айтылатын болады, — деді Бекзат Әбіләшімұлы.
— Баршаңызды мұсылмандар үшін қасиетті болып саналатын Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Бұл ай – қайырымдылық пен жанашырлық, ізеттілік пен имандылық сияқты қасиеттерді дәріптейтін ерекше кезең. Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Биыл Рамазан айында 29 күн ораза ұстаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Сонымен қатар қасиетті айда арнайы «Рамазан тәттісі», ҚР Тәуелсіздінің 35 жылдығыны орай «Мұқтаждарға 35 мың азық-түлік себеті», «Бір мәселені шешу» сынды қайырымдылық акцияларын және түрлі форматтағы іс-шаралар мен жарыстар өткізу жоспарлануда, — деді Дастан Жанасұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!