HALYQLINE.KZ Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінде мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнердің нағыз жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиын «Халқына қызмет еткен тұлға» атты тақырыпта ұйымдастырылды. Қазақ өнері мен білімін дамытуға үлкен үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің тағылымы мол өнегелі ғұмырын кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан іс-шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев кіріспе сөзбен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Аталған конференцияға облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет, «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы С.Аңсатов, білім саласының қызметкерлері мен ғалымдар, ардагерлер және Темірбек Қараұлының туысқандары қатысты.
Іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, Алаштың аяулы ұлының өмір тарихынан оқушылар қойылым көрсетті. Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында ардагерлер мен ғалымдар ой-толғамдарын тарқатып айтып берді. Сондай-ақ, «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы С.Аңсатов арда азамат туралы арнайы баяндама жасап, қайраткердің республика тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесі туралы кең ауқымда әңгімелеп, тың ұсыныстарын ортаға салды.
Конференцияда облыстық білім басқармасының басшысы ұлы тұлғаның оқу-ағарту саласындағы еңбегіне тоқталып, мерейтой аясында аймағымыздағы білім беру ұйымдарында көптеген іс-шаралар өтетіндігін жеткізді.
– Темірбек Қараұлы мектеп салу ісіне ерекше мән берді. Сол уақытта мемлекет есебінен 3 мыңдай, колхоздар қаржысымен мыңға жуық мектеп салдырды. Бір Алматының өзінде 18 мектепті іске қосып, күн-түн демей, құрылыстың басы-қасында өзі жүрді. Осы жерде Жүргенов еліміздегі жоғары мектеп жүйесін кеңейтуге де үлкен көңіл бөлгенін атап өтуіміз қажет, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Айта кетейік, конференция өткізілген №136 мектеп-лицейіне ұлы тұлғаның есімі 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 1998 жылы берілді. Бүгінде білім ордасында 2 мыңға жуық оқушы білім алуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!