Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда аспанын өлең бұлты торлады

26.09.2024, 12:00 182

Өткен аптадан бері Қызылордада «қала күні» кең көлемде тойланып жатыр. Оған түрлі форматта ұйымдастырылған мәдени-көпшілік іс-шаралар дәлел. Әсіресе, алғаш рет өткізілген «Ғалам мен қалам» атты поэтикалық дуэль көптің көңілінен шықты. Елге есімі белгілі 9 ақын қатысып, думанды дүбірлете түсті. Жұрт жадында сақталған «Жұматай қағанаты» мен ел ардақтаған «Алтынкөпірліктер» төлтума туындысымен танылған тұлғалар еді. Поэзияның тарпаң табиғатына тат түсірмеуге тырысып жүрген бүгінгі жас та әдеби көштің жолын жалғап келеді. Себебі, Сыр елінде өресі биік, өр мінезді ақын жетерлік. Ал, сұлу сөзден өрнек өретін ақтөбелік ақын Дәурен Тілеухан, шырайлы Шымкенттен келген Арайлым Мұратәлиева, ару Астанадан ат басын бұрған Мөлдір Айтбай мен Дина Бөкебай мазмұнды кештің ажарын ашты.

Иә, арқалы ақындар Алаштың анасына айналған мекенді өлеңге арқау етті. Осы тұста, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілілік тіледі.
– Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен тасқа басылған. Бұл ретте «көшесінде жүріп сағынатын» ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген сіздердің орындарыңыз бір төбе, – деді ол.

Қаламыздың мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдеріне қала әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ, биыл 80 жасқа толған балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаеваға арнайы құрмет көрсетті.

Кеш тізгінін ақын Ақжол Түменбай ұстады. Әділ-қазылар қатарында Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова және ақындар Елубай Әуезов, Ғазиза Әбілда болды. Поэтикалық дуэльдің бірінші кезеңінде ақындар Қызылорда қаласы туралы, ал, келесі кезеңге өткен 8 ақын бір-бірімен жұптасып, таңдаулы тақырып төңірегінде өлең оқыды. Шабытпен жазылған өлеңге қанық болған көрерменнің де ықыласы ыстық.

– Бұған дейін дуэльге Шымкентте 2 рет, туған жерім Ақтөбеде 1 рет қатысқанмын. Ал, «Қалам мен ғалам» поэтикалық дуэлі ерекше өтті әрі әсері де бөлек. Сыр елі – бүкіл қазақтың анасындай, панасындай болған қала. Жыр қонған, сөз қонған өлке. Сондықтан, дуэльге шақырту алған кезде, Қызылорда тұрғындарының сөзге жауапкершілікпен қарайтынын түйсініп келдік. Оқырманның, келетін көрерменнің сенім үдесінен шығу – басты мақсат болды. Сол себепті, Қызылордаға арнау жазып, тастүйін дайындықпен бардық. Арнау жазу аса қиындық тудырмады. Қызылорда маған туған қаламдай әсер береді. Бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Тіпті, өңірдің Арал, Қазалы сынды киелі мекендері маған жат емес.

Әлбетте, сахнаға шыққанда адамның қобалжитыны белгілі. Қызылордаға арнаған өлеңім сезімнен, сенімнен туды. Жиналған көрермендердің сөзге сусап келгенін, өлеңге құмартып тұрғанын көзқарастан-ақ байқауға болады. Көпшіліктің ықыласы шабыт бергендей, кейін толқу басылды. Бірінші айналымнан сүрінбей өттім. Келесі кезеңде дуэльдің көркін қыздырамын деген сенім пайда болды. Жеребе таңдағанымда қызға түседі деп ойладым. Негізі бағытым лирикалық өлеңдер еді. Оның үстіне, осы уақытқа дейін дуэльге жігіттермен шығыппын. Бұл жолы Айдар Сайлауов ағаммен өнер көрсететін болғандықтан, «қандай өлең оқысам екен?» деп кібіртіктеп қалған жайым бар. Қиындау қарсылас болды. Дегенмен, өмір, күз тақырыбындағы толғаныстан туған өлеңдерді оқыдым. Айдар ағамның өлеңдерімен үйлесім тауып, дуэльдің тақырыбы мен ережесіне сай өнер көрсеттік, – деді ақын Дәурен Тілеухан.

Ол келесі айналымда Дина Бөкебаймен ортаға шығатынын біліп, қуанған. Өйткені, жас ерекшелігі жағынан құрдас әрі қыз баламен дуэль әсерлі болатынын алға тартты. Махаббат туралы тебіреніп, жаңа өлеңдерін де оқыған қос ақын жақсы өнер көрсетті. Қазылардың шешімімен басым түскен Дәурен финалға өтті.

– Финалдағы қарсыласым – шығармашылық байланыс ажырамаған досым, ақын Аружан Оралбай болды. Барша жұрт бұл сәтті асыға күткен соң, екі есе жауапкершілік жүктеді. Аружан екеуміз бір-бірімізді жанарымызбен ұғып, жастық жалын және махаббат жайында өлең өрілді. Сахнаның артындағы ақындар да, көрермен де «поэтикалық дуэльдің үлгісін жасадыңдар» деп жылы лебізін білдірді. Марқайып қалдық. Бастысы – көрерменнің көңілінен шығып, қазылардың бағасын алып, ақындармен бас қосып, жолыққанымыздың өзі үлкен мәртебе, құрмет. Ал, замандасым, қатар келе жатқан қаламдас досым Аружанның бас жүлде алғаны – мен үшін мақтаныш. Оның өлеңдеріндегі әдемі сарын, қоңыр бояу бөлек. Қазақы танымнан алыстамаған, өмірдің бар құбылысын, яғни сәулелі сәті мен көлеңкелі тұсын әсерлі жеткізетіні ұнайды. Осындай поэтикалық дуэльді ұйымдастырған қалалық мәдениет бөліміне, қызылордалық қаламгерлерге және оқырмандарға алғыс айтамын.

Осы орайда, қала күнімен барша қазақстандықты құттықтаймын. Өйткені, Қызылорданың елдің алғашқы астанасы екені тарихтан белгілі. Қаланың қадамы қарышты, болашағы баянды болсын. Қазақ руханиятының, әдебиеті мен мәдениетінің алтын ордасы болған Қызылорда жақсы жаңалықпен қуанта берсін, – деді ақтөбелік ақын.

Сезім бұлқынысын, көңіл күрсінісін тап басып танитын ақынның қабілеті зор. Финалға дейін сүрінбеуінің де себебі сол. Ал, замандастардың бір-біріне алғаусыз көңілі қандай десеңші?! Бір-бірінің мықтылығын мойындап, қолдау көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Атыңды алты құрлық таныса екен» деп тілегің тілге тиек еткен Аружан ақын Қызылорданы әсем суреттеді.

– Қала күніне орай өткен алғашқы поэтикалық дуэль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұған дейін басқа облыстарға сапармен барып, дуэльдерде бақ сынадық. Өзіміздің өңірде алғаш рет қатысып отырмыз.

Тыңдарманның жүрегін дір еткізіп, көңілін бір серпілткен керемет кеш өтті. Осындай ерекше форматтағы дүниені елге таныстырып, көптің қызығушылығын оятқан қалалық мәдениет бөліміне рақмет.

Бірінші айналымда Қызылордаға арнау өлеңімізді оқыдық. Екінші айналымға сегіз ақын өтіп, жұптастырылды. Жеребе таңдау барысында Бексұлтан Санақұл ақын інім қарсыласым атанды. Жасы кіші болған соң, «сенің бала жанарың неткен ойлы…» деп келетін жолдары бар, осы сарынды өлеңдерімді оқыдым. Екінші айналымда Мөлдір әпкеге қарсылас болдым. Алғашқы өлеңді екеуміз де «тағдыр, ғұмыр» тақырыбында оқысақ, екінші өлеңді лирикалық бағытқа бұрдық. Ал, соңғы айналымда дуэль тіпті қыза түсті. Ақтөбелік ақын Дәурен досыммен бір сахнада өлең оқу бақыты бұйырды. Талғамы биік оқырман Дәуреннің өлеңдерінің поэтикалық қуаты қандай жоғары деңгейде екенін жақсы біледі. Таңдау жасап, шешім шығару қазылар алқасына оңай болмаған секілді. Шынымды айтсам, жеңіске жетуді мақсат тұтқан жоқпын. Осындай ортаны сағынып жүрген соң, басты қалауым – қатысу, ақын достармен, аға-әпкелермен қауышу болатын, – дейді дуэль жеңімпазы, ақын Аружан Оралбай.
Рас, тоғыз ақынның әрқайсысының өзіндік орны қалыптасқан. Шығармашылық әлемінде шабыты шарықтаған қуатты қалам иелері. Сондықтан, төрешілерге де оңай тимегені анық.

– Поэтикалық дуэль өте жақсы өтті. Қала күніне байланысты алғаш рет әрі республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Жұртшылыққа әдемі әсер сыйлаған жыр сайысы болды. Біреуі артық, бірі кем деп айта алмаймыз. Барлығы мықты. Бірақ, сайыстың шартына сәйкес сарапталып отырды. Соңында екі ақын қалып, бақ сынасты. Республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің сайт тілшісі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын қызымыз Аружан жақсы көрінді. Ақтөбеден келген Дәурен де осал емес. Тартысты бәсеке болғаны көпке мәлім. Аружанды жоғары бағалап, жұлдызды сәті болсын деп шешімге келдік. 3 әділ қазының да дауысы бірдей болды. Сыр ақындары да жоғары деңгейін көрсетіп, жаңа қырынан танытты. Бұл поэтикалық дуэль дәстүрлі іс-шараға айналдыратындай маңызға ие. Жалғасын таба берсін, – дейді әділ қазы мүшесі Ғазиза Әбілда.

Иә, Аружан Оралбай Сыр елінде алғаш рет өткізілген жобаның жеңімпазы атанып, 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Ал, қатысушылардың барлығы қала әкімінің алғыс хаты мен 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: