Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызыл галстук

07.03.2020, 12:35 922

Жыл аяқталар тұста тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының қола жүлдегері, жерлесіміз Бексұлтан Бостандықовтан хат келді. «Атамның жазған әңгімесі бар еді, соны жарияласам деймін» деді. Атасы Тоқшылық Әлиевтің 1978 жылдың 5 ақпанында жазған «Қызыл галстук» деген туындысы бар екен. Оқып шықтым, оқиғалы, әсерлі. Үлкен кісінің еңбегін ескі қолжазбалардың ішінен тауып алған Бексұлтан оны бірден электронды нұсқаға түсіріпті. Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған әңгімені өңдеп, аз-кем түзету енгізіп, оқырманның назарына ұсынып отырмыз.

Рыскелді  ЖАХМАН

ҚЫЗЫЛ  ГАЛСТУК

(әңгіме)

– О, соқыр Құдай, көрсетейін дегенің осы ма еді? Не жаздым саған соншама!? Алжыған қақбас Құдай не атаңның құны бар еді осы оттың басында!? Өзің қақбас болған соң, басқаны да сорлы еткің келе ме? Күріш-ау, күнім-ау, не деп отырсың, қалай ғана көзің қиып кетеді мына бейбақ болған мені, мына шырылдаған шынашақтай шымшықты! Шымшығым дейтінің қайда? Шымшығың емес, байғұсың болды ма, мына бала? Қазір ұйқыдан тұрса не деймін, не деймін? Бұл алапат та басылар, ел сабасына түсер! Шыдасаң етті, шы-да-саң! Не болып қалды лезде…

– Ене, несіне жылайсың, өзіңді-өзің қажытқанмен орнына келер ештеңе жоқ. Сәлімнен хабар жоқ. Хабарсыз кетті деген хабар осы ауылды шарлап болды. Қайтейін ене, соны естіп мен де шаршап болдым. Алланың жазуы осы болса, не амал бар!? Кешір, ене! Шымшығыңды алып қал, Құдай алдында сұраусыз көресіні көреміз де. Батаңды бер, мен жүрейін…

Алғашқы «соқыр Құдайдан-ақ» оянған мен аппақ ғана жеңешемнің (мен солай атайтынмын) «мен жүрейін» дегенін естігенде селк ете қалдым. Жүргені несі, қайда жүреді, тұла бойым өртеніп барады. Жүрек байғұс дүрс-дүрс соққанда бүкіл денем қалш-қалш етеді, үнемі басыма тартсам тізем шығып жататын күпі-көрпеге бұға түсемін. Айранасырмын. Бұ қалай, аппақ ғана жеңешем қайда барады екен? Әлде Сәлім көкем жаққа бара ма? Осы кезде сырттан дауыс шықты.

– Ау, осы үйдің батыры қайда, балалар жүргелі жатыр. «Сорлыасар» жаққа барамыз, тез бола ғой, Төкенжан! Тез, айналайын.

Мен осы кезде бүкіл пайдаға жарар оқушылардың күріш отағына баратыны жайлы кешегі Әлима апайымыз айтқан хабар екенін біле қойдым. Келіп тұрған Іскендір ағай – біздің бригадиріміз. Апыл-ғұпыл киініп, әжем дайындап қойған түйіншегімді, орағым мен сусын құятын қауағымды алып:

– Әже, аппақ ғана жеңешем, мен кеттім… – деп әзер қозғалып сыртқа шықтым. Анадайда балалар ауылдағы екі өгіз арбаның біреуін, Қорғанбектің арбасын қоршап алыпты, еншілеріне тиген көрпе-бөстектерін буып соған тиеп жатыр. Байқап келемін, әйтеуір жылап келемін. Аппақ ғана жеңешем-ай, сен қайда кетесің? Осы артыма қарап ем көкжиектен жаңа ғана көтерілген күннің қызыл шапағы көзімді көлегейлеп түк көрсетпей қойды. Сөйтсем, ол күн көзінің алауы ғана емес, менің көзімдегі жастың жанарға түскен шымылдығы екен. Оны кейін түсіндім.

Сонан он бес күндей отақта болып, аман-есен ауылға келдік. Міне, мынау – біздің үй. Өзім кетерде егіл-тегіл жылап отырған әжемнің ұсқынынан аумайтын өзіміздің қара үй бір жағына қарап қисайған күйі, мыжырая қалыпты. Аяғымды жаймен ғана басып, мысықша жылмиып келемін. Дырылдаған диірмен дауысы. «Ә, әжем аталаға жүгері тартып отыр екен ғой» дегенімше, жарықтық тіске тиер жүгері жоқ, қасқа сиырдың сүтін қосқан аталаның дәмі тілімді жұлып бара жатқандай. Өй, ол аталаның несін айтасың, тек сылқылдатып жұта берсең, қарның мезетте құрбақаның қарнындай қабақтай боп шыға келеді. Тек аздап ішіңді қыздырғандай әлде жүрегіңді түйнегендей ме әсер береді. Онан басқа «во»!

«Ә-же-еее» деп айғайлай үйге бас салып кіріп келіп, әжемнің жүзіне қарадым. Алдында диірмен, былтыр күзде Тәңірдің үйінен қарабарақтың күлін қайнатып алған алқынды сабынсымағына жуа-жуа әбден сарғыш тартқан, жоқ, ақ мата деген атын жойған, жиектері жұлым-жұлым болған жаулығын салбыратып жіберген екен. Мені көре сала «күнім-ау» деп ұмтыла бергенде шөккен түйедей дүрс етіп, қайта қисая кетті. Жүзіне қарасам: күліп отырған тәрізді, екі езуі екі құлағында. Әлсіз саусақтарын жая алға созады. Ойыма «көкемнен жақсылық хабар келіп қуанып отыр екен ғой» деген үмітпен қойнына кіріп кеткенде барып аңыраған зарлы дауыс жүрегімнің мыж-мыжын шығарды. «Тұяғым-тұяғым, шынашақтай, тұяғым» деп әлсіз саусақтар жұдырықтай басымды, арқамды, бауырымды май жаққандай сипап жатыр. Мен сонда барып әжемнің жылаймын деп даусы шықпай, тек тістерінің ақсиып тұрғаны екенін есіме түсірдім. Осы көрініс әлі есімнен кетпейді.

Дауысы басылып, өксігі тиылған соң, әжемнен аппақ ғана жеңешемнің қайда кеткенін сұрадым.

– Құлыным, ол ешқайда кеткен жоқ, келеді. Келер жазда өзіңді жіберіп аламын. Барасың жеңешеңе, шымшығым! Әне, тамағыңды іш, – деп тез бойын жиып алды да, тізерлей барып маған сақтаған ірімшігі мен құртын (ол кезде бидай нан деген қайда?) жүгерінің ұнынан отқа көмген сырты көгілдір тартқан, әр жерін күйік шалған бір шеті кішкене ғана омырыла сындырылған (шамасы сорлы әжем жегісі келсе де, өзіне қимаған секілді), іші жұмыртқаның уызындай сап-сары жүгері күлшені, мынау май салдан (сол кездегі май жинайтын агент) қалғаны деп қасқа сиырдың майын алдыма қойды. Осыншама байлық менің бала жүрегіме әп-сәтте-ақ қуаныш әкелгендей бәрін ұмыттырып жіберді. Мұрным пыс-пыс етіп, «ауыз қайдасың?» деп ұрып жатырмын. Көптен бері көгімді алып, тоя тамақ ішкенім болса керек, қарын тойған соң қайғы қайда, тастай қатып ұйықтап қалыппын. Оянсам әжемнің екі емшегін тас қып ұстап жатыр екенмін. Шіркін, ананың бауыр иісін айтсаңшы! Ғажайып бір иіс өзіне қарай тарта түскендей. Рақат құшағына батқандаймын…

Бірақ күн сайын менің қиялымда Күрішті, аппақ ғана жеңешемді бір көрсем деген ой онан әрі беки түскендей. Бірдеңені асыға күткендей алакөңіл жүретін сияқтымын. Ойлай отырып, «ой, ондай күн қайда?» деп те қоямын. Уақыт нені де болса ұмыттыра бастайды ғой. Енді үлкен боп ақша тапсам және көп-көп тапсам, әжеме күнде-күнде кілең асыл киім, тәтті тамақ, кәмпит, пешеней, ылғи бидай нан әкеп беріп, қызығына өзім қарап отырсам деймін. Бұларды өзім күнде түсімде көремін де. Кейде оларды көріп жатып Майлыаяқтың үрген, қасқа сиырдың ала бұзауға мекіренген даусынан оянып кетіп, жаңағыларды іздей жан-жағымды сипалай, сан соққан кездерім де аз болған жоқ. Тек ғана сипалай жатып әжемнің «ақ мамасын» тауып ала қоямын. Мен үшін бар ақиқат – сол қос анар.

…Биылғы жаз ерекше болды. Жердің жүзі көкпеңбек. Көктемде дариядан ақтарыла төгілген тасқын су осы біз айтып отырған Ақшығанақ алқабын орасан байлыққа кенелтіп-ақ кетіпті. О кезде Сырдария дегеніміз бүгінгідей ме, арнасынан асып төгілгенде бар қырсықты жуып-шайып орнына ырыс тастағандай болатын. Соның жағасындағы қайырлау келетін тұсқа бүкіл ауыл тапқаны қара үйін, құрым үйін тігіп, таппағаны қамыс кепесін, жаппасын салып баспана жасайды. Ол кезде бар рақат – дария жағасындағы көгалға-жайлауға көшу. Емге шаң жоқ, саф ауа, кеш болса алуан дауыспен ызы-қиқы болып жататын құстар, ең аржағы шек-шек шегірткенің үні, бәрі қосылғанда бейне бір табиғат симфониясына кенелгендей болатын. Ал, біз онан әрі құтырынып кетеміз.

Жайлаудан біржарым-екі шақырым шамасындай жерде Иіркөл бар. Өзі де иір-иір, үлкен көл, нағыз ырыс көлі болды. Ол шақ шешен ағайын көшіп келген кез. Оларда аз да болса ақ ұн бар, жүгері жоқ. Міне, осы жүгеріні біз үйімізден ұрлаймыз да, бір кесесін тайыншаның жабығындай-ақ ұнның қамырына айырбастаймыз. Кім үшін, не үшін? Иіркөлдің балығы үшін. Құдай атқан балық екеш балық та, тәтті нанды жек көрмейді екен. Нағыз қармақ ілуде біреуде ғана. Көбімізде ине қармақ. Менің де әжемнің инесін алып істеген осындай қармағым бар, өзі кішкентай ғана жұтпа. «Шымшықтың қармағы да шымшық» деп мазақтайды балалар. Онысын қайтем, жаңағы ақ қамырды жемге салып: «ақ балық-ау, ақ балық, қармағыма қап балық, қармағыма қаппасаң, бір Құдайдан тап балық» деп түкіріп-түкіріп мөлдір суға тастап кеп жібергенде алғаш жалт берген шабақтар қайта үйіріле келіп қармаққа қарай қаптағанын көрсең, өткен жазда бүкіл ауылдың арқа сүйеп отырған жүгерісін жылмитып кеткен шегірткелер тәрізді құлдылайды келіп. Ақ шабақ, май шабақ, қызыл қанат, алабұға, жымыңдаған шортан, манаураған момақан ғана сазаншықтар – бұл көлде бәрі де бар. Сонымен, не керек үлкенді-кішілі жүзге тарта шабақты шыжымға тізіп, арқалап ауылға, әжеме келгенде, баяғы жолбарысты өңгеріп, қыз Назымға бұрылмай кетіп бара жатқан Қарақасқа атты Қамбар батырдан бір де кем емеспін. Жан-жағыма ежірейе, еңсемді көтере қараймын. Оның үстіне әжем де:

– О, Құдай, мұныңа да шүкір, мұныңа да шүкір, шүкір! Жасаған Алла, «өлмегенге өлі балық кездеседі» деген ғой. Айналайын, Құдайым, өйстіп жарылқайды ғой. Иә, мұныңа да шүкір! – деп жаны қысылып, ашуы келгенде жер төбелей атырып иттен әрі, күшіктен бері қылатын Құдайын айналады-ай кеп! Ол балықты ине қармақ, ақ ұнның қамыры және мен күні бойы тізе бүкпей, сирағымды су мен көлдің шалауына жегізіп ұстағанымды қайтсін? Ал шалаудың «рақатын» қармағың шөптесінге ілініп қалып, соны алу үшін суға сүңгігенде көресің. Тұла бойың от боп жанып кеткенде не істеріңді білмей естен таңбасаң, маған кел. Таңбасаң, талауға түсіп көр. Сонымен «айналу» әуелі Аллаға, ең соңында көмген балықты табадан алып жеп отырған кезде барып маған келеді.

Ол кезде кім жетісіп отыр дейсің, мендей баласы жоқтар:

– Ау, би әже, шымшығыңның мол тапқаны деген осы да. Құдай қайырын беріп, қарғадайыңның өмір жасын ұзақ қылсын, әумин! – деп бет сипай, бата жасайды. Мен білемін, біздің әже би емес, көңілі көтерілсін деп әдейі айтады олар. Оған әжем мәз болып, «шүкір-шүкір» деп жүріп, бар балықты таратып алғанын да байқамай қалады. Ой, менің әжем-ай!

Бір күні әжем:

– Қарғам, Құдайға шүкір, биыл қорадағы қауын-қарбыз, асқабақ, жүгері бітік-ақ. Енді он-он бес күнде Алла қосса ауызға түсейін деп тұр. Мына бір-екі тананы Сәуле келін қарай тұрамын дейді. Біз ана Шалтайдағы нағашыңның ауылына барып, аман-саулығын біліп келейік. Келін ақ есегін беремін деп отыр. Соған екеуміз ілесіп жетерміз. Таңға бір қонып, бүрсігүні түсте сол ауылдан шай ішеміз. Құдай қаласа, бір-екі күнде ораламыз ғой, – демесі бар ма?!

Мен жымың ете түстім де, бойымды тез жиып ала қойдым. «Менің аппақ ғана жеңешем нағашымның ауылында екен» деген әңгімеге қоса кейбір қағынған ауыздылардың өзі: «сені шешең тастап кеткен, ол жеңешең емес, шешең» деп (өзім де шатақпын, балаларына тием ғой) талай жылатқан. Бірақ, оны әжеме айтпаймын. Іші құрғыр бірдеңе сезеді, әжем – мен үшін дүниедегі ең қымбат жан, олай болса, Сәлім көке екеуміз әжемнің баласымыз. Нағашымның ауылына деген құштарлыққа қоса менің жымың ете қалуымның да барлық себебі – осыда. Сәуле келіннің (әжем айтқан соң мен де солай деп атаймын) ақ есегі – ауылдағы мықты есек. Оны айтушылар: «белі мықты жарықтық, төрт қап бидайды артып, үстіне бар қара домалақты мінгізсең, сонау Жалағаштағы Заготзернодан бір-ақ шығады», – деп мақтасатын. Айтса, айтқандай екен, әжем екеумізді мінгестіріп алып ұшты да атырды. Шынында ол кезде ауылда есектен артық көлік те жоқ. Сонымен нағашым ауылына да келдік. Жұрттың бәрі мәре-сәре, біреу өткенін айтып күледі, біреу бүгінгісін ойлап жылайды. Әйтеуір соғыс жарасы халықты қан шиқандай кең кеулеп, талай жүректі солқылдата сарыла жатқан уақ. Амандық-саулық сұрап, ойдағы-қырдағының халін біліп гу-гулесті. Тап бір менің әжем келгесін ғана сөйлесіп, «басқа уақытта қол тимейді» дегендей екеуара әңгіме, үшеуара, төртеуара әңгіме айтады. Мен нағашымның (ол соғыста бір аяғын беріп келген, балдақпен жүреді) алдында отыр едім, әжемнің сіңлісінің баласы келіп, ойынға шақырды. Өзіме де керегі осы. Ытып шықтым.

Былайырақ алып шығып:

– Базар, сен білесің бе, осы жақта менің аппақ ғана жеңешем бар ма, Күріш ше, Күріш! – деймін біреу қуып бара жатқандай асығып-аптығып.

– Бұ жақта Күріш те бар, көже де бар, тары менен бидай да бар, – дейді әлгі қу. Екі көзі менің белімде. Жаңа нағашым брезенттен жасалған әдемі доғасы бар белбеу берген еді. Соған «өліп» барады. Сонысын біле қойдым да:

– Не сұрасаң да берейін. Күріш бар болса, Күріштің үйін сілтеші, – деуім-ақ мұң екен. «Берсең, қазір бер, сонда айтам, болмаса қой» дегендей теріс қарады. Берейін бе, бермейін бе? Қолым беліме бір барып, бір қайтады. Берсем, белбеу кетеді, бермесем, аппақ ғана жеңешем бұ дүниеден жоқ боп кететіндей алай-түлей ойдамын. Белбеу жақсы, бірақ жеңешем онан да жақсы емес пе!?

– Бердім, бердім, – дедім-ау артымнан өзім айнып қалатындай аптығып. – Тек жеңешеме апаршы…

– Жүр…

Мойнына ноқта салған өзімнің ала бұзауымдай Базар мені жетектеп келеді. Мен еріп келемін.

– Анау арықтың арғы бетіндегі ауыл. Сенің аппақ ғана жеңешең сонда тұрады, – дейді ол үлкен кісілерше кербездене. Беліндегі белбеуге бір саусағын іліп алыпты, біздің ауылда Әшім белсенді сөйтетін. Мейлі іле берсін, кетер белбеу кетті ғой, ауылында аппақ ғана жеңешем тұратын Базар маған дүниедегі ең бір бақытты жандай сезілді сол кезде. Арықтағы баспалдақтан өте беріп едік, біздің оң жағымыздағы суаттан екі шелек су алып бара жатқан әйелді сыртынан көріп, жүрегім өрекпіп кетті.

Сөйткенше:

– Күріш апа, Күріш апа! – деген Базардың дауысына жалт қараған менің аппақ ғана жеңешемнің келбеті айым оңымнан, жұлдызы солымнан туғандай жарқ ете қалды. Шелегін тастай сала жүгіріп келді. Менің табаныма тас байлағандай, жүрегім шым-шым етіп қозғалуға шамам жоқ. Көзім бұлдырап, құлағым шыңылдап барады. Ештеңе сезер емеспін. Көзімнен, бетімнен, мұрнымнан, аузымнан, тіпті орайыңнан айналайын деп басымнан, шашымнан шөпілдетіп сүйіп жатыр, сүйіп жатыр. Бір кездерде көзімді ашсам бет-аузын ыстық жас жуған жеңешемнің мойынынан тас қып ұстап алыппын. Ол да, мен де мауқымызды басқан соң барып, ойыма әжем түсті. Ішім қылт ете қалды.

– Мына «Базар бұзар» (оны балалар солай атайды) бірдеңені бүлдірмесе не қылсын!?

«Аппақ жеңешең – жақсы адам, қайтсін сорлы басқа салған соң, жас ғой», – деп әжем аяқ жағында жүрегі қарқ айырылатын. Ал сол адал адамды, аппақ ғана жеңешемді іздегенім, көргенім де айып па?

– Шымшық, әйдік жігіт болып кетіпсің, нешінші оқисың, – деді ол біраздан кейін.

– Төртіншіге өттім. Кілең бес! Во! Ал бар ғой, жеңеше, мені көктемде пионерге қабылдады. Пионермін! Енді комсомолға өтемін. Апай комсомолға алды. «Мен сені қабылдаймын» деді.

Қоқиланып Базарға назар салсам, ол маған қызыға да, қызғана қарайтын секілді. Өзі де кішкентай еді, онан сайын кішірейіп кеткендей. Мерейім өсіп-ақ қалды. Өспей ше, менің аппақ ғана жеңешем дәл қасымда, жанымда менің басымды сипап тұрса!

Үйіне барсақ, ешкім жоқ екен. Басқалары бақшаға кетіпті. Нан жеп, айран ішіп отырғанда баяғы өзіме таныс буыншақ-түйіншектің ішінен менің аппақ ғана жеңешем аппақ жейдені алып үстіме кигізді де:

– Әрдайым аппақ болып жүр, күнім! – деп көзінің жасын бір сығып алып, үстіме қалампырдың суын септі. Сені «Ленин пионері» дейді. Ленин атаңдай адал бол, қалың елге қарапайым бол, қамқор бол, жаным! Мұны әнеукүні қаладан кемпір-шалға киім-кешек алғанда саған арнайы әкеліп едім. Келеді ғой, көремін ғой деп едім, алдамаған екен жүрегім. Құтты болсын, галстугың! Қолы дір-дір етіп мойныма қызыл галстук байлап жатты.

– Жақсы бол, Сәлім көкеңдей бол, күнім, көкең жігіттің нары еді ғой, қайтейін. Атаңа нәлет, Гитлер ит! – деп өксіп кеткенде, менің де иегім кемсеңдеп кетті-ау деймін, бетімді сипасам, жып-жылы жас екен.

Сонан келесі күні жеңешемнің үйі бір мал сойып бізді қонақ етті. Біз әжем екеуміз қоштасып ауылға қайттық. Келісімен қауын жарып, қақ тілдік. «Енді барсам, аппақ ғана жеңешеме апарамын» деп қауынның тәттісінен тастік жайдым әрі көп жайдым. Бірақ… бірақ оны бере алмадым. Күзде барсақ, жеңешем басқа жұртқа кетіп қалған екен.

– Атаңа нәлет, Гитлер ит! – дедім мен де.

– Мына қызыл галстук сол. Енді мұны сен тақ… Қызыл галстуктер елге бейбітшілік әкеледі. Өйткені, мен мұны таққан соң дүниеде бейбітшілік жеңді. Біз жеңдік! Галстугың құтты болсын! – дейді елдің ұланы.

Тоқшылық ӘЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: