Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырандар қағидасы

13.08.2025, 11:45 264

HALYQLINE.KZ

Қыран бүркіт – қанаттыдан мен ұнататын жалғыз құс. Аппақ қарда қызыл қанын ағызып жемтігіне тояттағанын көрудің өзі – бір ғанибет. Өзгенің қалдығын жемейді. Қаңтардың қақаған суығында шағылысады. Қия шыңға ұя салып, жұмыртқасын ақпанның аязына шалдырып барып бауырына басады. Қырық күн ұя басып балапанын ашып шығарады. Теріскей даласын мекендейтін тау бүркіті де, құм бүркіті де шағылысу, тұқым басу кезеңдері бір. Олардың айырмашылығы дене тұрқында ғана. Екеуі де нағыз қыранға тән қатал қағидамен өмір сүреді. Балапандарын алдымен құсығымен қоректендіріп, кейін қоян көжектерімен, одан әрі киіктің және қара құйрықтың етімен ауыздандыра бастайды. Қыран бүркіт балапандарына ешқашан тышқан етін бермейді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мысал осы қырандар қағидасынан алынған.

Бүркіт ұзақ жасайды. Қартайып қайраты қайта бастағанда тышқан аулап күнелтуді бойына ар санап, өзін-өзі тасқа соғып барып жан тапсырады. Өр кеудесін бастырмай, кəрілікке қор болмай туған өлкесінің топырағына айналады. Мұндайды «қыран өлім» деп қатты қастерлейді қазақ. Мұның бəрі – нағыз мұздыбалақ қырандарға ғана тəн қасиет. Маған қатты ұнайтын тағы бір ерекше қасиеті, бүркіт – күн көзіне тура қарай алатын жалғыз тіршілік иесі!

Қырандар өмірінде бірақ мәрте жұп құрады. Киелі аққу құсы секілді махаббатқа адал. Қыран бүркіттің өмірінен ғибрат алатын тұстары өте көп. Оның абыройлы өмірі мен нағыз қыранға тəн өлімі біздің батыр бабаларымыздың тағдырына өте ұқсас. «Қарғаның өмірін бергенше, қыранның өлімін бер» деседі қазақ. Үйде туып, түзде өлуді армандаған дала батырлары осы «қыран өлім» қағидасын берік ұстанған. Сипаты түрліше болғанымен, түбі тектілерге ғана тəн абыройлы, ақ өлім. Қыран бүркіт ұрпақ тəрбиесіне де өте қатты мəн береді. Ұясын өз денесіндегі жұмсақ ұлпасынан жұлып мамықтайды. Жұмыртқа жарып шыққан қауқарсыз балапандарын қорғап, тамақ тасып, бар мейірін төгіп асырайды. Ал, балапандарын ұшуға баулығанда өте қатал мінез танытып, аяушылық сезімінен ада болады. Күн астында қалықтап, қиядан ілетін қыран тəрбиелеу, əрине қаталдықты талап етеді. Ел арасында «балаңды аясаң, аяма!» деген ұстаным ежелден бар. Қырандардың осы қағидасын ұстанатын əкелер əлі де кездеседі. Ол да дұрыс шығар. Заман бейбіт болса да қатал тағдырдың ыстық, суығына мойымасын, жасқаншақ, жасық болмасын дейтін болар. Иə, баланы əке аяғанымен, өмір аямайтыны да əбден рас.

Айдар  ТЕМІРБЕКҰЛЫ.

Әлеуметтік  желіден  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: