Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыпшаның ұлы Қазгелді

09.07.2025, 8:20 191

Елімізге белгілі журналист-жазушы, дәулескер күйші-сазгер, әріптесіміз Жұмабай Жақып ағамыз осы жылдың 1 шілдесінде сексеннің сеңгіріне көтерілді. Алайда, Жұмекең әлі тың, жүріс-тұрысында қарттықтың ізі түгіл, өзі де жоқ. Алла берген сол қуат-қажырының арқасында Арал қаласында құр аттай шапқылап, қоғамдық жұмыстың бел ортасында белсеніп жүр. Нақтырақ айтқанда, «Арал аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік» қоғамдық бірлестігінің және аймақтық «Арал әлемі» газетінің төрағасы.

Жұмабай Жақсылықұлы 1945 жылы Арал ауданы, Райым ауылдық кеңесінде  дүниеге  келген. 1962 жылы Қамыстыбас №21 орта мектебін, 1964 жылы Қазалыдағы теміржолшылар даярлау училищесін, 1976 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1970 жылы Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде корректорлықтан бастап әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Мұнан кейін Сырдария аудандық «Сырдария» газеттінде радио бөлімінің меңгерушісі, облыстық телерадиокомпанияда аға редактор, Арал  аудандық  радио  хабарын  тарату  редакциясында  жауапты  редактор,  аудандық  «Толқын» газетінде  жауапты  хатшы,  аудан  әкімінің  баспасөз  хатшысы  болған.

Ал, 1999-2009 жылдар аралығында облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал-Қазалы аудандарындағы аймақтық тілшісі, Арал аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор болды. Ол – ақын, журналист, жазушы ретінде облысымызға кеңінен танымал қаламгер.

Ақын ретінде оның өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп келеді. 1977 жылы Қарақалпақ АССР-інде басылып шыққан Қызылорда, Қарақалпақ ақындарының өлендер жинағына енген. Проза саласында экологиялық тақырыптағы «Теңіз қызы мен тау жігіті» атты ертегі-повесі «Жалын» баспасының 1991 жылғы бәйгесінде жүлделі орын иемденсе, «Алақай, теңіз келеді, көкем келеді!» әңгімесі Қазақстан Республикасының 15 жылдық мерейтойына орай Мәдениет Министрлігі мен «Қазақмыс» компаниясы өткізген «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» атты патриоттық тақырыптағы үздік көркем шығармалар байқауында да жеңімпаз танылды. Оның ертегілері облыс ақын-жазушыларының «Жүректегі жауһарлар» атты жинағына енді.

Ұзақ жылғы журналистік зерттеу еңбегінің нәтижесінде Жетес бидің шешендік сөздеріне арналған «Жетес би», «Сазгер-күйші Шал-Мырза», сонымен бірге «Шешілген түйін», «Аралдық Бауыржанның әзіл әлемі», «Теңіз қызы мен тау жігіті» атты прозалық, «Жастық шақтан бір белгі» атты өлеңдер кітаптары жарық көрген.

Жұмабай Жақып – Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Арал ауданының Құрметті азаматы, «Тұран» сыйлығының иегері.

Біз  бүгін  сегіз  қырлы,  бір  сырлы  ағамызды  80  жас  мерейтойымен  құттықтай  отырып, шығармашылығынан  оқырман  назарына  «Қыпшаның  ұлы  Қазгелді»  деген  ертегісін ұсынғанды  жөн  көрдік.

Бұл өзі баяғыда болса керек. Біздің кең-байтақ атамекенімізде Қыпша деген ержүрек жігіт өмір сүріпті. Ата-анасы сіңірі шыққан кедей екен. Қызығы да, кереметі де мол жарық дүниеден кеткендерінде артындағы қаршадай жалғыз баласына мүліктен не бүтін көрпе, малдан не тышқақ лақ та қалмапты. Соған қарамастан, жалғыз бала жас­тайынан пысық болып өсіпті. Ешкімге қол жаймай, ешкімнен мүсіркеу тілемей, еті тірілігімен тіршілік етіпті. Көлдің құсы мен балығы, кер даланың киігі Қыпшаның құрығынан құтыла алмапты. Келе-келе өзімен бірге бүкіл ауылды асырап, дүйім елді қолына қаратып, абырой-атаққа ие болыпты. Тұрмысы түзелген ел-жұрт жаңа үй тұрғызып, жағдайларын жақсартып жатқанда Қыпша баяғы әкесінен қалған ескі лақсасы шыққан лашығында тұра беріпті. Мұны  байқаған  ауылдастары:

— Ау, Қыпша балам, сен де үй тұрғызбайсың ба? Әлің келмесе, біз бармыз, ауыл болып асар салайық. Саған көмектеспегенде, кімге көмектесеміз? — депті.

Сонда Қыпша саспастан:

— Үй қайда кетер дейсің, алдымен бұғанам бекіп, күшім толыссын, — деп ұшар басын ақ қар жапқан асқар тауға бет алыпты.

Артынша-ақ күркіреген, жаңғырыққан дауыс естіледі. Бұл тасты тасқа ұрып, білек күшін тауға қылыштай жанып жатқан Қыпша болатын. Ол осылай­ша тау-таспен алысып, күшіне күш, қайратына қайрат қосып, ер жетіп өсе берді. Қыпша тау­ға келген сайын үйіне бос қайтпай, әркез бір тасты арқалап әкеліп жүрді. Таңғаларлығы сол, әкелген тастары күннен-күнге бірінен-бірі үлкейе берді. Ол оны қырлап-қышап, жаңадан тұрғызбақ үйінің іргетасын мәнерлеп қалады. Сөйтіп, оның үйі де күн санап биіктей берді. Бір күндері ауылдастары асыл тастардан қашап салынған хан сарайындай зәулім үйді көріп, таңғалысты. Жаңа қонысына құтты болсын  айта  келген  ауылдастары:

— Міне, патша сарайындай сән-салтанатты үйің бар, енді үйленіп, үйлі-баранды болуың керек, — дес­ті.

Сонда  Қыпша  тағы  да  саспастан:

— Алдымен  ақылым  толыссын, — депті.

Күндер өте берді. Қыпшаның ақыл-есіне, күш-­қайратына қызыққан, оған қызын беріп, күйеу бала еткісі келген талай жан табалдырығын тоздырыпты. Қыпша өзіне адал жар таңдағанда, әлемнің асқан сұлуын қалаған жоқ. Ол тек ақылдысын, тілі тәтті, сөзі бал зеректісін, он саусағынан өнері төгілген шеберін іздеді. Қыпша әкелген аң-құстарының терісі мен жүнін жерге тастамай, жинай берді. Оның үйінде тау жотасындай жолақ-жолақ жолбарыстың, күмістей жылтыраған құндыз бен түлкінің, көздің жауын алар қасқыр-қарсақтың терілері, кұстың мамы­ғы, тау ешкісінің ұлпа түбіті, арқардың жібектей  жүні  қатталып,  жиналып  жатты.

Бір күні Қыпша үйленетінін білдіріп:

— Кімде-кім жинаған терілерден төсеніш, жүннен кілем, мамықтан төсек жасап, үйімді ұқсатса, сол  менің  жарым  болады, — деп  жар  салды.

Қыпшаға елдің ханзада, бекзадалары келмегенмен, батырдан дәмелі талай бикеш өнерлерін орта­ға салды. Талайы терісін тоз-тоз қып, жүнін желге ұшырып, мамығының маңайына да бара алмай іштері  күйіп  босқа  қайтты.

Күндердің күнінде Қыпшаның үйінде тек шынашақтай ғана бір қыз қалды. Ақ жүзі үріп ауызға салғандай, жүріс-тұрысы жел үп етсе ұшып кететін мамықтай осы бір нәзік жанның ісіне тек қарап тұра бергің келеді. Тоқыған кілемдеріндегі өрнектеріне тіл бітіп сөйлеп тұр. Жасаған төсеніш, төсек-жасау­лары көздің жауын алады. Қыпшаның кең үйі хан сарайындай әп-сәтте жайнап шыға келді. Қыпша қыздың шеберлігіне риза болып, жөн сұрап еді, ол жақын маңдағы ауылдағы бір кедейдің қызы екенін, үйіндегі өлмелі әке-шешесін осы өнерімен асырап жүргенін  айтты.

— Сонда сен мына дүниелерді маған жар болу үшін  жасап  жатырсың  ба? — деді  Қыпша.

— Жоқ, — деді жігіт сөзіне алаң болмай. – Мынандай  асыл  дүниелер  қор болмасын деп жасап жатыр­мын. Бізде мұның бірі де жоқ. Егер болса, әке-шеше­ме  азық  боларлық  біраз  дүние істер едім.

Қыз тіпті жігітке жүзін бұрып, көңіл де аудармады. Тек алдындағы ісімен бола берді. Мұны көрген Қыпша біраз ойланып қалды. «Мүмкін менің іздеген қалыңдығым осы болар» деген тоқтамға келді. Сөйтті  де  қызға:

— Мен тек саған ғана үйленемін, — деген тілегін білдірді.

Осы сәтте қыз келбеті балбұл жайнады. Сонда барып ісін тоқтатып, жігітке жүзін бұрып, келбетіне көз салды. Ұғысқан екі жас той жабдығына кірісті. Олардың отау көтеруін бүкіл ауыл болып тойлап, екі жасқа ақсақалдар ақ батасын берді. Өзінің ерлігі­мен, ақылды, алғырлығымен танылған Қыпшаның атақ-даңқы ауылдан  асып,  елдің төрт бұрышына түгел тарады. Бұл сол елді билеп тұрған Әйтен ханның  құлағына  шалынды.

Бір күні аңнан келгені сол еді, ханның бір топ нөкері үйіне сау ете қалды. Сасып қалған Қыпша бар мәзірін дастарқанға қойып, зор сый-сияпат көрсетті. Қыпша кетерлерінде нөкерлерден бұйым­тайын сұрады. Олар: «Хан тапсырмасы, сені алып кел деп бұйырды» деді. Сонымен Қыпша әйелімен қоштасып, хан нөкерлерімен кете барды. «Мені ханға алып баратындай не жазығым бар еді?» деген Қыпшаның жаны қыл үстінде келе жатты. Аңырмай алты апта жүргенде барып хан сарайы көрінді. Алтын тәжі жарқыраған, ақ сақалды, алып тұлғалы Әйтен хан нөкерлерін асыға күтулі екен. Бұларды қошеметпен қарсы алды. Нөкерлеріне алғыс айтып, шығарып жіберіп, жігітпен жалғыз қалған хан әңгімеге  көшті.

— Атақ-даңқың жер жарған Қыпша батыр сенсің бе?

Мені мысқылдап отыр ма дегендей қысылып калған жігіт:

— Басқа елді білмеймін, өз ауылымдағы әйгілі Қыпша  деген  мен  боламын, — деді.

— Нөкерлерім талай жерді кезіп, сенен басқа Қыпшаны таба алмапты. Батырлығың бізге де жетіп жатыр. Шақыртқан себебім, менің бас қолбасшым жақында жоңғарлармен болған үлкен шайқаста қаза тапты. Әрі  батыр, әрі ақылды, қандай қиын кезең­де де  жол  тауып кететін жайсаң жан еді. Енді оның орны­на өз қол астымнан лайықты адам таба алмадым. Көп ойланып, ақыры әскер басына сені қойғым келді. Бүгін демал, батырлығыңды ертең бәсекеде  көреміз, — деген хан Қыпшаға бара бер дегендей  ишарат  білдірді.

Хан жарлығы екі болмайды. Кең сарайда демалған Қыпша таңертең дабылдың дауысымен оянды. Сол-ақ екен, оған ас-тағам, сауыт-сайман әкелінді. Бес қаруын белге байлап, сыртқа шыққан Қыпшаға ауыздығымен алысқан арғымақты алдына тартты. Кешікпей күш сынасу сайысы басталып кетті. Садақ тарту, найзаласу, қылыштасу, шоқпарласудың бәрінде де Қыпша ешкімге бой бермеді. Тіпті, бір өзі он адамға қарсы ортаға шығып, ойынның неше түрін көрсетті. Оның сілтеген қылышы мен ұрған шоқпарынан тау құлап, тастар қирап жатқандай еді. Мың сан қолдан жігітке қарсы тұрар бірде-бір күш иесі табылмады. Өнеріне риза болған Әйтен хан сол бойда дабыл қақтырып, Қыпшаны әскер  басы  етіп  тағайындауға  жарлық  берді.

Күш-қайраты бойына сыймаған Қыпша ертеңіне-ақ өзінің ұрысқа дайын екенін ханға хабардар етті. Әйтен хан қолбасшы ұсынысын қабыл алып, он мың сан қолмен жарты жерін жаулап алған жоңғарларға қарсы жаңа ұрысқа аттануға ұлықсат берді. Көк шалғынды көк түте етіп, жер қайысқан қолмен Қыпша жоңғарлармен күн-түн демей соғыс­ты. Оларға күш жинап, қайта қарсыласуға мұрша бермеді. Аттар жүре жайылды, батырлар жүре тамақтанды. Жауды өкшелеп қуып өз жерінен ақыры аластап шықты. Ордаға жеңіспен оралған Қыпшаның қалың қолын Әйтен хан зор қошеметпен қарсы алды. Үлкен жеңісінің құрметіне ұлы той жасалынды. Бір күні хан Қыпшаны өз ордасына шақыртты.

— Балам, — деді Әйтен хан кәдімгі әкелік пейілмен, — сенің ерлігіңнің арқасында жауымыз жеңіліп, еліміз еңсесін көтерді. Саған біз қарыздармыз. Сол жақсылығыңның жоралғысы болсын деп жүз нарға жүктен артылған мына қазына байлық пен ақ жүзіне күн, жел тимеген көзімнің карасындай Гүлбаршын атты қызымды қызметшілерімен қоса беріп отырмын, қабыл ал.

Ханнан мұндай құрмет күтпеген Қыпша:

— Бұл не дегеніңіз хан ием, менің өз дүнием өзіме жетеді. Әрі жар дегенде жер-жаһанға жар салып, таңдап алған үйімде айдай сұлу Айсұлу атты әйелім бар. Маған артық дәулет, артық қалыңдықтың ке­регі жоқ, — деп қолын кеудесіне қусырып, шын ниеті­мен  алғыс  айтты.

Бұған  риза  Әйтен  хан:

— Бұл – саған деген тек менің сыйым емес, өзіңді құрметтеген менің халқымның қошеметі. Халық та Құдайдың бір аты деген. Алланың сыйынан бас тартпа, өз несібеңді өзгеге тастама, менің жасым алпыс­тан асты, әлі мал-дәулет жинап келемін. Ал, әйелдерімнің санын айтпай-ақ қояйын. Сендей батыр­ға бір әйел деген не тәйірі? Ең болмағанда бұл жақта да бір үйің болсын, жаңа отауыңды көтеріп, тойыңды тойлап кет, — деп Қыпшаны қол астынан босатпайды.

Әкесіндей  боп  айтқан  ақылына тоқтаған Қыпша батыр өз жанымен кеңесе келе келісімін берді. Хан нөкерлері осыны күтіп-ақ тұр екен, батыр­ды зор құрметпен қаумалай жетектеп, Әйтен ханның әйгілі сұлу қызының сарайына әкелді. Айтса айтқандай-ақ екен. Гүлбаршынның ақ дидары ақша бұлттың арасы­нан сығалап шыққан айдай жарқырап көрінгенде Қыпшаның қарауға көзі ұялып, сұлулық тәңіріне бас иді. Ұзақ үнсіздіктен соң:

— Төрлетіңіз  батырым, — деген жалынышты ілтипат­ты сөз Гүлбаршын арудың аузынан сыбыз­ғыдай сызылып шықты. Осы бір ауыз сөз бәрінің бастауы, бәрінің шешуіндей болып, жігітке қол созып, қонақжайлық пейілмен арнаулы дастарқан басына әкелді. Айлы түннің бір уақытында айқара ашылған шымылдық тағаттары таусыла табысқан екі жастың мәуелі махаббат бағына айналған еді. Күн артынан күн, ай артынан ай өтті. Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде Гүлбаршын маңдайы жарқыраған ұл туды. Алатаудың бауырындағы қырға шыққанда дүниеге келіп еді. Бала қырдың қыраны болсын деп Қыпша оның атын Қыркелді қойды. Ұлан-­асыр то­йын  жасағаннан кейін ел-жұрты, өзін күткен отба­сы есіне  түскен Қыпша Әйтен хан мен Гүлбаршын арудан ұлықсат алып, ауылына мол тарту-­таралғымен  атбасын бұрды.

Қыпша еліне келсе, асыға күткен жары Айсұлу да шекесі торсықтай ұл туыпты. Бірақ, тұңғышына жалғыз өзі ат қоюды әбес көріп, хан шақыруымен кеткен Қыпшаны күтіпті. Бұл уақыт жер кілемдей құлпырып, көлдің көркі аққу, қаздардың қайта оралған көктем айы болатын. Туған жерін сағынып келген Қыпша қаңқылдаған қаздың дауысын естіп тұрып, баласына Қазкелді деп ат қояды. Бүгін­дері ел аузында айтылып жүрген «Қазкелді мен Қыркелді, дүниеге бір келді» деген мақал, міне, осыдан қалса керек. Қыпша еліне келгеннен соң, маңайын­дағы барша халықты шақырып, шалқыған той жасалды. Той күннен күнге, айдан айға ұласты. Осының бәрі Қыпшаның ел алдындағы мәртебесін үстем етті. Оның атақ-данқы Тұран өңірінен асып, Орта Азияның түкпір-түкпіріне жетті. Келе-келе ол осы өңірдің ер мінезді батыр билеушісіне айналды. Оның жаужүрек жауынгерлерінің атақ-даңқы жарты әлемді жаулаған жоңғарлардан асып түсті. Жүйрік ат, жеңіл қарумен қаруланған Қыпшаның қалың қолы жаудың шебіне аңыраған садақтың жебесін­дей көктей өтіп, тоз-тозын шығарып отыр­ды. Қыпшалар келе жатыр десе кез келген ел оның қаһарына қарсы тұра алмай, қақпаларын айқара ашып  тастайтын  болды. Азия алабында ең күшті деген жоңғарларға төтеп бере алатын да осы Қыпшалар еді. Осылайша Қыпша жат елді жаулай отырып, қол астындағы жерін кеңейте берді. Алғашқы аттанысы Сейхун өзенінің сағасындағы елдер болды. Одан кейін Жейхунды жайлаған елдерге бет алды. Бас-аяғы он шақты жылдың ішінде Қыпша Орта Азияның төрт құбыласын түгел жаулап алды. Ресей­дің қарашекпенділері мен қаба сақалдылары да, княздіктеріне де Қыпша тізесін батырып отырды. Атақ-данқ пен зор құрмет-қошеметке бөленген Қыпша жаулап алған елдерін оңай басқару үшін сол елдің атақтыларының сұлу қыздарына үйленіп, бір-бір отау көтеріп отырды. Ең алғаш өзі барып жаулап алған елде алған Сара атты әйелінен туған балаға Өзкелді, жерінің де, халқының да түрі келген тағы бір елден алған Алма атты аруынан туған балаға Түркелді, Парсы қызы Сәбираға үйленіп, сол елдің патшалық тәжін киген сәтінде туған балаға Тәжкелді деп ат қойды. Кешегі кемпір-шалдың кіндіктен жалғыз баласы Қыпшаның осылайша Қазкелді, Қыркелді, Өзкелді, Түркелді, Тәжкелді деген бес баласы болды. Бес саусақ бірдей емес деген сияқты, оның бес баласының да мінез-құлқы мен көзқары әр алуан болып өсті. Қыпша көзі тірісінде осы балаларына бар байлығын, жер-суын бөліп берді. Келе-­келе Қыпшаның бес баласы өз алдарына патшалық құрып, олар Қазкелді, Қыркелді, Өзкелді, Түркелді, Тәжкелді деген іргелі ел атанды. Әрқайсысы өзінің жерінің, суының, табиғатының ерекшеліктеріне сай әр алуан тіршілік етті. Алатау аймағын мекен еткен Қыркелді мал бағып, құлама суды бөгеп, су диірмен құрып, өшпейтін жарық өндірді. Өзкелді мақта егумен айналысты. Түркелді аруана нар өсіріп, Қызылқұм өңірінен жерасты байлығын өндір­ді. Тәжкелді де тау жайлап, мал бағып, мақта екті. Бұлардың бәрі де төбесі бұлтпен тілдес­кен тау­лы аймақтарда, Сейхун мен Жейхун өзендерінің сағасын­да сулы да, нулы жерді иемденіп мекен­деді. Ал, Қазкелді Арай теңізінің солтүстік бөлігі  мен  бір  жағы ұлы орыс, екінші  жағы  ұлы  Қытай  елдерімен шектескен кең-байтақ дарқан даланы жайлап жатты. Бейбіт өмір, берекелі тіршілік кұрған ағайынды бесеуі жылдан-жылға байып, бақ-дәулеттері басқа елдерді де қызықтырды. Олар үшін бұл кезең қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Орта Азияда ойып тұрып орын теуіп, шекарасын шектеп, керегесін тіктеп, жер, су, бар байлығын бас-басына еншілеп беріп, балаларын бақытқа кенелткен әйгілі Қыпша да бір күні дүние салды. Бірақ, ол ақырғы сәтінде балаларын  шақырып  алып:

— Ұлы даланы мекендеген ұландарым, бесеуің қолдың бес саласысыңдар, әрқайсысың әр жаққа қараған алақандай ашық болмаңдар, ауыз­дағыларың кетеді. Жұдырықтай жұмылып, бастарың бір болса, алынбас қамалсыңдар. Менің ақырет сапарына аттанарда сендер­ден тілерім, әм аманатым – бесеуіңнің бірліктерің, мен ана жақта тыныш жатсын десендер, ұлдарым, осыны ұғыңдар, — деп Қыпша  көз  жұмған  еді.

Атақты әкесін Қазкелді өз қолымен жайғарып, ақтық сапарға арулап аттан­дырды. Әкелерін жерлеуге Қыркелді, Өзкелді, Түркелді, Тәжкелді бар сый-қошеметтерімен келіп, қабырғалары қайыса қызмет етті. Қыпшаның жұдырықтай жұмылған бес баласының бірлігіне бүкіл ел сүйсініп, таңғалысты. Дегенмен, халықтың тіл-көзі қоймайды екен. Қыпша дүниеден кеткеннен кейін жылдан жыл өте әлгі балаларының арасында береке-бірлік те кете бастады. Аса байлық астамшылдыққа ұрындырады емес пе? Байы­ған үстіне байып, бақ-дәулеттері қана­дан асқан  осы  бес елде бірліктен гөрі бақталас­тық басым  бола бастады. Олардың арасында жер дауы, су дауы деген бітіспейтін даулар пайда болды. Сейхун, Жейхун өзендерінің суын өз жерлерінде сағадан бөгеп алған тау жайлаған туысқан елдер алтынға бағаланатын ақ мақта егісіне ашкөздене кірісті. Түркелді елі о шеті мен бұ шетіне шілдеде шыққан кұстың қанаты талып құлайтын шөл даласына арна тартып, көл етті. Осылайша екі өзеннің суы есепсіз ен далаға кетіп Арай теңізі мен оның жанындағы көлдер де жылдан-жылға тартылып, кебе бастады. Тартылған теңіз бен көлдерден бұл өңірдің баға жетпес байлығы балық та қашты. Кемелер мен қайықтар қайырда қалды. Ау-жылымдар жағада желмен есіліп, арқан боп жатты. Берекеті кеткен балықшы ауыл үдере көшті. Теңіз тартылды. Сор басқан жер тулақтай тозды. Ел азды. Бұл жағдай Қазкелдінің Арай теңізі өніріндегі еліне ауыр апат әкелді. Халқының қамын ойлап, қатты қамыққан Қазкелді ішер суын әзер жіберіп отырған тау баурайларына жол тартты. Алғашқы келгені Алатауды жайлаған айыр қалпақты Қыркелді болатын. Салтанатты сарайына үлкен үмітпен келген Қазкелді бауырына бас иіп сәлем берді.

— Төрлет, туысым, — деп құшақ жая қарсы алған Қыркелді оны құрметпен қонақжайына шақыр­ды. Қырық бөлмелі кең сарайдың ортасы атшап­тырым алаңдай. Дәл ортасында – күміс суы көкке шапшыған кең хауыз. Ақ мәрмәр тастан тұрғызылған бағандар аспан тіреген. Алтынмен апталып, інжу-маржанмен әрленген сарай іші әлгі Сам шаһарының салтанатындай еді. Қыр гүліндей құлпырған, қылықты қызметші кәнизектерінің сұлулығы қарауға көз ұялтады. Осының бәрін арала­тып  көрсеткен Қыркелді конағын айрықша бөлмеге  алып  келді.

— Әкеміз өлгелі ат ізін салмап едіңіз, мақсат-мүд­деңіз­ді айта отырыңыз, бауырым, — деді Қыркелді.

Қошемет-кұрметіне басы айналған Қазкелдінің күткені  де  осы  еді.

— Дұрыс айтасың, жай жүргенім жоқ, түбіміз бір туыс деп үмітпен келіп отырмын. Сейхун дария­дан бізге су тамбағалы он жылдан асты. Өзенмен өрлеп келсем, бір сағасы сендерде екен. Кепкен Арай теңізі бүгінде елден көз көрмеске алыстап кетті ғой. Теңіз тартылды, жер тозды, ел азды. Теңіз қолтығындағы ауылдардың алды көтеріле көшіп жатыр. Елге айтулы апат келді. Бауырымсың ғой, судан көмектес, Сейхунның суын қайта калпына келтір. Өзіңе келгендегі бар айтарым осы, — деп Қазкелді  елінің  қамын  егіле  айтты.

Бауырының бұл тілегі Қыркелдінің бір бүйіріне біз сұққандай әсер етті. Не айтудың амалын таппай қиналды.

— Менің халқымның бар дәулеті де, мына сән-­салтанатым да – осы судың арқасы. Біздің бар кәсібіміз, таулардан қолдан құлама жасап, оған су диірмендерін орнатып, күндіз-түні өшпейтін жарық өндіреміз. Оны көрші елдерге пәленбай алтынға сатып отырмыз. Одан түскен қаржы қазынамызға күн санап құйылып жатыр. Су менің де, халқымның да байлығы ғой. Кім өз байлығын қолынан біреуге бере салады? — деп Қыркелді қонағына өзінше қыр көрсетіп, кербездене  қалды.

Қанша киылғанмен айтқаны болмайтынын анық аңғарған Қазкелді бауырының құрмет-қошеметіне карамастан шалғайын бір сілкіп түрегеліп, «қош  бол» деп кете барды. Сол  кеткеннен мол кетіп,  өзегін  өртеген  өкінішпен «Өзкелді – өз бауырым» деп іргелес қоныс тепкен Өзкелді еліне келді. Мұның сән-салтанаты мен байлық-дәулетін көрген Қазкелді өзі жұмақ санаған Қыркелдінің дәрежесін құр әурешілік деп бағалады. Кұшақтаса қауышып, әңгімеге  отырған  соң  Қазкелді:

— Сейхунның суы тамбағалы қашан. Әйгілі Арай теңізі тартылып, тіршілігіміз тозып барады. Теңізге су керек, — деп арман тілегін айтты.

Өзкелді де сыққанда су тамбайтын сараңның өзі болып шықты. «Бар байлығым мақтамнан айыры­лып қаламын» деп маңына жолатпады. Қапа болған Қазкелді мұнан да кетіп, әлемге асыл аруанасымен әйгілі  Түркелдіге  келіп, мұңын  шақты.

— Мынау, қақсыған қара құмға канал тартып, қала салып, теңіз жасап, шөлстанды гүлстанға айнал­дырамын  деп  табан тоздырып жүргенімде, менен су сұрауға қалай дәтің барып айтып отырсың? — деп  Түркелді  де  оны  төрінен  түре  қуды.

Енді ақырғы тілегі тау жайлаған Тәжкелді болды. Ауғандармен атысып-шабысып жатқан Тәжкелдінің де төрт кұбыласы түгел емес екен, мұнан да тауы шағылған Қазкелді ауылына құр қол қайтты. Бар бауырынан баз кешіп, үміті үзілген Қазкелдіні аяған анасы  баласын  шақырып  алып,  ақылын  айтты.

— Балам, біз отырған осы жұмыр жердің арғы бетінде әлем халықтарына  сөзін  жүргізетін Ұлы әмірші бар. Не де болса сен соған  бар. Ел-жеріміздің жағдайын айт, бір көмек болса содан болар, — деді.

Анасының ақылын алған Қазкелді шұғыл жолға қамдана бастады. Үйдегі   бар  алтын-күмісін арқалап,  анасының  ақ батасын  алып,  отбасымен қоштасып, бұрын-соңды көз көріп, аяқ баспаған елге аттанып кете барды. Талай ел, талай теңіз, мұхиттан асып, жұмыр жердің екінші бетіндегі таңғажайып елге де келіп жетті. Әлем әміршісінің мекені бірнеше қабатты, төбесі аспан тіреген зәулім үй екен. Бұрын-соңды мұндайды кермеген Қазкелді қорқасоқтай келіп, есік алдындағы күзетшілерге өзінің арғы беттен келгенін, Ұлы әміршіге жолыға­тынын  айтты. Күзетшілердің бірі оны шағын бөлмеге кіргізген соң, зуылдай  жоғары  көтеріп  әкетті  де ұлы әміршінің алды­нан  бір-ақ  шығарды. Қолын кеудесіне қойып Қазкелді әміршіге ілти­патпен  сәлем  берді.

— Иә, түрің келгенмен, түсің бізден бөлек жан екенсің, бұл жаққа нендей тағдыр айдап келді, балам? — деп қарсы алды әмірші.

— Мен арғы жақтағы азиялық атақты Қыпша елінен келіп тұрмын. Жеріміздің көркі, еліміздің байлығы саналатын әйгілі Арай теңізі тартылып барады. Жер азды, ел тозды, тіршілігіміз тоқтады. Бізге су керек, — деп Қыпша қысылмай бар жағдайын баяндады.

— Біз жер бетіндегі барлық халықтың жағдайын бақылап, біліп отырамыз. Сіздің елден де, Арай теңізінен де хабар келіп түсті. Теңізді қайта толтыруға Сібір суын әкелуді жөн деп отыр­мыз. Көмек болады. Алыс жолдан арып-ашып келдіңіз ғой, демалы­ңыз. Бұл мәселені қазір шешеміз, — деген әмірші Сібір қожайыны орыс патшалығына хабар салып еді, ол жақтан: «Арай теңізі ме, кішкентай көл ғой. Біздің теңіздерімізбен салыстыр­ғанда оның бір тамшысына да тұрмайды. Құрғаса ұлтанына мақта, күріш егеміз, ал оның халыққа пайдасы алтынмен пара-пар» деген Қыпша еліне жаны ашымас жауап  алды.

Ұлы  әмірші  үлкен  ойға  кетті.  Сәлден  соң  бар  нөкерін жинап, төрелікке төргі бөлмеге енді. Қайтып келіп, тағына отыр­ған  әмірші:

— Қазкелді балам, біз біраз ақылдастық. Бұл – үлкен жұмыс, оны бірден шешу де қиын. Сондықтан біздің әлі де ар жақтағы елдермен ақылдасуымыз керек. Қажет болса, көмек қорымыз­дан мол қаржы бөлеміз. Сен алаң болма, қайта бер, еліңе елшіміз­ді жіберемін, сонда бәрі ретке келеді, — деген ұлы әмірші бас қазынашысын шақырып. – Мына бала Қыпша еліне  бос қайтпасын, тарыққан елге таратылатын қайырымдылық қазынамыздан ала қоржынын көтергенше алтынға толтырып беріңдер, — деп  әмір  етті.

Жат елдегі ұлы әміршінің өз бауырларынан да бетер көрсеткен қамқорлык қызметіне риза болған Қазкелді оған алғысын айта-айта еліне бет алды. Қанша күн, қанша ай жүріп, арып-ашып әзер жеткен Қазкелдіні ауыл-аймақ қуана қарсы алды, Ұлы әміршінің сыйлыққа берген ала қоржынындағы алтын теңгелерін тарыққан ел-жұртына түгел таратып, бар көрген-білгенін айтып, бәрі мәре-сәре болды. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Ұлы әміршіден Қыпша еліне көмекке келген ешкім болмады. Судан тарыққан халық тоз-тоз болып торыға бастады. Теңіз қойнауында адамдармен бірге құландар мен бөкендер де бөтен жұртты бетке алып, босып кетті. Құрғаған көлден құстар безінді. Апатты ауыртпалықтан ел еңсесі  езілді.  Қамыққан  Қазкелді  анасына  келіп  ақыл сұрады.

— Әкең  тегін  емес  еді, — деді  анасы, —  бейітінің  басына  барып  түнеші.  Аруағына  сыйын. Бізді  аяса  аян  беріп, бір амалын  айтар.

Осыны  ұққан  Қазкелді  әкесінің  бейтінің  басына  келіп:

— Әке, көмек бере көр, мына апаттан еліңді, жеріңді қорға! Өзіңнен басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ. Аруағың қолдасын, — деп  етпетінен  жатып,  көп  жалбарынды.

Бір кезде ұйықтап кетіпті. Түс көрді. Түсінде әбден қаһарына мінген әкесінің: «Маған тыныштық бермедіңдер ғой, балам! Менің аманатымды орындамай, ел бірлігін бұзған безбүйрек балаларымның да ертең тоз-тозын шығарып, алтын бастарын аяғына тығармын. Тұр балам, тұр! Тек өздеріңе бекем бол. Тұр енді, тұр!» деген айбарлы әке айғайынан шошып оянды. Келді де түсін анасына айтты. «Құдай қолдап, әкең қарасайын деген екен, енді ақырын күт» деп анасы баласының түсін жақсылыққа жорыды. Сол-ақ екен батыс беттен дүлей дауыл тұрып, көкке ала құйын көтерілді. Алапат дауыл тартылған теңіз ұлтанындағы қатпар-қатпар тұзды сорды сыпырғыштай сыпыра суыра көтеріп ала жөнелді. Ақшандаққа көмілген аспан түнеріп тұрды. Күн мен түнді адам ажыратып болмас. Дауыл көтерген алапат тұзды шаңдар көк тіреген алып таулардың үстіне қонақ­тап, жылдар бойы жатқан қалың қар қабатын қорғасынша ерітіп, сел қып ағызды. Таудан құлаған топан су Қыркелдінің су диірменін, Өзкелді, Түркелді, Тәжкелдінің арна, бөгеттерін де шаһарларымен қоса тас-талқан етті. Елді, жерді алапат тасқын су басты. Таудан құлаған суға арнасы толған Сейхун, Жейхун дариялары Арай теңізіне алапат күшпен жөңкіді. Тасқын су тау жайлаған бауырларының мал-мүлкімен бірге өздерін де Арай теңізіне ағызып әкетті. Қанша жыл күткен алапат суды қуана қарсы алып тұрған Қазкелді халқы желдиірменінің бір қалақшасына жармасып, дария ағысының иіріміне бір батып, бір шығып «құтқарындар, көмектесіндер» деп жан дәрмен ығып келе жатқан Қыркелдіні көрді. Бауырын аяп кеткен Қазкелді қайық жіберіп, ағыстан аман алып қалды. Оның артынша-ақ бір тай мақтаны бауырына басып, жан дауысы шыға малтып келе жатқан Өзкелді көрінді. Қазкелді оны да аман алып қалды. Сөйткенше болған жоқ аруанасының мойнына жармасып айғай сала ығып келе жатқан Түркелді, бойына бес қаруын асынған Тәжкелді де көрінді. Қазкелді бұларды да жағалауға шығарып, өлімнен кұтқарып қалды. Құдайдың берген тегін суын қызғанамын деп ақырында суға кеткен бауырлары Қазкелдінің аяғына жығылып «кешір, бауырым, кешір» деп баладай  еңкілдеп,  ботадай  боздап  жалынды. Бірақ оларға Қазкелді:

— Кешірімді менен емес, анау бейіттегі әкелеріңнен сұраң­дар. Ол өлер алдында айтпап па еді: «Сендер бесеуің – қолдың бес  саусағысыңдар. Бастарың бірікпей алақандай ашылсаңдар, ауыздарыңдағыдан айырыласыңдар, жұдырықтай жұмылсаңдар, жеңбейтін жауларың жоқ» деп. Сендер оны тыңдадыңдар ма, әке аманатын аяқасты еттіңдер. Бұл – сол үшін де сендерге деген әкенің қаһары. Сендер әке қарғы­сына ұшыра­дыңдар,  енді менің айтарым, әкелеріңе барыңдар, рухына құран  бағыштап, аруағына жалынып-жалбарыныңдар, кешірім  сұраңдар, — деді.

Қазкелдінің төрелігіне тұрған төрт бауыры жан-дәрмен теңселе басып, бастары салбырап, әке бейтінің басына келді. Келді де төртеуі бейіттің төрт қабырғасын кұшақтап, тілдеріне оралған тілектерін айтып, жалынды. Бейіт басында олар бір күн түнеді, әке райы қайтпады. Екінші күн түнеді, одан да медет болмады. Үміттерін үзбеген ұлдары үшінші күн түнеп жатты. Мұнда да өзгеріс болмады. Аш-жалаңаш, арып-ашып төртінші күн жалбарынып, төзімдері таусыла талықсып жатқандарында ғана ашулы әке балаларының түстеріне еніп, «Әбден мазамды алдыңдар ғой. Ақыретке аттанарда сендерге айтқан ақырғы ақылым, аманат-тілегім қайда? Неге соны орындамадыңдар? 18 мың  ғаламды  жаратқан  Алланың  ісіне  қарсы  шығып, тіршіліктің тамырын үздіңдер, табиғатты тоздырдындар, бірлікті бұздыңдар, соның кесапатын, енді міне, өздерің де тартып отырсыңдар. Сендер менің қаһарыма ұшырадыңдар, оның зардабын әлі ұзақ тартасыңдар. Қашан бойларыңнан жамандық атаулы жуылып, тәндерің тазарғанда барып, істерің оңға басар. Осыны ұқтыңдар ма? Енді менің мазамды алмаңдар!» деді. Орындарынан ұшып түргеліп, түстерін бір-біріне айтса, бәрінің де көргендері бірдей болып шықты. Төртеуі де көрген түстерін жори келіп: «Бізден бір білместік болған екен, абайламай астамшылдық жасаппыз. Енді әкеміздің қара шаңырағына барайық. Жүз жасаған Збайра анамыздың батасын алайық. Қазкелді бауырымыздан қайта кешірім сұрайық. Көңіліміздің кірін жуып, елімізге еш кінәратсыз, ақ жүрек, ақ пейілмен аттанайық» деген тоқтамға тіреліпті. Осылайша олар қайтып Қазкелдінің үйіне келді. Бауыры олардың бар жағдайын сұрап-біліп, барын дастарқанға төгіп, барша көрші-көлемін шақырып, райдан қайтқан ағаларының құрметіне аста-төк той жасады. Ертеңіне құрмет мұрапасы аяқталғаннан кейін төрдегі төртеу  сөз  алды.

— Әке бейітіне бардық. Әкеміз ашулы екен, бәрін айтты. Сөйтіп, төртеуміз бір тоқтамға келдік. Қазкелді бауырымыз, біз бір пенделікпен білместік іс болып, үлкен қателік жасаппыз, соны кешіргейсің. Мұнан былай бар Қыпшаның ұрпақ­тары бірлігі жарасқан бауырлас ел болып, бек өмір сүрейік. Алғаусыз алыс-беріс, қарым-қатынасымызды орнықтырып, ала пейіл­ден ада болайық. Осы тілегіміз үшін, Збайра ана, Сіздің ақ батаңыз­ды алып, ауылымызға аттанайык, — деп рұқсат  сұрады.

Бауырларынан мұндай бірегей тілекті күтпеген Қазкелді балаша қуанып, құшағын аша жүгірді. Түбі бір туыстар қайта қауыш­ты. Збайра ана ақ ниетпен алақанын жайып, батасын берді. Келесі көріскенше, қоштасқан төртеуі табалдырықтан тысқа аттағандары сол, өз кездеріне өздері сенбеді. Жер-жаһанды жайпап жатқан топан су тартылып, Сейхун, Жейхун дария­лары сабасына түсіпті. Тартылған Арай теңізі қанасына келе қайта толыпты. Ақ көбік атқан асау толқынмен алыса ойнаған ақ  шағалалар  теңіз  төсінде  әсем  көрінеді.

Көңілдерін қуаныш кернеген Қыркелді, Өзкелді. Түркелді, Тәжкелді төртеуі де елдеріне аман-сау жетті. Жүректері жамандық атауылдан жуылып, пейілдері ақ матадай тазарған болар, қатулы әке қаһарынан тас-талқан болған тірліктерін қалай түзеймін деп қолға алса болды, істері солай оңғарыла берді. Ел еңсесін көтеріп, қайта түлеп, кемелді гүлстанға айналды. «Алла жаратқан табиғаттың да адам сияқты жаны бар. Оның тіршілігін бұзып, тоздырғандардың өздері тозады», «Табиғатты анаңдай аяла» деген даналық сөздер осы Қыпшаның ашуынан ащы сабақ алған бес баласының басынан өткен айтулы оқиғалардан кейін өмірге келсе керек. Осынау аталы сөзді бойына тұмардай тағынып, бүгінгі ұрпаққа әке аманатындай әкелген әйгілі Қыпшаның бес баласы бүгінде жұдырықтай жұмылып, жер шарының жанатты өңірінде іргелі ел атанып, бейбіт те бақытты өмір сүре беріпті. Солардың арасында Қыпшаның ұлы Қазкелді елі көгінде күн күлген, қанатын қырандай кеңге жайған, атақ-даңқы төрткүл дүниеге түгел тараған алып елге айналыпты.

Жұмабай  ЖАҚЫП,

Арал  ауданының  Құрметті  азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: