Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрмет тұтып бабасын, халқы берген бағасын

24.04.2023, 8:50 498

HALYQLINE.KZ

Кешегі сенбіде үйреншікті дағдыммен Жанқожа батыр бабамызға арнап салынған кесенеге бардым. Кесене аумағы мұнтаздай таза, жинақылығымен көз тартады. Жасыл желегі жайқалған тал-терекке қазылған арықтардан су беріліп жатыр. Талдардың түбі мұқият әктеліп, орындықтар жарқырата сырланыпты. Кесененің ішіне кілемдер жайылып, биік күмбездің қабырғалары мінсіз ақталған. Қайда қарасаңыз да, ұқыптылықтың үлгісін байқайсыз. 

Өткен жылы Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған, кент әкімдігі, дербес бөлім қызметкерлері мен білім, мәдениет, спорт басқа да сала, мекеме ұжымдары, Жанқожа батыр ауылының азаматтарының қостауымен кесене мен кесене аумағында ауқымды жұмыстар атқарылған болатын. Әрі осындай сенбіліктер өткен жылы әлденеше мәрте жасалғанын атап кеткен жөн. Сондай-ақ, дәл осы жерде әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз бастаған тарих парағына «Арықбалық шайқасы» деген атпен енген көтерілістің 165 жылдығы, Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына орай жоғары деңгейде рухани-танымдық іс-шара өткізілгенінен көпшілік жақсы хабардар.

2024 жылы әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыздың дүниеге келгенінен 250 жыл толмақшы. Соған орай, тиісті орындар мен ел ағаларының назарына бірнеше ұсынысымды жеткізгім келеді:

1. 2024 жыл Қазалы ауданы көлемінде «Жанқожа Нұрымбетұлы жылы» деп белгіленіп, аудан көлемінде түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар, танымдық кештер, мектеп оқушылары арасында тәрбие сағаттары тағы да басқа жиындар өткізіліп, баба рухына арнап ас берілсе;

2. Жанқожа бабамыздың мәңгілік мекені Қызылқұм ауылдық округінің аумағында орналасқан бейітіне жақын жердегі бұлақ жаңадан қазылса, бұл әулие рухына жан-жақтан келіп, зиярат жасаушылар үшін үлкен қамқорлық болар еді. Сонау Кеңес үкіметі кезінде қазылған бұлақ қазіргі таңда әбден ескіріп, жарамсыздыққа ұшыраған. Бұлақ қаздыруға қазынадан қаржы қаралса, нұр үстіне нұр болар еді. Айта кетерлігі мұндай өтінішті Қазалы ауданы әкімдігіне бұған дейін де Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Сағадин тарапынан жазбаша берілген болатын.

3. «Арықбалық шайқасы» құрбандарына және Жанқожа батыр бабамыздың ерлік жолын насихаттау мақсатында «Жанқожа батыр» кесенесінің аумағына ескерткіш-барельеф орнату туралы ұсыныс бірнеше жылдан бері қозғалып жүр. Алайда, әлі де шешімін тапқан жоқ.

4. Сонымен қатар,  Жанқожа бабамыздың бейіті жанындағы түнеухана 1992 жылы шопанның үйі ретінде салынған. Қазіргі таңда уақыт ағынымен ескірген. Тек күтімнің күшімен тұр. Мүмкіндігіне орай түнеухананы жаңадан салып немесе толық күрделі жөндеуден өткізілсе, баба рухына деген зор құрмет болар еді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: