Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ
Елімізде өз тіліміз неге баяу дамиды? Не себептен орыс тілі әлі де басым? Бұл проблема тек Петропавл, Павлодар секілді орыстанып қалған қалаларда ғана емес, нағыз қазақы салт-дәстүр сақталған Қызылордада да айқын білінеді. Мысалыға алсақ, қала бойынша мыңдаған кафе, сұлулық салоны, дүкендер, ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері секілді адам көп шоғырланатын жерлердің атауы көбіне орысша немесе ағылшынша жазылады. Ұлы Абайдың құрметіне қойылған көше бойында «Инь-Янь», «Veranda», «Empire M», «KZEZ», т.б. секілді кафе-ресторандардың атаулары неге қазақ тілінде емес? Мұндай нысандар – «көбіне елім, жерім» деп жүретін ағаларымыздың жеке кәсібі. Тіл туралы заңның 1-тарауы 5-бабында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» делінген. Алайда кейбір орындарда қазақ тілінде мүлдем сөз таба алмайсың.
Тіліміздің баяу дамуына ең маңызды себеп болмаса да, өзектілердің бірі екені анық. Бұл проблеманы тек журналистер ғана емес, сонымен қатар жайдарманшылар немесе көгілдір экран алдында жүрген кісілер көп талқыға салады.
Жастардың айтуынша, бұл маркетингтік қадам өте сәтті жасалған. Қазіргі таңда жастар арасында ағылшын немесе корей тілдеріне қызығушылық артып келеді. Сондықтан болар жастар сондай жерлерге барғыш. Ал, тіл мамандары болса керісінше ойлайды. «Қазақ тілін сақтап, қорғау үшін оның ықпалын арттыру керек» деп ұсыныс жасап отыр. Жастарды нағыз қазақ тілінің қадірін білуге, ұлылығын түсінуге шақырады. Өкінішке қарай, бұл рас. Қазіргі кезде жастар тарапынан қазақ тіліне деген аса қатты сүйіспеншілік жоқ секілді көрінеді. Тіл жанды организм іспеттес. Ол да заман ағымымен жаңарып, сөздік қорын толықтырып, өзгеріп, түлеп отырады. Тілдің дамуы, өмір сүруі үшін ең басты шарт – сол тілде сөйлейтін адамдардың болуы. Кейбір сарапшылар болашақта әлем осы қарқынмен дами беретін болса, көптеген тілдер жойылып, негізгі 5-6 тіл қалатындығы жөнінде болжамын айтуда. Егер кез келген ұлт жастарының 70-80 пайызы өз тілінде емес шет тілде сөйлейтін болса, ол тілдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан тілдік ахуалды реттеуде жастар арасындағы жұмыстарға басымдық берудің маңызы зор.
Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. Кәсіптік нысанына қазақ тілінде атау қоя алмаған ағаларымыз, қалайша «елім, жерім!» деп ұран етеді? Осындайда кәсіпкерлерге «Қазақша жазу қашан қалыпты жағдайға айналады?» деп сұрақ қойғың келіп кетеді. Олардың да өз жауабы бар деп ойлаймын.
Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі, сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөл ойнауы мүмкін. Мәселен, кезіндегі орхон жазулары, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халықтарына тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше, сіздің де тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз.
Дамир СЕЙЛХАНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың
1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!