Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.
***
Қалжа жемеген әйелдiң баласы ынжық, болбыр, икемсiз болып өседi.
***
Баланы бесiкке саларда ешкiм сөйлемейдi. Егер бiреу сөйлеп қойса, бала жылауық, өскенде өсекшi болады.
***
Сәби шалқасынан жатып башайын тiстесе, оны «үйiрiн шақырып жатыр» деп ырымдайды. Яғни оның соңынан тағы бiр бала келедi деген ұғым бар.
***
Сәбидiң қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады.
***
Балаға қарғыс өтпеу үшiн оны үш кемпiрдiң бұтынан өткiзiп алады.
***
Үйге кiрiп келе жатқан бала есiк алдына құлап қалса – үйге береке, ырыс, байлық келедi. Оны төрге апарып үш рет аунатады.
***
Жүктi әйел шашын кессе – iштегi бала кемтар болып туады, бақыты кесiледi.
***
Сәби шақасынан жатып ұйықтаса – елге белгiлi азамат болып өседi, бүк түсiп ұйықтаса – уайымшыл, жiгерсiз болып шығады, етпетiнен жатып ұйықтаса – ойшыл болады.
***
Балаға асық етiн мүжiтпейдi. «Алты жыл аш болсаң да, асық етiн мүжiме» деген бар.
***
«Бойы өспей қалады» деп, жас балаға бұғана ұстатпайды.
***
Қыздың басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгiсi.
***
Есiктiң тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетiн, екi алақанын, екi табанын жуса, тәуiр болып кетедi.
***
Қалы үлкейiп кетпесiн деп, қалымен туған балаға «Қалдыгүл, Қалдыбай» деп ат қояды.
***
Әйел итке тас лақтырса – үйдiң ырысы кетедi, әйелдiң бағы қайтады.
***
Аты сүрiншек болады деп балаға төстiң сүрiншегiн жегiзбейдi.
***
Жеңiлтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.
***
Келiн атасы мен енесiнiң төсегiне отырмайды.
***
Толғағы қатты болады деп екiқабат келiншекке толарсақ жегiзбейдi.
***
Жас босанған әйел 40 күнге дейiн қолын суық суға малса – баласы тас бауыр болады.
***
Бөбек мезгiлiнде еңбектемесе – оның бауырынан тағам толы табақ өткiзедi, сонда тез еңбектеп кетедi.
***
Сәбидiң тiлi мезгiлiнде шықпаса – нағашысының үйiнен апарып, бiр қойды сойдырып, соның көтеншегiмен буындырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!