(Цветы от казалинцев для легендарной группе «Boney M.»)
Атақты «Boney M.» тобын кім білмейді? Осы топтың концертіне қатысып, оның әншісі Лиз Митчеллге гүл сыйлап, бетінен сүйіп тапсырғанын естіген соң, Әділбек ініммен байланысып, Қазалыға қашан келетінін және кездесетін күнді белгілеп алдық. Міне, Әділбек алдымда отыр. Сұрақ қоймастан бұрын таныстырып өтейін.
Әділбек Талғатбекұлы Жиенбаев 1962 жылдың қаңтарында дүниге келген. Жаңа-Қазалы поселкесіндегі (Әйтеке би кенті) №419 (266) мектепті үздік аяқтаған соң, Алматыдағы С.М.Киров атындағы университетінің заң факультетін бітірген. Ақтау және Шымкент қалаларында құқық саласында қызмет істеген. Соңғы қызметі Қызылорда қаласындағы ҚР заңгерлер Палатасының заңгері болып абыройлы қызмет істеп, қаңтар айынан бастап зейнеткер. Қазіргі уақытта Заңгерлік қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлік кабинеті бар.
Қызылорда қаласындағы мәдени іс-шаралардың ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы. Үш жылдан бері Қызылорда қаласында өтіп тұратын «Ми шайқасы» (Мозгобойня) шоуына өзі құрған «Старая школа» командасымен қатысып, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Өмірлік ұстанымы «ғасыр жаса – ғасыр оқы» (век живи-век учись). Москвада және Санкт-Петербург қаласында болғанда «Машина времени», «Синяя птица», т.б. топтардың концертіне барғанын білгендіктен алғашқы сұрағымды былай деп қойдым.
— Әдеке! «Boney M.» тобының концертіне қай елде бардың?
— Бәке, сенбейтін шығарсың. Мен «Boney M.» концертіне Ақтау қаласында бардым, менің 2006 жылдан бастап Ақтау қаласында қызмет бабымен жұмыс істегенімді білесің ғой. 2008 жылы көктемде көшедегі ілулі тұрған үлкен жарнаманы көріп, өзіме-өзім сенбедім, онда «Boney M.» тобының облыстық драмалық театрда бір күн ғана концерті болатыны жазылып тұр. Құстай ұшып барып, алдыңғы бірінші қатардан зайыбым екеумізге өте қымбат болғанына қарамастан билет алдым.
Өйтпегенде ше? Біз КСРО кезінде темір тордың ішінде тәрбие көрген ұрпақпыз. Шетелдің эстарда жұлдыздары біз үшін басқа планетада тұратындай еді. Біз кеңес заманында жаңа жыл қарсаңында орталық теледидардан «Мелодий и ритмы зарубежный эстарды» деген бір-ақ сағаттық концерттен ғана «Ролинг стоуз», «АББА», «СМОКИ», «Boney M.»-ді көретін едік. Енді міне, оларды тірілей көретін күнді асыға күттім.
– Әдеке, сөзіңді осы жерден бөлейін, бірақ 1978 жылы «Boney M.» тобы Мәскеуге келді ғой?

— Ия, 1978 жылдың қыркүйек айынан бастап сыбыс шыққан болатын, Мәскеуге шведтік АББА немесе батыс германиялық «Boney M.» тобы келеді деген. Бірақ, оған ешкім сене қойған жоқ еді. Сөйтсек, алда Мәскеу қаласында өтетін «Олимпида-80» қарсаңында, кеңес одағын ашық ел ретінде көрсету үшін ең жоғары дәрежеде сол кезде келіссөздер жүріп жатқан екен ғой. Қай топ дұрыс дегенде, Брежнев «Boney M.» дұрыс (фото-5) деп шешкен, себебі «іріп-шіріп бара жатқан капитализм қара нәсілдерді аяусыз қанап отыр» деген сөзі шешуші рөл атқарған екен. Бірақ «Boney M.» тобына Мәскеуге гастролге келгенде «Распутин» әнін салмайсыңдар деп шарт қойғанда, олар да: «жақсы, онда сіздер біздерге Қызыл алаңда клип түсіруге рұқсат бересіңдер» деп келіскен екен.

Сонымен, 1978 жылдың 7 желтоқсанында «Boney M.» тобы Шереметьев әуежайына келіп қонды. Барлық техникалық қауіпсіздікті ысырып қойып, Брежнев бастаған саяси бюро мүшелері мінетін «Чайка» лимузині ұшақ трапына келіп мінгізіп алды. Тіпті Брежневтің өзі әуежай іші арқылы өтіп барып «Чайкаға» отыратын. Ал, пластинкасы (фото-6) 2 сом 15 тиын тұратын болса, оны саудагерлер 30 сомға сатты, оны да таныстар арқылы алатын адам ғана алатын. «Россия» концерт залында өтетін концертінің бағасы сол кезде өте жоғары баға 6 сом болды, бірақ оны алу мүмкін болмады. Себебі, концерт билетінің 60 пайызы министрліктерге, 32 пайызы тізім бойынша елге танылған өнер, кино, театр аристері мен Совет Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек ерлеріне сатылды. Тек 8 пайызы ғана көрермендерге еркін сатылды, бірақ оны алыпсатарлар көтерме бағада сатып алып, сол кездегі орташа айлық мөлшерінің екі еселенген бағасында, яғни 160 cомға сатты, оның өзін де алу оңай болған жоқ, араға таныстарды салды.
Кейін режиссер Е.Гинзбург «Boney M.» Останкиноның концерттік студиясында» атты телефильм түсірді. Оны теледидардан бір-ақ рет көріп қалдық. Кейін бас хатшы Ю.В.Андропов кезінде оны «Капиталистік өмір салтын дәріптейтін, идеологиялық жағынан зиянды» деп құртып жіберілді.
«Boney M.» гасторлінен кейін, бұл топ бүкілхалықтық сипат алды. Жастар би кешінде «Boney M.» тобының әндері қойылатын болды. Осыған байланысты «Студентский меридиан» газетінің журналисті Юрий Бугельский «Boney M.» тобы бұл буржазиялық музыканы насихаттайтын жастар үшін зиянды музыка» деп тапсырыспен мақала жазған еді. «Boney M.» тобының табынушылары журналист Юрий Бугельскийді өзінің подъезінде өлімші қылып сабап кетті, тек дәрігерлердің біліктілігі арқасында аман қалды. Міне, менің «Boney M.» тобы туралы қысқаша айтарым осы.
– Әдеке, енді «Boney M.» тобының әншісі Лиз Митчеллге қалай гүлшоғын тапсырып, бетінен сүйіп жүрсің?

— «Boney M.» тобын 1976 жылы ФРГ-дегі белгілі продюссер Фрэнк Фариан құрды. Ол Гавай мен Кариб аралдарынан Европаға келген жас музыканттар Мэдзи Уильямс, Марсия Баррет, Лиз Митчелл және Бобби Фаррелл төртеуінен «Boney M.» тобын құрған болатын. 1986 жылы топ тарап кеткен соң, әрқайсысы өзінің лицензиясы болған соң, төрт «Boney M.» тобын құрып, ТМД елдерінде концерттік сапарларға келетін болды. Сондай сапарларының бірі 2008 жылы 22 наурызда бір күндік концертімен Ақтау қаласына келгенде, мен бірінші қатарда келіншегім Шолпан екеуіміз концерттің басталуын күтіп отырдық. Менің қолымда гүлшоғы, реті келсе Лиз Митчеллге тапсыру. Концерт басталды, Лиз Митчелл (фото-4) «Сани», «Распутин», «Реки Вавилона», «Хаба-Мама», «Ма Бейкер», «Мальчик с плантаци» т.б. хиттерін орындады. «Boney M.» тобы (фото-2) залмен толық байланысты болды. Жастық шағындағы музыканы естіген үлкен апайлар бәрі билеп кетті. Кезекті әнді аяқтап жатқанда гүл шоғымды алып сахнаға шыққанда күзет өткізіп жіберді. Лиз Митчелге тапсырып бетінен сүйдім (фото-3). Концерт аяқталған соң, өзім сияқты фанаттармен киім ауыстыратын бөлмесіне барып Лиз Митчелмен ағылшын тілінде «Қазалы қаласынанмын» деп ескерткішке фотоға түсуін сұрадым. Лиз өз сөзінде Қазақстанды жақсы көретінін айтып, фотоға түсуге келісім берді (фото-1).
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!