Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылықтар домбыраны төрге шығарды

01.07.2023, 16:00 548

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданында Ұлттық домбыра күніне орай және Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы аясында «Қазағымның үні сенсің, домбыра!» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Аудандық оқушылар үйінің алаңында өткен іс-шараны бір топ аудан өнерпаздары Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» және «Балбырауын» күйімен ашты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы халқын мерекемен құттықтап, домбыра қазақтың қасиетті аспабы, құнды байлығы, таптырмас қазынасы екенін тілге тиек етті.

– Бұл күн – ұлттық құндылықтарымызды ардақтау, терең тамырымызға ой салу, рухани жаңғыруымызға қомақты үлес қосар шуақты да, шаттықты мереке. Өйткені, шанағынан шамырқанған күй төгер көне домбыра күмбірлегенде елең етпейтін жан жоқ. Жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін! Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – домбыра төрімізден түспесін, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң мерекелік іс-шараға келген көпшілік домбырашылар ансамблі, «Сейхун» этно-рок ансамблі, «Падишах» би ансамблінің өнерін тамашалады. Мұнан бөлек аудан және ауылдық округ өнерпаздары күмбірлете күй төгіп, әуезді әндер шырқады. Жұртшылық концерттік бағдарламаға риза болып, қошеметін жаудырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: