Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаншие түнейді түсіме…

14.04.2022, 10:20 597

Белгілі ақын Толыбай Абылаев 1952 жылы 14 сәуірде Арал ауданындағы Ескібөген елді мекенінде дүниеге келген. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып келеді. 1986 жылы «Шағала» атты балаларға арналған тұңғыш жинағы жарық көрді. Ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Арал аудандық «Толқын» газетінің бөлім меңгерушісі болған. 2012 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

«Арал көшіп келеді» (2002), «Арал атлантидасы» (2011), «Аралдан соққан жел» (2006), «Махаббат дәптері» (2015) әндер жинағы, «Қыран шайыр» (2017) атты кітаптарының авторы. Шығармалары «Жүректегі жауһарлар» ұжымдық жинаққа, «Қайталанбас дауыстар» Сыр саңлақтарының антологиясына енген. Ж.Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың иегері (2004).

Бүгін аралдық арқалы ақын Толыбай Абылаев жетпістің жотасына шығып отыр. Мерейлі күнімен құттықтап, ғибратты ғұмыр, шығармашылық  табыс  тілей келе, топтамасын оқырман  назарына  ұсынып  отырмыз.

МАХАББАТ  МАЗМҰНДАМАСЫ

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат қызық мол жылдар.

Ақырын-ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Абай

І

…Атыңды ақ құмшыққа жаздым жаңа,

Сонан соң сияқтанып мәзбін бала.

Жарға да… есікке де шимайланды,

Махаббат жайындағы мазмұндама.

Есіне енбейтұғын шара басқа,

Асыққан ержетуге бала қасқа.

Баяғы бәдізшілер ізіменен,

Таудағы таңбаладым қара тасқа.

«Жүгенсіз бала» деген жұрт та қызық,

Жаулаған жүрегімді Құртқа қыз, ұқ.

Енді мен есіміңді елге жаям,

Жер түгіл,

Ақ мақтадай бұлтқа сызып…

ІІ

… Жұлдызды көрдім,

Жетіқат көкті құрсаған.

… бір қызды көрдім,

Көздері ұқсап тұр саған.

Мадоннадан да, Джульеттадан да сұлусың,

Шықтан да сұлу гүл-гүл жайнаған түрің шын.

Кірпігің – таңның шапағы,

Туған Ай – қасың,

Тең келмес саған Қожа Хафиздың Ләйләсы.

Шагана құсап шырайын кіргізген Шираздың,

Күнеске түскен Күннің нұрындай жайнашы.

Садаға кетсін, Моно Лизаның кескіні,

Есуас етер ерке қылығың естіні.

Сағдиға ұқсап сағынып жүрмін сондай мен,

Сырымды ұғын, сырқатыма сенсіз қонбайды ем…

… Күндіз-түні ойнап күрең жүзіңде Күн табы,

Дірілдеп бойым… діңкемді менің құртады.

Хорезм шахтың кәнизагынан қымбат мен үшін,

Жұпар аңқыған қара шашыңның бір талы…

Артықсың ару Ақжүнісімнен…

Құртқамнан,

Бір кезде болған еркек дейтұғын жұртқа арман.

Клеопатра да тырнағыңа түк тұрмайды,

Сұлулығына он сегіз мың ғалам сұқтанған….

ІІІ

…Мен сені жақсы көремін,

Аяулы шақтарымдай.

Ауылдың ақ қарындай,

Аңсатқан жастығымды,

Алматы бақтарындай.

… Мен сені жақсы көремін,

Шілденің жаңбырындай.

Теңіздің балдырындай,

Өзіңе жолықтырған,

Талайлы тағдырымдай.

… Мен сені жақсы көремін,

Көктемнің белесіндей,

Өткеннің елесіндей.

Сағынтты кірпіктерің,

Садақтың жебесіндей.

… Мен сені жақсы көремін,

Сәуірдің шуағындай,

Сәбидің сұрағындай,

Көздерің мөлдірейді,

Киіктің лағындай.

…Мен сені жақсы көремін,

Махаббат дастанындай,

Қап-қара шаштарыңдай.

…Мен сені жақсы көремін,

Араның гүлге ғашықтығындай,

Гүлдің Күнге ғашықтығындай.

***

…Сан тарау жолдар бітпеді,

Айырды бізді қатал күн.

Мен қашан қоям нүктені,

Соңына мынау сапардың.

Ақындар шалқып өледі,

Сөнеді қайтіп бұл жалын.

Газетте жарық көреді,

Сен жайлы жазған жырларым.

…Ішіп те кеттім күйгеннен,

Түсінбедің ғой арманым.

Мен шындап сені сүйгенмен,

Сен шындап сүйе алмадың…

ІV

Мен сені қызғанамын самал желден,

Сонадай көрінгенде қараң жерден.

Сықпытынан мынаның шошынамын,

Сияқтанып адамдай саған келген…

Жоғалсын ұрыс-керіс… өкпе бірден,

Жаныңа жуытпайсың текке мүлдем.

Басқан ізің түгілі, сонда да мен,

Көлеңкеңді қызғанам көкте Күннен.

V

Тағдырым шайқағанда,

Теңселмес тұғырым болдың.

Таусылмас байқағанға,

Бір ғажап ғұмырым болдың.

Еліктей сен еркемсің,

Қалдырма көңілімді.

Қызыққа кенелтесің,

Қып-қысқа өмірімді…

Сен менің жүрегімдесің,

Кіршіксіз тілегімдесің.

Дін аман бауырымдасың,

Гүл алаң сауығымдасың.

Бір айтар өз үнімдесің,

Мұңайтар сезімімдесің.

Бар жақсы шаттығымдасың,

Алғашқы махаббатымдасың.

Арайлы қабағымдасың,

…Міне, ойлы жанарымдасың.

Жүйкемде, миымдасың сен,

Тереңде, қиырдасың сен,

…Сен мендік болсаң болды,

Мейлі, бұйырмасын дем!

VІІ

Қанатын көбелек боп қаққанда арман,

Бүршігін сені көріп бақтар жарған.

Айдан да аспандағы ажарлысың,

Сұлусың сарғайып бір атқан таңнан.

Ширек кем кірпігіңнен күміс Күн де,

Шашыңды ұқсатамын пүліш түнге.

Қызғанып жаным, сені кеткен кезде,

Бұл жерде жүре алмаймын тыныш мүлде.

VІІІ

Сен менің жай таппайтын жанымдасың,

Сонымды байқатпайтын шағымдасың.

Бір шөкім ақша бұлттай арымдасың,

…Түсімдесің, елес пен сағымдасың.

Жүзің сенің жарқ етсе қара торы,

Жүрегім қайтіп қана дамылдасын.

…Тап осыған тағдырым, ризамын,

Басымнан сорым мейлі, арылмасын.

ІХ

Адамзат тегі білмейді,

Айтылмас құпия не екені.

бетінде жердің жүрмейді,

білмейді ешкім мекенін.

Сан жылдар бойы жаңғырып,

аты жүр тілдің ұшында…

Мекені оның мәңгілік,

Мінеки, жүрек тұсымда…

ҚАНШИЕ  ТОҒАЙЫ

І

Аптықпа аттан сап жүрегім,

Ол күндер мәңгілік оралмас.

Осы, осы сол қызға гүл ерін,

Мен ғашық болған жер ең алғаш…

Мінеки, тұр тағы шақырып,

Мен туған ауылдың маңайы.

Толғантқан талай жыл тақырып,

Бар ма екен қаншие тоғайы?!

ІІ

…Кезім ол елемей ызғарды,

Кеудемде бұла арман тулаған.

Таңдантсам жырыммен қыздарды,

Деуші едім, өтті ол күн зулаған.

Аман ба, сол жерлер, сағындым,

Өтті ғой уақыт талайы.

Көркі едің балалық шағымның,

Қайдасың, қаншие тоғайы?!

Көңілде кеткен күй шертілмей,

Еске алам қабырғам сөгіліп.

Даланың бір тұтам өртіндей,

Тұрушы ең көш жерден көрініп.

Ұмытам қалайша оны мен,

Сырым бұл сыймаған ішіме.

Сағымды «Саманның» соры мен,

Қаншие түнейді түсіме…

Сәулелі күндерім ол өткен,

Мақпал қыр, маңайды кезіп ем…

Қаншие ішінде кенеттен,

Сол қыздың кездестім өзімен.

Ақ таңдай айнала арайлы,

Сезбеймін сол қыздан өзгені.

Қаншие боп маған қарайды,

Қап-қара мойылдай көздері.

Ауылдың аумаған елігі,

Қарайды қаракөз қыз күліп.

Қып-қызыл қаншие еріні,

Үлбіреп тұратын үздігіп…

Бұл маңай биологтың сөздігі,

Гүл иісі аңқиды қолаттан.

Даланың домалап жез Күні,

Қырқадан бұл кезде баратқан.

Көздері бейне бір қарамық,

Жердегі періште пішінде.

Жүреді ол аққудай таранып,

Қып-қызыл қаншие ішінде…

Бозбала мен едім кекілді,

Алдында жол жатқан сан талай.

Еріні қаншие секілді,

Ертегім сен едің, қалқам-ай.

ІІІ

Арада талай жыл өткенде,

Ауылға жеттім мен сағынып.

Алдымнан шықты анау бөктер де,

Ақ түтек бораны шағынып.

Шиедей шыққан Күн қызылы,

Шымшиды бетімді үскірік.

Кеш түсе кетсем бе, қызығы,

Баяғы балаша ысқырып…

Мен киген қайқы бас керзі етік,

Бастаса сол қыздың үйіне.

Отырған кенжесін тербетіп,

Ол мынау таң қалар күйіме.

Әдемі қабағы түйіліп,

Қаншие ерінін тістелер.

Әйнекке тұрармын үңіліп,

Кіжініп қырауға – қысқы өнер.

Өкініш қасқырша ұлиды,

Өткенді қайтемін босқа аңсап.

Есімде бәкене мына үйді,

Аязды түндерде тосқан шақ…

Қаншие тоғайы, бармысың?!

Баяғы ауылдың шетінде.

Мезгілдің аязды әр қысын,

Өткізіп боранды өтінде.

Тұрмысың торғайша бүрсеңдеп,

Қайтеді қаңтардың суығы?!

Күшейіп барады білсең тек,

Күн бата боранның уілі.

– Төрехан, бұр солай ат басын,

Ол жерде қаншие болған-ды.

Балалық іздерім жатқасын,

Сағындым бейкүнә сол маңды.

…Айнала ақ мамық жапқан қар,

Әнекей, әжемнің қорымы.

Осы сәт халімді тапқан дәл,

Өксиді жылауық жел үні.

Өлердей мен сені сағындым,

Өтті ғой уақыт талайы.

Көркі едің бозбала шағымның,

Қайдасың, қаншие тоғайы?!

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі,

Жарасқан  Әбдірашев  атындағы  әдеби

 сыйлықтың  иегері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: