Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаламгерлердің көшін кім бастайды?

11.05.2023, 10:40 429

Күні  ертең  Қазақстан  Жазушылар одағының  құрылтайы  өтеді.  Бұл   құрылтай – бұрынғыдан  өзгерек.  Неге десеңіз, сол  жиында Жазушылар одағының төрағасы сайланады. Бұл жолы «билікке» бәсекелестер белсенді. Мұны көпжақты қарауға болады. Әлеуметтік желіде әрқилы пікір білдірушілердің саны көп. Бірі Жазушылар одағына жаңа төраға керек десе, енді бірі одақ жұмысын тоқтату керектігін айтады. Әлеуметтік желіде жазылған пікірлерді талдап көрдік. Ары қарай төменде. 

Белгілі қоғам белсендісі, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы «Жалпы Жазушылар одағы деген не өзі? Ол – Кеңес одағының идеологиясын қолдап-қуаттап отыру үшін  құрылған орган. Бұл – сол заманның шындығы. Енді заман өзгерді. Кеңес одағы жоқ. Заман басқа. Заманның шындығы да басқа. Ешқандай одақ адамды жазушы қыла алмайды. Адамды Алла Тағала я ақын, я жазушы қылып жаратады. Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың»  деп пікір білдірді.

Оның бұл сөзінен Жазушылар одағының жұмысын талдап яки сын айтқанын байқамаймыз, одақтың ендігі уақытта керек еместігін айтады. Ал, жазушы, баспагер Арман Әлменбет осыдан тура бір жыл бұрын өзінің фейсбуктегі парақшасына «Тоқаев келгелі, саяси күштер көбеюі керек деп жүр ғой. «Қазақ тілі» қоғамын құрды. Ол бір ықпалды күшке айналады деп істеді. Міне, дайын тұрған күш – Жазушылар одағы. Жанашыр әрі іскер адамдар келетін болса, елдің жоғын жоқтайтын, жазушылардың да жағдайын жасайтын ұйымға айналып шыға келеді. Бұрын билік бір қолда болған соң, Жазушылар одағын ет пен терінің арасындағы бірдеңе ғып ұстап келді. Енді осылай кете берсе, бұл ұйымның болашағы жоқ. Өз басым дәл жазушылардай өмірге ілесе алмай қалған сорлы қауым көрген жоқпын. Оған осы одақтың да кінәсі бар» деп пікір білдірген болатын. Биыл 12 мамырда өтетін құрылтайда Арман Әлменбет Жазушылар одағының төрағасы болуға өз кандидатурасын ұсынды. Ол өз бағдарламасында Жазушылар одағына  мүшелікке қабылдауды тоқтату керектігін айтқан.

Жә, одақ төрағалығына өз мандатын ұсынғандардың қатарында жазушы, журналист Думан Рамазан да бар. Жазушы өз парақшасында «Бұрынғы Кеңес дәуіріндегі әбден ескірген, іске алғысыз тәсілмен жұмыс істеуге, ілініп-салынып жүре беруге болмайды. Ескі сүрлеу-соқпақтың бәрінен арылып, жаңа, тыңнан жол салуымыз керек. Жаңа заманға сай жаңарып, жаңғыруы керек! Батыл реформалар жасау керек!» деп жазды. Көбінің айтатыны – Жазушылар одағын бюрократизмдік стереортиптен ажырату қажет. Жаңа сілкініс жасаймын дейтіндердің тағы бір дегені – мемлекет бюджетінен әдебиет саласына қаржы қарату.

Бұл дүниелерге жазушы Назгүл Қожабек өз парақшасында бүй деп пікір қалдырды.

«Жазушылар одағына төраға болам деген аға-інілердің бағдарламасын қарасам, «мемлекеттен анаған ақша бөлдірем, мынаған ақша бөлдірем» екен. Мемлекет асыраған әдебиет дамымайтынын әлі ұқпаған ел екенбіз».

Расында, бұған дейін мемлекеттен қаржы қаралатын мүмкіндік болса, бұған дейінгі төрағалар да үнсіз отырмас еді ғой, барынша әрекет етуге тырысты. Ал, қазіргі кандидаттар бағдарламасын жасап, басылым беттеріне шығартып жатыр. Кейін, ойға алған дүниесі іске аспайтын болса, Жазушылар одағын қайтіп гүлдендіреді?

Хош.  Әрқайсысы өз бағдарламасына сай әрекет етеді делік. Сонымен бірге, Жазушылар одағының қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулет биыл да төрағалыққа өз кандидатурасын ұсынып, бағдарламасын жариялады. Айта кеткен жөн, жақында Түркітілдес халықтар арасында ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы құрылып, оның алғашқы төрағалығына  Ұлықбек Есдәулет келген еді. Еліміздегі Жазушылар одағы осы құрылымның қатарында. Арман Әлменбет одақтың қазіргі төрағасының бағдарламасын оқып, өз парақшасында былай деп пікірімен бөлісті.

– Ұлықбек Есдәулеттің бағдарламасын оқып шықтым. Сол баяғы үкіметке алақан жаятын позиция. Кеше Бейбіт Сарыбай «мен программа жазсам, өлтіріп жазар едім» депті. Менің ойымша, Бекең жаза алатын болса, қазіргі бастығына көмектесер еді. Әлде ол кісі тыңдамай ма екен?

Ел өткеннен бері бір жаңалық күтіп жүр еді. Іштей қолдайтын адамдардың өзі кеше шаршағанын байқатты. Ақберен Елгезек шығып пост жазып еді, бәрі қайтерін білмей қалды (әңгіме жоқ, бәрін ықтырып тастаған екен). Бекеңнің посты «снатворный» сияқты болды тура. Е, бәсе, осылай екен ғой деп жуаси салды тегіс.

Ашық идея талқылайық дедім, жоқ ешқайсыңыз тіке келмедіңіздер. Мына ұсынғаның болмайтын шаруа деп өздеріңіз жазбадыңыздар, не адал нөкерлеріңіз жазған жоқ. Өздеріңізге сенсек, одақты дамыту мүмкін емес. Мен қалай дамыта алмадым, Төраға болсам (өзі төраға) қалай дамытар едім, мен бұның қалай дамымай отырғанын білем деген секілді посттарды жазасыздар. Мейлі, осыған дейін жеткіздік, қадірімді білмесеңдер мә істеңдер деп кетіп қалуға (кетіп қалған болсаң, қайта жармаспай-ақ қоюға) болмай ма? Әлде баратын жерлеріңіз жоқ па? Әлде келесі келген адам дамытып жіберіп, масқара боламын деп қорқасыздар ма? –  дейді.

Бір жағынан қарасаң, әлеуметтік желіде жарияланып жатқан пікірлер одаққа деген жанашырлық емес, «тақ» үшін «таласты» байқататын сияқты. Шындық деп шырылдаудың ретін білуіміз керек. Бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы аз жұмыс атқармады. Сонау 90-жылдардың басында Сыр өңірінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты әдебиет алыптары Жазушылар одағының іргесін қалап, алғашқы жұмысын бастаған. Бүгінге дейін сол көштен қалған жұмыс – кітап-журналдар. Одақтағылардың негізгі қызметіне кіретін кітап шығару ісіне атсалысу сол кезден бері бастау алған. Жас қаламгерлерді қолдау әлі де бар. Өйткені, кітап барда ойлы оқырман, жазуға деген махаббаты жүйрік жандардың азаймасы хақ.

Жазушылар одағы ең алғаш Қызылордада құрылды дедік. Енді, аймақтағы ахуал жайында бірер сөз. Сырдарияның жағасында құрылған Жазушылар одағының қазіргі ғимараты Алматы қаласына қоныс тепкен. Одақ көшкелі, көштің жұмысы қалай? Қызылордалық қаламгерлердің шығармашылығында қандай өзгеріс бар? Осы сауалдарға Қазақстан Жазушылар одағының Қызылордадағы филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова жауап берді.

– Жазушылар одағы  елдің рухани мәдениеті мен шығармашылық шыңындағы еңбектерді құрметтейді, қастерлейді. Қазір Жазушылар одағының өңірдегі филиалы біршама жұмысты атқарып, шығармашылыққа жақын жандардың ел алдына шығуына, еңбегінің жарық көруіне көп  көмегін тигізіп келеді. Сонымен бірге, түрлі жоба аясында ақын-жазушылардың басын қосып, туған жерінің тұрғындарымен кездесуіне, оқырман қауымды сағындырып жүрген шығармалармен сусындатуға үлкен ықпал жасап жатыр. Қалай десеңіз, оның қатарында «Елге сәлем» жобасы, шығармашылық орталықтармен бірлесіп жұмыс істеу, белгілі ақын-жазушылардың мерейтойы мен кітабының жарық көруі сынды дүниелер – осының айғағы, – деді филиал төрағасы.

Қаршыға Құрмашқызына «Жазушылар одағына жаңа басшы керек пе?», «Одақтың қазіргі жұмысына сын айтушыларға не дейсіз?»  деген  сауал  қойдық.

–        Сыншыл деген әр заманда болған. Ол болады да. Шығармашылық дейтін дүниені аяққа таптауға болмайды. Мұны нәзік дүние ретінде қарау керек. Бұл деген – мемлекеттік жұмыс емес қой, өз арнасымен, өз ретімен жүзіп келе жатқан алып кеме. Сондықтан, бұрынғы жұмыстарды жоққа шығару, мүлде қозғалыссыз отыр деу қате болады. Неге олай дейсіз? Өйткені, Жазушылар одағы мемлекеттен қаражат алмайды. Ол – өз-өзін асырап жүрген үкіметтік емес ұйым. Ал үкіметтік емес ұйымның жұмысын жүргізу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол жерде әдебиетке нағыз жаны ашитындар жұмыс істеген, алдағы уақытта да солай болатынына сенімім мол, – деді Қ.Есімсейітова.

ТҮЙІН. Қазақстан Жазушылар одағы еліміздің жас шығармашыл қауымына зор қолдау, оқырмандарға әсер сыйлатын шығармаларды жарыққа шығара береді. Бірақ, оның жұмысын түбегейлі өзгертіп, тым қиындатудың қажеті жоқ секілді. Кім төраға болса да, іскерліктен бөлек, шығармашылықты түсіну мен өнерге, мәдениетке деген құрметі қалыптасқан басшы керек. Кандидаттар айтқан дүниесін істей алса, онда әңгіме басқаша. Бірақ, бір қолдайтынымыз жаңашылдық  керек.  Әрине,  ең маңыздысы  ол  емес. Маңыздысы – жанашырлық.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: