Фильм – көрерменге бейсаналық жолдама. Философиялық трактат. Авторлық дүниетаным. Оқиға – қоғамның айнасы. Экран – көрерменмен сырласу алаңы.
Кино өнеріне жаңа есім қосылды. Режиссер Думан Еркімбектің «Qaitadan» фильмінің астары психологиялық тереңдікке ие. Тақырып та жаңаша.
Драма және фантастикалық жанрды үйлестіре алған бұл фильмде жаңа буын өкілінің қоғам мен аға буынға айтар сыни ойы бар. Айыптау емес, салдарын түсіндіру. Сатира мен философиялық мәнерді үйлестіре білген.
Уақыттың өлшемі, кеңістік деңгейі, белгіленген межесі болады. Оны адам түйсікпен ғана сезіне алады. Бейсана – үшінші көз. Басты кейіпкердің түйсік деңгейі уақыт кеңістігінің сырын ашады.
Фильмнің қоғамға айтар басты сыны – «баяғы жартас – сол жартас». Әкімдер мен шенеуніктердің енжарлығы. Шынайы жанашырлық – отаныңды өз отбасыңдай көру. Әрбір бөгеті мен құбырының қауіпсіздігіне жауапкершілік алу. Жұмысыңды амалсыздықтан істеу емес, жақсы көру.
Автордың ой жүйесінің көрерменге айтар басты мотиві әр бала ерекше қабілетке ие. Стандартты ҰБТ-дан жинайтын ұпай талапкердің келешегіне мәңгілікке қойылған мөр емес. Емтихандарды әр баланың өзіне ғана тән ерекше қабілетін ашуға акцент қоя отырып, оның келешегіне жол ашатындай шығармашылық тәсілге көшудің маңызын түсіндіреді.
Емтиханнан төменгі ұпай жинаған балаларға қоғамның артта қалған сәтсіздігі ретінде қараудың қате пікір екендігін басты кейіпкер дәлелдейді. Оның адамшылдық ұстанымы тұтас ауылды апаттан құтқарушысы ретінде дәлелдейді.
Фильм авторының ең мықты ұстанымы – жастардың жігеріне, санасына серпін беруге бағытталғандығы. Ескілік қағидаларға қарсы тұру, елге патриоттық жанашырлық сезімі айқын. Әрбір жасты ұжымдық сана деңгейінде жауапкершілік сезінуге үгіттейді.
Фильмнің басты философиясы межелі уақыт мөрленеді. Адамға ниеті мен таңдауын өзгертуге де мүмкіндік беріледі. Басты кейіпкердің бейсанасында жүретін процесс – күрделі құбылыс. Бейсанада уақыт өлшемі басқаша жүйеде жұмыс істейді.
Басты кейіпкер Рауанның рөлі – апаттан құтқарушы. Ауыл тұрғындарын су апатынан құтқарудың шешімі мен жолын іздеу, құрбан болмаудың барлық тәсілін қолдану көрерменді эмоционалды-драматургиялық шиеленісте ұстайды.
Фильм авторларының экранға алып шыққан үндеуі – қателіктер қайталанбауы керек. Жаңа буын өкілдері енді оған жол бермейді.
Гүлзат КӨБЕК,
киносыншы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!