Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент отандық фильмдердің сапасына назар аударуды тапсырды

14.03.2025, 16:55 66

HALYQLINE.KZ

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент еліміздегі киноиндустриядағы өзекті мәселелерге тоқталып, сапаға мән берудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылы отандық мамандар 94 фильм түсірген. Бұл – қазақстандық киноның дамып келе жатқанының белгісі. Дегенмен, тек санға емес, сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті.

«Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент қазақ тілінде түсірілген «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильмді жоғары бағалап, мұндай туындыларды көбейту қажеттігін айтты.

«Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Дереккөз: egemen.kz

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: