Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пенделігімнен жалығып, Перімен кейде тілдесем…

23.01.2025, 7:00 36

HALYQLINE.KZ

1975 жылы 1 сәуірде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Қазіргі М.Байділдаев атындағы №232 орта мектепте білім алған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 2001 жылдан бастап Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 2010-2017 жылдар аралығында бас редактор қызметін атқарған. 2017 жылдың сәуір айынан бастап облыстық «Сыр бойы» газетінде аға тілші болып қызмет атқарып келеді.

Ол 2001 жылы қараша айында Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданған, 2004 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

2005 жылы өнер жылы аясында өткізілген аймақтық «Сырдария-жырдария» өнер фестивалінің «Құрмет белгісімен», «Қызылорда облысына – 70 жыл» мерекелік медалімен, 2012 жылы Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен», 2015 жылы Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» Қазақ творчестволық бірлестігінің М.Шолохов атындағы медалімен марапатталған.

2020 жылы Қазақстан Журналистер одағы, 2023 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Құрмет грамотасын», 2024 жылы облыс әкімінің өнер, шығармашылық өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.

«Таңсәрі», «Сезім – серуен» жыр жинақтарының авторы. Отбасылы, үш бала тәрбиелеп отыр.

ӘКЕ

Өткен менен бүгінді жалғастырып,

Келешекті, сонан соң қамдастырып.

Қара басың хан болып отырушы ең,

Қараша үйдің төрінде малдас құрып.

Бұл дүние өтті ме деп, бұлаң қағып,

Тұнжырап, көңілің бір сәт тұманданып.

Кемеліңе келесің сәлден кейін,

Керегенің көзінен Құранды алып.

Сарғайған сол парақтар иі сынып,

Сергітеді салмақты сый ұсынып.

Кең пейіл келбетіңе сабыр тұнып,

Көңіліңнен бір ғажап күй ұшырып.

Кейіп алып, заманға «кері кеткен»,

Хақ жолыңды озбырлық жеңіп өткен…

Тарихыңды тарамдап тарқатасың,

Тәспіңді алып, талайдан серік еткен.

Айтушы едің, қисса, жыр, дастандарды,

Үлгі қылып, мерейі асқандарды.

Әке, менің өлеңге құмарлығым,

Сол балалық шағымнан басталған-ды…

Беу, дүние, білгенімнен жазамын жай,

Тақуаны кім көрген таза мұндай?..

Құбылаға бет түзеп, қиян кешкен,

Оразасын, намазын қаза қылмай.

Құпиямды несіне қалам бүгіп,

Тәліміңнің тұнығын маған бұрып.

Тал бойыма сіңіріп адалдықты,

Тәрбиелеп өсірдің, адам қылып.

Қара жолда сүрінбесе «қасқа атым» деп,

Қалай да орындалар мақсатым бек.

Қара қызың келеді құлап-тұрып,

Әкемнің шығарамын жақсы атын деп!

ШЕР

Тарқатпасам шерімді егер бұлай,

Тасқын болып, төбемнен төгер құлай.

Шындық іздеп жалғаннан шарқ ұрамын,

Шайырлықты жазған соң шебер құдай.

Тақуадай табылмас бойында мін,

Тағдырымның дегенін мойындадым.

Теңіздейін шабытым толқығанда,

Тасқа басып қалдырдым ой ырғағын.

Торғын өлең кеудеме тоқығаным,

Ойға батып осылай отырамын.

Тал бойымда кетеді сезім тулап,

Туған жердің басқанда топырағын.

Үлгі тұтар ұстазым – Ұлы дала,

Қырдың гүлін жинадым құмыраға.

Шырт ұйқыдан оянып, шабыт келсе,

Шарт жүгініп, құлаймын құбылаға…

АҢСАУ

Қайтемін,

Бұлдап бекер қыз күнімді,

Сезімнен селкеу тартқан сыз білінді.

Болғанмен басым алтын,

Көңіл салқын,

Сарғайған жапырақтай күздігүнгі.

Қалғандай қыр астында,

Қыз қылығы,

Арқаның шарпыған ба, ызғырығы?..

Талайыма жазылған,

Тағдырымның

Таңдайыма татиды тұздылығы.

Аңдап басып,

Әр адым, әр ізімді,

Шыдамның шиеленген бауы үзілді…

Жалт етіп,

Жасын ғұмыр бәйшешектей

Қайтадан жарсам шіркін, қауызымды.

Кіршіксіз,

Жүрегімде аппақ үміт,

Мен сонда саялар ем баққа кіріп.

Дерт те жоқ,

Қайғы да жоқ,

Достарыммен

Сырласып, ағыл-тегіл ақтарылып.

Жасқанбай,

Жауап қатып сұрағанға,

Жұбатушы ем, дем беріп, жылағанға.

Құрақ ұшып,

Қолтығын сүйер едім,

Досым түгіл,

Дұшпаным құлағанда.

Мен солай,

Адалдықпен үндесемін,

Табиғатпен тап-таза тілдесемін.

Жалаң аяқ қалсам да жапан түзде,

Жаратқан,

Жабырқауды білмес едім!..

СҮЙГЕНМІН, ӨМІР!

Бір сәтте…

У-шуы мол уақыт тынып,

У қосқан шәрбатыңды татып тұрып,

Жарқ етіп, жанарыма жақұт тұнып,

Көзсіз көбелектей күнәға батып тұрып…

Сені сүйгенмін, Өмір…

Бір сәтте…

Асау сезім ғаріп қылып,

Адасып, ақыл-естен танып тұрып,

Тас түнек қараңғыны жарық қылып,

Жан-тәнім оттай лаулап, жанып тұрып,

Аппақ адалдығымды,

Өрлігім мен тәкаппарлығымды,

Алдыңда «құрбандыққа» шалып тұрып,

Сені сүйгенмін, Өмір…

Бір ғана сәт…

Жүрегімнің үніне құлақ түріп,

Жанарымды жасқа шылап тұрып,

Жалғандықтың жалауын лақтырып,

Жалп етіп…

Жардан төмен құлап тынып…

Осының бәріне шыдап тұрып,

Сені сүйгенмін, Өмір!

КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ

Ересекпін деп жүрсем, баламын ба?

Елітіп бос сезімге қаламын да.

Құзар шыңның басынан қайтам кейде

Қиялыммен қалықтап барамын да.

Шаттықтың қанып ішпей шарабын да,

Жабырқау жанға сая табамын ба?

Ақтарылып аламын ағыл-тегіл

Ақ қағазға мұңымды шағамын да.

Арзан әлде қымбатын бағаның да,

Ажыратпай әп-сәтте қаламын да.

Ойланып одан кейін отырамын

Өзіме өзім айып тағамын да.

Намысым ерік бермей нала, мұңға,

Табиғаттан дүлей күш аламын да.

Тұлпарлардың ілесіп дүбіріне

Шіркін-ай, шаңдатып бір шабамын ба?

Ей өмір, ережең бе, сабағың ба?

Шаршатты таусылмайтын талабың да.

Еркін өмір сүрейін ен далада

Көшіп кетсем қайтеді Қарақұмға?..

КӨҢІЛ…

Алып ұшады көңілім…

Аспанға,

Күнге…

Айға ма?..

Адасқан Үміт – Серігім,

Ақылым лағып, айдала…

Сұрасаң егер

Кімсің – деп…

АДАМ болады есімім.

Жұмыр жүрегім дүрсілдеп

Тербейді жердің бесігін.

Парқына өмір бағынып,

Патшайымдардай күн кешем.

Пенделігімнен жалығып,

Перімен кейде тілдесем…

Ақиқат іздеп жалғаннан,

Сарылып, қанша сабылдым.

Ақыры өзім алданғам,

Жаздым да, қанша жаңылдым?..

Жауратып жанды түнгі ызғар,

Түрін бермейді сызданып.

Өкпелеп сансыз жұлдыздар,

Өр болмысымды қызғанып…

Тойымсыз пиғыл талайдың,

Тәубесін қойған «кісендеп».

Көзімді көкке қадаймын,

Сәулесі Хақтың түсер деп…

ҚАРА БАҚЫР

Ей, қара бақыр…

Құның қайда шарықтап бара жатыр?

Құлқынымның құлы боп күннен-күнге,

Қанағатым қалмайды қара да тұр…

Ей, қара бақыр…

Қарашаға жетті ме шамаң ақыр?

Қара бастың кеткен соң қамын ойлап,

Ағайын да алыстап бара жатыр…

Ей, қара бақыр…

Дауа таппай дертіне ана пақыр.

Кері кеткен заманға керексіз боп,

Шым-шытырық тағдыры шарана тұр…

Ей, қара бақыр…

Сан сұрақтар жауапсыз, санада тұр.

Қайран жұртым, қыңқ етер қауқары жоқ,

Қайманаға пұл болып дала жатыр… 

ҚҰЛАГЕР

Қайран…

Құлагердің құлындары,

Ер қанаты деуші еді ғой,

Ертегі ме, мұның бәрі ?..

Есіл жануарым-ай,

Есірген жұрт

Қасиетіңді қайтсін?

Етіңді саудалап,

Қытайға, шүршітке шығындады.

Алпыс мың тонна экспорт?..

Астарын ешкім ұғынбады.

Осылайша…

Әлемдік нарыққа бағынамыз,

Отыз елдің ортасынан

табыламыз деп,

Сауда-саттықтың келісімі құрылды.

Байғұс жануар

Басың бәйгеге емес, бәске тігілді.

Қайран…

Құлагердің мұрагері

Қыршынынан қиылды…

Құрық тимеген шу асау

Құлындай дауысы шырқырап,

Қылша мойны бұлқына,

Батыраштың балтасына иілді.

Обал дейсің, сауап дейсің,

Айғырынан бөліп алып үйірді,

Қор қылғандай қосақтайсың сиырды?..

Беу, жануар…

Жеті қазынам-ай,

Тұяғың тасқа ұрылды,

Тағдырың солай бүлінді…

Жаман айтпай жақсы жоқ,

Жазатайым жау тисе,

Қарғып мінер тұлпар қайдан табылар?..

Кілең мәстек, жабылар…

Түсінген шығарсыз күйімді! ..

РУХЫМ ҚАЙДА?

Ар-намыс оянбаса кеуделерде,

Айып тағып қайтеміз «пенделерге»?

Одалар оқылатын сарайларда,

Отырамыз селт етпей сен де, мен де…

Ашу-ыза бойыңды кернегенде,

Ауа қармап, қолыңды сермегенде…

Ащы шындық алқымға кептеледі,

Аласұрып… аядай бөлмелерде…

Ет жүрегің езіліп ел дегенде,

Ешбір амал қолыңнан келмегенде…

Ақтала алмай алдында дал боласың,

Ар-ожданың аяусыз тергегенде.

Рухым қайда?

Тірі ме, өлмеген бе?

Тірі болса, оны ешкім көрмеген бе?

Әлде, сонау әскері Шыңғысханның

Отырардың түбіне жерлеген бе?..

Ел дегенде, иен далам – Жер дегенде,

Көкірегім толғанда шер-шеменге.

Ғайып болған рухымды іздеп жүрмін,

Қас, Сақ болып оралып келсе егер де!..

МАХАМБЕТШЕ ТОЛҒАНУ

Мен мен едім, мен едім,

Мен дағы кімнен кем едім?

Ұлтарақтай жер үшін,

Ұлан-байтақ ел үшін,

Ұлтымның зарын шегемін.

Ұрпағымын Хан Кененің!

Опасыз жалған дүниенің,

О бастан іздеп себебін,

Отаным үшін ойланбай

Отқа да түссем деп едім.

Жалғыз да болсам төбемін,

Жиылсам, қалың қол едім,

Махамбеттейін өр едім!

Сардарлар өткен шейіт боп,

Сахара, сайын далама,

Соңғы демім қалғанша,

Қызмет қылсам деп едім.

Бұлдыр да бұлдыр заманда

Бұқардай жырды төгемін.

Ерегіскен дұшпанның

Есесін солай беремін!

Елең де алаң күн туса,

Еліме мынау егемін!

Мағжан ақын айтқандай,

Мен ертеңге сенемін!

Қасымдар өткен сүрлеуде,

Қарыштап басып келемін.

Қасиет тұттым жаныма

Қазақтың қара өлеңін!

ҚАРА

Не бар, не жоқ бұл пенденің ойында,

Қалмағандай қанағат та, тойым да…

Қадам сайын қабат-қабат мұң кешіп,

Қара жолдың жүріп келем бойында.

Қалың ойдың қалқып алып тұнығын,

Шайқап төкпей, шөлдей татып шырынын.

Қадіріне жетермін бе, білмеймін,

Қара өлеңге таңылғандай ғұмырым…

Шырмауында тіршіліктің, шарасыз,

Құндылықтар қалған кезде бағасыз.

Айлы түнде жұлдыз санап аспаннан,

Арман құшып жатушы еді, қарақыз

Табаныңда топырағының табы қап,

Туған жердің әрбір атқан таңы – Бақ.

Жүрегіңді жіпсіз байлап тұратын,

Қадірлі ғой, қайран қара шаңырақ

Шідер үзіп, шапқан кезде қаракер,

Шабыттанып шалқитұғын шама бер.

Дәруіштей кезіп кетсем далаңды,

Дәл өзіңдей дәрмен бергей, қара Жер!

ЕЕ, ҚАРАҒАНДЫ…

Ее, Қарағанды…

Көзімде жас, көңілімде нала қалды.

Ерте кеткен әкенің жолын күтіп,

Есік алды, телміріп бала қалды…

Ее, Қарағанды…

Аспаныңды қара бұлт қамап алды.

Бейбіт күнде төбеме туым құлап,

Жан жүрегім жаншылып, жараланды?..

Ее, Қарағанды….

Қазынаңды қорқаулар тонап алды.

Ит пен құсқа жем болған бұл халқыңда,

Қарсыласар қаншалық шама қалды?..

Ее, Қарағанды…

Қайғы жұтып, қаңырап дала қалды.

Дода-дода ағылған көз жасыңнан,

Долларларын біреулер санап алды…

Ее, Қарағанды…

ӘН САЛҒЫМ КЕЛДІ

Ән салғым келді…

Жадырап, жүзім жылып.

Мөп-мөлдір сезімімді,

моншақтай тізілдіріп.

Ән салғым келді…

Көктемге жүзім бұрып,

көңілдің сызын жуып.

Сал көңіл сыздағанда,

Сағыныш ізін біліп…

Ән салғым келді…

толқытып, баяулатып.

Зырлаған уақытты да

азырақ аялдатып.

Жолаушы аттан түсіп,

жететін жаяулатып.

Көңілдің сәулесіндей,

Күн дағы баяу батып…

Ән салғым келді…

шалқытып, шымырлатып,

Жалғаншы дүниеден

шер емес, шырын татып.

Көңілдің сандуғашын

сайратып, шырылдатып.

Бейнебір қонатындай,

басыма бүгін бақыт?..

Ән салғым келеді…

жүрекке жақындатып.

Жалт еткен пәк сезімді

лаулатып, лапылдатып.

Ақ жауын құйған кезде

аспанды шатырлатып.

Ән салғым келді…

ЖАНТАҚ

Келіншекпін қырыққа жақындаған,

Қашаннан бейнет шіркін жақын маған.

Ерегісіп ешкімді жеңе алмадым,

Екі көзден тек қана ақымды алам.

Жүргенде жұмыспенен жанталасып,

Аулаға өскен жантақ белден асып.

Апыр-ай, мына шөптің шығымын-ай

Екі тал еге алмап ем суын тасып.

Қайту күн, шілденің сол аптабында,

Қарайлап жан-жағыма жатпадым да.

Тау болып қалды жантақ маңайымда,

Құлаштап кетпенімді шапқанымда.

Салдырап қос білегім сыздағандай,

Әлденеден жүрегім мұздағандай…

Көршінің күйбеңдеген отағасы,

Көре тұра қалпы жоқ міз бағардай.

Азар емес маңдайдың терлегені,

Өжеттігім сүйрейді өрге мені.

Тек әншейін, көңілімді құлазытты,

Көршімнің кеп қолұшын бермегені.

Бес күндік бұл дүние жалғанында,

Бәрі есеп – бергенің, алғаның да.

«Көршіңмен қалайсың?» деп сұрайды екен,

Күні ертең «ана ауылға» барғаныңда.

Алабұртқан көңілді тұсап қалып,

Кетпенімді тұрдым мен құшаққа алып.

Баяғы ірілік жоқ ісімізде,

Бірте-бірте барамыз ұсақталып?..

Жантақ құрғыр жанымды ыршытқандай,

Алқымда әлдебір ой тұншыққандай.

Әйтеуір, әрі-сәрі күйде қалдым,

Сабадан қымыз емес, су жұтқандай…

ДҮНИЕНІҢ БАЯНЫ

Өмір солай шыңдайды,

Көңіл құрғыр тынбайды.

Бұл дүниенің баяны,

Бір қуаныш, бір қайғы.

Тәңір сенің күтпейді,

Уақытыңды ыңғайлы.

Тезге салып тәубеңді,

Тірлігіңді ырғайды.

Жұмыр жердің бетінде,

Жалған көші зырлайды.

Қызыл-жасыл дүние,

Қолда мәңгі тұрмайды.

Сын сағатың жеткенде,

Құдіретті Хақ Тәңір

Берген жанын бұлдайды.

Сыналады иманың,

Суға салған құмдай-ды.

Тас түнекке батқан күн,

Төзіміңді шырмайды.

Жап-жарық боп атқан таң,

Жаратқанның рахымы

Пенде дейтін құлға әйгі.

Үзілгенше соңғы дем,

Үміт қолын бұлғайды.

Жапырақтай жүрегің,

Дүрсілінен тынбайды.

Айтып-айтпай не керек?

Құдай бұйрық етпесе,

Қурай басы сынбайды.

ЖАЛҒАН – СЫНАҚ

Жарқ етіп…

Сөнгенінше жанған шырақ,

Жұбатады…

Аз күндік «алдамшы бақ».

Жаз өтіп…

Жапырақтар қурағанда,

Жаныңды амалдайсың

қалған шыдап…

Жан бағып…

Жоқтан дағы бардан құрап,

Жалп етіп…

Кететіндей жардан құлап…

Жәдігөй тіршілікке жалданасың,

Тәніңді тәрк еткенше жалған-тұрақ…

Әйтеуір,

Әр пендеге арман жұмақ.

Беймәлім…

Не тосары алдан бірақ…

Бұлқынып,

бірте-бірте бағынасың,

Беу, дүние…

Осы екен деп салған сынақ…

Ғазиза  ӘБІЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: