Ақылбек ШАЯХМЕТ
Фәниден бақиға дейін
Данышпандардың айтқанынан ұққаным, өмірге жалаңбұт келдің, жалаңаш кетесің. Жарық дүниеге дымсыз келдің, бақиға да дымсыз кетесің. Әлсіз болып тудың, әлсіреп кетесің. Сені туған кезде жуындырды, қайтқанда тағы жуындырады. Сөйтіп фәниден бақиға өтесің.
Тіршілік заңы
Күтпеген жерден қалың қар жауды. Күздің бір күні қысқа айналды. Қардың салмағын көтере алмаған бұтақтар сынып жерге түсті. Жапырағынан айырылған ақ қайың дірілдеп тұрды. Бүріскен жас талдар аман қалды.
Қатты желден де қаймықпаған талдар күні ертең орманға айналады. Бұл – тіршіліктің бұлжымайтын заңы.
Байқап бас
Өмір күнде қуаныш сыйлар пейіш емес. Күлкі де, сүйіс те болады. Кездесетін кейіс де болады. Асырауға міндетті үй-ішің бар. Атқаратын ел үшін жұмысың бар. Аңдап сөйле, байқап бас, артыңды ойла, көрінеді Аллаға жүрісің бар.
Неге?
Жақсы адам, адал азамат деген сөздерді естігенде қайран қаламын. Адам мен азамат деген мағынасы барша жұртқа түсінікті сөздердің алдына неге «жақсы» және «адал» деген сөздерді қосақтайды? Адам деген ардақты атты жақсы және жаман деп бөлуге бола ма? Азамат деген әдемі атақты адал және арам деп бөлуге бола ма?
Ноқта
Несиеге тірегендерге ат басын, қайтып жабу қиын болар қарызының қақпасын. Сондықтан да тырысыңдар мойынға салғызбауға несиенің ноқтасын.
Қас қағым
Той дастарқанына қойылған түрлі тағам суретшінің қолынан шыққандай көз тартады. Сәнін бұзып, ауызға салуға да қимайсың. Ақыры тамақтан өтіп кетеді.
Өмірде де осындай сәттер жолығады. Көзің көріп мейірленген кез қас қағым. Бәрі өтіп кеткен соң өкінгенмен пайда жоқ.
Мейірімді болайық!
Ата-анасы қартайғанда үйде қалса соқа басы сопайып, шетке кеткен ұлдарына сол айып. Сәбиін мәпелеп өсіргендер қандай құрметке де лайық.
Сені тапқан, бағып-қаққан әке-шешеге мейірімді болайық.
Орынбасар
Ресейде князьдар тағайындайтын губерниялар басшыларын наместник деп атаған екен. Кейін шыққан заместитель сөзі басшыны айырбастаушы деген мағынаны білдіреді. Қазақтар болса басшыға көмекші болатын, оның орнын баса алатын кісіні орынбасар дейді. Орыстар: «Сидит сам, делает зам» деп те айтады. Ғафу ақынның: «Орынбасар ойын емес, бас кетсе, бірге кететін мойын емес» деген сөзі де елдің есінде. Орынтақта отырғандар орнын басатын адам бар екенін ұмытпаса болғаны.
Мың есе артық
Полковник дейді, подполковник дейді. Қазақы ұғыммен қарасақ, полковник дегені қол басқарған, яғни полк басқарған қолбасшы дегенге саяды. Ал подполковик – полковниктің астындағы, яғни дәрежесі одан төмен деген сөз.
Олай болса генералды генерал демей, надполковник, яғни дәрежесі одан жоғары деп те айтуға болады ғой.
Ұзын сөздің қысқасы, қазақтың Шыңғыс хан заманынан келе жатқан онбасы, жүзбасы, мыңбасы және қолбасшы деген сөздері орыс тіліндегі баламалардан мың есе артық.
Кеусен және шүлен
Қазақта ежелден келе жатқан тамаша дәстүрге кеусен беру және шүлен тарату жатады. Оны жақсы атқарып жүргендер бар. Алайда, кейде кеусен банктер мен байшыкештер тарапынан солардың жақын-жуығына ғана беріледі. Ал мейрам сайын жұмысшыға емес, басшыларға салпыншақтар беру шүлен таратуға ұқсайды.
Бұрынғы дәстүр береке мен бірлікті көрсетсе, қазіргі ісіміз тірлікті ғана білдіретін секілді.
Бұрынғы мен бүгінгі
Бүгінгі сөз саптасымызда экс, яғни бұрынғы деген сөз пайда болды. Экс-депутат, экс-әкім, экс-министр деген секілді. Бұлар бұрынғысын аңсайды, сондықтан да бұрынғы қызметін қосып айтқанды ұнатады.
Бұрынғы ақын, бұрынғы жазушы деген ұғым жоқ. Өйткені елдің сөзін сөйлеген шынайы қаламгер кеше де, бүгін де, ертең де қаламгер болып қала береді.
Алтын мен күміс
Бұдан бұрын ағайындар мен достары бір-біріне хат жазғанда «алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деген сөздерден бастайтын әдет бар еді. Бүгін бір-біріне ұялы телефон арқылы хабарлама жіберетіндер бұл сөздерді мүлде қолданбайды. Соған қарағанда алтын мен күмістің де қадірі кеткен секілді.
Жақсылардан қалған сөз
Мұрағатымды ақтарып отырсам, сарғайған қағаздар арасынан Сарыкөл ауданының тумасы, атақты ақын Мырзахметқожа Қажыгелдіұлының қызы Торғын апай Мырзахметқызынан жазып алған қанатты сөздер шықты. Бұрынғылар айтқан сөз бүгін де маңызын жоймақ емес.
«Ер жігіттің үйіне қонақ келсе, жоқпын деп күйзелмейді, кедейліктің әбден табы өткен адам қырық жыл байлық кірсе де түзелмейді». «Биік таудың төбесін көр де, түбіне барма, ер жігітті далада көр де, үйіне барма». «Жақсы жүрген жеріне кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады». «Ақкөңілдің тоны тозбайды, қара ниеттің аты озбайды».
Не деген сөз саптасы? Не деген мазмұн? Бүгін осындай қанатты сөздерді айта алар кісі бар ма екен?
Обал
Екі балуан итжығыс түссе, танысына бұрып жеңіс әперген төреші ел бетіне қалай қарайды?
Бәйгеге арғымақ та, жабы да қатыса алады. Бәйгені жабы алатын болса, арғымаққа обал.
Ән шырқаған бұлбұл жүлдеден құр қалып, шымшық тұғырға көтерілсе, бұлбұлға обал.
Ерекше көзқарас
Мен мүсін өнерінен бейхабар кісімін. Алайда, ескерткіштерге байланысты өзімнің ұстанымым бар. Көзқарасым ерекше. Атқа мінген батырлар көбіне қолына найза ұстаса, қаламгерлер қолына кітап ұстап тұрады. Ел билеген көсемдердің біреуі батысқа, біреуі шығысқа қолдарын шошайтып тұрады.
Атақты мүсінші Хакімжан Наурызбаев бейнелеген Шоқан орыстың сырбаз офицері ретінде көзге түседі. Үстінде орыс әскерінің мундирі. Шоқан сол мундирді қайтыс болар алдында шешіп тастағаны белгілі. Кейінгі қазақ ұрпағына орыс офицері емес, қазақ ғалымы Шоқан керек.
Аңғармаппын
Салтанаты жиында марапатар тапсырылып жатыр. Өңшең еркектердің кеудесіне орден мен медаль тағылып жатыр. Жоқ! Қателесіппін. Арасында оншақты әйел бар екен. Олардың әйел екенін алыста отырып аңғармаппын. Өйткені, барлығы да шалбар киіп алыпты. Қолдарына гүл алғанда барып әйел екенін түсіндім.
Ырду-дырду
Ырду-дырдудан құтылайық деп қанша айтсаң да аяғы қылду-сылдуға айналады. Ырың-жырың бар жерде азан-қазан мен ию-қию да толастамайды.
Көрермен және өнерпаз
Көрермендер отырған орындардан биік тұрған сахнада өнер көрсеткен әншілер мен күйшілер кейбір тойда босағада отырады.
Той қонақтары бұған пәлендей мән бермейді. Төрде отырғандар оларды ертең қайтадан сахнадан көреді. Өнерпаздардың шын бағасын көрермен береді.
Несие және банк
Көп ит талай алмаған кісіні кредит талайды. Танк қирата алмаған бекіністі банк қиратады. Тиыннан құралған теңге базарға бір барғанда жоқ болады. «Арзан» деп аталған дүкенге кірме, ішіндегісі қымбат болады.
Кімге сенеді?
Шалқар теңіздегі қайық ескекке сенеді. Шағын кеме желкенге сенеді. Өмірде сол теңіздегі қалтылдаған жаңқа секілді болған кісі кімге сенеді?
Біледі
Алдымнан ор қазғандар құлап қалып орға түссем күледі. Артымнан тас атқандар алда жүргенімді біледі. Бүйірден қарап тұрғандар түбінде жығылатыныма сенеді. Маған қолдау білдіргендер намысымның бар екенін көреді.
Мадаққа зәру
Мадаққа зәру, марапатқа ие болмаса, кеудесіне темір-терсек тақпаса ауру болатын кісілер бар. Бір жиында тізгінші солардың қандай атақ алғанын, қандай орден таққанын жіпке тізіп айтып өтті. Олар, әрине, мәз болды. Біз басымызды шайқадық та қойдық.
Сүйек және тиек
Тілде сүйек жоқ. Мақтауға тұрмайтын әлдекімдерді жер-көкке сиғызбай мадақтаған кісілердің сөзін естігенде домбыраның тиегі ойыма келеді. Тиекті алып тастаса, домбыра сөйлемейді ғой. Даңғаза асабалардың мылжыңдығын қойдыру үшін тіліне тиек қою керек.
Бұйрабастан қасқабасқа дейін
Өмір өзгертеді екен. Бұйрабас Володяның Ленин атанғанда қасқабас болғанын да көрдік. Жалаңбұттар пен жалаңаштардың үлде мен бүлдеге оранғанын да көрдік. Социализмнің шыжығынан кейін коммунизмнің қызығын көреміз деп жүріп капиталимзге де келдік.
Кремль және Ақорда
Кремльдің маңайындағылардың көпшілігі баяғы бәлшебектердің тұқымы екені айтылып жүр.
Ақорда туралы айтсақ, ол да Кремльге ұқсас екен. Кешегі «Нұрлы шал» дәуіріндегі кейіпкерлердің біразы әлі де жылы, жайлы орында тапжылмай отыр.
Дін билік құралы ма?
Ислам дінін таратуға патшалық Ресейде Екатерина патша үлкен үлес қосқан екен. Одан кейінгі орыс патшалары да осы жолды жалғады. Мұсылманға жаны ашығаннан емес, мұсылман халқын дін арқылы билеу үшін. Сол үшін указной молдаларды дайындады. Олар патша саясатын қолдап, халықты билікке қарсы шықпауға насихат жүргізді.
«Нұрлы шал» Астанада мешітке барғанда оны жапырлап қарсы алған дін өкілдері де сол указной молдаларға қатты ұқсайды.
Әйел
Көкейіндегі ойын қас-қабағымен, емеурінмен танытатын кім?
Тілінен шығара алмаған сөзді көзінің жасымен білдіретін кім?
Көңіл күйін қимылымен аңғартатын кім?
Ол – Әйел!
Қиын емес
«Е» деген тікірейіп тұрған әріпті төңкеріп қойсаң, «Т»-дан айнымайтын болады, шалқайтып қойсаң «Ш» болады. «Е» дейміз де қоямыз. Мәселе – әріпті дұрыс таңбалауда. Әйтпесе сөзді де, сөйлемді де өзгертіп жіберу қиын емес.
«Ұлы» деген сөздегі «Ұ» әрпінің ортасындағы сызықты алып тастасаңыз улы болып шығады. «Қазақ» деген сөздегі «Қ» әрпінің аяғына ілінген сызықты алып тастасаңыз, қазағың казак болып кетеді. Дұрыс жазыңыз! Келер ұрпақ теріс оқып жүрмесін.
Таңдау
Шалағай дымбілместер, күдікшіл кеңкелестер, жағымпаз жарыместер, айқайшыл өкірештер толып жүрген ортадан даналардың шығуы таңғалдыратыны рас.
Қалың орыстың арсында өскен мен секілді қаламгердің ана тілінде шығарма жазуына да көп кісі таңғалған шығар. Орыстанып кетпеуім тегімнен, қанымнан шығар деп ойлаймын. Тәңірдің таңдауы, аруақтардың алқауы шығар.
Қажетке жарап тұр
Газеттің де түр-түрі бар. Кей газетті бірінші бетінен бастап соңғы бетіне дейін бас алмай оқисың. Кейбір газетті пойызда жол жүріп бара жатқанда дастарқан қылуға болады. Кейбір газетпен масаны ұрып өлтіруге болады. Кейбір газетпен қол сүртуге болады. Айта берсек көп. Әйтеуір, қажетімізге жарап тұр.
Сын
Өзеннің арғы жағасында тұрғандар өзеннің бергі жағасында отырғандарды оңдырмай сынайды. Өзеннің бергі жағындағылар арғы жағадағыларды оңдырмай сынайды. Бірақ, жанында тұрғандарды қатты сынай алмайды, сылап-сипап қана өтеді.
Қауіп
Өлгендердің көзін жауып, тірілердің аузын жауып, қу бастан да қуырдақтық ет алып жүргендер бар ақша тауып. Батпан құйрық кез болғанда олжасынан құр қалмаса, айтқан сөзді тыңдамаса, бұл заманға солар қауіп.
Сөз басқа
Айтыскерлер жүруші еді Жүрсін, Жүрсін, Жүрсін деп. Ендігі әңгіменің кейіпкері – Тұрсынбек. Кімдер қайда демалды, қандай тамақ жеп алды? Тілге тиек болушы еді барлығы. Ендігі сөз шығаратын жақсы атын алған еркек қос қатын. Бекболат жүр төрт қатынмен тұрам деп, Баян отыр қос еркекке шығам деп. Замандасқа, әріптеске, құрдасқа айтылатын сөз басқа.
Жолбике
Бір еркек біреудің қатынын сүйем деп, бір әйел бір күйеу аз маған, екінші еркекке тием деп, сөйлеп жүр сүйреңдеп. Осындай жолбике, есерсоқ қыз-қырқын, желіккен еркектер қазақтың дәстүрін, әдебін қалайша үйренбек?!
Кез келеді
Жыртық аяқкиімнен су өткен де кез болады. Жұқа сыртқы киімнен жел өткен де кез болады. Кейін жағдай өзгереді. Жазғы, күзгі, қысқы және көктемгі киімге де таңдау жасар кез келеді.
Сары маса және қара шыбын
Астанадағы шенеуніктер қалғып-мүлгіп отырған ғимараттарға олардың мазасын алатын сары маса керек секілді. Бірақ, зәулім үйлерде ызыңдап ұшатын сары маса атымен жоқ, тек ас ішкенде пайда болатын қара шыбын ғана бар.
Ашқұрсақ
Осы күні шығып жатқан басылым көп аш та жап, жазған сөзі дұшпан түгіл досқа жат, өнеге жоқ тәлім алар жас талап, содан кейін жүдейді елім рухани жағынан, жұрттың көбі ашқұрсақ.
Асырып айтпа
«Біреу өлмей біреудің бағы жанбайды» деген сөйлем өте қатқыл естіледі. «Біреу кетпей біреудің бағы жанбайды» десе де болады. Қазағым жеріне жеткізе айтқан ғой. Кейде асығып айтамын деп асырып та жібереді. «Ұра берсе Құдай да өледі» дейді. Дұрысы: «Ұра берсе құда да өледі» шығар.
Не өседі?
Не өседі, кім өседі деймісің? Тал өседі. Жас өседі. Баға өседі. Нан да, ет те, жарық пен жылу да – бәрі өседі. Тал да өссін, жас та өссін! Басқасы өсе берсе, не болады елімнің келешегі?!
Бір сөз, түрлі ұғым
Қазақтың кейбір сөзі мағынасы жағынан түрлі ұғымды білдіреді. Мысалы, құрт деген дәмді тағам бар, құрт деген жиіркенішті жәндік бар. Жауды құрту керек деп айтылады. Тырысу деген әдемі сөз бар. Жақсылыққа талпыну, жұмысқа тырысу дегендей. Тырысып қалды деген жағымсыз сөз де бар.
Мұндай сөздер біздің сөз байлығымыздың аздығы емес. Керісінше, бір сөзді әртүрлі мағынада қолдана білу сөз саптаудың сан қырлы екенін дәлелдейді.
Адам және кітап
Адамдар да кітаптарға ұқсайды. Кей кітап қалың, кей кітап жұқа. Кейбір кітап мазмұнды, кейбір кітап сылдыр сөзге толы. Кейбір кітаптың сырты жылтыр, іші бос. Кейбір кітаптың сырты жұқа, іші толған ақыл. Кейбір кітап сөреде ғана тұрады. Кейбір кітап адамдардың қолынан түспейді.
Түсінбеймін
Әлеуметтік желіге кірсем, шылымның тұқылы секілді аяққа әбден тапталған, мыжылып қалған әлдекімдер туралы шексіз, кенеусіз мадаққа жолығамын. Бармағынан бастап бақайшағына дейін жандайшаптыққа үйренгендердің жазған-сызғаны күні ертең тақтаға бормен жазған жазудай өшіп қалатынын мектеп оқушысы да біледі. Күшіктей қыңсылап жүріп мысықтабандап дегеніне жеткен пысықайлардың күні дәуірлеп тұр екен. Бірақ, неге біреу «Тәйт!» демейді. Түсінбеймін.
Көріп жүрміз
Мейірім де, жауыздық та төрт аяқтыларда ғана емес, екі аяқтыларда да кездеседі. Адамдардың хайуандығын көріп жүрміз. Хайуандардың адамдығы да болады.
Түлен
Керіскенде екі адам Түлен түртіп тұрады. Тілден шыққан ауыр сөз қатты жұлқып тұрады. Тіл қатпаса біреуі Түлен үркіп тұрады. Кешірімшіл бола алса, жеңіл болар пендеге Жаратқанның сынағы.
Қамалап тұр
Көшеге шыға қалсам, толған ит қамалап тұр. Біреуі шәуілдеп тұр, біреуі ырылдап тұр, біреуі абалап тұр. Түйіп ем қабағымды, тістеуге бата алмады. Айтақтап тұр ма біреу? Құрыңдар, жамандатқыр!
Кімсің?
Ыбырайды да табалаған, Абайды да алалаған, Мағжанның да жағасына жармасқан, Мұқағалидың да маңдайынан сипамаған, Есенберлинді есеңгіреткен, Мағауиннің мазасын алған қауым басқаны мүсіркейді деймісің. Көркеуде көсемдерге көсеу болған, қарақан басын ғана ойлаған қайраткерсымақтарды мадақтап, елдің қамын жеймісің?
Батпақтан қатқақта шық!
Батпақтың ішінен қатқақта шығып үлгермесең, кір-қожалақ, сатпақ болуың оп-оңай.
Айтпаса да түсінікті
Зілденіп сөйлеп, жуасқа көрсетіп күшін, арақ ішеді мас болып денсаулық үшін, басып кіреді өзге елге бостандық үшін, кеудеге орден тағады мақтаныш үшін. Кім екенін залымның айтпай-ақ түсін!
Не жетпейді?
Жер бетінде егініміз бар, жер астында кеніміз бар, ұлан-байтақ жерді жайлаған төрт түлігіміз бар. Екі бірдей теңізіміз (Каспий және Арал), жүздеген өзеніміз, сан жетпейтін көліміз бар. Асқар тауларымыз, жап-жасыл орманымыз, бақша-бауларымыз бар.
Сонда бізге не жетпейді?
Тілдің таяздығы
Орыс тілінің қаншалықты жұтаң екенін жер-су атауларынан да байқауға болады. Мәселен, өзен бойындағы елді мекендерді олар Заречный (Өзен сыртындағы), Затобол (Тобыл өзені жанындағы), Приречный (өзен маңайындағы), Приозерный (көл маңайындағы) деп атайды. Көкшетау өңіріндегі Шортандыны Шучье, Шабақтыны Чебачье, Сұлукөлді Красивое, Тереңкөлді Глубокое деп тікелей аударма жасай салады. Немесе Ивановка, Алексеевка, Александровка, Петровка деген секілді кісі есімдеріне жалғау жалғай салады. Тілдің таяздығы осыдан-ақ білінеді.
Шын бақыт
Мәнсіз, нәрсіз жиындар, ырду-дырду тойлар қаншама уақытымды жеп қойды. Сөйлей білмейтіндер сөйлей беретін уақыт қаншама уақытымды жеп қойды. Күнделікті күйбің тірлік қаншама уақытымды жеп қойды. Уақытты үнемді жұмсау да – шын бақыт.
Өз міндетін жете білмесе
Ұстаз өзінің ісін дұрыс атқара алмаса, шәкірті надан болады. Дәрігер өзінің міндетін дұрыс атқара алмаса, адамды ауру қылады. Басшы өз міндетін жете білмесе, еліне қара түнек орнатады.
Жаңа мен ескі
Таң атқанмен көп ұзамай кеш кіреді. Жаңа киім кигенмен ол да уақыт өте келе ескіреді. Кешкі дауыс әлсіреп шығады, таңғы дауыс қатты естіледі. Жаңаның ғұмыры мәңгі емес. Ескі өмірден де ал кеңес.
Ойлама
Басына ораған сәлдесіне қарап дін ғұламасы деп ойлама. Басына киген бөркіне немесе иықтағы погонына қарап керемет қолбасшы деп ойлама. Киімге емес, адамның қылығына қара, сөзіне қара!
Кие мен қасиет
Тұрған, өскен жерлерін киелі, қасиетті деп жазатындар көбейді. Кез келген жер киелі. Сол жерде өсіп-өнген қасиетсіздер де өріп жүр.
Сахнаны киелі дейтін артистер де аз емес. Киелі екеніне дау жоқ. Алайда сол сахнада қасиетсіздер де толып жүр.
Күрмек
Бір режиссер драмалық шығармамды оқып шыққаннан кейін қосалқы автор болайын деген ұсыныс жасады. Дайынға майым болғысы келген. Мұндай режиссер біреу емес, бірнешеу. Драматургияға үш қайнаса сорпасы қосылмаса да басқаның еңбегін пайдаланғысы келеді. Келіссең спектакль тоқтаусыз сахнаға шығады. «Күріш арқасында күрмек су ішеді» деп осындайларды айтқан болар.
Сөз төркіні
Сөз төркініне үңілейік. Орыстың балбес деген сөзі қазақтың білмес деген сөзінен шыққан. Айта берсек, олар біздің тілімізден көп сөз алған, біразын бұрмалаған.
Біздің де орыстан алған сөздеріміз бар екен. Жарымес, кеңкелес, ақымақ деген сөздер бола тұра орыстың дурагын дорақ деп айтып жүрміз. Негізі бұл сөзді қазаққа емес, басқаға айтқан жөн.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Асабалар жиын-тойда сөз бергенде көп кісінің аты-жөнін айтарда қандай атақ алғанын тізбелеп айтуды дағдыға айналдырыпты. Олардың қандай кісі болғанын айтпаса білмейтін шығармыз.
Бақилық болған белгілі тұлғаның портретінен кеудесіндегі салпыншақтарды көріп, оның қандай марапатқа ие болғанын білесің. Кейбір суретші оның марапатын көрсетпей, өмірдегі бейнесін қаз қалпында көрсетуге тырысады.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Әркім өзі шешер.
Аз және көп
Сүрініп кетуіңді тілейтіндер көп, қолын созып, сүйейтіндер аз. Жәбірлеп, жылататындар көп, көз жасын құрғататындар аз. Көп сөйлеп сұйылтатындар көп, аз сөйлеп қойылтатындар аз.
Заманына қарай амалы
Ақындар жырына арқау болған қас сұлулар – қара көздер, оймақ ауыздар, қолаң шаштар, қаламқастар азайып кетті. Олардың орнын жасанды кірпіктер, боялған қастар, қиылған шаштар, дүрдік еріндер басты. Сондықтан, қазіргі кейбір ақын қыздардың киген көйлегін жырлайтын болды. Заманына қарай амалы.
Саясаттың жалғасы
Орыс әскері жасап үлгермеген орыстану саясатын орыс мектебі мен тілі, поптары жалғастырды. Енді оларды шала қазақтар қолдап отыр. Жаңа қазақтар да орыс тілінің дамуына кетәрі емес.
Түп-тамыр
Тектілік халқымыздың түп-тамырынан тарайды. Тектілігін ұмытқандар сел жүрсе де, жел соқса да құлайды.
Теңіз түптен былғанса, терек түптен шіриді. Түбіміз бір түріктердің басы қосылса, елдің іргесі нығаяды.
Шолақ
«Олақтан салақ жаман» деген қанатты сөз бар. Одан да жаман не бар? Шолақ жаман. Басқа тартса аяққа жетпейтін, аяқты жапса басқа жетпейтін шолақ көрпе жаман. Көздеген жеріне жетпеген шолақ жол жаман. Шолтиған шолақ ой жаман. Шал ақын: «Дүние деген шолақ, жан денеге қонақ» деген. Шолақ дүниеде бүтін ғұмыр сүргенге не жетсін?!
(Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!