Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

09.02.2023, 9:00 358

Не  болды?!

Жолбарыс дегеніміз мысық болды.

Бүркіт дегеніміз шатырға ұшып қонды.

Сырттан дегеніміз күшік болды.

Көреген дегеніміздің көзі қысық болды.

Соның бәрін көзіміз көрді.

Ер мен езді ажырата алмайтын заман келді.

Балдақ  саудасы

Бірнеше жыл аяғым ауырып, аяғына жем түскен аттай болып ақсап жүрген соң ота жасатуға бел будым. Астанадағы Травматология институынына келдім. Олардың шарты бойынша ота жасалған соң балдақпен жүру керек екен және балдақты өзіңмен бірге ала келу керек екен. Аурухана жанындағы дәріханадан су жаңа балдақ табыла кетті. Бағасы – он бір мың теңге. Онша қымбат емес, арзан десе де болады. Сүйтсем, менімен бір палатада жатқан жігіт оны Астана қаласының орталығындағы басқа бір дәріханадан сегіз мың теңгеге сатып алыпты. Палатадағы үшінші бір азамат дәл сондай балдақты қолдан сатып алыпты. Сатқан кісі «мен он жеті мыңға алған едім, саған он екі мыңға берейін» – деп сауданың шырайын келтіріпті. Сүйтіп отырғанымызда палатаға тағы бір жігіт келсін. Оның айтқаны тіпті ғажап болды. Ол ақша үнемдеудің амалын тауыпты. Ғаламтордан хабарландыру іздеп, прокатқа беретін балдаққа айына бір жарым мың теңге ғана төлейтін болыпты.

Біздің қымбатшылық қысып тұрған мына қоғамдағы сауда да осы балдақ саудасына ұқсайды екен.

Ыбырай  ата  өнегесі

Қала орталығындағы бақтың алдында еңселі ескерткіш бар. Біз атам екеуіміз мектепке барар жолда күн сайын сол ескерткіштің қасынан өтеміз.

«Бір Құдайға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» – деп атам жанынан өткен сайын күбірлеп өтеді.

Бұл өлеңді мен жатқа білемін. Атам мен әжем кішкентай кезімде үйреткен.

«Ата, бұл атамыз ақын ба?» – деп сұраймын.

– Ия, балам! Ақын, ғалым, азамат. Бір басында талай өнер бар. Данышпан адам. Ең бастысы, менің де, сенің ата-анаңның да, сенің өзіңнің де ұстазың. Ол ұлы ұстаз, – дейді атам.

Біз «Бір Құдайға сыйынып, жақсы киім киініп» деп айтатынбыз. Сен оқитын мектепте тура кіреберісте «Кел, балалар, оқылық!» деген үлкен жазу тұр. Ол – Ыбырай атаның сөзі. Тек оның алдында «Бір Құдайға сыйынып» деген жол болған. Сол жолды біреулер ұмытып кетсе керек. Сенің есінде болсын!

Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы, оқысаң адам боласың, оқымасаң надан боласың, ботам! Қара, Ыбырай атаның жанында шәкірт отыр. Ол ұстаз арманын жүзеге асыратын ұрпақ, оның аманатын орындаушы, – деп атам құлағыма құяды.

Атам айтқан сайын Ыбырай атаға деген құрметім арта түседі.

Кім  не  жейді?

Төрт түлік мал өрісте шөпті  қорек  қылады. Қасқыр менен жолбарыс етті қорек қылады. Қыран бүркіт қиядан көріп, шеңгелімен жем ілсе, құзғын өлексе жейді. Тиын жаңғақ кемірсе, ешкі шөпті ғана емес, өсіп тұрған талдың жапырақтарын да жейді екен. Аю  балды  жақсы  көрсе,  қоянның сүйікті асы – сәбіз. Су астындағы балықтар балдырды, судағы жәндіктерді қорек қылса, шоршып жүрген шабақтар шағалаға тамақ болады екен.

Жаңғырық

Аң қуып қиқуласаң, тау арасына барып айқай салсаң, жаңғырық естіледі. Тау мен тас та жаңғырып сөзіңді қайталайды. Жаңғырық көзге көрінбейді, дауыстасаң, дауысың жаңғырып, күмбірлеп естіледі. Қайда барсаң да жаңғырық қаңғырған қаңбақ секілді тоқтайтын тұрағы болмай, өзіңе қайтып келеді.

Мәртебе

Қостанай мемлекеттік университеті жанынан Орыс және қазақ филологиясы институты ашылып, сол оқу орнына директор болып келдім. Университет ректоры үшінші қабаттан әдемі кабинет берді. Арада біраз уақыт өткен соң институт жабылып, деканаттарға бөлінді де, мені журналистика факультетіне декан қылып тағайындады. Енді бірінші қабатқа түстім. Біраздан кейін бұл факультет те жабылып қалып, Медиа-орталықтың директоры қызметіне ауыстырып, екінші қабатқа көтерілдім. Бірақ, кабинет ауыстыру мұнымен бітпеген екен. Медиа-орталық қысқарып, Медиа-студияға айналып, қайтадан бірінші қабатқа түстім.

Сол тұста Ғылыми кеңесте сөйлеген сөзімде: «Мені төменгі қабатқа түсіретін де, жоғарғы қабатқа шығаратын да ректор болды. Бұған етім де әбден үйреніп кетті» – дегенім бар.

Бауырлас әзербайжан халқы қабатты (этаж) мәртебе дейді екен. Сүйтіп, біздің мәртебеміз де қызмет бабымен талай рет көтерілген.

Амал

Хайуанаттар бағында жыртқыш аңдар сыртқа шығып кетіп кісіге қауіп төндірмесін деп тор құрады. Қаладағы үйлердің терезесіне адамдар да тор құрады. Оны олар сырттан ұрылар ішке кіріп кетпесін деп жасайды. Бір-бірінен сескентіп қойған дүние-ай!

Өрмекші жемін ұстау үшін тор тоқиды. Адамдар бұлбұл қашып кетпесін деп әнші құсты торда ұстайды. Айтқанға көндіру үшін итке қарғы, түйеге бұйда, жылқыға тұсау, сиырға ноқта салынады.

Амалдың арқасында жан баққан тіршіліктің сиқы осы.

Қалаулы  ма?  Елеулі  ме?

Халық қалаулысы дейді. Халық оны мүлде қаламайды. Елдің елеулісі дейді. Ел оны елемейді. Елеуге де жарамайды. Қайраткер дейді. Қайрат қылғанын көрмедік. Қоғам белсендісі дейді. Басқа қызметін білмедік. Баяғы шолақ белсенділерге ұқсайды. Ол кім екенін айтпасам да білесіңдер.

Құлағына  алтын  сырға

Сырттан бақылап отырмын. Ұйғыр асханасында қазақтар дұнған кеспесін жеп отыр. Бір-біріне әлдене деп отыр. Орыстар оны «вешают лапшу» дейді. Құлағына алтын сырға дегені болар.

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Қостанай  қаласы

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: