Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

02.10.2025, 9:40 195

Ақыл   жоқ

Елге есімі белгілі болып қалған кісі­лердің шетелде демалғаны, суға шомыл­ғаны, ішкен-жегені, ажырасқаны, ұрыс-керісі кімге қызық? Екі адамның бірінің басында  болатын  кеп. Соның бәрін әлеу­меттік  желіге жазып отыратын адам­дарда   ақыл   жоқ.

Нені  қалайды?

«Қайраттың» ойынынан кейін футбол көретін жанкүйердің төрт ойынға төлейтін билетінің бағасы 250 мың теңгеге жетті. Шетелдік әншілердің бір ғана концертінің билетінің бағасы 150 мың теңгеден  асты.

Қазақтың классик жазушысының бір кітабы – әрі кетсе 7 мың теңге. Соның өзі  кітап  сөресінде  өтпей  тұр.

Біздің қазақтың көпшілігінің нені бағалайтынын осыдан-ақ бағамдай беруіңізге болады.

Азамат

Адал азамат деген сөзді жиі естимін. Менің ойымша азамат деген сөздің өзі таза,  адал адамға айтылады. Азамат деген  атқа лайықсыз болса, онда оның адал емес, арам болғаны, жақсы емес, жаман  болғаны.

Аспан  астында  кім  бар?

Аспан астындағы ел дейді. Сонда мына біздер көк аспанның астында емеспіз бе? Ұлы мемлекет дейді. Ұлылық ірілікте болса, жер көлемі өте ауқымды біз неге ұлымыз деп айтпаймыз? Аса қуат­ты тіл дейді. Оның не артықшылығы бар? Сонда біздің  тіліміздің  қуаты  кем бе?

Қайшылық

Христиандар өздері табынатын Құдайды Господь деп атайды. Дәрежесі биік кісіні господин, оларды басқарып отырған патшаны Государь дейді. Осыдан келіп государство, яғни мемлекет деген  ұғым  пайда  болған.

Господин деген сөзді талдап қарасақ, Господь один, Құдай бір деген мағына шығады. Христиан дінінде Құдайды олар үш түрлі кейіпте: Құдай-әке, Құдай-бала (Исус Христос) және Киелі рух келбетінде көрсетеді. Бұл  қайшылық  көзге  ұрып тұр.

Тобыл  қазақтың  өзені  ме?

Қостанайдың «Тобыл» футбол командасы кездесулерге «Тобол» деген атаумен шығып жүр. Әу бастағы қазақ тіліндегі атау көпшілікке түсініксіз болғандықтан өзгертілді деген клуб әкімшілігінің уәжін сынаушылар бұны мемлекеттік тілді менсінбеу деп бағалайды. Клубтың атауы Қазақстан мен Ресей жері арқылы өтетін, жалпы ұзындығы 1591 шақырым Тобыл  өзені  атауынан  алынған.

Қалай болған күнде де Тобылды қазақ­ша айтуға орыстілділердің тілі келе­тін  емес.

Айтпаса  да  түсінікті

Орыс тілін бай тіл дейтіндер қателеседі. Мәселен, олар таңғы асты завтрак дейді. Сөздің түбірі завтра, яғни ертең. Асты ертең ішеміз деген мағынада. Түскі асты обед дейді. Объедение дегені тойып жеу деген мағынада. Ужин сөзін Даль өзінің сөздігінде «уг», яғни «юг» деген сөзден шыққан деген анықтама береді. Күн батқанда ішетін асты осылай атаса керек. Біздің қазақ оны кешкі ас дейді. Қай тілде түсінікті әрі мағыналы, өзде­ріңіз  пайымдай  беріңіздер.

Боқауыз

Жас кезімде шөп шабуға барғанда тың игеру жылдары келген механизаторлар арасында жиі болатынмын. Сондағы еститінім кіл боқтық сөздер еді. Орыс тілі боқауыз сөздерден құралады екен деп ойлайтынмын. Боқтық айтпайтын Сұлтан есімді қазақ азаматы болды. Ол өзіне ұнамай қалған жағдайда «боқауыз болды ғой» дейтін. Сол сөйлем есіме жиі түседі.

Үміт  етеміз

Қазақтың жүз биі демей-ақ қояйын, үш биін білмейтіндер Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин дейтін төрт «данышпанды» дәріптеді. Оларды пайғамбар санап дәніккендер партия құрды, қиындық көрмей  өмір  сүрді.

Енді бүкіл дүниені шыр айналдырған төрт дөңгелекті танымайтын ұрпақ өсіп, жетілді.

Әттең, оларға жол көрсетіп, жөн сілтейтін қайраткер жоқтың қасы. Алаш арыстарының арманын орындайтын жастардан  ғана  үміт  етеміз.

«Измдер»  мен  тізімдер

Бұрын марксизм, ленинизм, социа­лизм, коммунизм секілді сөздердің соңындағы «измдерден» запы болып едік. Енді ұзын-сонар тізімдер шықты. Бұл тізімде баяғы және қазіргі аты шығып жүрген қайраткерлер мен қаламгерлердің есімдері аталады. Жаңа есімдер некен-­саяқ. Кейде сол тізім тез ұзарып кетеді. Көз жүгіртесің де қоясың. Барлығын оқып  жатуға  шыдамың  жетпейді.

Қаз  қалпында

Жақында бір ауданда ономастикалық комиссияның мәжілісі өтті. Сондағы бір таң қалғаным қазақтың байыр­ғы жер-су атауларын келімсектер қаз қалпында орыс тіліне аудара салыпты. Мысалы: Қисықкөл – Кривое, Құмдыкөл – Песчаное, Тереңкөл – Глубокое, Тасты – Каменка, Ақжар –  Белояровка, Тұздыкөл – Соленое. Айта берсек толып жатыр. Сол  тарихи  атауларды  қайтару – қазіргі  ұрпаққа  парыз.

Алла  біледі

Үш күнде Киевті басып аламыз деген Путин күлкі болды. Бір айдың ішінде соғысты тоқтатамын деген Трамптың сөзі де ерсі болды.

Алдағы істі Алла біледі. Сөзді де байқап  сөйлеу  керек!

Ұсақ  және  ірі

Ұсақ тиындар бір қалтаға жиылса іріленеді. Ал ірі ақша ұсақталса, тиынға айналады. Тиыннан теңге құралады. Теңге де түбінде тиын болады. Тиынды менсінбеген теңгеден құр қалады. Теңгені дұрыс жұмсамаса, қалтада тиын да болмайды. Бір-біріне жуысқан ұсақ пен ірі  туысқан.

Ит

Күшікті  көп  адам жақсы  көреді. Тіпті  «әй, күшік!» десе өкпелемейді. Өйт­кені, ит болса да күшік кезінде сүйкім­ді  ғой. Итсің  десе,  жер  тепкілейді.

Ит туралы әңгіме көп. Үретін ит кісіні қаппайды. Шәуілдеген канден балаққа жармаспайды. Үй қорып тұрған итке сүйек тастасаң, құйрығын бұлғаңдатады. Ит мойнымнан қарғыны ал деп жұлқынбайды, қазыққа байлаған шынжырды шеш  деп  бұлқынбайды.

Кейбір пенделер иттің мінезінен үлгі алатын  секілді.

Ертегі

Балалар сиқырлы шамның ішінен жын шығатын ертегіге сенеді. Бақаның сұлу қызға айналатынын айтатын ертегіге сенеді. Мыстан кемпірдің сыпыр­ғышқа  мініп  ұшатын  ертегісіне де сенеді.

Ал  ересектер ше? Олар кейбір басшылардың  айтқан  әңгімесі  ертегі  екенін  әлі  білмейтін  секілді.

Әншілер

Концертте байқағаным кейбір адам­дар сахнада ән салып тұрған әншінің мүсініне қарайды, енді біреулері киген көйлегіне қарайды. Көрермендер қол шапалақтады деп дүрмекке ілесетіндер  де  аз  емес.

Осы әншілердің түрін көрмей-ақ, радио арқылы болса да тек әнін естісек, оларға  лайықты  баға  беретін  едік.

Жанкүйерлер

Атағы шыққан шетелдік әншілердің концертіне баратын жанкүйерлердің көпшілігі ән тыңдау үшін емес, әншінің немесе оның шашбауын көтеріп билеп жүрген бишілер тобының биін және жарты­лай  шешінген қыз-келіншектер­дің төсі  мен  санын  көруге  баратын  секілді.

Мақтанба

Биік тауға шықтым деп мақтанба. Одан етекке түскенің жақсы. Терең суға сүңгідім деп мақтанба. Одан аман-есен шыққаның  жақсы.

Жомарт  имам

Атырауда белгілі бір кісінің үйінде қонақта  болдым.  Мәжілісте әншілер мен күйшілар өнер көрсетті. Оларға қона­қтар тарапынан алғыс та айтылды, қалталарына  ақша  да  түсті.

Кенет  ортамызда отырған имам өнерпаздардың бірін қасына шақырды. «Айналайын, мен молдамын. Елден алып үйренген кісімін. Өнеріңе ырза болдым. Бірақ, саған бергім келіп тұр» деп қалтасынан қомақты қаржы алып ұсынды. Жомарт имамды көрген жұрт разы  болды.

Қонақ  және  тамақ

«Тамағыңды бермесең де қабағыңды бер!» дейді. Қабағын берген кісі тамағын да береді ғой. «Қонақ әуелі қабағыңа қарай­ды, сосын табағыңа қарайды» дейді. Онша келісіп тұрған жоқ. Қабағы жылы болса, барлығы орнына келеді ғой. Ондайда табаққа қарайтын кісі болса, оның сорлылығы емес пе?! «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді. Көп отырса, аз  сынайды  десек  те  болады.

Аралас

Ондаған отбасы қазақ пен кәріс, қазақ пен қытай аралас. Жүздеген мектеп қазақ, орыс аралас. Ассамблея әртүрлі ұлттар аралас. Қамап қойса, қой мен ешкі  қоралас.

Ойлаңдаршы, келе-келе түйені, үйір-­үйір жылқыны, табын-табын сиырды, отар-отар қойды да бір қораға тығып қойған  жарамас.

Қоршау  ма  әлде  құрсау  ма?

Осы күні темір шарбақпен немесе бетон қабырғамен қоршалған ғимараттар көбейді. Прокуратура, сот, ішкі істер басқармасы, басқа да мекемелер қор­шауды келген кісіні кіргізбеу үшін сала ма, әлде өздері бір қақпадан шығу үшін сала ма, түсініксіз. Әр қақпаның алдында күзет бар. Темір құрсауда қалғандай әсер қалдыратын қоршаулар көңілге кірбің түсіреді  екен.

Осындай  да  ойым  бар

Кеңсайдан да, басқа бейіттерден де фәниден бақиға кеткен қайраткерлердің ескерткіштерін жиі көреміз. Қорымның өзі ашық аспан астындағы мұражай секілді. Алайда сол мүсіндерді қабірге дұға  оқуға  келген  кісілер  ғана  көреді.

Елге еңбегі сіңген азаматтарға орна­тылған ескерткіштерді олардың есімі берілген көшелердің немесе оқу орындары мен мекемелердің алдына қойса дұрыс  болар  ма  еді  деген  ой  келеді.

Кірпіш  берік  болғанмен…

Талай елде болдым. Кірпіштен қаланған биік ғимараттарды көрдім. Дәл сондай кірпіштен  салынған кейбір үйлер­дің  тез  құлап  қалғанына  да кездес­тім. Сүйтсем, кірпіште мін жоқ, мәселе лайда екен. Кәдімгі кірпіштерді жымдас­тырып тұрған лайдың құрамы сапасыз болса, берік кірпіштердің  де аражігі  ажырап,  ғимарат  қирайды  екен.

Құдай  бетін  әрі  қылсын!

Ресейдің  әйелдері  зар жылап жатыр. Құдай бетін әрі қылсын! Біреуінің бала­сы қаза тауыпты. Біреуінің немересі қол-аяғынан айырылып, мүгедек болып қалыпты. Ана жүрегі қалай шыдайды? Балаларын осы кепке тап қылған, оларға оқ  атқандарды  қарғап-сілеп  жатыр.

Олар соғысқа аттанғанда, жат жерді жаулап  алуға  барғанда  қайда  қалды? Жазықсыз  бейбіт  тұрғындарды қыр­ғанда  қайда қарады? Соғысқа  кінәлілер­ді қарғаудың орнына алғыс айтып жатқандары да бар. Бұл не? Сананың кемдігі  ме?  Әлде  басқыншы  мемлекеттің  насихатының  жемісі  ме?

Түзу  түтін

«Түтіні тузу шықсын» деген жақсы сөз тіркесі бар. Қисық шықса, не болады екен? Ошақтың оты жанып, қазаны қайнап тұрса болды емес пе?! Түзу түтін жел жоқта, күн ашықта шығады. Мұржа жаман болса да түтін түзу шықпайды екен. «Сырты бүтін, іші түтін» дегенде кейбір шаңырақтағы отағасының келбеті көз алдымызға келеді. Ұлтымыздың әр сөзінің  терең  мағынасы  бар.

Шындық  бар  ма?

Совет Одағы кезінде кең тараған анекдот бар еді. Оқырман дүңгіршекке келіп жаңа шықан газеттерді сұрайды ғой. Сонда сатушы: «Правда» жоқ, болмай­ды да, «Советская Россия»  баяғыда  сатылып кеткен,  алсаңыз  «Труд»  бар  дейді.

Қазіргі  тәуелсіз  Қазақстанда да орыс тілінде  «Казахстанская  правда» деген газет шығады. Алайда, газет бетінде елдің шындығы  жиі  жазылады деп айту  қиын.

Сценарий

Қостанай мемлекеттік университе­тінде  Медиа орталығын басқарып жүрген жылдары Астанаға Президентпен өтетін баспасөз мәслихатына шақырды. Бір ай бұрын облыстық ішкі саясат басқармасы қызметкерлері қандай сұрақ қоятынымды алдын ала жазып алды. Баспасөз мәслихаты өтерден бір күн бұрын Ақорданың баспасөз қызметі сауа­лдарымызды тексеруден өткізді. Менен сауалды орыс тілінде қоюды талап етті. Қалың орыс­тың ортасында жүргенімді, сондықтан орыс тілінде сауал қоюдың орынсыз екенін айтып, қажет десеңіздер екі тілде қоятын  жағ­дайым  бар  дегенді  айттым.

Кездесу кезінде кезек тимеді. Оның себебі баршаға түсінікті еді. Алдын ала дайындалған сценариге тосын сауалым бөгет болған екен. Көк жәшікте сайрап тұрған басшыға содан бері таң қалмайтын  болдым.

Парадокс

«Әділетті Қазақстан» және «Адал адам» деген ұйымдар құрылыпты. Ішінде әділетсіздер мен арамдар жүр. Жаңа Қазақ­стан құрып жатырмыз  деседі. Ішінде жүргендері ескі кадрлар. Мұндай да  парадокс   болады  екен.

Абай  десек

Әкесінің есімін айтпаса, ешкім білмейтін кісілер болады. Ататегін айтпаса, жұрт танымайтын қайраткерлер болады. Абай десек болды, бәріміз түсінеміз. Оған әкесінің атын қосақтаудың да қаже­ті  жоқ  секілді.  Өйткені  ол – Абай!

Тасы  жүріп  тұр

Бұрын әкеміздің атын айтып, сондай кісінің перзентімін деп мақтанушы едік. Ендігілер пәленше деген баланың әкесімін деп кеуде керетін болыпты. Әкімдердің, министрлердің, байлардың әкелерінің  тасы  жүріп  тұр  екен.

Ұрланған

Н.Зубовтың «Феликс Эдмундович Дзержинский: Краткая биография» (1941ж) деген кітабында: «Чекистом может быть лишь человек с холодной головой, горячим сердцем и чистыми руками» деген сөзді Феликс айтты деген сөйлемдер бар. Осы сөйлем кейін Феликс­тің айтқаны деп барлық жерде мысалға  келтірілетін  болды.

Сонда Абайдың: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген жолдарын қайда қоямыз? Менің ойымша, чекист айтты деген сөз Абайдан ұрланған. Сөздері сәл-пәл өзгергені болмаса, мағынасы бірдей.

Тоқал  мен  бокал

Байшікештерге тұрмысқа шығып, тоқал болған келіншектер ішіне шарап толтырған бокалға ұқсайды. Бокалды ұстаған кісі сындырып алуы да мүмкін, шарабын ішіп алған соң лақтыра салуы да  мүмкін.

Құптады  ма?!

Дженнифер Лопес туралы әңгіме басыл­май жатып қала күнінде Қостанайда мейрамханада өткен думанды кеште жартылай жалаңаш бишілер өнер көрсетті. Қонақтардың басым көпшілігі егде кісілер болатын. Олар бетін басты. Кештің құты қашты. Сонда отырған орыстілділерге: «Зачем нам нужна Лопес, когда у нас  своя  голая  жопа  есть», — дедім.

Ұқпады  ма,  құптады  ма,  білмедім.

Қолтаңба

Белгілі ақын Назарбек Бектемісовтың ұлы Асқарбек әке жолын қуып, бірнеше кітап шығарды. Кейін сырқатқа шалдығып, біраз жыл аурумен алысты. Жаңа шыққан кітабымның біреуін оған сыйға тартқанда мынандай қолтаңба қалдырдым:

Қазақтың асып жүрген асқар белін,

Атыңнан айналайын, Асқарбегім!

Дертіңе шипа болып айтқан тілек,

Әрдайым ашық болсын аспан-көгің.

Қайсарлық  мен  қанағатсыздық

Қасқырдың қайсарлығына ырза бола­сың. Бірақ, қой жегеніне ыза боласың. Бір ғана қойды жеп, тамағы тойған соң  қанағат қылса шүкір дер едік, ол оған қоса  ондаған қойды тамақтап, қырып  кетеді  ғой.

Қуырдақтың  көкесі

Қостанайда «Бауырдақ» деп аталатын дәмхана бар. Ол Алматыдағы осылай аталатын дәмхананың филиалы екен. Бұл атауды қазақ та, орыс та түсінбейді. Дәмхана мәзірінде атаудың бауырсақ және қуырдақ деген екі сөзден құрал­ғаны айтылыпты. Бауыр бауырсақтың басындағы сөз болса, дақ қуырдақтың соңғы буыны екен. «Қуырдақтың көке­сін түйе сойғанда көресің» демекші, қазақ сөзін қор қылғандарға не дерсің?! Дақтың басқа да мағынасы бар емес пе? Мысалға  балмұздақты  алайық. Бал, мұз, дақ  деген  үш сөз балмұздақтың не екенін айтып тұр. Ал бауырдақты қазақ қалай  қабылдамақ?

Жақсылықты  кімнен  күтемін?

Қабырғаға ілінген картинаның жақ­тауының ішіне симай қалғандарды ұната­мын. Қалыпқа симайтындардан жақсылық күтуге болады. Бағдаршамның жасыл шамына қарамай өтіп кеткендерді  жек  көремін. Олар дүниені бүлдіреді.

Көзім  жетті

Аяғым жетпеген жерге добым жетті. Өзім бармаған жерге сөзім жетті. Сөздің қанаты  бар  екеніне  көзім  жетті.

Кітап  –  асыл  қазына

Кітап – асыл қазына. Білім бұлағы, өмір шырағы. «Жер қайысқан қалың қолдан, Төрт түліктен өріс толған, Із қала ма? Дәлелде! Қираса да тұтас қорған, Өртен­се де түгел орман, Сөз қалады әлемде»  деп  жазғаным  бар.

Мұқабасы әдемі кітаптан жұрт дәме­лі.  Сыртын көріп мәз болма, ішін көрмей  әуелі.

Құлпытастағы  жазулар

Құлпытастағы жазу тарихтан хабар беретін, әрі қысқа, әрі нұсқа болуы керек. Елдің тілегімен бірнеше құлпытасқа сөз  жазуға  тура  келді.

Алаш арысы Елдес Омарұлының әкесі Омар атаның (Тиесұлы) бейі­ті табыл­ғанда оның басына қойылған құлпыта­сқа:

«Оттан, оқтан, тастан,

Тілден, көзден қорғап,

Барлық қиын жолда

Ата-баба қолдап,

Қуат берсін АЛЛА,

Жебеп жүрсін Аруақ!» деген сөздер жазылды.

Жабағы батырдың басындағы құлпытасқа: «Туған елдің ардағы, Туған жердің қорғаны, Батыр жатыр бұл жерде, Орындалған арманы» деген жолдар қашалып жазылды.

Сібір  Омар

Қостанайдан Рудный қаласына бара жатқан жол бойында кезінде Сібірге айдал­ған, кейін ақ пен қызыл шайқасы тұсында  қаза  тапқан, ақын Қасым Тоғызақов ағамыз «Сібір Омар» деп аталған дастан жазған Омар Досжановқа (1857 — 1918) белгі қойылған. Ондағы жазулардың мағынасы да ескірген екен. Осыны байқаған бір ағамыз менен тасқа қашап қандай жазу қалдыруға болады деп  сұраған  еді.  Сонда  ойыма  келген бір  шумақ:

Ел есінде  қалады  олар,

Жөн  болады  кідірген.

Жатыр  мұнда  Сібір  Омар,

Аман  қайтқан  Сібірден.

Құралайды  көзге  атқан

«Құралайды көзге атқан мерген» деген тіркес көңіліме қонбайды. Киіктің лағы құралайды кім өлімге қияды? Неге оны көздеген аңшылар көзден атады? Түсіну  қиын. Қолмерген, көзмерген  десе  бірсәрі.

Жылатқан  мен  жұбатқан

Жылатқан бір адам, жұбатқан он адам. Қандай сынақ болса да жеңіп шығар  шыдаған.

Баспалдақ

Баспалдақ жоғары шығу үшін ғана емес, төмен түсу үшін де керек. Кейбіреу­лер  соны да түсінбейді.

Жазғыштар

Осы күні жазғыштар көбейді. Біреу арыз  жазады. Біреу ұялы телефон арқы­лы хабарлама жазады. Біреу әлеуметтік желіде пікірін жазады. Солардың арасы­нан  жазушыны  табу  қиынға  соғып  тұр.

Күттік

Қыста көктемді күттік. Көктемде жазды күттік. Жазда күзді күттік. Сүйтіп қайтадан көктемге жеттік. Бір жылдан өттік…

Ойланатын  мәселе

Жыламаған балаға емшек бермейді. Ал жылаған кісіге кім не беріп жатыр? Ойланатын мәселе. Оны тізгін ұстағандар  шеше  ме?

Кейде емшек орнына емізік беріп, баланы алдаусыратады. Ересектерді де солай  алдағысы  келетіндер  бар.

Үшеу

Король Лирдің үш қызы болады. Олардан не жақсылық көрді, оқырман біледі. Қазақ ертегісінде үш қыздың кенжесі ақылды болып шығады. Орыс ертегісінде де сондай сюжет бар. Иван ақымақ есті болады. Үшеудің біреуі мақсатына  жетеді.

Қазақта үш жүз бар. Үшеуі де керемет. Қазақта үш би бар. Үшеуі де ақылман. Ошақтың да үш бұты бар. Яғни, үшеу болу түгел болу дегенді меңзейді екен. Төртеу  ғана  түгел  емес.

Ұрысұлтан

Қазақ атты біліп қояды. Мәселен, теріп жейтін тәтті жемісті бүлдірген дейді. Аузы, басын, киімін түгел былғайтын жемістің атын қалай тауып қойған?! Көрінген жерді былғап кететін жәндікті тышқан дейді. Рас қой. Ал адамға ат қойған­да ата-анасы кейде қателесіп кете­ді. Мысалға Нұрсұлтан деген есімді алсақ та болады. Нұры тасу, сұлтан болу орнына бәрі керісінше болды. Оның дұрыс  аты – Ұрысұлтан.

Бұлжымайтын  заң

Жылдар өтсе де, қанжардың жүзі кетсе де, алтыннан жасалған сабы тозбайды екен. Алтын тақ пен алтын тәж де тозбайды. Алайда, соны дәреже көргендер өмірден озады. Тіршіліктің бұлжымайтын  заңы  осындай.

Рақмет!

Айналайын, Үкімет! Ай сайын 200 мың теңгеге жетер-жетпес зейнетақы беріп отырғанына рақмет. Сол ақшаның отыз пайызын жарық пен жылуға, басқа да қажет­ке алып отырғанына тағы «рақмет!» Қалған-құтқан қаржыны күнделікті күн­көріске, тойға, жаназаға жұмсаймын. Жұмсаған сайын саған рақмет айтамын  күн  сайын.

(Соңы. Басы өткен санда.)

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: