Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

25.09.2025, 10:20 164

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Қиын  және  оңай

Жиналған затты шашу оңай. Шашыл­ған затты жинау қиын. Ауыр жұмысты істе деп айту оңай, істеу қиын.

Байланыс  болса…

Қазіргі уақытта әлемнің қай түкпірі­мен де тілдесуге мүмкіндік бар. Ватсап арқылы телефон байланысы бар елдердегі кісілермен сөйлесуге болады. «Өнер, білім  бар  жұрттар тастан сарай салғызды, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деп Ыбырай баба­мыз  айтқан  заман  келді.

Сол байланысты өсек айтуға емес, елді біріктіруге жұмсасақ, еліміз қарыш­тап  дамып, өсіп, өркендеп кетер еді.

Ең  қымбат

Алтыннан нан қымбат. Жанармайдан су қымбат. Шынында да бұл екеуі адамдарға ең қымбат. Бірақ, бұған дейін су тегін, нан арзан болып еді. Енді ауа сатылатын болса, мына түрімізге қарағанда ең  қымбат  сол  болатын  шығар.

Жеке  дауыс  және  хор

Жас кезімізде жиын-тойда жақсы көретін әндерді хормен айтушы едік. Кем-кетігін байқамаймыз. Әрқайсысы­мыз жанымызды толқытып айтамыз. Кейін  жеке  дауыспен  айтатын әнші­лерді  тыңдап  үйрендік. Көпшілігі ұнады.  Ұнамаған­дары  да  болды.

Хордың дауысы зор. Жеке әнші болса фонограммасыз  айтса,  көмейі белгілі болып тұрады. Негізінде екеуін де тыңдаған  дұрыс  секілді.

Қазіргі  мен  бұрынғы

Қазіргі адвокат, сот, прокурор бұрынғы билердің орнын баса алды ма? Жауапкерлер наразы ма, талапкерлер разы ма? Бітпейтін дау, созылған сот, шешілмеген  түйін  көп.

Соған қарағанда олар бағзы билерден көп төмен. Бұрынғылардың аузының дуа­сы  бар.  Қазіргілердің  дипломы  бар.

Теледидар  және  тоңазытқыш

Теледидарда  экраннан көрсеткен дүкен сөрелері толып тұр. Алайда үйдегі тоңазытқыштағы  азық-түлік  жұтаң.

Мұндайда тоңазытқышты ашқың келмейді, теледидарды өшіріп қойғың келеді.

Ағарту  ма, қарайту  ма?

Халық ағарту (просвещение народа) деген сөз кейінгі уақытта жиі айтыл­ды. Халықты ағарту ма, қарайту ма, білім­ділерді көбейту ме, азайту ма? Бұл жағын кесіп  айту  қиын.

Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұраны» атты көсемсөзінде: «Көп ұзамай Алаштың тамырына балта шабылды. Ұлтшыл, күрескер әдебиеті өзімен бірге кетті. Ағартушылық әдебиет қана қалды… Ағартушы ғана емес, қарайтушы. Коммунист-большевиктік идеяның насихатшысы, отарлық тәртіптің жаршысы»  деп  жазған  болатын.

Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Алайда қарайған дүниені ағарту, ескіні жаңарту  өз  қолымызда  емес  пе?

Әйәй  және  кәкәй

Бала тілі тәтті ғой. Сол баланың тілін табамыз деп жақсыны әйәй, жаманды кәкәй дейміз. Әр нәрсені өзінің атымен атасақ, баланың да құлағы естіп, дұрыс сөйлеуге  үйренер  еді.

Осы  біз  қандаймыз?

«Айналайын баладан, тауып алған дала­дан» деп баланы алдаймыз. «Атқа мініп шабамын, байдың қызын аламын» деп ат жалын тартып мінген бозбаланы алдаймыз. «Әйел алсаң екеу ал, біреуі тұрсын запасқа» деп жігітті алдаймыз. Осы  біз  қандаймыз?

Түсінбеймін

Руының атын жазған бас киім мен көйлегіне, сол рудың атауын жазып қойған көлігіне, қарына тартпаса қары сынатын адамдардың сенімі ме? Әлде жай  желігі  ме?  Түсінбеймін.

Қайран,  жиырма  бес!

Қайран, жиырма бес!  Айхай, отыз бес! Пай-пай, қырық бес! Елу бес те жиырма бестен кем емес. Алпыс бесті кінәлау да жөн емес. Ойнап-күлсек, түзу жүрсек, кетпегені еңбек еш. Еске аламыз  сағынышпен барлығын келген кезде жетпіс  бес.

Алда  және  артта

Жұдырықтасу мен күресуден алдамыз. Оған да шүкір! Суды кешуден, ескек есуден жарыс болса артта қаламыз. Өсек айтудан, өтірік бөсуден, күңкілдесуден жарыс  өтсе,  алға  шығамыз.

Бюджетті  толтыру

Мәртебелі жиында ұйықтап отыр­ғаны үшін сол жайлы орындағы депутаттар мемлекетке ақы төлеуі керек. Мінбеге шығып тұрып ана тілінде сөйлей алмағаны үшін шенеуніктер айыппұл төлеуі  керек. Сонда елдің бюджеті едәуір қампиып  қалар  еді.

Жем  жегендер

Басшылардың қолына су құйғандар, мырзалардың қолынан ет асағандар, биліктің астауынан жем жегендер солардай болсақ деп армандайды. Жатып жастық, жайылып төсек болса да арланбайды.

Жасанды  тіс

Жас бала өсіп, ер жете бастағанда үлкен­дер тісі шыққан бала ғой дейтін. Енді тісі түскен кәрілер көбейді. Бірақ, олардың тісі түскенін елдің көбі білмейді. Өйткені  жасанды  тістері  бар.

Рельс  секілді

Теміржолдағы рельстің ғажабы жолды бағыттаушы кіріспесе, одан ешқайда бұрылып шыға алмайсың. Бедел жинап жүрген саяси партиялардың да көбінің нұсқаулары  рельс  секілді.

Әйтеуір, бір вокзалға жетеміз деп қиялд­айсың. Жайлы орында отырмын деп  өзіңді  де  жиі  алдайсың.

Диалог

– Ешкімнің үйіне кірме. Ешкімге сенбе. Ешкімге  ештеңе  берме.

– Ешкімнің үйіңе кірмесең, сенің үйі­ңе де ешкім кірмейді, ешкімнің сөзіне сенбесең, саған да ешкім сенбейді, ешкімге  ештеңе  бермесең, саған да бермейді,  сонда  өмір  сүргің  де  келмейді.

Бір  тәулікте

Бір тәуліктің 24 сағатының 8 сағаты ұйқымен өтті. 1 сағаты жуынып-шайыну­ға, 2 сағаты ас ішуге жұмсалды. 2 сағат көк жәшіктен жаңалықтарды тыңдадым, 1 сағат әлеуметтік желіге үңілдім. 1 сағат телефонмен сөйлестім. 1 сағат кітап оқыдым. Сүйтіп тәуліктің тең жартысынан астамы  кетті.

Қалған сегіз сағат менің еншімде. Енді  не  істесем  екен?

Қиын

Денедегі  жарадағы іріңді жоюдан көрі көңілдегі кірбіңді кетіру қиын. Қора­дағы қиды  тазалағаннан көрі бастағы миды тазалау  қиын.

Құбылған  заман

Заман құбылады. Күн бірде суыйды, бірде жылынады. Ақша құнсызданады. Баға  өзгереді. Бұл – нарықтың  заңы.

Қиын кез келеді. Адам да өзгереді. Жоқ  болса  ойда  халықтың  қамы.

Орманда

Бәйтеректің болса да мың бұтағы, тамырын  жеген құрт құртады. Бір тал шырпы орманды да жалмайды, сойқан өрттен бір түп ши де қалмайды. Жанын­дағы қалың орман қамықса, жапандағы жалғыз ағаш жабығар. Майысса да қайыс­паса жас шыбық, көгереді ертең тағы  жаз  шығып.

Үлкен  және  кіші

Үп-үлкен өкпенің ашуы белгілі, кішкентай жүректің керемет кеңдігі. Бастың да көп шығар көтерер салмағы, тіп-титтей тілдің де аз емес зардабы. Қалқиған құлақтың еститін сөзі көп, көзі бар кісінің  көрмейтін  көзі  көп.

Суретші  мен  жазушы

Қаламгер дегенде қалам ұстағандар ойға келеді. Қылқалам ұстаған суретшілер де жазушы секілді. Көргенін картиналарында көркем бейнелейді. Қалам ұстаған жазушы да суретші секілді. Таби­ғат көріністерін, адамдар бейнесін көз алдыңа  әкеледі.

Суретші мен жазушы ұқсас болса, оларды бір-ақ сөзбен қаламгер десе де болатындай. Көңілдің бір сәтінде келген ой ғой.

Бишілер  мен  әншілер

Сталиннің қасында жүрген Хрущев жақсы биші болған екен. Қонаевтың жанын­да жүрген Назарбаев әжептәуір әнші болыпты. Асабалығы тағы бар. Сондай өнері арқасында тез өскенге ұқсайды.

Қазіргі кейбір желөкпе әншілер мен жалаңбұт бишілердің танымалдығы да осылар  секілді.

Айғай  мен  сыбыр

Айғайды естімейтіндер сыбырды тез естиді. Сондықтан да халық: «Сыбыр­лағанды Құдай естімей ме?» дейді. Айғай­ға абыр-сабыр, сыбыр-күбір се­беп­кер   болады.

Тозақ  және  жұмақ

Садақ пен найзаның, қылыштың дәуірі өтті. Мылтық та зеңбіректің алдында қауқарсыз болып қалды. Ұшақтардың жолы кесілді. Кемелердің түбі тесілді. Бронды да дрон жаңғақтай шаққан уақыт келді. Соғыс жер бетін тозаққа айналдырды.

Соғыс құралдарын, қаруларын дамытуға адам баласы қаншама күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсады. Соның барлығы бейбіт мақсатқа қолданылса, жердің беті әлдеқашан жұмаққа айналар еді.

Пышақ  пен  қанжар

Пышақтың жалғыз жүзі бар. Сондықтан ол кесуге бейім. Қанжардың екі жүзі бар. Сондықтан ол тесуге бейім.

Ендеше пышақты үйде сақта, қанжарды қында сақта.

Уәде  және  сенім

Үкімет уәде береді. Халық уәдеге сене­ді. Өтірікті оларға жақсы айтады, себе­бі.

Аз  емес

Сұмдық, масқара, сойқан деген жағымсыз сөздерді кейде жағымды мағынада қолданамыз. Мәселен, керемет тойды сойқан той, тамаша қызықты масқара  қызық  дейміз.

Елде болып жатқан кейбір оқиға тура­лы сол сөздерді қолданатын болсақ, сұмдығымыз да, масқарамыз да, сойқанымыз  да  аз  емес.

Ет  турағыш

Арамызда елдің жайын ашып айтар жан көп пе? Мына жұртты билік қайда бастайды? Қарап тұрсам Парламент ет турағыш секілді кесек етті ұсақ қылып турап-турап  тастайды.

Адамбыз ғой сүйек, еттен жаралған, басшылардың  көбіне үні өктем. Ет пен майы араласып тұрсын деп, барлық етті ажыратар  сүйектен.

Батыр  және  қорқақ

«Ну, погоди!» деп аталатын мультфильмдер сериясында қорқақ қоянды батыр қылып көрсетеді. Жақында тағы бір суретті көрдім. Онда қанаты сынған бүркіттің  үстіне  қораз  мініп  алыпты.

Режиссер мен суретшінің қиялы ғала­мат. Әдеби туындыларда да осыған ұқсас жағдайлар кездеседі. Ал өмірде осылай  ма?

Ұят

Малыңнан қымбат, мүліктен қымбат, жақыннан қымбат не нәрсе? Сенің кеудеңнің ішіндегі жүректе тұрған ұялап, ақшадан қымбат, мансаптан қымбат, баршадан  қымбат  ол – ұят!

Кімнің   дәуірі?

Совет Одағы кезінде елді Леонид Брежнев бас болған коммунистік партия басқарып тұрғанда қалың ел сол кезеңді атағы әлемге жайылған әнші Алла Пугачеваның  дәуірі  деп  атаған  болатын.

Бүгінгі қазақ елін «Аманат» партия­сына бас болған Қасым-Жомарт То­қаев билеп отырған мезгілді қазақ атын әлемге жайған Димаш Құдайберген дәуірі  деп  айтса  да  жарасатын  секілді.

Кім  артық?

Балықты қармақпен ұстаған балық­шының балықтарды аумен аулағандардан қуанышы он есе артық. Қасқырларды тікұшақпен қуып жүріп атып алған аңшылардан жерде жүріп қасқырды атып алған аңшының  қанағат сезімі әлдеқайда  артық.

Әлдекімнің сүйемелімен мансабы жоғарылаған қызметкерден сондай мансапқа өз бетімен жеткен кісінің мәртебесі  артық.

Кімді  ояту  керек?

«Оян, қазақ!» деген ұран осы күні көп айтылатын болды. Президент жолдауы кезінде ұйықтап отырғандарды көрген сәтте бұл ұранды жаңаша айту қажет екен деген ой түйдім. Ең дұрысы: «Оян, депутат!» немесе «Оян, шенеунік!» болса керек.

Пайдасы  жоқ

Үйде тұрмысқа жарамайтын, бірақ, лақтырып тастауға қимайтын бұйымдар болады. Соның бәрін қоқысқа тастаған дұрыс.

Қоғамда да сондай жайлар жиі ұшырас­ады. Лақтыратын мансап иелері бар. Олардың  халыққа  еш  пайдасы  жоқ.

Кім  болсаң  да…

Қайраты мол жас болсаң да, қалың елге бас болсаң да, жұмсаратын кезің келер қатып қалған тас болсаң да.

Қайыспайтын  піл  болсаң  да,  майыс­пайтын  дүр  болсаң да, жалбарынар күнің  келер  кім  болсаң  да…

Сөздерінің  жаны  бар…

Абай: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қос­тасам  керек  еді»  деп  жазды.

Шәкәрім: «Партия қуған өңкей қырт»  деді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұртыңда өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малай­лыққа жалданғаннан басқа қолы­нан  келері  жоқ»  деді.

Міржақып: «Қасқыр қуып үріккен қойдай ығулы… Су жүрек боп сорлы қазақ  бұғулы»  деді.

Мағжан да сорлы қазақ деді.

Олардың қай-қайсысы да бұл сөздерді күйінгеннен айтты. Біз де күйінеміз. Не дейміз?!

Болады

Тайдай тулаған балығы бар өзеннің қойдай шулаған бақасы да болады. Аққулар жүзген көлдің қазы мен үйрегі де болады. Киік жортқан құла түздің түлкісі мен қасқыры да  болады.

Қолдан  басқа  не  келеді?!

«Жындыханада кез келген кісі Парла­менттегі секілді ойына келгенді айта береді». Чех жазушысы Ярослав Гашек осылай  деген  екен.

Біз болсақ көшеде ойымызға келгенді айта аламыз ба? Айтсақ, ұстап әкетуі мүмкін.

Үйде ғана айтамыз. Айтамыз да қоямыз. Қолдан  басқа  не  келеді?!

Сүлік

Бала кезімізде балық аулауға барғанда су түбінде жатқан тастың астынан сүліктерді тауып алып, қармаққа қадау­шы  едік.  Балық  жақсы  қабатын.

Қазір халық қанын соратын сүлік секілділер көбейіп кетті. Оларға да біздің бала кезіміздегі әдісті қолдануға болар еді. Сонда сүлік те жоқ болады, балық жеген адам да тоқ болады.

Қырық  қол

Кейбір жемірлер қырықаяққа ұқсайды. Қырықаяқта қырық аяқ болса, әлгі жемірлердің алып жатқанына қарасаң, денесінде екі қол емес, қырық қол бар секілді.

Бар

Моцарты бар елдің Сальериі бар.

Абайы бар елдің Оразбайы бар.

Пушкині бар елдің Дантесі бар.

Ақылдысы бар елдің жарымесі де бар.

Қарама-қайшылық

Өмірдің қарама-қайшылығы толып жатыр. Концертте көрермендердің едәуір бөлігі алдыңғы орындарды қалайды. Кинода бозбала мен бойжеткен артқы орынға жайғасқанды жөн көреді. Вагонда үстіңгі орынға шығамын деп ешкім таласпайды, керісінше астыңғы орынды ұнатады. Соғыста алдыңғы шепке  жаужүректер  шығады.

Белгілі

Киімінің арқасына ірі әріптермен «Полиция» деп жазып алған ішкі істер қызметкерлерін көргенде күлкім келеді. Олардың алдынан қарасаң да, іс-қимылдарын  көрсең  де, полиция екені онсыз да  белгілі.

Қорғаушы  ма,  жаулаушы  ма?

Ресейдің бір елді мекенінде «Отан қорғаушыларға» деп аталған ескерткіш орнатылыпты. Онда соғыста қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазы­лыпты.

Бірнеше адам Ауған жерінде, тағы бірнешеуі Шешен елінде, отызға жуығы Украинада  қаза  тауыпты.

Сонда бұлар қандай Отанды қорғаған деген сауал туады. «Басқа елді жаулау­шылар»  десе  де  болады  екен.

Қимаймын

Кейбір кісілердің аузынан: «Совет Одағын қимаймын» деген сөздерді естіп қаламын. Иә, менің де қимайтын кездерім аз емес. Бірақ, Совет Одағын емес, сол кезде өткен балалық шағымды, жас­тық шағымды қимаймын. Сондықтан да Совет елі кезінде туғандарды сыйлаймын. Алайда, кем-кетігі болса да қазіргі еркін  елім  ұнайды.

Кірме  сөздер

Қазақ тілі ең бай тіл дейміз. Оған күмән жоқ. Алайда көшеге шықсаң, жат сөздер өріп жүр. Орталықты сити, сауданы  маркет  деп  жазып  қойған.

Ол аз десеңіз, дикторлардың сөзіне құлақ салыңыз. Пиар дей ме, фейк дей ме, кайф дей ме, хайп дей ме, спикер дей ме, пациент дей ме, клиент дей ме, әйтеуір, ересектер түсінбейтін, баланың басын  қатыратын кірме сөздер толып кетті.

Кірме сөздер табаны кір аяқкиім секілді. Оларды қазақтың ақ отауына енетін  босағадан  аттатпаған  дұрыс.

Лас

Әлемдегі ең лас нәрсе ақша деп ойлаймын. Өйткені оның жүрмейтін жері жоқ. Майлы қалтаға да түседі, кір қолдар да ұстайды, қан жұқса да лақтырып тастамайды, еш адам жуып та әуре болмайды.

Шамасы  жоқ

Дәріні ішкен сырқаттан көрі сол дәріні сатқан кісінің пайдасы көп. Ота жасатқан науқастан көрі ота жасаған дәрігердің  пайдасы  көп.

Ауырсаң – жүз мың бересің, ота жасат­саң – миллион бересің. Қоғамның мұны  бұзар  шамасы  жоқ.

Ұлттың  өркендеуі

Ұлтымның өркендеуі келешекте ба­лалар­ға байланысты емес, тек ересекте.

Өзгере  ме?

Қаттыға тез үйрене ме жұмсақты сезген дене, шүкірлік көп болса да өмірің өзгере ме?

Кесек

Коммуна, командир, комендант, компромат деген «ком» деген үш әріптен бастау алатын сөздердің ар жағынан коммунист деген сөздің құлағы қылтиып шығып тұратын секілді. Ком деген орыс сөзі кесек (кусок) деген мағынада қолданылады. Осы кесектен қорлық көргеніміз  өтірік  емес.

Мырқымбай  және Жыртыңбай

Мырқымбай деген кейіпкерді өмірге әкелген жазушы Бейімбет Майлин болатын. Мырқымбай қазақ кедейлерінің жиынтық бейнесі болса, кейін жағымсыз мағынада да қолданыла бастады. Қолынан іс келмейтін кісіні Мырқымбай деп әжуалаушылар пайда болды.

Біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Қазіргі  уақытта  Жыртыңбайлар  көбей­ді. Олардың  ішінде Қыртымбайға  айнал­ғандары да бар. Бұлар да осы заманның кейіпкер­лері.

Құрқылтай  және  сұрқылтай

Құрқылтай ұя жасап әуре болса, балапан қамын ерте ойлағаны. Әр патшаның тұсында бір сұрқылтай болса, олардың қарақан басының қамы үшін жағымпазданғаны бесенеден белгілі.

Құрқылтайлар сирек, содан да олардың ұясын табудың өзі қиын. Сұрқылтайлар көп. Аяқ аттаған сайын жолы­ғады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: