Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

07.01.2025, 9:00 54

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Беймәлім

Көк жәшіктен кәсіпқой бокс жекпе-жегін қарап отырмын. Бірін-бірі төпеледі, алайда, айқын басымдық болмады. Екеуі де мықты, итжығыс десе де болады. Айқас соңында төрешілердің шешімімен біреуінің қолын көтерді. Шешімге ырза еместер де көп болды.

Әдеби байқауларда да кейде осыған ұқсас жағдай болады. Байқаудың әділдігі қазылардың шешіміне байланысты. Қазылардың барлығы бірдей әділ ме, туысына бұрмайтын тура би ме, әдеби талғамы талапқа сай ма? Ол жағы беймәлім.

Ұнамайды

Қыз-келіншектердің жеңіл атлетика, гимнастика, мәнерлеп сырғанау, волейбол, теннис, суда жүзу секілді спорт түрлерімен айналысқаны қандай жақсы?! Нәзік жандылардың жұдырықтасқаны, зілтемір көтергені мүлдем ұнамайды. Маған ұнамады деп бұл спорт түрлерінен бас тартып жатқандарды да көрмеппін.

Құдайдың жаратылысына шәк келтіріп, ер кісі істейтін жұмыстың барлығын әйел де меңгереді деген түсінік өз ұғымыма  қайшы.

Шыршаның  шырайы

Шыршаның өзі – керемет, көркем. Соған түрлі ойыншық іліп, әлем-жәлем қылғанда ол шашын бояған, тырнағын ұзартқан, кірпік жалғаған, қасын күзеген, ернін үлкейткен қыздарға ұқсап кетеді. Шыршаның шырайын кетіргендер соны біле ме?!

Ертегіге  сенген  ересектер

Қатып жатқан мұзды ойып, қала ішіне қар жиып Мұзқала мен Қарбала жасап жатқандардың ісіне таң қаласың. Әрі кетсе бір-екі айға жететін, күн жылынса еріп кететін Аяз ата мен Қаршақыздың тағдыры бізге үлгі ме? Сол қиял-ғажайып ертегіге ересектер де сенді ме? Сенбесе, қыруар  қаржыны  бөлмес  еді.

Аллаға  ғана  аян

Орыстың патшаларының біразының есімі В әрпінен басталады екен. Князь Владимир, Владимир Ленин, Виссарион Сталин, Владимир Путин. Виссарион деген есім орман тұрғыны дегенді білдірсе, Владимирдің түп-төркіні – владеть, яғни ие болу деген мағынада қолданылады. Владивосток және Владикавказ деген қалалар атауының да осындай мәні бар.

Олар не нәрсеге ие болды? Не нәрсеге ие болып қалмақшы? Бұл сауалдардың жауабы Бір Аллаға ғана аян.

Тойып  жүр

«Биліктің  айтқанын  жасап,  –  деді  ол, – жүрмін тойып. Біреудің көзін жауып, біреудің құлағын тығындап, біреудің ауызына қақпақ қойып».

Білмейміз

Совет Одағы тұсында бұдан көп жыл бұрын жарық көрген облыстық газеттер «Коммунизм таңы», «Коммунизм нұры», «Коммунизм жолы» деп аталды. Қандай таңның атқанын, қандай нұрдың түскенін, қандай жолмен жүргенімізді білмедік. Енді қайда бара жатырмыз? Оны  да  білмейміз.

Ескеру  керек

Осы күні не көп, ескерткіш көп. Лайықтысы да, кездейсоқ қойылғаны да бар. Тіпті көлікке, кемеге, ұшаққа, жылқыға, итке, сиырға, қойға қойылған ескерткіштер де бар екен.

Алайда, бал  жинаған  араға,  жұмыстан шаршамайтын  құмырсқаға  қойылған ескерткішті  көрмеппін.

Адамдарға ескерткіш қойғанда да, олардың еңбегіне баға берерде де құмырсқа секілді еңбек етті ме, ара секілді пайдасы тиді ме дегенді ескеру керек секілді.

Ондайлар  да  бар

Сырдың суы сирағынан келмейтіндер де, Тобылдың суы тобығынан келмейтіндер де бар екенін білеміз. Кейбір даңғойлар «атақты қайраткердің тізесіне жеттім, кейде кеудесінен астым» деп те мақтанады екен. Олар қолынан келсе қонышынан басып, өздері ұстаз санаған алыптың мойнына мінуге де дайын. Бірақ, зер салып қарасам, жеткен жері құйрықтың маңайы ғана.

Аман-есен  жүрмін

Мақтаншақтарды да көрдім. Жасқаншақтарды да көрдім. Шіренгенді де білдім. Тіленгенді де білдім. Жағамнан алғандар да болды. Аяғымнан шалғандар да болды. Тәубе! Аман-есен  жүрмін.

(Жалғасы  бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: