Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

17.10.2024, 10:00 67

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Періштелер  қай  тілде  сөйлейді?

Тілек айтқанда: «Періштелердің құлағына шалын­сын?» деп жатамыз. Сол тілекті ана тілімізде айтамыз. Яғни, періштелер қазақ тілін түсінеді деген сенім бар. Араб тілін Құдайдың тілі деген ұғым да бар. Менің ойымша, адам баласына мыңнан астам тіл берген Алла тек қана араб тілін біледі деген – қате  түсінік.

Періште  алтынға  қызыға  ма?

«Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейміз. Сонда байлардың тізіміне кірген алаяқтарды жолдан тайдырған періште ме екен? Періште алтынды не қылсын? Бұл туралы Абай айтпады ма? Әлде олардың арасында да пара алатын басшылар бар ма екен деген ойда қаласың. Ия, «Құдай барлығын көріп  тұр!»  деп  тәубе  қыласың.

Қадір  кетті

Жайлап алған жер мен көкті Нұр деген сөзден қадір кетті. Нұрсұлтан деген атаулардан құтылайық қоғам  болсын  десек  әділетті.

Талғам

Қазір жұрттың талғамы өгерді ме, білмеймін, әйтеуір, Батырашты батыр қылып, Жантықты жарқын қылып суреттейтіндер пайда болды. Олар Қыз Жібек­ті жүн жібек қылуға да даяр. Шындықты айтқандарға «аруақты мазаламаңдар!» деп жауырды жаба  тоқитындар  да  жетіп   жатыр.

Жоқ

Тау мен таста көп жүре алмайтын аттың тағасы жоқ. Жаяудың аттылы кісіге ілесер шамасы жоқ.

Тауып айтқан сөзге ешкімнің таласы жоқ. Айтар сөзін жеріне жеткізіп айтатын шешеннің  бағасы  жоқ.

Қалар  бір  күн…

Жігіт-желең, қыз бен қырқын осы күні қылтың-сылтың, бітпес күңкіл, жастық шағым қайта айналып келсе, шіркін! Ал біздерде көбейіп тұр дүркін-­дүркін ыңқыл-сыңқыл. Өмір солай, еккен талың, жиған  малың  қалар  бір  күн.

Көркем  сөйлей  ме?

«Хабар» арнасынан жаңалықтарды хабарлап отырған диктор: «Қамбар атаның төлі шұңқырға түсіп кетті» дегенді айтты. Әрине, оның жылқының құлыны екенін біліп отырмын. Алайда, көркем сөйлейм­ін деген диктор сөзін басқалар тегіс түсінер ме екен? Осындай жұмбақ хабарлар тым көбейіп кеткен  секілді.

Кімді  келеке  қылады?

Теледидардан күн сайын берілетін жарнаманың бірінде ұлты басқа көккөз әйел қазақтың қаракөз баласына тіс жууды үйретеді. «Тісін екі жылдан бері жумаған екен» дейді. Қазақтың тазалығынан бей­хабар келіншектің орыс «мәдениетін» үйреткен сиқы. Тазалықты босаға аттағаннан, дастарқан басы­на отырғаннан бастаған қазақты бұлай келемеждеуге жол  беріп  отырған  теледидар  басшы­лары  нағыз  топас  екен.

Адамды  бөлетіндер

Адамдарды үшке бөлетіндер бар екен. Баяғыдағы үнді шайы секілді жоғарғы, бірінші және екінші сорт деп бөледі.

Меніңше адамдар үшке емес, одан да көп санға бөлінеді. Ертеде аралас шай деген де болған. Кейбір кісі сол шайға ұқсайды. Қара шай, көк шай, сүт қатқан шай, тұз салған, май қосқан шай деген де бар.

Кітап  сөрелері

Кітап сөрелері үстінде сықап тұрған кірпіштей қалың кітаптардың салмағынан майысып кетіпті. Мұны көрген көршім «сөренің тақтайлары жұқа екен» деді. Менің ойымша сөрелер кітап кейіп­керлерінің қайғы-мұңын көтере алмай қабырғасы қайысып  тұрған  секілді.

Мысықтілеу

Ойда жоқта көк жәшіктен «Мысық болғым келе­ді» деген жарнаманы көріп қалдым. Тышқандарды қорқытатын жарнама екен. Мысық болғысы келетіні жеген асына байланысты болса керек. Қазақ­та мысықтілеу деген сөз бар. Сондайлар теледидарда  отырған  секілді.

Кім  екен?

Көретін көздері бар, бірақ, жақыннан ғана көреді. Жейтін ауызы бар, бірақ, сөйлемейді. Ести­тін құлағы бар, бірақ, тыңдамайды. Кім екенін  айтпа­сам   да  білесіңдер.

Әр  сөздің  өз  орны  бар

Кейінгі уақытта көрермен, оқырман, тыңдарман деген сөздер жиі қолданылатын болды. Көрер­мені түсінікті. Оқырманды да қабылдауға болады. Өйткені оқушы деген ұғым бар, сондықтан бұл сөз оқушы мен оқырманның аражігін ашып тұр. Ал тыңдарман онша келіспейді. Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демей ме? Олай болса әр сөзді  орнымен   қолданайық.

Жақсы  адамдар

Жақсы адамдар секілді ғой таза ауа. Көбінесе көрінбейтін көзіңе. Бірақ, күнде дем беретін өзіңе. Олар аман тұрғанда қызғаншақ пен өсекшінің сөзі не?! Таза ауаны бүлдіретіндер де жоқ емес. Құдай солардан  сақтасын!

Не  деген  ғажап?!

Қозыкөш жердегіні  көрмейтіндер мұрын астындағыны көреді. Айғайлағаныңды естімейтіндер сыбыр­лағанды естиді. Әліпті таяқ деп білмейтіндер ақыл  айтып  жүреді. Не  деген   ғажап?!

Сақалдылар  ақылды  ма?

– Сақалдылар ақылдылар деп кім айтты? Қой  бастаған  көсем  серкеде  де  сақал  бар.

– Жаңағы сөзді сол серкенің соңынан ерген қойлар  айтқан  шығар.

Шындық  шыңырауда

«Отанын сатқандарды» емес, арыстарымызға жала жапқандарды соттау керек еді. Олай болмады. Тіпті ұлтымыздың бетке шығатын қаймағы болғандарды атқандардың есімін де ешкім білмейді. Совет үкіметінің сойылын соққандарды тұлға деп танудан таймай келеміз. Шындық шыңырауда шырылдап жатыр. Топыраққа көмілген құдықты аршымай таза су алуға  бола  ма?

Кімнен  сескенесің?

Өгіздің  күшінен, иттердің  тісінен  сескенбе, пенденің  жаман  ісінен  сескен.

Кереғар

Кейбір кісінің аты-жөні, ататегі өміріне сәйкес келсе, кейбіреуі кереғар болады екен. Мәселен, Қазақ елінде Школьник деген Білім министрі болды. Білім министрлігін оқушы басқарды дегендей болдық. Қостанай облыстық мәдениет басқармасын бір жылдары Слесарь деген әйел басқарды. Мәдениеттің тізгінін слесарьға беріп қойғандай болдық. Медведев, Волков, Воронов секілді ұлты басқалар да басшы болды. Өзіміздің Аюбай, Қасқырбек, Қарғабайлар солардың айтқанын тыңдап, бұйрығын орындап  жүрді.

Ақылға  кел,  ағайын!

Қазақтардың кейбірі орыс болғысы келеді. Қазақ­тың жерін сол орыс қоныс қылғысы келеді. Қазақ өсірген бақшадан жеміс тергісі келеді. Ұлттың салт пен дәстүрін терістегісі келеді. «Орыс әлемі» бар жерді тегіс көргісі келеді. Ақылға кел, ағайын! Оларға  кім  ереді?!

Қонақ  па?

«Адам – өмірге қонақ» дейміз. Алайда қонақ ойына келгенін жасай ала ма? Қонақ болып отырса әдепті, сыпайы, тәртіпті болмай ма? Әлде ішіне шайтан кірген соң бұзыла ма? Құдайы қонақтан көрі қыдырма қонақ көбейіп кеткені қиынға соғады екен.

Айырмасы  бар  ма?

Совет  үкіметі  билікке қарсы шыққандарды банды деді, басмашы деді, бейбіт тұрғындарды азапқа салды, қынадай қырды, аштан өлтірді. Сол үкіметтің сойылын соққан ата-бабасын мақтан қылатын­дар  бар.

Советтің жырын жырлаған, бүгінгі билікке ода арнаған  ақындардың  кешегі  сарай  ақындарынан не  айырмашылығы  бар?!

Жаным  ашиды

Асхат Тарғынов деген әнші орындап жүрген «Мария Магдалина» деген ән тойшыл жұрттың есін алғандай. Мария  деген  кім? Ол неге талайдың арманы болады? Естігендер оған бас қатырып  жатпайды.

Балқия, партия, гарантия деген арзанқол сөздерге елтіп  отырған  еріккендерді  де  көрдік.

Мұндай әндердің сөзін жазған білімсіз ақындарға ғана емес, сол әндерді айтып жүрген, сөздің мағынасын түсінбейтін дүбәра әншілерге жаным ашиды.

Тілге   түрпідей   тиеді

Кейінгі уақытта қазақ журналистері мен түрлі шетелдік кинолардың аудармашылары тілімізді көпе-көрінеу бұзып болды. Мәселен, олар көк жәшікте өздерін жүргізуші деп таныстырады. Тізгінші деген тамаша сөз тұрғанда жүргізуші қайдан шықты? Орыс тілінен калькамен аударған сиқы. Яғни, водитель де жүргізуші, ведущий да жүргізуші. Олар биылғы жыл дегенді ағымдағы жыл немесе үстіміздегі жыл дейді. Ұрғашы малды аналық дейді. Не деген сұмпайы сөз. Спорт комментаторлары соңғы ойын дегенді ақтық ойын дейді. Ақтық болса ең соңғы ойын ақырғы ойын бола ма? Ақыр деген көрдің түбі емес пе? Сөз сөйлеушілер «болып табылады» деген орыс тіліндегі «является» деген сөзден кірген тіркесті де жиі қолданады. Қалай, қайдан табылады? Ондайда болады деген сөзді сағынасың. Тасқын болғалы қарғын деген жаңа сөз пайда болды. Ол не? Қардың суы ма? Бөгеттен қарғып өткен су  ма?

Түріктің «Оспан» атты сериалында Оспанның батыр ұлы Алаеддинді оның сүйген қызы медіресе деп атайды. Шәкірт дегені ме, молда дегені ме, түсіне алмайсың. Түрік батырлары «кәлаңды аламын» деп шауып жүреді. Басыңды аламын дегені болар. Олармен соғысып жүрген кәпірлердің принцесасын ханшайым деп тәржімалайды. Византияда хандар салтанат құрып, олардың қыздары ханшайым болды ма деп қаласың. Христиан қолбасшылары солдаттарын батырлар деп атайды. Сарбаз демегеніне шүкір дейсің. Аудармашының «білімділігі» сондай, жаттығу (тренировка) дегенді тәлім деп, бақташы (пастух) дегенді шопан деп, айла-шарғы деген сөзді (орыс тілінде козни) ойын деп аударады. «Бір қызым бір қызымнан өткен сорақы» дегендей, тілге түрпідей тиетін осындай орашолақ аудармадан мезі боласың.

Жақында  экранға шыққан «Ахмет Байтұрсынов: Соңғы үкім» деген фильмге жарнама беріліп жатыр. Неге  Байтұрсынов? Байтұрсынұлы деуге шамамыз келмеді ме? Орыс  тілінің  үстемдігінен  қашан  құтыла­мыз?

Жарнамадағы олпы-солпы сөйлемдерді қазақ айтты деуге ауыз бармайды. Кейбір аудармашы жалға беру мен жалданудың екі түрлі ұғым екенін де ажырата алмайды. Жалдамалы үй деген не сұмдық? Сонда теледидар басшылары  қайда  қарап  отыр?

(Соңы. Басы өткен санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: