Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

23.05.2024, 9:40 286

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Төзім

Төзім деген – бес-ақ әріптен құралған қысқа сөз. Өйткені, көрген қиындыққа ұзақ төзу мүмкін емес.

Өлеңнің  бөбегі

Сақан Нұрманов жақсы ақын еді. Жетпісінші жылдары Әулиекөлде аудандық газет­те бірге қызмет атқардық. Өмірі қысқа болды. Көзі тірісінде маған арнап өлең жазып  еді.

Өзге жұрттан ерекше, бөлек едік,

Өлең деген ананың бөбегі едік.

Ақылбек-ау, арындап жыр тумаса,

Ақын боп бұл дүнияға неге келдік?

Біз емес атағы зор дырдай бастық,

Мал-дүние, шен-шекпеннен зырлай қаштық.

Жыр қонған жырым басқа бақ қонбайды,

Содан жұрт өсектейді тұрмастай қып.

Кез келген қайдан ұқсын ақын жанын,

Айға да албырттықпен атылғанын.

Ақын – бір атылмаған вулкан тауы,

Ішінде лапылдаған жатыр жалын.

Санама бір тентекке түбі мені,

Кей досым сырттай үркіп, түңіледі.

Шын ақын тірісінде ұмыт қалып,

Өлген соң өлместей боп тіріледі.

Мен қарап тұрмай: «Қалайша өлеңнің бөбегі боламыз, оны тудыратын өзіміз ғой?» деп қалғаным бар. Сөйтіп ақын ағамды ренжітіп  алып  едім.

Қара  қарға

Қарғаны түсі қара екен деп жаман­даймыз. Оның бір шұқып, екі қарағанын да жарат­паймыз. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген тіркесті де сыбайластарға қарата айтамыз. Әрине, қарғаның қарқылын бұлбұлдың сазды үнінен артық дей алмаймыз. Көбіміз оның ақылды құс екенін білмейміз. Қабыл Абылды өлтірген соң оның денесін жер қойны­на тапсыру  туралы нышан­ды білдірген  қарға  екенін ұмытып кетеміз. Жер бетін­дегі зиянды  жәндіктерді  құртатын  құс­тардың бірі де – қарға. Жақсы көрген кісіге «қарғам-ай!»  дейтін  қазақ осы сөздің мағынасына  терең  үңілсе  екен.

Қандай  елміз  сонда  біз?

Өзіне-өзі қол салудан алдамыз. Ажырасуда алдамыз. Жемқорлықта кімнен кейін қалғанбыз? Қандай  елміз  сонда  біз?

Кімнен  сескенеді?

Қайда барсаңыз, турникет пен қоршау, полиция мен вахтер, күзетші. Барлық жерге рұқсатпен кіру керек. Мемлекеттің өзінің ішінде шекара тұрған секілді. Ол аз десеңіз төбеде,  бұрышта  камера  орнатылған.

Осы шектеуді қойып отырған шенеуніктер кімнен сескенеді? Иегінің астында жау бар дей ме? Әлде мазамды алмасын деген амалы  ма?

Сүлік

Алаңға сүліктей қап-қара көлік келіп тоқтады. Нөмірі де жаттап алуға ыңғайлы екен. Лып етіп жерге түскен тізгінші қожа­йын  отырған  есікті ашты. Қара костюм, қара туфли киген, қызыл мойынбау таққан кісі  көліктен шығып келе жатты. Ол да сүлікке  ұқсайды  екен.

Қырық  жыл  қырғын  болса  да…

Садақ  жебелері  жаңбырдай жауса да аман қалғандар болады. Оқсебер қоғадай жапыр­са да аман қалғандар болады. Зеңбіректен атылған топ тиген жерін жалынға ораса да тірі қалғандар болады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалы жоқ екен» деген сөз содан шыққан  болар.

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: