Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

16.05.2024, 9:20 235

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Сақтанып  жүр

Ұшақта отырған ұшқышқа апат болған жағдайда парашют көмекке келсе, теңіздегі жолаушыларда құтқару қамзолы деген болады. Жердегі адамдарды кездейсоқ апаттан, кесапаттан, пәле-жаладан кім құтқарады? Алла ма, періште ме?

Біздің бабамыз «Сақтансаң, сақтармын!» дегенді қалай біліп айтқан десеңші?! Аллаға жалбарын! Алайда өзіңе сенім арт!

Тоқпақ  және  қақпақ

Кейбір кісілер киіз қазықты да жерге кіргізетін тоқпақ болғысы келеді. Кейбір кісілер ас пісіп жатқан қазанға қақпақ болғысы келеді.

Қанша тоқпақтаса да киіз қазық жерге кірмейді. Қақпағы жабулы болса да қазандағы астың ұрланғанын көбісі білмейді.

Құмырсқа  және  қара  шыбын

– Құмырсқаның белі неге қылдай?

– Өйткені ол көп қимылдайды.

– Қара шыбынның қарны неге жуан?

– Өйткені ол тезекке қонады.

Жүрек

Абай жылы жүрек, ыстық жүрек десе, Мағжан бір жырында жынды жүрек, тағы бір жырында ессіз жүрек деп жазыпты. Екеуі де дұрыс айтқан.

Сергей Есениннің «Глупое сердце, не бейся!» дейтін өлеңі бар. Жүректі асыл деп, алтын деп айтсақ та жарасады. Сорлы, бейшара десек те орынды айтылғандай. Қандай теңеуге де лайықты жүрегімізге қылау түспесе екен.

Ел  көңілінен  шығып  жүр  ме?

Қазақтың намысын қайраған, жігерін жаныған, мерейін өсірген, рухын көтерген жыршылар мен жыраулардың сарқыты қазіргі ақындар ел көңілінен шығып жүр ме? Әлде бұғып жүр ме? Жауап таппай қиналамын.

Жолдар

Осы күні «білгіштер» жаңа жол, дара жол, сара жол деп көйітіп жатыр. Соны көргенде көлік те көп жүрмеген, бүлінбеген қара жол есіме түседі. Сол жолды пайдаланған ата-бабамыз асықпай-ақ, аптықпай-ақ арбамен де қоянға жеткен жоқ па?! Қазіргі жолдардағы жолсыздықтарды көргенде жүйкем тозып кетеді.

Не  жорық?!

Танымы таяз, ақылы келте басшылар кенеусіз дерт пен шектеусіз зорлыққа тыйым салмай, халықты дауасыз ажалдың аранына түсіргенін тарихтан білеміз. Ендеше қанды қырғын мен қуғын-сүргінді жасаған билеушілерді ақтайтындарға не жорық?!

Мұнысы  қалай?

Жылқының сұлулығын, жүйріктігін мақтан ететіндер есектің еңбегін елемейтіні несі?! Қойдың еті мен майын сүйсініп жейтіндер қорадағы қиды тазалағысы келмейтіні несі?!

Айхай,  өз  үйім!

Алтынмен апталып, күміспен күптелген, жиһазы сай, іші бай үйлердің көбісі менің кітап жиған шағын бөлмемнен артық емес екен. Кейбір үйдегі алтын-күміс салған қораптың қоқыс салған жәшіктен айырмасы жоқ екен. Сондайда Жиренше шешеннің «Айхай, өз үйім!» дегені ойыма орала береді.

(Басы  өткен  санда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: