Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

07.05.2024, 9:20 255

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Ескі  Қазақстан  мен  жаңа  Қазақстан

Тізесі жыртық джинсы шалбар киген бойжеткенді, етегі шұбаты­лып, еденді сүрткен ақ көйлек киген қалыңдықты көргенде, жоқшылық пен тоқшылықты бейнелегендей ескі Қазақстан мен жаңа Қазақ­стан  көз  алдыма  келеді.

Үш  арсыз

«Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» дейміз. Сол үш арсыз­дың арқасында тіршілік етіп жүрміз. Ұйқымыз қанбаса, күлкіміз болмаса, тамақ табылмаса, қалай  өмір  сүреміз?

Ерлер  мен  ездер

Ресейдің басқыншылығына қарсы соғыста шешеннің Джохар Дудаев, Аслан Масхадов, Шамиль Басаев, Зелимхан Яндар­биев секілді батырлары ерекше көзге түсіп, есімдері ел есінде қалды. Батырлар туған өңірден Рамзан Қадыров секілді опасыздар да шықты. Ерлер туған елден ездер де шығады екен.

Немен  мақтаймыз?

Қыран шеңгелімен мақ­танады. Жолбарыс тырнағы­мен мақтанады. Біз болсақ, олардың қанаты мен күш-қуатын  мақтауымыз  керек.

Былық   пен  шылық

Былық пен шылық үстем болғанда ежелден келе жатқан ғұ­рып ұмыт болады. Содан кейін бүлік басталады.

Қайсысы  қиын?

Биік тау­ға шығу қиын ба? Терең шұңқырдан шығу қиын ба? Екеуі де қиын. Алайда тауға шықсаң, мәз боласың. Шұңқыр­дан шықсаң, аман қалғанына тәуба  қыласың.

Құдайы  жоқтың  ұпайы  көп

Құдайы бардың құқайы көп, Құдайы жоқтың ұпайы көп болатыны неліктен? Әлде жалған өмірдің ережесі осындай ма? Жауабын  табу  қиын.

Жиіркенішті

Қазіргі қазақ киносында да, мультфильмдерде де, теледи­дарда да ұлтымыздың салт-дәстүріне сай келетін, сүйсіндіретін кейіпкерлер жоқтың қасы. Оның есесіне шетелдің және орыстың көрсетілімдері қаптап кеткен. Оларда көбіне қозы мен құлын сүмірейтіліп, сүйкімсіз торай сүйкімді болып көрсетіледі. Жиіркенішті жағдай. Соларды қазақ  тіліне  аударғанда  не  ұттық?!

Поэзия

Поэзия әдемі жыр ғана емес. Би де, күй де – поэзия. Тіпті әскери шеру де – поэзия. Бірдей киініп, бірдей аяқ алып бара жатқан сарбаздар сапы поэзия емей немене? Мешітте сап түзеп, намазға жығылған мұсылмандар да – поэзия. Үйлесім бар, ұйқас бар, ырғақ бар, ең бас­тысы, мазмұн бар, поэзияға тән барлық  сипаттар  бар.

Кейде…

Кейде шалқар көлдің жағасында өссе де қурап кеткен ағаш жолығады. Кейде шөл далада тұрса да жайнап тұрған ағаш кездесе­ді.

Есебі  дұрыс  па?!

Әлеуметтік желідегі кейбір пікірді оқысам жыным келеді. Нұрсұлтан патша ел билеген уақытта жер де сілкінбепті, су тасқы­ны да болмапты, яғни оның жолы нұрлы болыпты десе­ді. Дұрыс  па  екен  есебі?!

Жер сілкінбесе де шаңырағы қирағанды, су тасқыны болмаса да  ажалы  жетпей  өлгендерді  қалай  ұмытасың?!

Елдің көз жасын бір жерге жинаса, теңіз болар еді. Сол суға арамзалар тұншығып өлер еді.

Түр-түрі  бар

Жүрістің де түр-түрі бар. Өгіз аяң, тасбақа тірлік деген ұғымдар бар. Сонымен бірге жорға желіс, жай шабыс, текірек шабыс, көсіле шабыс деген де бар. Адамдардың жүріс-тұрысы да осылай өлшенетін секілді. Асықпайтындар, аптықпайтындар бар. Желетіндер де, шабатындар да бар. Әрқайсысы шама-шарқына қарай өмірден өзінің  орнын  алады.

Пышақ  және  қайшы

Пышақты атам, қайшыны әжем жақсы көреді. Неге екенін айтпасам да білесіңдер. Пышақ­қа да, қайшыға да қайрақ қажет  екенін  кейін  түсіндім.

Ине  және  түйреуіш

Бұлар – бір-біріне ұқсас үй құралдары. Алайда айырмашылығы да бар. Ине жіп болмаса, жалғыз өзі түк бітіре алмайды. Көйлек те тіге алмайды, түйме де қадай алмайды. Түйреуіш­тің жөні бөлек. Қысылған кезде табылады. Сондықтан да оған әжелер сенім артып, «көз тимесін» деп балалардың  киіміне  қадап  қояды.

Ондайлар  да  бар

Үйінде бір аяқ көжеге қана­ғат қылатын қазақтың кейбірі ұлан-асыр тойда аста-төк тамақ­қа тоймай қалатыны да бар. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дейтін қазақтың кейбірі сол жаман тонын қимай қалатыны да бар. Әншейінде бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүрген қазақтың кейбірі атқа мінсе, терісіне сыймай қала­ты­ны  да  бар.

Азғындықтың  бір  түрі

Кейінгі кезде қазақ арасында «азаматтық неке» деген ұғым пайда болыпты. Орыстың «гражданский брак» деген сөзінің аудар­масы. Бұл – жетесіздер мен некесіздердің  ойлап  тапқан амалы.

Неке болғаннан кейін оны азаматтық және азаматтық емес деп бөлуге мүлде болмайды. Неке­ге  тұрмай бас қосу – азғындықтың  бір  түрі.

Қожайын  кім,  қонақ  кім?

Бір байқағаным, әртүрлі ұлт өкілі жиналған ортада орыс тілінде сөйлейтіндер одыраңдап тұрады. Қазақ тілінде сөйлейтіндер  қаймығып тұрады. Сонда бұл  елдің қожайыны кім, қона­ғы  кім?!

(Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: