Ақылбек ШАЯХМЕТ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Күлкім келді. Ұйқым келді
Көк жәшіктен нені көрдім? Даңғаза ма, дақпырт па?! Түр бар, ой жоқ. Күлкім келді. Парламентте отырып қалғандарды көріп едім. Ұйқым келді.
Көрерменге көрсетіп жатқан кім екен бұл шіркіндерді?
Келісу қиын
Сөздіктер мен энциклопедияларда «бауыздау құда» сөзіне «Мал бауыздарда бата берген құда бауыздау құда аталады» деген анықтама беріліпті. Келісу қиын. Бауыздалатын құда емес, құдаға сойылатын мал ғой. Негізінде бұл сөз тіркесінің негізгі мағынасы балдай, уыздай тату болайық дегенге саяды. Бауыздау құда емес, бал, уыздай құда.
Келін түскен тойда «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп те жиі айтылады. Тас өзі де шым батып кетпей ме? Бұл да бұрмаланған сөз. Дұрысы: «Балдай батып, судай сің» болуы керек.
Тізгінді кімге бердік? Кімнің соңынан ердік?
Бұдан пәлен ғасыр бұрын шыққан «Күлтегін» жырында бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген, жалаңашты тонды, кедейді бай қылған ата-бабамыздың тап болған кесірі ретінде алдау, арбау, дауласу, жауласу, сенген, көнген деген секілді сөздер жазылған екен.
Осы қасірет әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан жоқ па?! Алдандық, арбалдық, жауластық, дауластық, сендік, көндік.
Тізгінді кімге бердік? Кімнің соңынан ердік?
Бойға сіңген жаманшылық
Қазақтың кең-байтақ жеріне кім келмеді дейсің?! Қылышпен келгендер қылыштан ажал тапты, құшағын ашып келгендер құшағымызға тығылды. Қонақжай қазақ қарны ашып келгендерді тойындырды, тонып келгендерді жылындырды, жаяу келгендерді атқа мінгізді.
Қазақтан қамқорлық көрген солардың көпшілігі асымызды ішіп, ыдысымызға түкіріп жатқанда Құдайсүгір бидің айтқаны ойыма келеді. Көреген би: «Бойға сінген жаманшылық, тастау қиын оны сылып, үйге кірсе тонған жылан адам шығар бойы жылып», – депті. Жыланды да ақ құйып үйден шығарып жіберетін қазақ осы сөзді ұмытпаса екен.
Байқаймысың?!
Жасқа жас қосылды. Дос азайды.
Басқа бас қосылды. Тауқымет молайды.
Асқа ас қосылды. Тойып жүрсек – жарайды!
Көшедегі жадау, жүдеу қарияға бір топ жас аң-таң болып қарайды.
Бар ма жасар амалы?!
Теңізде де жуас және жұтқыш балық болады,
Орманда да момын және жыртқыш аңдар болады,
Далада да, қалада да түрлі жандар болады…
Адамдардың соған орай бар ма жасар амалы?!
Қандай шамаң бар?
Таудан аққан мөлдір бұлақ суын лайлаған адамдар.
Көктен түскен ақша қарды қаралаған адамдар.
Көктеп шыққан шыбықты да отын қылған адамдар.
Жүрген жерін қоқым қылған адамдар.
Жердің бетін, жолдың бойын тазалауға кәне, қандай шамаң бар?
Қазақ қалай тауып айтқан?!
Қаза тапты дейміз.
Алланың пәрменімен болған шығар.
Демі бітті дейміз.
Фәнидегі соңғы тынысын алған шығар.
Дәмі таусылды дейміз.
Ырзығы ұрпағына қалған шығар.
Қайтып кетті дейміз.
Келген жеріне қайтып кеткен шығар.
Өмірден озды дейміз.
Бұрын кеткендерді қуып жеткен шығар.
Ақтық сапарға аттанды дейміз.
Бұл дәурен басынан өткен шығар.
Зайғы ғұмыр
Кісінің киімі кітаптың мұқабасы тәрізді. Сырты тартымды, ішкі мазмұны әртүрлі.
Адамдар да оқылмаған кітап секілді. Ішінде жағымды және жағымсыз кейіпкерлер бар. Әр адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі бір кітапқа арқау бола алады. Кейде өзінің өмірі, қызметі туралы баяндаған кітаптарды оқи бастасам, іліп алар ештеңе таппай қаламын. Зайғы ғұмыр мұқабасы жылтыр, іші сылдыр кітаппен тең.
Байыз табам ба?!
Малдан көрі қилары көп қораға есің болса, жолама! Жемістен де жапырақ көп қоғамда жеміс теріп оңам ба?! Қан төгілген алаңда жайбарақат жүргендерді көрсем, байыз табам ба?!
Үйректер бар…
Арыстан бүркіт болсам деп ойламайтын шығар. Аққу қасқыр болсам деп армандамайтын шығар. Ит те кит болғысы келмейді.
Алайда, жерде де, көкте де, суда да жүре беретін, жүзе беретін, ұша беретін үйректер бар ғой.
Қоян жылы келе жатыр!
Қоян жылы келе жатыр! Ол жұмсақ жүнді ме, қалқан құлақ па, қоянжүрек пе, кім білген?! Әйтеуір, үміт күтіп жүрмін мен. Үй қояны болмай-ақ қойсын! Кең далада, қалың өскен орманда ойнақ салсын. Бала қолындағы үлпілдек қояндай мәз қылсын. Жаңа жауған ақша қарда ізі қалсын. Тіпті жыл өтіп кеткен соң да немерелерімнің ақ қағазға салған суретіндей көз қуантсын.
Неден, неге сескендік?!
Бұл жалғанда бес күндік неден, неге сескендік?!
Жайлап алды халқымызға жат қылық: алаяқтық, жалған куә, сатқындық. Күйе жұқты аққа да, қап-қараны ақ қылдық. Жаттың көбін бауыр қылып есептеп, жақындарды жат қылдық. Талай-талай зұлматтан аман шыққан ұлтымызды осы күнге тап қылдық.
Қазаншының еркі бар…
Қазақ оқырмандарына Лев Толстойдың «Война и мир» романы «Соғыс және бейбітшілік» деген атаумен, Федор Достоевскийдің «Преступление и наказание» романы «Қылмыс пен жаза» деген атпен белгілі болды. Бұл атаулар әбден сіңісті болып кетті.
Алайда, қазақта «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген қанатты сөз бар. Өз басым бұл шығармаларды басқаша атар едім. Толстойдың романы – «Соғыс және әлем», Достоевскийдің романы – «Қылмыс және зауал».
Бейбітшілік деген ұғымнан Әлем әлдеқайда ауқымды.
Жаза дегеннен көрі Зауал десек, жасаған қылмысқа пенденің жауаптылығы деген ұғым терең емес пе?
Таң қалмай-ақ қояйық
Лев деген есімді естісем, ойыма орыс әдебиетінің алыбы Толстой оралады. Қазақша айтсақ, нағыз Арыстан ғой. Ресей мемлекетінде басшы болған Медведевтің қазақша баламасы – аю. Ол да аю секілді анда-санда тырнағын көрсетіп қояды.
Бір қызығы, орыстың біразының ататегіне зер салсақ, Воробьев, Зайцев, Орлов, Волков секілді аң мен құстың аттарын алған фамилиялар көп кездеседі. Таң қалмай-ақ қояйық. Біздің қазақта да Торғай, Қоян, Бүркіт, Қасқыр есімді азаматтар бар ғой.
Жемқорлық жайлаған қорлар
Жемқор деген сөзді екі бөліп қарасақ, алғашқы буын жем – жем жегенге келіп тірелсе, екінші буындағы қор – түсіндірме сөздіктегі әдемі сөздердің бірі.
Осы күні не көп, қор көп. Сол қорлардың біразы тікелей жемқорлықпен айналысып кеткені де рас. Қор жем жейтін астауға айналды. Қордың көбі қорлыққа байланды. Елдің мүддесі деген жай қалды.
Ендеше осы қорларды таратып жіберуге не кедергі бар?!
Қостанай қаласы
(Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!