ЖҮРЕК КІЛТІ немесе ПОЛКОВНИКТІҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
ЖҮРЕКТІ ЖАУЛАҒАН БІР ТИЫН…
Кейде қыңыр мінезді, мәмілеге келе бермейтін мазасыздау адамды «қиын кісі» деп шеттетіп, байланыс жібін үзіп алады екенбіз. Тілін табуға тырыспаймыз. Ол мені неге түсінбейді деген уәжден ары асқымыз келмейді. Шын мәнінде, қарым-қатынасты түзегісі келген адам өзіне «Неге мен оны түсінуге тырыспаймын?» деген сауалды қояды емес пе?
Алматыда алғашқы жұмыс барысында бір ұжымда әскери адаммен қызметтес болдым. Полковник деген шені бар. Содан болар, ұжымда оны Полковник деп атап кетті. Қызуқанды кісі болатын. Тіл табыса кету де оңай емес. Біздің арамыздағы келіспеушілік, пікірталас үнемі діннің төңірегінде өрбитін. Ол: «Құдай жоқ» дейді. Мен: «Асылық айтпаңыз. Құдай бар» деймін. Ал енді кеп бір-біріміздің пікірімізді жоққа шығарып, өз сөзімізді дәлелдеп, кешке дейін қызылкеңірдек боп жатамыз…
Сонымен бір-бірімізге әжептеуір сынақ болдық. Құдды бізді плюс-минус дерсіз. Жақындай кетсек, шарт-шұрт ете қаламыз. Дауыс көтеріп сөйлегенде зәрең ұшады. Күндердің күнінде менің пікірімді қолдамаған ол өзіме «шабуыл» жасай бастады. Кемсітіп сөйлейтінді шығарды. Іштей ашуланасың, бірақ білдірмейсің.
Сонымен Полковниктің өз пікірінен қайтпайтынын сездік. Сөз жарыстыру пайда бермеді. Енді не істемек керек? Осы сұрақ мазалады. Әскерилердің жүрегін жібіту үлкен ыждағаттылықты талап ететінін аңғардым. Сөздеріне сабыр етіп жүрдім. Намазымда ол кісіге жиі дұға еттім.
«Құдай жоқ» деген сөзден танбайтын ағамыздың жүрек кілтін таба алмай әлек боп жүргенде 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде әскери киімімен жұмысқа келді. Кеудесі толған төсбелгі. Сөз арасында төсбелгі мен шетелдің түрлі тиынын жинау хоббиі екенін айтып қалды. Төсбелгі мен тиын сыйлаған достары жайлы көсілді.
Әскери адамның «әлсіз» жерін тапқандай болдым. Сәті түсіп, Мысырға барғанда арнайы тиын алып, өзіме сақтап қойдым. Келгенде қолына ұстаттым. Ол кісінің балаша қуанғанын көрсеңіз… Бұрынғы көзқарасы 180 градусқа өзгерді. Ілгеріде айтқан балағат, ғайбат сөздері үшін кешірім сұрап та үлгерді.
Қуанғанынан өзін қоярға жер таппай кетті. Ұжымдағы әріптестерге бізді жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді. Осылайша бір тиын Полковниктің жүрегін жібітіп, дін туралы көзқарасын өзгертіп жіберді. Түскі үзіліс кезінде намаз оқып жатқанда есіктің сыртында бізді «күзетіп», ішке ешкімді кіргізбей тұратын… Сонымен бір тиын оның жүрегін жаулауға жеткілікті болды.
ПОЛКОВНИК «ПОНЯЛ» ДЕП ЖАУАП БЕРДІ
Кешқұрым жұмыс уақыты аяқталғанда, су жаңа көлігімен жолай үй жаққа жеткізіп тастайтынды шығарды. Көлігін қатты жақсы көргені сондай, күніне екі-үш рет жуып, тазалайтын. Ешкімді отырғызбайтын. Бірақ мені қуанышпен, ерекше құрметпен көлігіне отырғызып, үйге дейін жеткізіп салатын. О, Алланың құдіретін-ай дейсің.
Полковниктің тағы бір әлсіз тұсы үйдегі апамыздың «ай» дейтін бірауыз сөзі еді. Сөз арасында апамызбен әскери салада қаншама жыл бірге қызмет еткенін айтып қалған. Алайда апамыз әскери адамға тән тік мінезді болғанымен, қазақы тәрбие көрген кісі еді. Полковник «Құдай жоқ» деп баяғы «әніне» басқан кезде, «Тіліңе ие бол!» деп тыйып тастайтын.
Бір күні жұмыста отырғанда апам Полковникке қоңырау шалды. Жұмыс үстелінен қарғып тұрды да телефон тұтқасын көтеріп: «Да! Слушаю!» деді. Телефон тұтқасынан: «Үйге түзу кел! Қылтың-сылтыңды қой!» деген «бұйрық» естілді. Полковник «понял» деп жауап берді.
Мен естімегендей, ешнәрсе білмегендей кейіп танытып, өз шаруаммен айналыса бердім. Сол кезде іштей: «Е-е-е, бұл емес үйдегі апам екен ғой полковник» дедім… Бір күні аздап қызып алып, маған қисық сөйлей бастағанда: «Мазамды алуды қоймасаңыз, үйдегі апама телефон соғамын» деп қорқытамын. Зып беріп, басқа кабинетке қашып кететін… Осы оқиғаны еске алған сайын бір күліп алам.
Әр есікті өз кілтімен ғана ашуға болатыны секілді адам жүрегіне жол табудың өз тәсілі бар. Ең бастысы, даналықпен жүрек кілтін табуға тырысу керек. Полковниктің көзқарасын өзгертуге қаншама күш жұмсалды, жүйке жұқарды. Сөйтіп жүргенде мәселе бір тиынмен шешілді…
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сыйлық сыйлаңдар, сонда араларыңда сүйіспеншілік, бір-біріңе деген құрметтерің артады» деген екен. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) даналық сөзінде үлкен хикмет жатыр. Марқұм Абдолла қажы Жолдас ақсақалмен сұхбаттасқанда бізге: «Біз барлық нәрсені өз ниетімізден табамыз. Шалыс баспай тұрғанда шариғатпен жүрсек, сүрініп кетпей тұрғанда сүннетті ұстансақ, Алла тілеуімізді береді», — деген еді.
ӘКЕ ӨСИЕТІ ӨМІРЛІК САБАҚ БОЛҒАН ЖІГІТТІҢ ОҚИҒАСЫ
«ЕНДІ ЕШҚАШАН ҚАЙТАЛАМА»
Кейде бір адамның ізгі ниетпен айтқан жақсы сөзі өзгенің тағдырын түбегейлі өзгертіп жібереді. Бір досым бар. Әкесінің бір ауыз сөзі өзіне өмірлік сабақ болғанын үнемі айтып жүреді.
Әңгімені досымның сөзімен сабақтайын: «Қалаға оқуға түстім. Әкем: «Балам, бар тапқаным осы» деп жан қалтама төрт мың теңгені салды. Ол кезде төрт мың теңгенің кәдімгідей құны болатын. Сөйтіп, үйдегілермен қош айтысып, автовокзалға қарай беттедім. Құстай ұшып, автовокзалға жеттім. Билет пен әкем берген төрт мың теңге қалтамда.
Автобустың жүруіне әлі біраз уақыт бар екен. Уақыт өткізейін деген дәмемен вокзалды әрі-бері айналдым. Бір кезде көше бойында бір жерге топтасқан адам қарасын көзім шалып қалды. «Арик-марик-шарик» ойнап жатыр екен…
Шарикті тапқандар ақша алып, мәз боп тарасуда. Бұл көрініс мені ойынға елітіп жіберді. Ұтып жатқаны да, ұтылғаны да өздерінің адамдары екенін кейін білдік қой… Бір қарағанда, көзі дұрыс көретін адам шариктің қайда жасырылғанын бірден байқайды. Өзіме сеніммен қарап, ойнап көруге шешім қабылдадым.
Сонымен әкем берген ақшаның шетін бұзып, ойынға тіктім. Ә дегеннен ұтылып қалдым. Ендігісінде ұтамын деп, құмарға кіріп, төрт мың теңгенің бәрін ұтқызып қойдым. Бір қарасам, түгім қалмапты. Сол кезде ғана ес жиыппын. Қалаға кетейін десем, түгім жоқ. Үйге қайтайын десем, әкемнің жүзіне қарауға бет жоқ…
Жігіттердің қыр соңынан қалмай: «Ақшамды қайтарып беріңдерші…» деп жылап жүрмін. Олар «еңбекпен» келген олжасын оңай берсін бе?! Маңына да жолатпай, көкірегімнен итеріп жіберді. Салым суға кетіп, басым салбырап ауылға қайта келдім. Үйдегілер мына әрекетіме сай әбден сазайымды беретін болды ғой деген оймен бәріне психологиялық тұрғыдан дайын тұрдым. Өйткені, балалықпен шалалық жасап қойғанымды іштей мойындап отырмын.
Болған жайттың бәрін әкеме жайып салдым. Ол кісі байсалды мінезінен танбай, сөзімді соңына дейін тыңдап, бұл қателігімнен сабақ алғанымды сезіп, ақырын ғана: «Балам, ең бастысы қателігіңді түсінгеніңе қуанып тұрмын. Ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпейді дейсің. Сағыңды сындырма. Әлі талай төрт мың теңгелерді табасың. Ең бастысы, бұл қателігіңді енді ешқашан қайталама. Бұл саған сабақ болсын», — деп мен күтпеген эмоциясын білдірді.
Әкемнің осы сәттегі мені жұбатқан әрі маған мотивация берген сөзі әлі есімнен кетпейді. Бұл маған өмірлік сабақ болды. Қазір тәрбиенің осы тәсілін өз балаларыма қолданып жүрмін. Нәтижесі жаман емес…». Досым әңгімесін осылай түйіндеді.
«МҮМИННІҢ ТІЛІ ЖҮРЕГІНІҢ ТҮБІНДЕ…»
Бұл әңгімені баяндап берген досымның әкесімен кездестім және осы оқиғаны есіне салдым. Сол кезде ол жай ғана жымиды да: «Мен өмірімде бір рет болсын бала-шағама қол жұмсаған емеспін.
Саналы адам баланы саналы түрде басқаруы керек. Ұрып-соғу дегеніңіз – әлсіздік. Әлсіз адам ғана қол жұмсайды. Әсері ұрып-соққаннан да ауыр нәрсе бар: сөзбен санасына жеткізе білу.
Онсыз да өзінің кінәсін мойындап, алдыңа басы салбырап келген баланың басынан соғып қалу нағыз ақымақтық емес пе? Орынсыз ашулану қадіріңді кетіреді» деп сөзін түйіндеді. Ол кісінің бұл сөзі де бізге үлкен сабақ болды.
Иә, бір сөз бір адамды, одан қалды бір отбасын, қоғамды өзгертеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминнің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екіжүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді» деген хадисінде үлкен мән жатыр.
Бір ғалым: «Мүминнің әдебінің ең абзалы – кешірімділік» деген екен. Сауап оңай іспен келмейтіні анық. Алла Тағала Құранда: «Алайда кімде-кім сабыр етіп, өзіне орынсыз озбырлық көрсеткенді кешірсе, шүбәсіз, бұл табандылық пен күш-жігерді талап ететін, сауабы зор іс болмақ» («Шура» сүресі, 43-аят) деген.
Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді» дейді. Сонда сахабалар: «Ол қандай мінез?» деп сұрайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір» деп жауап береді.
Көркем мінез осындай сипаттар арқылы қалыптасады. Адам баласы мына өмірде өзі күтпеген нәрселермен сыналады және сол арқылы тәрбиеленеді. Енді өзімізге қарапайым сұрақтар қойып көрелік. Қысылған сәтімде маған көмектесе алмаған адамға қол ұшын беруге қаншалықты дайынмын? Науқастанып қалған кезімде маған келмеген адам бір күні сырқаттанып жатса оған бірден барып, көңілін сұрап, жағдайын біле алам ба? Маған қиянат, озбырлық жасаған адамды Алла үшін кешіре алам ба?..
Мұндайда мына хадис бізге мотивация беруі керек: «Алла Тағала өзгелерді кешірген адамның абыройын арттырады. Ал кімде-кім Алланың разылығы үшін кішіпейілдік танытса, Алла Тағала оны міндетті түрде жоғарылатады».
Расында, бүгінгі қоғам өнегелі тұлғаларға мұқтаж. Өткен жолы Алматыда болған конференцияда есімі елге белгілі ғалым: «Бүгінгі мұсылман жамағаты өзгелерден көркем мінезден артта қалып барады. Қазір біздің қоғамға көркем насихат айтатындар емес, көркем мінезді, өнегелі тұлғалар керек», — деді. Рас сөз.
Мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлымен кездескенімде әкесі туралы мынадай оқиғаны айтып беріп еді: «Қаншама қасіреттің, жетімдіктің ортасында өскен мен ең әуелі адам болу үшін күрестім. Әкем: «Балам, таза, адал жүр! Бізге арам іс, ұрлық-қарлық жақпайды. Мен саған арам ішкізіп, арам жегізген жоқпын! Өмірден өтіп кетсем де сені бақылап жатамын» деп айтып кеткен-ді.
Әлі де әр ісімді, әр сөзімді, әр қадамымды жарықтық әкем бақылап тұрғандай күйде жүремін. Алайда осы өмірде адал да таза өмір сүру оңай емес. Қаншама қиындық көрген мен бүгінгі жағдайымды, осы тіршілігімді бақытқа балаймын. Адамдардың жаласынан талай аман қалғаным әкемнің бір ауыз өсиетінің нәтижесі деп білемін». Қандай керемет тәрбие…
«АҒА, МАҒАН ПАПА БОЛЫҢЫЗШЫ…»
«ӘКЕМ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА БҰЛАЙ ЖЫЛАМАҒАМ…»
Шымкент қаласына іссапармен барғанбыз. Шаһардағы балалар үйіндегі бүлдіршіндерді қуантуды ұйғардық. Ниетіміз – бір сәт болсын жақсы көңіл сыйлау. Мешіт имамы жол бастап келеді. Жолай жан ауыртар оқиғаны әңгімелеп берді.
– Мен мұнда жиі келіп тұрамын, — деп бастады сөзін ол. – Мереке күндері, әсіресе ораза, құрбан айт кездері қайырымдылық іс-шараларын жиі ұйымдастырамыз. Құрбандық етін таратамыз. Өнердегі әншілердің басын қосып, осы жетімдер үйінде концерт өткізіп тұрамыз. Жиі келгеннен бе екен, бүлдіршіндер мені танып алды.
Бір күні баяғы әдетіме салып, балалардың көңіл күйін бір көтеріп кетейін деген ниетпен тағы келдім. Көзі жәутеңдеген жетім жеткіншектер қатты айғайлап: «Алақай, папамыз келе жатыр» деп жапа-тармағай есік жаққа жүгіріп келді де аяғыма жармасып, қысып ұзақ құшақтады. «Аға, неге келмей кеттіңіз?» деп реніш білдірді кейбір кішкентай. «Бұл жерден кетпей-ақ қойыңызшы» деген өтініштеріне не айтарымды білмей, абдырап қалдым.
Қазақтың өрімдей бір қызы: «Аға, маған папа болыңызшы, мені бұл жерден алып кетіңізші» деп өтінгенде, көзімнен жас парлады. Жүрегім езіліп, жаным қиналды. Әкем қайтыс болғанда езіліп жылаған емеспін. Бірақ әлгі жерде ішім күйіп, жанымды қоярға жер таппай кеттім. Мұндай сөзді естимін деп еш ойламаппын», — деді имам.
ЖЕТІМДЕР ЖЫЛАМАСЫНШЫ…
Осы әңгімеден кейін біздің де көңіліміз босап қоя берді. Сөйтіп, балалар үйіне де жеттік. Тәрбиешілер оларды әдемі киіндіріп, шаштарына бантик тағып қойыпты. Жадырап, жайнап, көңілдері шаттық пен қуанышқа бөленіп отыр. Әрине, мереке ғой. Ән айтты, би биледі, көріністерін қойды. Қонақтарға бар өнерлерін паш етті. Епті әрі есті. Сүп-сүйкімді, қимыл-қозғалыстары да жарасымды. Сый-сияпаттарын көтере келген қонақтар көз жастарына ерік берді.
Бір кезде имам жетімге қамқор болғандар жәннатқа бірінші кірген пенделердің қатарында болатынын айтты. Жетімнің басын сипағандар жәннатта Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрші болу мәртебесіне ие болатынын жеткізді.
Игілікті іс-шарадан қайтып келеміз. Жолай алған әсер, қорытқан ойларды бір-бірімізбен бөлісіп келеміз. «Әп-әдемі, жүрегі пәк қазақтың қара домалақ балалары ғой. Тіпті, оларды өзімнің бала-шағама қосып, қамқорлық жасап, тәрбиелеп алғың келеді…» дейді имам. «Жетімдерге көңіл бөлу тек 1 маусыммен шектелмесе екен» деген ойлар да айтылды.
«Ит жетектеп, оны бағып-қаққаннан гөрі жетім баланы асырап алған теңдессіз сауап емес пе? Қалайша бауыр етін балалар үйіне тастап кетеді екен осылар. Обалына қаламын-ау деп қалай қорықпайды екен?» деген сөздер де қабырғамызды қайыстырды.
Іс-шара барысында балалардың көңіл күйі көтеріліп, бір серпіліп қалғанымен, жанарында жабырқау, алаңдау байқалады. Оны сөзбен жеткізбесе де, көзбен білдіріп тұр. Жетімдердің жүрегі:
«Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды,
Мама кеп бір иіскеші маңдайымды.
Ақ уызға толмаған таңдайымды,
Толтырайын айтумен жағдайымды…», — деп жырлап, жылап тұрғандай… Жетімдер жыламасыншы…
(Соңы. Басы өткен сандарда)
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Фото: egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!