Қос бүйректен қысқан сынақ
Айналасына жақсылық жасап, шарапатын төгіп жүретін танысым бар. Біздің өтінішіміз бойынша арнайы кездесіп, сұхбаттастық. Ғибратты оқиғаларды бір шартпен жариялауға келісті. Уәде бойынша кейіпкеріміздің аты жазылмады. Төменде оның өмірінде болған ойсалар оқиғалар баяндалады.
«Тәуекел етіп, қажылық компаниясын аштық. Өзіңіз жақсы білесіз, қасиетті Рамазан айында Мекке мен Мәдинадағы қонақүйлер бағасы шарықтайды. 60 адамға арналған нөмірді алдын ала брондап қойғанбыз. Меккеге барсақ, брондап қойған қонақүйден бізге тиесілі нөмірлер шықпай тұр.
Себебін анықтасақ, брондау кезінде біздің қызметкерлер тарапынан техникалық қателіктер кеткен екен. Қонақүй әкімшісі ешқандай көмек бере алмайтынын түсіндірді. Жолдан шаршап келген 60 қажыға айтар уәжіміз жоқ.
Елге хабарласып, ақшасы бар-ау деген азаматтарға өтініш айттық. Туған-туманың бәрінен қаражат жинадық. Алланың жәрдемімен бірнеше сағатқа созылған «ақша жинау операциясы» мәресіне жетті. Аяқ астынан 100 мың АҚШ долларына жуық қаражатқа 60 қажыны қонақүйге орналастырдық.
Қажылардан алынған төлем қонақүй ақысына да жетпей қалды. Үлкен қарызды доллармен алдық. Ол кезде курс бағамы 150 теңге болатын. Көп ұзамай 1 доллар 380 теңгеге бір-ақ көтерілді. Теңгемен есептегенде берешегіміз еселене түсті. Алғашқы сапарымыз осындай үлкен сынақтармен басталды.
Елге келгенде әйелімнен жаман аурудың белгісі анықталып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Сол жатқаннан 9 ай бойы емделді. Ол ол ма, ұлымның қуығы күп боп ісіп, оны да емханаға орналастырдық. Әйелім мен баламның дертімен арпалысып жатқанда қарыз берген кісілер «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» керін келтірді.
Біздің басымызға түскен жағдайды түсінгісі келмегендердің айтпағаны жоқ. Жеке басымызға ауыр-ауыр сөздер айтылды. Бәрін көтеруге тура келді. Үлкен сомадағы қарыз бен отбасымдағы сынақ қос бүйректен қысып кеп қалғанда тоз-тозымыз шығып кете жаздады. Тіпті ауруханада жатқан әйелім мен балама қалалық автобуспен баратын тиыным да қалмады. «Алланың маған берген азабы ма, әлде тәрбиесі ме?» деген екі ойдың ортасында қалдым.
Бар уақытымды Алладан кешірім сұрап, тәубе етуге, дұға жасауға арнадым. Бірнеше күн бойы телефонымды өшіріп, сәждеден бас көтермей, Жаратқанға жалбарындым. «Уа, Алла! Мені Өзіңнен басқа ешкімге кіріптар етпеші. Осы сынақтың соңын жақсылыққа ұластыра көрші. Жүрегімдегі қайғыны қуанышқа толтыршы» деп егіле дұға жасадым.
Адам баласы қысылғанда демеу болар ең жақын әрі жанашырын іздейді емес пе? Халықты имандылыққа үндеп жүрген ұстазыма барып, жанайғайымды жеткіздім.
Мұң-мұқтажымды 3 сағат бойы тыңдаған ол: «Бауырым, менде мұндай үлкен ақшаны тауып беретін мүмкіндік жоқ. Бұл мәселені Алладан басқа ешкім реттей алмайды. Қолымнан бір ғана іс келеді. Сіз үшін араша түсіп, Алладан сұраймын. Сол үшін бүгін түнгі таһажуд намазына тұруға уәде беремін», — деді.
Аллаға уәде берген…
Ұстазымның осы сөзжәрдемі қарызымнан толық құтылғандай әсер етті. Оның үйінен екі иығымдағы ауыр жүкті тастап, өзімді жеп-жеңіл боп шыққандай сезіндім. Осындай жанашырлық сөздің өзі бізге жеткілікті еді. Құдайдың құдіретін қараңызшы, екі апта өтпей компанияның жұмысы ілгері жүре бастады. Қолға алған жобаларымыз жүзеге асып, Алланың ризығы бірінен соң бірі келіп, жүректегі мазасыздық кете бастады. «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған дұғасы» деген хадистің мәнін терең сезіне түстім. Шын мәнінде Алла пендесінің мұңын естиді және оның дұғасын қабыл етеді. «Құдай деген құр қалмайды» екен. Мұны өмірлік тәжірибемнен нақты айта аламын.
Жаратқанның жәрдемімен 9 айдың ішінде белшеден батқан қарыздан толық құтылдық. Аяққа тұрып, жан-жағымызға қарай бастадық. Сынақты сәттер артта қалды. Адамның табиғаты қызық қой. Қиналған күндерін тез ұмытады да, жақсы нәрсеге тез үйренеді. Түпсанамыздан «қарыздан құтылу» деген түсінікті тазалап, көлік, үй алуға ұмтыла бастадық.
Лек-легімен келген табыстың басы құралып, бір үй сатып алатындай сомаға жетті. Осы кезде кешегі күндерімді түгел көз алдымнан өткізіп, қиналған сәттерімді еске алып: «Уа, Алла! Бізді тығырыққа тіреген де Өзің, тығырықтан шығарған да Өзің! Маған берген дүниеңді бір мұқтаж отбасын қуантуға жұмсап, үй алып беруді және осы ісімнен өзіме де мол сауап пен мол нығмет нәсіп етші!» деп сұрадым.
Қатты қиналған кезде Аллаға «осы тығырықтан шықсам, бір отбасыны үлкен қуанышқа бөлеймін» деп уәде еткен едім. Яғни нәзір құрбандық жасауға ниет жасағам. Нәзір құрбандығының шарты бойынша, тығырықтан шыққан сәтте ниет еткен ісін орындауы – міндет. Өйткені Алла Тағала Құранның «Мәида» сүресінің 1-аятында: «Уа, иман келтіргендер!(Алламен немесе адамдармен)жасаған келісімдеріңнің шарттарын толық орындаңдар!» деп әмір еткен.
Өзімнің жеке пәтерім жоқ, бірақ шын мұқтаж отбасының баспаналы болуын қатты қаладым. Сонымен достарыммен 3 ай бойы баспанаға шын мұқтаж жандарды іздестірдік. Өзім үйсіз жүрмін, алайда менен де мұқтаж кісілерге үй іздеп жүрмін.
Қасиетті жұма күні бір досымнан: «Осы кісінің жағдайын көзбен көріп келіңізші. Үй беруге лайықты отбасы секілді» деген хабарлама келді. Жұма намазынан шыққан бойда көрсетілген мекенжайға жеттік. Күйеуі қайтыс болған жалғызбасты ана бес-алты баласымен бірнеше жылдан бері ескі қоймада тұрады екен. Қоймада еден жоқ. Шамалы уақытта табанымыздан суық сыз өтіп кетті. Жөн сұрасып, ұл-қыздарымен танысып, еркін сөйлестік.
«Екінші ұлыңыз қайда?» деп сұрағанымызда: «Қазір ғана жұма намазынан келіп, сабағына шығып кеткен еді. Достарынан: «Жұма күні жасаған дұға қабыл болады» дегенді естіпті. «Анашым, бүгін жұма намазына барып, дұға жасап келейінші. Бүгін дұғалар қабыл болатын күн екен ғой» деп мешітке сұранып кеткен», — деп жауап берді анасы.
«Балаңыз мешітте қандай дұға жасапты?» деп сұрадық. Ол: «Балам мешіттен келген бетте: «Анашым, жұма намазында Құдайдан екі нәрсені сұрадым. Бірінші сізге мықты денсаулық тіледім. Екінші «өзіміздің жеке үйіміз болса екен» деп дұға еттім. Алла тілегімізді орындайтын шығар» деді. Мен: «Әумин, балам! Құдай тілеуіңді берсін» дедім. Осы балалар аман болсын!», — деп жауап берді.
Еселеп қайтқан жақсылық
Осы сөзден кейін бірден жүрегіме тыныштық орнап, іштей сыбырлап: «Үш айдан бері іздеп жүрген отбасы осы ғой» дедім. Арадан үш күн өткен соң жалғызбасты анаға және оның алты баласына тосынсый жасап, ерекше салтанатпен үйдің кілтін табыстадық. Олармен бірге қоныстойын жасап, мәре-сәре күй кештік.
Қуаныштан көзі жасқа толған келіншек: «Алла Тағала сіздерге бұдан да үлкен үй нәсіп етсін! Құдай дәрежелеріңізді үстем етсін! Бізге жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын!» — деп риясыз көңілмен ризашылығын білдіріп, тілеулестік ниетін жеткізді. Олардың қуанғанына біз де қуанып, балаша мәз боп тарастық. Біреудің игілігі үшін қуанудың өзі – үлкен сауап.
Алла жомарт қой. Көп уақыт өтпей, кәсіптегі кейбір бастамамыз берекелі болып, біз берген баспанадан он есе қымбат кең үй бұйырды. Ұстаздарымыз «Алла Тағала шынайы ниетпен берген садақаны өз иесіне он еселеп қайтарады» деген насихатын жиі айтатын. Әйтпесе, менде кең үй алатын ақша жоқ еді. Ойламаған жерден табысты болып, қуанышымыз қуанышқа ұласты. Жалғызбасты ананың отбасына қуаныш сыйлағанымыз үшін Алла бізді осындай қуанышқа бөлеген шығар деген ой түйдім.
Құранда «Хадид» деген сүре бар. Осы сүренің 11-аятында: «Кім Аллаға көркем түрде қарыз берсе (дүниесін Алла жолында жұмсаса), Алла оны еселеп арттырады да көркем сауап береді» делінген. Алланың әміріне, яғни Құрандағы осы аятқа амал еткеніме шүкір деймін. Бұл амалымды көпшілікке айтпаймын деп шешкен едім. Сіз өзгелерге ғибрат болсын деген соң өтінішіңіз бойынша болған жағдайды боямасыз жеткізіп отырмын».
Атын атамауды қатты өтінген бауырымыз әңгімесін осылай тамамдады. Біз де бұл оқиғадан көп сабақ алдық. Иә, Алланың разылығы үшін жасалған жақсы істің жақсылығы еселеп қайтады. Оған кейіпкеріміздің басынан өткен оқиға дәлел. Алла пендесін ешқашан тастамайды. Тығырықтан алып шығады. Біз сынақ сәтінде артық сөз бен жағымсыз істен, күнә атаулыдан сақ болуымыз керек.
Жаратушы Иеміздің Құрандағы: «…Кім Алладан қорықса, Алла оған тығырықтан шығатын жол ашады. Сондай-ақ оған ойламаған жерден ризық нәсіп етеді» («Талақ» сүресі, 2-3-аяттар) деген әмірін әрқашан естен шығармаған абзал.
Мұсылмандардың бір-біріне жасаған дұғасы қабыл болатынына күмәнсіз сенуіміз тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда періштелер: «Әмин, Алла бауырың үшін сұрағанды саған да берсін!» дейді», — деген.
Ислам қағидасы бойынша өзгеге жақсылық жасаған адамның өзі жақсылыққа кенеледі. Біреуге мейірім көрсеткен Алланың мейіріміне бөленеді. Жақсы істің қайтарымы – жақсылық. Қуандырсаң – қуанасың, берсең – аласың. Алла осындай қағидамен өмір сүруімізді нәсіп етсін! Әмин!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Фото: islam.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!