Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнермен ғана тыныстаған…

19.02.2026, 6:00 35

Жалғанда мынау құныстау,

Бойыңды қиын тік ұстау.

Өмірден алған өнегем,

Өнермен ғана тыныстау…

Қайырбай  Зәкірұлы.

Әдетте ел ішінде жиі айтылатын «Адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады» деген тәмсілдің ақиқатына тағы бір көз жеткізіп отырған жайым бар. Тегін­де бұл естелік-эссе сонау бала кезден сыралғы дос Қайырбайдың сеңгірлі сексен жылдық мерейтойы (25.02.2025ж) қарсаңында жазылуы керек еді. Ұйғарылған ойдың жүзеге аспауына 2024 жылдың желтоқсан айының соңында бұған дейін Алматы шаһарында арагідік жүздесіп, жиі хабарласып жүрген Қайрекеңе ажал құрығының  тосыннан салынуы басты себеп­кер  болды.

Әлеуметтік желідегі Қайыр­бай дүниеден озды деген суыт хабар жетісімен  ертеңіне жерлес жазушы ағамыз Молдахметті бас қылып, ініміз Ахмет үшеуміз арнайы  көлікпен  марқұмның Қас­келең төңірегіндегі шаңыра­ғына барып, көңілқос айттық. Жерде қар, қыс­тың іші болатын. Кешкі берілетін қонақасының төргі бөл­меге жайылған дастар­қанынан «Қабыл болсын!» деген ишаратпен дәм таттық. Ас қайырып, орнымыз­дан тұрамыз дегенше қиырдағы Қызылордадан, іргедегі Есіктен, Талғардан сау етіп келген жырау Алмас, тележурналист Нұрбек, облыс­тық  музей директоры Сапар, ұста, тәлімгер Дәулет Дәркембайұлы, астаналық Орақ ағаммен  толықты. Көп кідірме­дік. Әртүрлі  себеппен  ертеңгі  жер­леуге қатыса алмадық. Оның есесіне бір айдан асып барып берілген қырық күндік ас мәзірінде Қызыл­ордадан келген Сәпен, астаналық Орақ және Шарапатпен, сондай-ақ жергілікті Қашақбай, жырау Ұлжанмен дастарқандас болдық. Мұндай мүмкіндік шақыру жақтың шалағайлығынан 2025 жылдың желтоқсаны  басында берілген соңғы тамағы саналатын жылдық асында болмады. Әйтсе де, аузын ашса көмекейі көрінетін, ақ жүректі Қайырбайдай асыл дос­тың азаматтық болмыс бітіміне титтей де кіреуке түскен емес. Оңаша қалып, қалам алып, ақ қағазға төгілдіріп сыр ақтарғанда кейінде қалған, өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының боямасыз шынайы көрінісі көз алдыма  тізбектеліп  қайта  орала   берді.

Екінші  дүниежүзілік  соғыстың аяқталғанына небәрі он бес жыл (1960 ж) ғана өткен. Тораптық Қазалы стансасының күншығыс бетіндегі (5-ші квартал) кейінде Кабельная мен Песчанная аталған көшенің қаптаған балалары жас ерекшелігіне қарай топтасып ойнайтын. Ойын қызығына (ләңгі, әйкүл, жасырынбақ, т.б.) тоймайтын шақ. Бірде Бегімбай, Құлыбай, Әбдірахман болып, топтасып тұрған біздің жанымызға асыға басып келген Жанәбіл досымыз жанына ерткен талдырмаш келген бозбаланы «Қайырбай. Ата-­анасы Аралқұмнан көшіп келген. Көршіміз. Енді бірге ойнап, бірге жүретін боламыз» деп қысқаша таныстырды. Біздер су жаңа досымызға ошарыла қарадық. Бет жүзі шырайлы. Ойлы, тұңғиық көзді, орта бойлы. Көрікті. Түрінен (кейінде мінезінен) қоқаң-соқаңдықтың ізі байқалмайды. Сөзі майда. Риза болғанында «Тамаша!» «Ғажап!», «Азамат!» деп қоя­ды. Бойында суретшілік, жыршы­лық  өнері  бар  екеніне  бертін келе қанықтық. Осылайша бойы­на жарат­ылысынан өнер қонған до­сы­мыз  бізбен тез арада тіл табы­сып, тонның ішкі бауындай болып кете барды. Тобымыздың көркіне айналды. Оның  жібек міне­зіне, сан  қырлы  өнеріне (домбыра мен гитара тартқанда алды­на жан салмайтын) тәнті сәтте риза­шы­лықпен «Біздің Қа­йыр!», «Қайрош!» деп еркелететінбіз. Он саусағынан өнер тамған ұста Қоныс­бай  әкесі  мен ақ жаулық­ты Зәпура  анасын  да  көрдік.

Арада жылжып жылдар өтті. Есейдік. Есейгендердің алды бол­ған  досымыз  біз орта  мек­теп­тің  шеңберінен  шиырлап  шыға  алмай  жүргенімізде  Сыр­дың  Аралға құяр  сағасындағылар  үшін  жердің түбі, бір  қиыр сана­латын Алматыға арман қуып, екінің бірінің пешенесіне жазыл­маған, атағы дүрдей Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесі­не өз маңдайы­мен түсіп (1964 ж), дырдай студент атанып келген  қуанышының  куәгері  болдық.  Шаттандық. Сәттілік тіледік. Жазда каникулға келгенде жаны­нан айналсоқтап шықпайтынбыз. Қоңыр кеште ақ шағыл құм төбесіне жиналғанымызда баршамыз­ға көрікті Алматының ақ басты Алатауы мен қарағайы мен қайы­ңы самсаған сұлулығын, ұстазы, суретші М.Қалимовтың әкелік қамқорлығын балын та­мыза айтып, қоңыр түсті гитарасы­мен жастық  дәурен туралы  әндер  шырқайтын. Төңірек біткен құлпырып  сала беретін. Осындай сәтте  «Шіркін-ай!  Қайрош  сияқ­ты біз де Алматыға барып, оқу оқысақ,  арман болмас еді-ай!» деп іштей  қиялдайтынбыз.

Өмір өзен бір орнында тұрған ба, тәйірі?! Арада жылдар жылжып өтті… Әр адамның маңдайға жа­зыл­ған тағдыры, сан тарау өмір жолы  бар. Күні кеше тай  құлындай  тебісіп, ойнап жүрген Әбді­рахман мектеп бітірісімен әскер қата­рына алынды. Оралысымен оқу іздеп, жанына Қоныс досын серік етіп, Ресейдің Саратов қала­сына жол тартты. Нұролла болса Қарағандыдан бір-ақ шықты. Өз басым локомотив депосында жұмыс істеп (1966-1967 ж), әскер қатарына алындым. Онан кейін Алматыға жол тартып, студент атандым (1971-1976 ж). Балапан басына, тұрымтай тұсына заманы туғанда Қайырбайдан амалсыздан көз жазып қалдық. Арагідік достар бас қосқанда «Қайда жүр екен?!» деп сұрастырып қоямыз. Сөйтсек, Қайрекең алдымен көркемсурет училищесін, кейінде КазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ҚПУ) көрке­мсурет-графика факультетін бітірген. Еңбек жолын Байқоңыр қаласында бастап, Сырдың бас қала­сы Қызыл­ордада жалғас­тырған. Осындағы Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда педа­гогикалық институтында (1992-1995 ж) бейнелеу өнер кафедра­сының меңгерушісі қыз­метін атқарған. График суретші мамандығын үнемі жетілдіріп, Сыр-­Ананың ежелгі (Қорқыт ата, Жанкент шаһары, Бегім ана, т.б.) және бүгінгі («Ұлбаланың бақыты» триптихы (1980 ж). (Социалистік Еңбек Ері, көпбалалы ана), «Арал қасіреті», «Теңіз туралы толғау» топтамасы (1982 ж) тақырыбына терең бойлады. Респуб­ликалық, Одақтық сурет көрмесіне қатысып, жүлдегер атанды. Ең шырқау биігі 2014 жылдың 21 қарашасында Қазақ-түркі әлемінің мәдени астанасы Қазан­да 2014 жылдың жабылуына арналған салтанатты іс-шаралар шеңберінде «Қорқыт ата» суреті үшін Қазақ­стан сурет­шілері  тарапынан ТҮРКСОЙ сыйлығының иегері атануы, Татар­стан Республикасының мәде­ниет министрі А.Сабагатуллиннің қо­лы­нан осы мәртебелі сыйлықты алуы еді. Досымыздың екінің бірінің қолы жете бермейтін мара­патты иеленуі сан қырлы, алуан сипатты шығармашылық қабілет қарымының арқасында есімінің түбі бір Түркі әлеміне кеңінен танымал болуы баршамызды қуантып, мерейімізді асқақтатып еді. Әлем дегеннен шығады, сөзімізге тұздық болу үшін қылқалам шебе­рінің философиялық мәнді, кесек бітімді туынды картиналары өзіміз бен Ресейді айтпағанда, әр жылдары Қытай, Жапония, АҚШ, Франция, Португалия, Марокко, Иемен секілді шет мемлекеттер өнер мұражайына қойылғанын еске салған жөн. Сексен жылдық мерейтойы (2025 ж) құрметіне іштей тағылымды көрме ұйым­дастырып жатқандығынан хабардар едік. Әттең, ағамызға ажал тосыннан  құрық салғандықтан үлгере  алмады. Өкінішті-ақ!

Аспанымыз бір, жеріміз ортақ болса да тағдырдың бұралаңды сан тарау жолымен шартарапта жүріп, тірлік еткен (ғұмырымның 45 жылы Жетісудың Қараталында өтті)  өз басым бал дәурен балалық шақтағы  аяулы  да қимас досымды  араға  жарты ғасыр салып (2014 ж) Қазалыда Жанқожа батыр баба­мыздың 240 жылдық мерей­тойында жолықтырдым. Шұрқырыса құшақтастық. Сондағы емірене «Ой, Айналайын! Қалайсың?!» дегені әлі де құлағымнан кетер емес. Үстінде – етек-жеңі кең плащы. Басында – классика­лық  үлгідегі  қара шляпасы. Жүрісі ширақ, сөзі мәнді, күлкісі шат. Сырттай сұрастырып қоятынын айтып, визиткасын берді. «Хабарласып тұр!» деп  ықыласын танытты.

Хакім Абайдың «Асыл адам айнымас» ізімен 2016 жылы телефонмен хабарласып, хал-жағдайды біліскен соң табиғатынан сегіз қырлы, бір сырлы досымның поэзияға деген құштарлығынан хабардар болу мақсатында анасы Зәпураға арналған «Шалқасынан туған Ай» өлеңдер кітабын («Тұмар», 2005 ж.) сұраттым. Меселімді қайтармады. Өзім тұратын жердегі Нұрман досымның Қызылордаға қатынап, вахтада жұмыс істейтін баласы арқылы алдырттым. Зейін қоя, шұқшия оқыдым. Бұған дейін де жырлары облыстық, республикалық газет-­журналдарда («Сыр бойы», «Ақ желкен», «Жұлдыз», т.б.) жарық көрген Қайрекеңнің жыр өлке­сіндегі суреткерлігі мен құлаш сермесі еріксіз тәнті етті. Әсіресе естелік жазбама эпиграф етіп алған «Зілзала заман мұң артыптағы» мына бір «Түскендей отқа, мұзға да, жүрмедік ел деп біз ғана. Ғасырдың соңғы күндері, кітабым шықса жүз дана. Күмілжіп кештеу еккенім, көктемге берер күз баға» деген оқушымен сыр бөліскен жолдары оның сөз зергері – ақындық  талантынан  мәшһүр  етеді…

«Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездеседі» деген қанатты сөзі бар ғой. Бұған дейін ара-тұра телефонмен байланысып тұрған аға дос Қайрекеңді ұзын тартылған теміржолдың бойында, «Семей – Қызылорда» бағытындағы жолаушылар поезы­ның жа­йлы купесінің бірінде жолық­тырғанымды қайтерсің?! Балалардың анасы Айзада екеуміз аталған поезға Үштөбеден отырып, Жетісайдағы Ендібай құда мен Қаншайым құдағидың отбасылық қуанышына ортақтасуға Шымкентке бет алған тұсымыз. Ұзақ жүріп, Алматыға тоқтағанда біраз жолаушы мінді. Солардың қатарында Қайырбай да бар екен. Бір шаруамен поездың мейрамханасына бет түзегенімде көршілес вагонның ашық купесінен нұр дидарын танып қалдым. Емірене амандасып, хал-жағдай сұрастық. Алматыдағы шаруасын аяқтап, елге бет алған сәті екен. Әңгіме барысында балалардың болашағы, шығармашылығының қанат жаюы үшін рухани астанамыз Алматыға қоныс аудармақ ойы бар екенін де айтып қалды. Қол сүйретпесі бар үлкен чемоданынан әсем безен­дірілген, графика кескіндемеден тұратын «Құс жолы» альбомын (Алматы, «Арна-В», 2011 ж) сыйла­ды. Күй талғамайтын ақындығына  жүгініп,  қолтаңбасымен:

«Қандай ғажап уақыттың ағысы,

Қара жолда Қарашамен табысып.

Кіндік қаны Қазалыда толса да,

Қорғап жүрген қазағымның намысын! Алматы, Шымқала, Сарыағаш. Балалық шақты еске ала отырып (25.07.2017 ж.)» деген жүрекжарды лебізімен табыстады. Мына жұмыр  жердің мейманы болған, бойындағы суреткерлік, ақындық өнерімен талай жанның зердесіне сәуле шашқан, көкірек көзін оятқан сан қырлы талант иесінің бұл альбомы мен «Шалқасы­нан туған Ай» жыр жина­ғы – шаңырағымның  баға жеткісіз  құнды  жәдігері.

«Мың шыж-быждан, бір Сіз-біз артық» дейді халқымыз. Қайре­кең ақбоз арғымағымен желдіртіп жетпіс жетіге жеткенінде (25.02.2022ж) «Қазалының ыстық құмына табанымыз бірге күйген, жалаулаған жастығымыз­дың қуа­нышты сәттерін бірге бөліскен Қайырбай досым туған күнің, кие­лі қос жетің (77) құтты болсын! Амандығыңды тілеймін! Досың Қараша» деп құттықтау жолдағаным күні кеше секілді еді. Зуылдаған  уақыт-ай!

Қайта оралмас жастық шақты көбірек еске алған, сағыныш сезімнің жетегімен көміліп кеткен жазбамды Сырдың танымал жазушысы, ақыны Адам Мекебаевтың «Абайдың монологындағы»:

«Келер ұрпақ армысың, болашағым!

Өздеріңмен биікпін, аласамын.

Мен сендердің аузыңда жүрсем ғана,

Маңдайына өмірдің жараса­мын», — деген өлең жолымен аяқ­тағанды құп көрдім. Азаматтарға айтылар, тілдің ұшына оралар ендігі тілек: атағы да, шығарма­шылық мұрасы да бір басына жетіп артылатын, ҚР Көркем­сурет Академиясының академигі, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, жырау, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Қайырбай Зәкірұлының есімін өз туған топырағы Арал мен Қазалыда, еңбек етіп, қанат қағып самғаған Байқоңыр, Қызылорда мен Алма­ты қаласында мәңгі есте қалдыру іс-шарасын (өнер мекемесі мен көшеге атын беру) қазірден ойластырылса, замандастарының естелік кітабын шығаруды ескерсе құба-құп болар еді. Заңғар көктегі көсіліп жатқан Құс жолымен тыныстаған, адамзатты ізгілікке шақырған суреткерлігімен өнерден ойып өз орнын алған оның мұндай құрметке әбден лайық­ты екендігіне өз басым бек сенімдімін. Қайырбай досымның жұлдызы әманда нұр шашып, жарқырай түссін демекпін! Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, Қайре­кеңнің артында қадір-қасиетін ұғынатын халқы, шығармашылық жолын жалғастыратын Аққалидай өнерлі баласы барына тәубе, шүкір  дейміз!

Қараша  ҚАРАМАН,

журналист,

Алматы  облысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: