Өмірін өнер жолына арнап кеткен күйші, қобызшы Махамбет және Раманқұл Әуезовтердің ізін жалғастырып, мәдени мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап жүрген «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблі барша Қазалы жұртына белгілі.
Осы отбасылық ансамбль Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Өнерімен өркендеген әулет» атты шығармашылық кешін өткізді. Бұл туралы Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Шығармашалық кеште аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш құттықтау сөз сөйлеп, отбасылық ансамбльге аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің «Құттықтауын» табыстады.
Концерттік бағдарламада «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблі М.Әубәкіровтің «Наркескен», Құрманғазының «Қызыл қайың», Әлшекейдің «Терісқақпай», Мырзаның «Мерке» күйлерін, С.Әліштің «Батыс әуендері», Е.Кішкенеевтің вальсі «Нұргүл» және Моцарттың «Рондо» және басқа да шығармалар орындап, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл күй мен рухани демалыс сыйлады.
Кеш барысында ансамбльдің жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, Бүкілодақтық, халықаралық, республикалық конкурстарының лауреаты, музыкант, қобызшы Арман Әуезге сөз берілді. Ансамбль жетекшісі бүгінгі күні «Әуезовтер» ансамблінің қалыптасу жолы мен даму тарихына тоқталып, ұлттық өнердің ұлы мұрагері болу үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.
Кешке арнайы келген құрметті қонақтары, аудандық Қорқыт ата атындағы балалар Өнер мектебінің директоры С.Әліш сөз сөйлеп, ансамбльге жылы лебізін білдіріп, Өнер мектебінің атынан «Алғыс хатын» табыстады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!