Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнер – ұлт тәрбиешісі

20.09.2020, 10:00 928

HALYQLINE.KZ

Ой  салу

Өнер – көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы.

Өнер – өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Шығарманың суреттеу тәсілі, құрылымдық келбеті, көркем бейне жасаудың материалдық арқауы өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайды.

Өнердің бір саласы – кино десек, кино актерлердің қатысуымен өтетіндіктен олардың эмоциясы шынайы әрі нанымды болуы тиіс. Көрермендер әрбір кейіпкерді шынайы қабылдап, жан дүниесімен ұғынып, көрсетіліп жатқан көрініске сеніп, илануы басты шарт. Сондай кино кейіпкерлерін өзіне үлгі тұтып, еліктеп, образына сол кейіпкерше сөйлеп, әр сөзін жаттап алатындар қатары да тым көбейіп, кейде тіпті тұтаса келе, ұлт деңгейіне дейін көтеріліп кетуі кәдік. Демек, кино өнерінің әсері жекеленген адамдар түгілі, тұтастай ұлтқа да тигізер ықпалы мол болары анық. Оған Кеңес үкіметі тұсында жарық көрген «Джентльмены удачи» (қазақшасы – «Серілер сәттілігі») киносы жарқын мысал бола алады. Картинаның көрермендерге ықпалының күшті болғаны сонша – онсыз да тым еліктеуге бейім тұрған тұрғындарға, әсіресе, жастарға серілердің түрме жағдайындағы күлкілі іс-қимылдары қатты әсер етіп, жұртшылықтың түрме жаргондарына тым әуестенуіне кең жол ашып берді.

Жасыратыны жоқ, сол кез қоғамын күлдіре отырып әшкерелейтін осыншама шынайы киноға алғашында Кеңестік шенеуніктер «халыққа теріс әсері болар» деген ниетпен көпке дейін көрсетілімге қарсы болған. Кейін сол кездегі Кеңес үкіметінің басшысы Л.И.Бреженев картинаны көріп, ішек-сілесі қата: «Қазір жастар да түрме жаргондарын онсыз да жақсы біледі» деп жұртшылыққа көрсетуге рұқсат берген. Нәтижесінде, картинаны тез арада 65 млн адам қарап, жұртшылық серілердің аянышты өмірінен сабақ алу орнына, теріс жағын өте жылы қабылдады. Яғни, бұл кино сол кездегі қоғамның тәрбиедегі осал тұсын, теріс қылықтарға еліктегіштік қасиетін ашып тастады. Осыдан соң жұртшылық жаппай түрме жаргонына бой ұрып, орыс тіліне зор нұсқан, тоқырау алып келді. Халық арасында орыс тіліне түрме жаргонын араластырып сөйлеу сәнге айналып, тіл қатты ластанып, әуезді орыс тілінің орнын дөрекі тіл алмастырды.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда әлемде өнердің анықтамасын ұмытып, киноның осыншама ықпал жүргізе алатынын мүлде естен шығарып, өз киноларында цензурасыз сөздер, жаргондар, этикасы сақталмаған көріністерді жиі-жиі қолданатын жағдайлар үстемдік ала бастады. Бұл олқылыққа орысша-қазақша сөздердің қойыртпағын араластырып, өте орынсыз қолданатын қазақ фильмдерін де қосуға болады. Мұндай қатал сыннан сахналық көріністер де шет қалмақ емес.

Сайып келгенде, кино түсірушілер мен сахналаушылар «өмірдің көшірмесін жасаймыз» деп, өнер ұғымынан тым алшақтап кетіп жатуы – әрине, өкінішті!

Қазіргі кезде Тәуелсіз мемлекетімізге аса қажетті идеология – ұлттық мүдде мен мемлекетшілдік ақсап тұрған тұста, аталмыш өнер – кино арқылы қоғам рухын көтеріп, елдік ұғымды нық қалыптастыруда шешуші фактор жасауға болады. Оған мысал ретінде, Оңтүстік Корея мемлекетінің 2006-2007 жылы түсірілген «Ханзада Жумонг» атты драмасын алуға болады. Мемлекет құрудағы корей халқының азаттық сүйгіштік рухын дәріптеп, отбасы құндылығына, досына, ұлтына, мемлекетіне деген сүйіспеншілікке толы баға жетпес өнері – қазақ халқы үшін де құнды!

Сондай-ақ, 2006 жылы англиялық жазушы Шарло́тта Бро́нтеның романы желісі бойынша түсірілген «Джейн Эйр» телехикаясын да атауға болады.

Картина қаршадай қыздың қайсарлығын, өмірге деген құштарлығын әділеттілігі мен бостандық сүйгіштігін бейнелейді. Өзіне көрсетілген әділетсіздік пен озбырлыққа қарамастан, Джейн өзінің адамдық қалпын жоғалтапай, қарсыластарын адамгершілік пен шексіз махаббатты ұштастыра отырып, жеңіп шығып, мойындатады.

Қорыта айтқанда, өмірдегі осындай қарама-қайшылықтарды, келеңсіздіктерді жеңу үшін, кино өнерін ұлттық мүддеге сай жіті пайдалану, оқиғалардың дәл көшірмесін емес, тәрбиелік мәніне баса назар аударып отыру – аса маңызды. Олай етсек, адамдарды қоғамда болып жатқан әділетсіздікке, жауыздыққа адалдық, әділеттілік, адамгершілік, сынды адами қасиеттерді қарсы қою арқылы өзіңді, айналаңды, еліңді, мемлекетіңді қауіп-қатерден үнемі сақтандырып отыруда киноның рөлі ерекше артуы сөзсіз…

Олай болса, кино өнерінің ғана емес, жалпы өнер атаулыға да аса мұқияттылық қажет.

Гүлназ  Нұрбайқызы,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: