Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс орталығындағы оңды істер

18.02.2021, 10:30 375

Сырдарияның қос қапталын бойлай қоныстанған қаламыздың бүгінгі келбеті көңілге жұбаныш. Халық игілігі үшін біршама жұмыстар атқарылып келеді. Десе де мұнымен шаһарымыздағы барлық сала көркейіп һәм жергілікті тұрғындардың әрқайсысы «көгеріп» жүр деуге келмейді. Әкімдіктің алда істейтін жұмыстары мен міндеттері көп. Осы тұрғыда, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығында жүріп жатқан жұмыстармен танысып, өз көзімен көріп қайтты. Алдымен шаһар басшысы «Қызылорда су жүйесі» МКК-нің өндірістік техникалық базасына барды. Мұнда өткен жылы «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Жобаны жүзеге асырған «РБ Строй» ЖШС бағдарлама аясында 35  адамды  жұмыспен қамтыған болатын.

– «Қызылорда су жүйесі» 1964 жылы салынып пайдалануға берілген. Сол жылдардан бері осы күнге дейін ешқандай күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген еді. Соған байланысты 2020 жылы «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіл­ді. Ғимараттың іші де, сырты да толық­тай жаңарып, жұмысшыларға қолай­лы жағдай тудырып отыр. Техни­калық база да толықтай жаңартылды. 2020 жылы 549 млн теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда қаладағы су жүйесі мен кәріз жүйесі 80 пайызға жаңарған. Осының әсерінен апатты жағдайлар саны да біршама төмендеді. Бұрынғымен салыстыр­ғанда біз көрсететін қызметтің бағасы да біршама арзандады, – деді «Қызылор­да су жүйесі» МКК-нің директоры Марат Жәмиев.

Қала әкімі мекеме басшысына жұмысшылардың жалақысын уақытылы беруді қадағалау керектігін тапсырды. Сонымен қатар, қарапайым қызмет­керлер­дің жағдайы жасалуын тапсырды. Мекеме арнайы техникаларды да қайта жөндеу­ден өткізіп, жұмыс барысын жүйе­леуде екен. Сондай-ақ,  қызметті арнайы талонмен көрсетіп, цифр­ландыру  жұмыстары  жүргізілген.  Бұл  өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға көмектесетіні анық. Одан әрі қала әкімі қаламызда бой көтеріп жат­қан тұрғын үйлермен танысты. Алды­мен  СПМК-70  тұрғын ауданына ат басын тіреді. Жеке инвестор есебінен бой  көтеріп жатқан  13 тұрғын үйдің  жалпы құны – 8,2 млрд  теңге.  Барлығы 630 пәтерді құрайтын бола­ды. Сондай-ақ, құрылыс жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Одан бөлек, жалға берілетін тұрғын үйлер де салынуда. Дәлірек айтсақ, Сырдария өзенінің сол жағалауында 14 көпқабатты 680 пәтерлік тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл пәтерлерді тұрғындар аз қаражатқа жалға алып тұратын болады. «Үйі жоқ жандарға  қосымша көмек  болмақ» дейді жауаптылар. Әкім жауапты мамандарға сол жағалауда бой көтерген үйді мейлінше тез аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.

– Қызылорда қаласы қарқынды құры­лыс алаңына айналуда. Қазіргі таңда қаламызда 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 28-і бюд­жет­тік қаражаттың есебінен салынып жатыр. Қалғаны жеке кәсіпкерлердің қаража­тынан бой көтеруде. Бюджеттен салынып жатқан үйлерге 18 млрд-тан көп қаражат қаралды. Бұл үйлер 2020 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда 50 па­йызға жуық қаражаты игеріліп, жұмыс­тарының 60-70 пайызы бітіп тұр. Біз алғашқы 14 үйді сәуір-мамыр айларында тапсырамыз деп жоспарлаудамыз. Бұлардың барлығы – арендалық үйлер. Нағыз мұқтаж азаматтарға, тұрмысы төмен немесе көпбалалы отбасыларға беріледі. Ай сайын 3-4 мың теңге төлеп тұра бере­ді. Сатып алу құқығынсыз қанша уақыт тұрса да өз еркі. Ал СМПК-70 тұрғын ауда­нында салынып жатқан 13 үй – несиелік үйлер. Оны банк арқылы алуға болады. Ол үйлерді қыркүйек айында тапсырамыз. Құрылыс қарқыны қаламызда ешқашан бәсеңдемейді. Жұмысты жалғастыра бере­тін боламыз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Құрылыс жұмыстарының қарқыны­мен танысқан шаһар басшысы осындағы жылу қазандығына барды. Ондағы жылу қазандығы сол жағалаудың 32 көп­қабатты тұрғын үйі мен 2 әлеуметтік нысанын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Естеріңізде болса, жылу қазандығы өткен жылдың желтоқсанында пайдалану­ға берілген еді.

– Өздеріңіз білетіндей, қаламыздың сол жағалауында маңызды әлеуметтік нысан­дар мен тұрғын үйлер көп. Сол үшін де арнайы  3 жылдық жоспармен осы жылу қазандығы салынған болатын. Бұл 2019 жылы республикалық бюд­жеттен бөлінген 2,6 млрд теңге қаржының есебінен бой көтерген еді. Бұл – бізде жаңа техно­логиямен салынған үлкен жылу қазандығы. Алдағы уақытта 283 млн теңгеге жылу қазандығындағы қалған жұмыстар толық­тай атқарылатын болады. Оның сол жағалауды толыққанды жылумен қамтамасыз етуге шамасы жетеді, – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакхуатдин  Шамұратов.

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: