Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Нурикамал»: Муза – ұлы махаббат

14.11.2024, 9:20 459

Ұлы істердің артында муза тұрады. Муза – ұлы махаббат. Шығармашылық шабыт өмірдің жаңа тынысын ашады. Өмірде батыл қадамдардың жасалуына, өнерде де ұлы туындылардың жарыққа шығуына махаббат ықпал жасап жатады.

Ернат Байұзақ түсірген «Нурикамал» фильмі – өмірлік негізі бар махаббат оқиғасы. Композитор Тұрдықылыш Ізтаев пен жұбайы ақын Ханбибі Есенқарақызының жеке өмірінен алынған. Композитордың музасы болған Нурикамал бейнесі арқылы көрермен фильмнен нені түсініп шыға алады?!

Тарихта әйел үшін соғыс та болған, қамал да салынған. Әйелге тән әдемілік пен нәзіктік үшін қаншама ер-азамат отбасын да бұзған. Бұл – өмірдің шындығы. Ән де жазылған, мүсін де қойылған, ерлікке де, құрбандыққа да барған. Ер-азаматтар үшін нәзіктіктің құны жоғары.

Өмірде болған кейіпкер Нурикамалдың әйелдік бейнесі фильмде композитордың ғана емес, барлық еркек атаулының есін шығарады. Сүреңсіз өмірлері түрлі түске боялғандай күй кешеді. Әсемдіктің салтанат құру үлгісін көреді.

Күйзелісте жүрген композитордың өміріне көктен күннің сәулесі түскендей сезімге бөленеді. Осы эмоцияларды фильм авторлары өнер адамдарына тән көзқараспен ерекше суреттеген. Фильмнің атмосферасы жарқын. Махаббатқа тән тазалықты, оның адам өміріндегі жоғарғы мағынасын толық ашқан.

Қазақ киносында өз ортамызда жүрген айтулы тұлғалардың өмірбаяндық ерекше оқиғаларын әртүрлі тақырып аясында ашып баяндау танымдық тұрғыдан қызықты әрі өзекті. Түрлі тағдырлы жанды кейіпкерлер өз ортамызда толып жүр. Ізденемін деген режиссер үшін игеретін  тақырып  өте  көп.

«Нурикамал» фильмі – композитордың музасы туралы ғана емес, оның жұбайының әйел ретіндегі ішкі арпалысы мен даналығының көрсеткіші. Күйеуінің шынайы махаббатына құрметпен қарауы, қызғанышын жеңу оңай болмаса да, оқиғадан өзіндік шешім тауып шығуы шығармашылық тұлғаға тән қасиетін ашады. Өнер адамдарының жұбайы болу қашанда оңай болмаған.

Композитордың жұбайы қайта ғашық болған күйеуінің өмірге деген құштарлығының қайта артуына, жаңа әннің тууына себеп болған Нурикамал музасының ішкі әлемін түсінуге өресі жеткен. Ұлы махаббатты мойындау да – ерлік.

Махаббат – өмір  сүруге  деген  шексіз  құштарлық. Табиғаттың  заңындағы  жоғарғы  мағына.  Жүрекке әмір  жүрмейді. Махаббатсыз  күнелту  адамды өсірмейді.  Алға  жылжуға  шабыттандырмайды. Тоқырау  процесі  басталады.  Шынайы  махаббат  сезімі  адамның  эмоцияларының  барлық потенциалын  ашады.

«Нурикамал» фильмі – жаңа әннің туу тарихы ғана емес, күйзелістен көкке қанат байлап ұшқысы келетіндей шабыт сыйлаған махаббаттың жоғарғы мағынасын түсіндіре алған құнды фильм.

Қазақ киносында махаббат тақырыбына арналған фильмдер өте аз. Бұл фильм кеңес дәуірінің кезеңіндегі оқиғаны баяндаса да, бүгінгі күні табиғаты күйбің тірлікпен қатайып кеткен әйел қоғамына нәзіктіктің ер-азаматтың өмірінде алатын орнының қаншалықты маңызды  екендігін  еске  салады.

Гүлзат  КӨБЕК,

киносыншы,  Өнертану  PhD  докторы,  профессор

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: