Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

07.08.2025, 9:20 194

Фобия

Парақорлардың сумаңдаған қолынан қорқам…

Ерекшелік

Ақындардың ақылдылығы сол: ақымақ болып қалудан, алаңғасар болып қалудан еш қорықпайды.

Шәйту

Шәйтуді шайтан есіртеді, кесірі көпке тиеді.

Далақтаған

Жоғарыдан келген бұйрық пен жарлық бар, төменнен келген өтініш пен талап бар. Ортасында көзі адырайған бозөкпе шенді далақтар…

Желі – құдірет

Желідегі жекірген өктем сөздерді естісе, кей мықтылар ауанынан жаңылып, желі шыққан доптай бүрсиіп қалады.

Топ  құрар

Мықты топ құрғың келсе, басында миы бар «құндылар» мен қолында шоқпары бар «жындыларды» қатарыңа қоспасаң, үдеден шыға алмайсың…

Ақылдағы  кемдік

Әркімге айтуға жеткен ақылың, айналаңа тыңдатқызуға жеткен мол ақылың кейде артық ішіп қойғанда өзіңді үйге жеткізуге  жарамай  қалады…

Партократтың  парқы

Өзгелердің босағаларын аңдып, есіктерінен еңкейіп кіріп, табалдырығын тоздырып жүрсе де, өз кабинетінің тұтқасын қайманаға ұстатпауға бар.

Есіктер

Бізде үлкен-үлкен мәселелер «Ашық есік» күндері талқыға салынып, өткір-өткір ой-пікірлер айтылудай айтылады. Бірақ соңғы шешімдер есігі жабық кабинеттерде қабылданады.

Милау

Милау десе милау! Қарап отырмайды, ананы айтып, мынаны айтып, миыңды жеп, су қылып отырады.

Парақордың  жасы

Парақорлар да ұзақ-ұзақ жасағысы келеді. Сондықтан да алған параларын жақсы демалуға, алыс-жақынға серуендеуге, шипалы ем алуға жұмсайды…

Шау  тартқанда

Кейінгі кезде әйелің тым-тым ақылды болып бара жатқандай боп көрінсе, оның ақылының тасқаны емес, өзіңнің шау тарта бастағаныңнан екендігін біл…

Бүгінгі  озаттар

Шегірткеше шырылдаған әншілер мен жылтың қаққан әнжілер озып тұр.

Жетімдік  синдромы

Сары ауыз ұрпағының орысша былдырлап, ана тілінен жерініп жүргеніне де қуанатын жетімкөңіл қалтақбастар…

Кем  тұтпа

Өзіңді-өзің өзгелерден кем тұтсаң, басқалардың бәрінің сенен артық екенін мойындағаның.

Қисықтық

Кейбіреудің бойында қисықтық бар. Кейбіреудің ойында қисықтық бар.

Өсім  бар

Адамдардың марапат алуға деген талабы жылдан-жылға, айдан-айға, күннен-күнге өсіп барады…

Азамат  болар  деп  едік

Алаштың айбынды азаматы болар деп едік, оған дарыны мен қарымы жетпеді. Аймақтың азаматы болар деп едік, басшылық шалымы жоқ боп шықты. Ауданның азаматы болар деп едік, ой ауқымы олақ боп шықты. Дегенмен, ауылдағы аталас-руластарының айқайшысы болып тыпыңдап тірлік қылып жүр.

Жағдай

Бізде барлық жағдай жақсы-ақ. Бірақ та жетіспеушіліктің ақыретін көріп жүргендерден аяқ алып жүре алмайсың.

Озып  туған

Бұрынғы қалтаң-құлтаң еткен сары тіс жағымпаздар қазіргі көзіңді бақырайтып қойып өлеңдетіп, әндетіп, бұлбұлдай сайрайтын жас жағымпаздардың қасында жіп есе алмай қалды.

Екі  сыбаға

Қасынан қатыны бір елі қалмайтын қайраткерлердің сыбағасы – екі кісілік: өзіне шапан-тон, қатынына орамал, камзол…

Партия  қалаулылары

Депутаттар партияның арқасында нан жей бастағалы, қара халықтың қамын жеуді, халық үшін қызмет қылуды біржолата қойды. Сондықтан да оларды «Халық қалаулылары» деп атауды қойып, «Партия қалаулылары» деп атасақ жарасымды.

Тамшылар

Кейбір жайсаңдардың ойларынан жыр тамшылайды. Кейбір жандардың ойларынан сыр тамшылайды. Кейбір адамдардың ойынан мұң тамшылайды.

Қомағайлар

Ен даланы қоршап алып, менікі деп жатыр. Айдын көлді иеленіп алып, өзімдікі деп жатыр. Мұзарт тауды, етегіндегі орман-тоғайды жекеменшіктеп, бұл біздікі деп жатыр…

Жауыр  болған

Кей газеттер бір қайраткерсымақтар туралы жылдар бойы айналып келіп жаза беретіні сондай – біздің аймақта жүз мыңдаған адам емес, жүздеген ғана санаулы адамдар өмір сүріп жатыр ма деп қаласың…

Айтқаны  дұрыс  сияқты

Түрлі-түрлі қызмет атқарған оның қоп-қораш ой-өрісіне қарап басыңды шайқап отырғаныңда, ана бір құрдасыңның: «Өй, әкім қылып тағайындап қойса, сен де атқара аласың» деген қыжыртпа сөзі шын екен-ау деп сене қаласың…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі.

Арал  қаласы

(Соңы.  Басы  өткен  сандарда.)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: