Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

31.07.2025, 9:00 277

Адалдықтың  айнасы

Адалдығыңды дәлелдеп көрсетудің керегі жоқ. Адалдық өзінен-өзі-ақ сезіліп  тұрады.

Сұрақ  пен  жауап

Кейде жауап беруден гөрі сұрақ қою әлдеқайда қиынырақ болады.

Пошымдар-ай

Жоқшылықтан адамның кескін-­келбетінің бұзылатынын білетін ек, енді кекірік атқан баршылықтан бұзылған  пошымдарды  көре  бастадық…

Анық  уақыт

Достарың да, жауларың да ең соңғы сәтте ғана  анық  белгілі  болады.

Қағидат  жоғалғанда

Қағидатсыз қоғам, қағидатсыз өмір, қағидатсыз орта – ақ пен қара­ны  айырудан  қалады.

Қателік

Ақылдылар өте аз. Сондықтан да ақылдымсығандарды да ақылды екен деп ойлап  қаламыз.

Естің  шегі

Әйелдің естілігі тар төсекке де­йін-ақ…

Былшыл

Қайталама, көбік сөз көбейсе, былшылға айналады.

Жарты  Құдай

Әкімдер де жұмыр басты, жақсы-­жаманды пенде ғой. Алайда жамыра­ған көп жағымпаз жағы-жағына тимей мақтап, жарты Құдайға айналдырып жібереді.

Бюрократтың  отырысы

Мәселе шешетін адам сияқты боп қомпиып отырған соң маңдайыңды тіреп бара қалсаң, мәселеңді шешпек түгілі, шиеленістіріп беріп сандалбайға салып қарап отырады.

Қиындықтан  құтылу  жоқ

Талапсыз болсаң, көретін күнің қиын-ақ. Талапты болсаң, көретін күнің  қиынның  қиыны.

Адалдықты  жоқ  қылған

Әлемде адалдық жоқ екенін ең әуелі әулиесініп жүрген әдемі жаман  ағаларың  танытады.

Сұңғыла  сумұрын

Ол – қойнындағы әйе­лінің ғана емес, маңын­да­ғы әріптестерінің ғана емес, үлкен үйдегі әкім­нің де не ойлап, не пішіп отыратынын білетін  сұңғыла.

Шәкәрімше  тон  пішу

Әкімнің  жаманы болмас, жаманнан  аманы  болмас…

Мәтел  боп  тілге  оралған  ой

Жаман соқа жер бұзар, жаман қатын  ел  бұзар.

Жартыкештер

Жартылай қазақ, жартылай орыс… Жартылай діндар, жартылай атеист… Жартылай ғалым, жартылай надан… Жартылай шыншыл, жартылай суайт…    Жартылай данышпан, жартылай жарымес… Жарты шеке… Жарты бас… Жан-жағымызда жосыған жартыларды жатырқамай, жатсынбай жығылып-тұрып  жүріп  жатырмыз…

Бет  қалмады

Бір-бірімізді ертелі-кеш мақтай-мақтай, бір-бірімізге тура қарайтын бет  те  қалмай  барады.

Біздер  бірдейміз

Барлық  жұртта  біздер сияқты:  жақсысы бар, жаманы бар; парақоры бар, жалақоры бар; тентегі бар, тектісі бар; Ыбырайы да бар, сұмырайы да бар…

Еркектің  түрі

Бас жібін қатынына беріп қойған кіржік…

Кішкентай  адам  туралы  кішкентай  өлең

Жүр кішкентай бір адам,

Алладан медет сұраған.

Маңдай тері тамшылап,

Аз-маз дүние құраған,

Жүр кішкентай бір адам.

Қорлық

Қорқақ басшыдан артық қорлық жоқ.

Жасырынбақ  өмір

Біреу кемшілігін жасырып жүр. Біреу келіншегін жасырып жүр. Біреу келешегін жасырып жүр… Өмір жасырынбақ  болып  бара  ма?

О,  заман-ай

Бір-екі үйің болмаса, бір-екі көлігің болмаса, бір-екі қатының болмаса, бір-екі медалің болмаса, қатардан қалдым дейтін заман туған сияқты…

Ұйқастың  мәні

Ұйқас – өлеңнің ең басты шарты. Бірақ ақын ұйқас қуалап жаза бастаған кезінде ақындық әлеуеті божырап, өлеңі өлең болудан қалады.

Қайсысы  артық?

Қолынан ештеңе де келмейтін оқыған адамдар бар. Қолынан бәрі де келетін оқымаған адамдар бар…

Омыраушыл  ақын

«Мен орденді ақынмын!» деп омыраула­ған   ақын – рухани  құлды­рау­дың  шегі.

Қыз  бен  жігіт  қиялы

Қыздың қиялы қыр асып қияда жүрсе, жігіттің қиялы жотаға жете алмай  жығылып  қалады.

Қайдан  шыққан  әдет?

Ханды да мақтамаған халық едік. Биді де мақтамаған халық едік. Төрағалар мен хатшыларды да мақтамаған халық едік… Әкімдерді ауыз жаппай жабыла мақтауды қайдан шығарып  алдық?!

(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)

Ерғали  АБДУЛЛА,

Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі.

Арал  қаласы

Карикатура ашық дереккөзден алынған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: