Ерғали АБДУЛЛА
Жарасар түр
Әркімнің түр-сиқы, жүз-келбеті әртүрлі: біреулерге мұңданған жарасады, біреулерге сұрланған жарасады, біреулерге көзі қызарып, тілі ұзарып долданған жарасады…
Ақымақтың алды-арты
Ақымақ адам барарда алдын ойламайды, қайтарда артын ойламайды.
Комедия қайда деме
Кішкентай жүректі, қораш тілекті адамдардың үлкен-үлкен қызметтердің құлағын ұстап отырғанынан асқан комедия жоқ шығар…
Әкімдер ауысқанда туған ой
Бір топай бет кетті. Бір топай бет келді. Қасқа халық бәріне де көнді.
Қашақ
Сайлануын сайланып алып, енді сайлаушыларынан қашып жүр.
Табиғат тынысы
Қара аспанды қақ айырардай ұлы дүрсілінің көп болғандығы сондай – жүрегі ұшып кеткен сұрқай бұлттар бедірейген күйі жөңкіле қашып, бір тамшы да жаумай кетті.
Жасық
Жұртқа тура қарай алмайтын жасық көздің жылымшы сөзінен туралық күтпей-ақ қой…
Бүгінгі әйел
Қартайған сайын шашы қысқарған, басы қызғыш-сары тартқан кейуаналар…
«Салықшыл»
Ыңыранып отырып, күңіреніп отырып, ырсиып отырып, тырсиып отырып қызметке алуын алады. Сосын мойныңа бұлтартпайтын «салығын» салады.
Құтырған құртаңдар
Жастарға дем берейін деп жақсы сөз айта қалсаң, «Біздер ше?» деп жағаңа жармаса кететін кәрі-құртаңдар неге көбейіп кеткен?
Кемдік
Бойыңда кеңдік болмаса, ойыңда кеңдік болмаса, ол да бір кемдік.
Кім тойды?
Халықтың ырзық-несібесін жылдар бойы жегендердің арасында «Тойдым» деп тоба қылғандар бар ма екен?
Сұлулық сыры
Асқан сұлулықта астамшылық бар. Ең нағыз сұлулық – қарапайымдылық.
Жасыру
Езуді көпіртіп үнемі тек қана жетістіктерді аспандата айта беру жетіспеушіліктерді жасыру сияқты болып көрінеді.
Газет
Сынсыз газет – құнсыз газет.
Мүддесіз орта
Ішетіндер іше берсін. Ойынпаздар ойнай берсін. Тойлайтындар тойлай берсін. Алатындар ала берсін. Беретіндер бере берсін. Жаман сақалдар сапсия берсін. Қара қасқалар қасқия берсін…
Тыныштық тылсымы
Кейде айналаңдағы жым-жырт бола қалған тыныштық тыныштығыңды бұзады.
Жастар қайда жүр?
Әр келген әкімді шалдар қуана, қолпаштай қарсы алады. Кетерінде ақ батасын ақтарыла беріп алқалап шығарып салады. Жастар қайда жүр?
Марапатсыздық
Жағына да алмайтындар, шағына да алмайтындар бұл жолы да кеуделеріне ештеңе тағына алмай қалды.
Бұл да саясат
Басына пайдасы бар жиналыстан қалмайды, халқына пайдасы бар жиналысқа бармайды…
Ұялыс
Білімсіздердің ортасында білгеніңді айтуға ұяласың…
Жайлылық пен жайсыздық
Жайлы мектептер ашыла бастағалы, бұрынғы мектептер өздеріндегі жайсыздықтарды сезіне бастады.
Іздегені табылмай
Табылмай өмір бойы іздегені, кемпір болып қалыпты қыз дегенің…
Шек
Дүние-ғалам шексіз. Шексіздігін саралауға санаң жетпейді. Ал ғаламдағының бәрінің бір шегі бар. Бұл санаңа қонады…
Денсаулықтың жолында
Денсаулықты дарулы дәрумендер ішіп дұрыстап алғысы келетіндер өте көп. Қанша болса да сатып алуға бар. Ал нағыз дәрумендер тегін-ақ: олар – таза ауа, күн сәулесі, жаяу жүру…
Даудан соң…
Даудыраған дулы даудан соң, басы бар адам басылар, басы жоқ адам шашылар…
(Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!