Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

31.10.2024, 9:20 113

Боянған  қыз  бет  жуғанда

Көп бояудың астынан бір сұлу қыз шыға келсе деп үміттене қарап тұрасың…

Біздің  той

Ішіп алып билейтіндер өкіртіп билеп жатыр. Ішіп алып сөйлейтіндер көпіртіп сөйлеп жатыр. Ішпейтіндер іші кеткендей сүмпиіп-сүмпиіп сүдіні қашып отыр…

Енді  қайтейік?

Білгіштер  көп,  білімпаздар аз.

Көптің 

аты  –  көп

Шенеуніктер армиясы көп болғандықтан ба, бізде армиядағыдай ұрандату, дабылдату көп.

Құрбандық

Әр адам – өз кемшіліктері мен қателіктерінің құрбаны.

Шалағай  діндар

Жұмысы жоқтықтан жұмаға баруының өзін үлкен жұмыс көріп, аузын толтырып айтып қақсап отырады.

Орғытатын  орта

Өз ортаңды таба білгеннен гөрі белгілі орталарға кіре білген артық. Сол орта сені әдібұлаққа жеткізбесе де, сияпатты сыйлықтарға, мансаптық өсу баспалдақтарына қарай жетелеп әкеледі. Тек басың изеулі, аузың мақұлдауда болсын.

Қалың  бет

Киелі сөз өнерінің айналасындағылардың арасында да айбарлы, аталы сөз түгілі, әншейін айтқан сөзің өтпейтін қалың беттер болады екен.

Аяп  кеттім

Жабырқау сәтінде жанында тұрып жылы сөз айтатын бір жанашыр тілеулес досы жоқ.

Адам  басына  бір  атақ

Атақтардың, орден-медальдардың, төсбелгілердің көбейіп кеткені сондай – алдағы бір-жар жылда бас-басымызға бір-бір атаулы марапаттан жететін түрі бар.

Қыздай  жігіт

«Өзі бір қыздай жігіт екен» деген сөз ер жігітке айтылған мақтау ма әлде қаралау ма?!

Жалғасы  бар

Әлеуметтік желіге желдірмелетіп пост салу еріккеннің ермегі емес. Одан соң улап-шулап, абдырап-дабырап посты алып тастау деген пұлдамалы жалғасы бар…

Жаман  әдетім

Басымнан сипағысы келгендер көп болған. Бірақ басымнан сипатпайтын кер мінез, жаман әдетім кежегемді кейін тартады да тұрады.

Реніш

Бір өңірлер өндірісін дамытып, бір өңірлер руханиятын аспандатып, бір өңірлер адами әлеуетін күшейтіп жан-тер боп жүр. Ал біздің жақтағылар он шалдың ізінде мерейтойлатып ән салып жүр.

Ұлы  аңсар

Біздің де билігіміз білікті, ел-халқымыз қарекетті, рухымыз асқақ, кеуделеріміз шалқақ – төрт құбыламыз түгел болатын күн болар ма екен?!

Солай  екен

Жағы сақылдаған, бәрін мақұлдаған жағымпаздар көбейгенде, «мен, мен, мен» деп шайтанша тақылдаған жалған көсемдер пайда болады.

Жеңілістің  басы

Адамның өмірдегі ең басты жеңілісі – өзін-өзі жеңе алмаудан бастау алады.

Білім  дегеніміз  не?

Білім дегеніміз – сессиядан өту, тест тапсыру, балл жинау деп қана білетін түсініктен ұзай алмасақ, әзір біз үшін білімнің ауылы алыс…

Сапырылыс

Шапан кие алмай қалармын деп шалдар сақалын сатып жүр. «Алғыс хат» ала алмай қалармын деп жастар қатты сасып жүр…

Өзгерген  қызғаныш

Бұрын әйелдер сал-сері күйеулерін жас арулардан қызғанатын. Қазір бетіне бес елі опа-далап жаққан кемпір-сампырлардан қызғануға мәжбүр болып жүр…

Қағаздағы  өмір

Қағаз бетінде бәрі дұрыс, бәрі орнында, бәрі ғажайып, бәрі керемет. Сондықтан да сол қағаз бетінде жайлы өмір сүргің келеді…

Ақшаның  ақылы

Ақшадан ақылдыны көрмедім. Келейін десе келер жолын тауып, ала қоржыныңды тоқ қылады, кетейін десе кетер жолын тауып, бар дүниеңді жоқ қылады.

Алмағы  бар,  салмағы  жоқ

Кей «мықтылардың» мемлекеттен алғаны көп – атақ та алған, марапат та алған, сыйлық та алған, алғыс та алған… Ал мемлекетке бергені дегенде, ауызды қу шөппен сүртуге тура келеді…

Дамыпты

Үлкен қалаға бардық. Армансыз араладық. Сауда дүкендері мен сауна нүктелері қарқынды дамыған екен.

Бұл  да  жау

Әкімнің жауы – әлеуметтік желі.

Халықтың  аты

Халықтың бір аты – Құдай, енді бір аты – тобыр…

Ақиқат

Келеріңді білмейсің, кетеріңді білмейсің. Бір білерің тек қана мәңгі өмір сүрмейсің…

Таңданыс

Сүңгуір тұмсық мына біреу «Бата бер», «Дауыс бер» деп қолын жайып отыр. Бұлар екі сөз айтса, біреуі «бер» болып келетіні несі?

Дәлелдеп  кетті

«Қазақ байыса, қатын алады» деген мәтелді басқа-басқа емес, қатардағы бір сантехник әбден дәлелдеп кетті…

Ертегішіл

Қиял-ғажайып ертегілерді бұрын ата-әжелеріміз айтатын, бүгінде ел алдына шығып тамсанып әкімқаралар айтатын болыпты…

Кетеуі  кеткен  сүдіндер

Еттері әбден үйреніп кеткен. Көн беттері күреңітіп бұзылып кеткен…

Асырандылар

Билік өз асырандыларын ауыстырып отырады. Бұрын ақын-жазушыларды асырап келіп еді, енді блогерлер мен «бұлбұлдарын» асырауға көшіпті…

Жағам  десең

Бастыққа бере білсең жағасың, әріптеске күле білсең жағасың…

Өзін-өзі  зарлатқан

«Жақыным» деп, «жалғызым» деп тұқым-теберігін топылтып жұмысқа алған еді. Енді шеке тамыры тырысып: «Қолдарыңнан мырық та келмейді» деп, жерден алып, жерге салып зарлап отыр…

Көбік  өлең  көбейгенде

Күпсітіп көп мақталған мүйізі қарағайдай ақындардың құр көбік өлеңдерін оқи-оқи аяғында аузым көпіре бастады… Өлеңнің құдіретті нәрін сезінуден қалдым…

Ротация

Жұмыс істемейтін можантопай бастықтарды басынан сипап, жылы орыннан жылы орынға жылжытып отырудың бірден-бір әдемі жолы.

Періште  «әумин»  демесін…

Сөйлеген әр сөзін «Өтірік айтсам, өліп кетейін» деп бастайтын кей адамның ләббайына көктегі періштелер «әумин» деп қалмасын, ал «әумин» деп қалса, сол күні сол кісінің жаназасында сапқа тұрар едік…

Баспасөздің  сиқы

Біздің баспасөздің таңдай қаға тамсанып, тау тұлғалар деп даудырай жазатын кісілерінің дені – кеңестік заманның бірінші хатшылары. Партияның нанын жегендер шеттерінен сондай қайраткер болса, компартия мен кеңес өкіметі әлі де мызғымай төбемізде теңкейіп отырар еді, ал олардың келмеске кеткені қашшан… Ал біздің баспасөздің басы қорытпайды, жағы ауырмайды екен…

Мұқтаждық

Жас алпыстан асқан соң, ана жақты бір ойлап, мына жақты бір ойлап, көңілге мың мұқтаждық кіреді. Бұл мұқтаждық өткен күннің жоқтарынан өріліп, бұл күнгінің тоқтамына тірелген соң туып жатқан сияқты…

Жауапсыз  тірлік

Бұрын адал жұмыс істемесең, бағаң түсетін. Қазір адал жұмыс істесең, басыңа бұлт үйіріледі де жүреді…

Бұқпантай  орта

Анау бір сәтте анау бұғып қалды дейміз. Мына бір сәтте мынау бір бұғып қалды дейміз. Солай деп кеудеңді көтеріп жағалай қарасаң, жан-жағыңдағылардың бәрі де бұғып жүргенін көресің…

Біздер

Балықшыдан басқа адам көрмеген, балықтан басқа тамақ жемеген ауылдың балалары едік…

Кімді  оятамыз?

Халықты оятамыз деп әуреленіп жүргендерді көремін. Халық оянар-ау, әуелі қалғып жүрген зиялы қауымды оятып жіберу керек сияқты…

Біле  біл

Кедей болатын адам бардың қадірін білмейді. Жалғыз қалатын адам жардың қадірін білмейді.

Өзгеріс

Таяқ лақтырсаң, ұрыға тиетін заман болды.

Кеңестердің  кескіні

Түрлі-түрлі кеңестер,

Кеңес толы мәңестер…

Алтын  өзек

Бұл дүниенің, пәни жалғанның, тырбанған тірліктің алтын өзегі – қарыз бен парыз.

Қала  өмірінің  бір  суреті

Орысша сайрағандардың, орысша ойлағандардың, орысша тойлағандардың ортасында қабағы түсіп, қамығып қара сақал қазақ отыр…

Тағдыр

Тасмаңдай тағдырын жеңген айбоздар аз-ақ. Талайлы тағдырға көнген қайманалар қай-қайда да қаптап  жүр…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы  өткен  сандарда. Жалғасы  бар)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: