Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

17.10.2024, 9:20 172

Адам ойы әмбебап
Ойын-сауықпен, күлкі-даурықпен өткен ойсыз күндеріңнен соң да ойдай-ойдай ой түйіп отырасың…

Селфи берер артықшылық
Селфилеткен адам суретте бір артықшылыққа ие болады. Өйткені жанындағы кісі қандай атақты, қандай танымал, даңқы дүниежүзіне жеткен тұлға болса да, суретте селфишілдің артында, екінші планда сүмпиіп тұрады.

Қайнампаз
Кішкентай кабинетінде ертеден кешке дейін келгенге де, кеткенге де дызылдап қайнап, жүйкесі жұқарып отырады. Болмашыға да, толмашыға да ыстығы көтеріліп күйіп-пісіп отырады. Оның үнемі қайнап тұратын жүйкесіне түскі асты пісіріп алуға болатындай көрінеді…

Ақымақ сұрақтың анық жауабы
Той басқарып тұрған теке сақал, әңгүдік асаба: «Әйелінің көзіне шөп салмаған жігіттер ортаға шықсын» деп еді, тұқшаңдап төрт еркек қана шықты, қалғандары орындарынан қозғалмады…

Дамыған сала
Бізде ең жақсы дамыған сала жұлдыз өндірушілер сияқты. Қандай-қандай жылдар болса да, толас таппай үнемі жап-жаңа жұлдыздар легін еш тоқтаусыз жасап беруде!..

Бағалау мен сағалау
Нық жігіттер адал, арлы адамдарды бағалай біледі. Сұм жігіттер керек адамдарды сағалай біледі.

Ақындар
Уақытпен ғана «үндесіп» жүрген ұпайы түгел бұқпай ақындар бар. Болашақпен ғана тілдесіп жүрген тұқайы түрен тұлпар ақындар бар.

Мысың биік болсын
Біреуге аяғыңды бастырсаң да, аузыңды бастырсаң да, мысыңды бастырма!

Мешел тұлға
Бір қараға жетер зиялылығы да бар сияқты. Бір қораға сыймайтын зымияндығы да бар сияқты.

Өзгерген айтыс
Бұрынғы айтыстардан елдің жайын естіп, егіліп жылап қайтатын едік. Бүгінгі айтыс­тардан буын-буының босап, ішегің үзілгенше селкілдеп-селкілдеп күліп қайтасың…

Тамсану
Еңсесі биік халықтар бар. Ешқашан елпілдемейді. Ең аяғы билегендерінің өзінде иілмейді, бастары қайқиып жүреді. Үйде де, түзде де итіңдеп, иіліп-бүгіліп, иығы түсіп, иіні салбырап жүргенін бір көрмейсің.

Тозған тұқым
Арғы тегі айбынды, тұғырлы тұқымы жақсы еді. Қарасирақтарын орыс мектебіне оқытып, бәрін қуартып, құртып алды.
Жағымпаздар
ортасында
Анда да, мында да бұл­бұлша сайрап отырған біраз адамның тілін кескің келеді, езуін тілгің келеді…

Бару мен қайту
Дүркіреген дүрлеріміз қаһарына мініп, тау қопаратындай боп балпаң-балпаң басып кетіп еді, пошымдары қашып, түрлері адам қорқатындай болып жалтаң-­жалтаң қарап жарбиып-жарбиып қайтып келді.

Тура сұрақ
Баю үшін өз Отаныңды, өз мемлекетіңді тонауға бола ма?

Ел-елдің салты басқа
Біздің жақта алпысқа аяқ іліктірсек, қартайдым деп, шал болдым деп, ана жақтың қамына кірісе бастайды. Ал бір елдерде алпыстың асқарында жарқын, жасампаз өмірлері енді-енді басталып жатады.

Бір мекемеде
Мәселе шеше алмайтын Мырқымбайлар… Мақтануды ғана білетін Тырқымбайлар… Айналасында жырқылдаған Жыртыңбайлар…

Соттар
Біреулердің айыбын тауып айғақтап отырып сот соттайды. Біреулерді халықтың қарғыс-наласына ұшыратып уақыт соттайды.

«Мінез»
Өмірде мақсат-мұратыңа жету үшін мінез керек дегенді естіген кейбір жарты шеке есерлер есерлігін тіпті өрші­тіп барады.

Тұрыс
Игі жақсылар иіліп тұрады. Тегі жамандар түйіліп тұрады.

Жиналысшылдың портреті
Жылдар бойы жиналыстарда отыра-отыра бұттары жиналмалы қоларбадай боп тоңқиып қалыпты…

Жол тапқан
Өнерде, өлеңде өрлеу жолы болмағандар енді өр басындағыларды мақтап, мадақтап, одалап, опалап өрге апарар баспалдақтардан орын ала бастайды.

Төс қайқитқан
Түрлі-түрлі топан төсбелгілерді сатып алып, төсі қайқиып жүргенін-ай…

Меншікті іс
Кітап оқу – кітапханашылардың ғана ісі, балаға ие болу – мұғалімдердің ғана ісі, тазалық сақтау – көше сыпырушылар­дың ғана ісі, иманды болу – молдалардың ғана ісі… боп қалып бұқшиып, тұқшиып жүріп жатырмыз…

Шаршатқыш
Аһылап-уһілеп қойып өзі ғана шаршап қоймайды. Сол шаршағанын қайта-қайта айтып өзгелерді де шаршатады.

Қаптаған ақын
Шөп те өлең, шөңге де өлең болған шөпшіл заманда селеубас, жантақбас, бақбақбас қалтақ бас ақындар арамшөптей қаптап кетеді екен.

Ата-ене
Келін келгенше жыбырлап жүреді, келін түскен соң, бір-біріне сыбырлап жүреді.

Еркектану сатылары
Әйелің әуелгі жылдары қайда барып, қай «суаттан» келгеніңді иісіңнен таниды, жүре-бара жымыңдаған күлісіңнен таниды, кейін алақтаған жүрісіңнен анадайдан-ақ таниды.

«Бақытты» жаратылыс
Ең «бақытты» жаратылыс қаз-үйрек пе деймін: суда жүзіп-сүңгіп жүреді, құрлықта балбаң басып жүреді, көкте қалықтап ұшып жүреді.

Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: