Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

10.07.2024, 9:20 333

Жасанды  сұлулық

Кимелі шаш, ілмелі кірпік. Салмалы тырнақ, сызбаланған қас, боялған ерін мен бет… Әйелдердің өзінікі дейтіндей сұлулығы жылдан-жылға азайып бара жатыр… Бара-бара еркек тамсанатындай ештеңе қалмайтын сияқты…

Талапты  ер

Бастықтың орнын басатын баспалдақтармен жүріп келеді…

Жүрек  деп

Жүрек қартаймайды деп жалмаңдап қойып бұл қырқылжың неме уыздай бойжеткендерге сүзіле қарап жүректерін ұшырып жүр.

Депутаттыққа  жол

Халықтың қамын жегендерге депутат болу – орындалмас арман, биліктің нанын жегендерге – беріледі қолдан…

Білімсіздіктің  қаупі

Жеке адамның білімсіздігі де, топ адамның білімсіздігі дәнеңе де емес, ең қауіптісі – биліктің білімсіздігі…

Безбүйрек

Оның тілінің өткірлігі сондай – жүректерді алмаспен тілгендей қансыратып келеді…

Шаршаған  ақындар

Арақтан шаршаған ақындар мен махаббаттан шаршаған ақындардың зарына қазір өмірден шаршаған ақындар мен өлеңнен шаршаған ақындардың гөй-гөйі қосылды.

Кәсіп  пен  нәсіп

Біздегі көп кәсіпкер жатпай-тұрмай кәсіп істеудің орнына үкіметтен қайтарымсыз грант алуды нәсіп етіп жүр.

Күншілдік  ауруы

Кіл күншілдер арасында жүре-жүре бір күндері сен де біреуді күндеп отырғаныңды аңдамай, солардың қатарына барып қосыласың…

Сөйлегенде…

Біреу мұрын астынан міңгірлеп сөйлейді. Біреу таңдайын тақылдатып сөйлейді. Біреу көмекейімен қылғынып сөйлейді. Біреу ерін ұшымен ғана сөйлейді. Біреу бар жүрегімен ақтарыла сөйлейді…

Кемтұлға

Билік жағынан алған бума-бума Алғыс хаты, халықтан алған қыруар қарғысы бар…

Безгелдек

Жылына бір атақ алмаса, ел қатарлы жүре алмайтындар бар.

Қуана  біл!

Біреуді жақсы көргенің үшін қуана біл! Біреу сені жақсы көргені үшін қуана біл!

Бассыз

Басы жоқ болса да, басшы боп, аяғымен жер-дүниені шаңдатып шарлап жүр.

«Қылмыскер»

Көп адамның мойнында төбесінен дәл түсіп ұстап алмасаң, ешқашан мойындамайтын бір-екі «қылмысы» болады…

Есерсоқ

Тамақ  десең, жегісі  келіп  тұрады. Сұлу  қыз  десең, көргісі  келіп  тұрады. «Ойхой,  Дубай!»  десең,  барғысы  келіп тұрады. Біреудің  қолынан  бірдеңе  көрсе, алғысы  келіп  тұрады. Көрпе-көпшік  көрсе, жатқысы  келіп  тұрады. Мылтық  көрсе, оқ салып  айналасындағыларды   атқысы   келіп  тұрады…

Қатынның  түрі

Өзі  болған,  өзі  толған, байы  жоқ  бай қатын…

Дарындар

Халық бағалай алатын дарындар бар. Халық бағалай алмай, қас шеберлер ғана бағалай алатын дарындар бар.

Күнәһар  ой

Кейде қоғамда емес, түрмеде әділдік бар ма деп ойлап қаласың…

Уақыт  өзі  апарады

Біреу жетпіске қарай, біреу сексенге қарай, біреу тоқсанға қарай кетіп бара жатыр. Ал біреулер мәңгілікке қарай кетіп бара жатыр.

Құйынды  кезең

Көнсең – көндің, көнбесең – күлдік сайға лақтырып тастайды.

Ноқайбектер-ай

Бір ноқайбек бір ноқайбекті ауыстырды. Бұл ноқайбек ауылды одан әрі ауыш қылды.

Үндеу

Жағымпаздар, жиналыңдар! Жақтарыңды сақылдатыңдар. Таңдайларыңды тақылдатыңдар. Танауларыңды бақылдатыңдар. Алақандарыңды шапылдатыңдар. Жаман тондарыңды жалпылдатыңдар. Қылқай мойындарыңды қалтылдатыңдар.

Жаңа әкім келе жатыр…

Сынсыз  ортада

Біздің өмірімізден сынның кеткені сондай – алда-жалда бір сын айтқанды ел болып, халық болып тышқыртып, тырағайлатып, тысқары шығарып, қу  құмалағы  түскенше  қууға  әбден  қалыптасып  қалдық.

Тірлігіміз  осы

Ақшаның  бәрі – басқаларда. Ештеңе қалмапты  қара  қасқаларға…

Орнын  таппаған

Бір  әйдік  жерді,  бір  нән  мекемені басқарып  отыр  деп  кейбіреулерді  көзінше мақтап қомпитады. Ал олардың ой-өрісіне, пиғыл-ниетіне, кабілет-қарымына қарайсың да, бұлардан  мынау  деген  мықты дүкен  сатушысы  шығатын  еді-ау  деп  бас шайқайсың…

Өзгеріс  бар  екен

Бұрынғы мастар кәйпіне келгенде, аңыратып ән айтатын, еңіретіп өлең оқитын. Бүгінгі мастар сәмсіреген сәтінде қасындағылармен қас болып қасарысып қалатынды  шығарыпты.

Психика

Кей  адамды  бермесең  де,  алмасаң  да, көргеннен  кеуілің  жібіп,  мейірімің  түсіп, көңілің  көтеріліп  қалады. Енді  бір  адамдар саған  жаман  сөз  айтпаса да, жаман қылық көрсетпесе  де,  кеудеңнен  итермесе  де, көргеннен-ақ  ішің  мұздап, көңілің тырысып-бүрісіп, қаралай  жақтырмай тыржиып  қаласың…

Жұмысының  мәнері

Осындағы  шенеуніктердің  жұмыс  істеу мәнері  мынадай  екен:  анау-мынау,  ешкі танау…

Рас-ақ

Дұрыс  өлеңді  «дұрыс»  емес  ақындар  жазады…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Соңы. Басы өткен сандарда. )

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: