Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

04.07.2024, 9:20 182

Шынайы  күлкі

Ең шынайы күлкі өзіңе-өзің мысқылдай күлуден басталады…

Аражігі  қандай?

Үнемі әр сөзін «Бәрін бір Алла біледі» деп аяқтай беру – Жаратқанға деген мызғымас сенімділік пе, әлде жауапкершіліктен жалт беріп қашатын суаяқ пенденің жаман дағдысы  ма?

Қисайғанды  түзету

Қашан көрсең де, бет-аузы сақал-сақал, мыж-тыж болып, бір иығына қарай қисая басып келе жатады. Сол сүдінді көргенде «адамгершілігің» күрт оянып, қалтаңның түбін қағып ақаңнан бір-екі жүз грамм жұтқызып, қисайған тұрқын түзеп, барлық қыртыс-пыртысын жөндеп жібергің келетіні несі?!.

Бар  мен  жоқ

Миы бар болғанымен не пайда, санасында саңылау жоқ…

Оспадарсыз  орта

Әрбір істеген ісіңді, әбжіл атқарған еңбегіңді бұлдай білмесең, сені құлдай көретін оспадарсыз  орталар  бар.

Ойы  басқа

Дос жинағысы келіп жүрген жоқ. Топ жинағысы келіп  жүр…

Қиын  жұмыс

Ешқашан өзі отырып, басын қатырып ойланып көрмегендіктен де, оған ойланып  отырудың  өзі – бір қиын  жұмыс.

Кабинет  пен  көңіл

Кең кабинет оның тар көңілін әсте кеңейте алар емес…

Биліктер

Бірінші билік орнында күмпиіп отыр. Екінші билік орнында дүңкиіп отыр. Үшінші билік орнына дүрдиіп отыр. Төртінші билік тасада үрпиіп  отыр.

Өткен  күн

Совхозды завхоз билеген, бастықты бухгалтер билеген заман  болған  еді…

Құл

Құл қамыттан қашпайды.

Сайтан  неме

Майда сөзі – иманыңды оятады. Ойнақшыған көзі – иманыңды ұшырады.

Масыл

Шытыр көз шалдар әкімдерге масыл болып бітті: оларға жайқалып баратын тегін курорттар керек, қыдырыстап қайтатын құрылтай, жиналыстар керек, апта  сайын  ас  пен  той  керек.

Жебір

Тойдырмасы қойдырмас…

Шыққан  атақ

Ақиық ақын боп елге атағымды шығарам деп, басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып жүрген, алайда жұтынып тұрған құлқыны құрымағыр басып озып, алқаш деген атағы бұрын шығып жұртқа  жайылып  кетті…

Бюрократия

Бер жағындағылар ар жағындағыларға сілтейді. Ар жағындағылар бер жағындағыларға  сілтейді.

Ерте  туып,  кеш  қалған

Қабілет-қарымы, қызмет-қарекеті елден ерек дыңдай, ал кеудесі алып-тағар орден-медальдан жұрдай…

Әйелдің  қабағы

Қабағы тырысқан әйелдің үнемі көңіл қошы болмаса, еркегінің дені дұрыс досы болмайды.

Жаратылыс

Біреуді құйма құлақ қып жаратқан, әңгіме тыңдағанды жақсы көреді. Біреуді көзді қып жаратқан, әр нәрсені көргісі келеді. Біреуді ауызды қып жаратқан, оңды-солды есіп сөйлегенді жақсы көреді…

Елемеді  деме

Мені анау елемеді, мынау елемеді дейсің… Бармас жерлерге барып, жаныңды салып, кірмес жерлерге кіріп, біреуге беріп, біреуден алып, шекісетін жерде шекісіп, кетісетін жерде кетісіп жүр. Сонда елемесе маған кел…

Шек

Адам ақылында шек бар, ақымақтығында шек жоқ…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы  өткен  санда.  Жалғасы  бар)

Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: