Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

27.06.2024, 9:20 180

ТЕСТ  ТЕНТІРЕТКЕНДЕ

Түйесі барлар түйесімен өтті, биесі барлар биесімен өтті, «иесі» барлар «иесімен» өтті… Ондай-мұндайдан жұрдайлар отқа түскен картоптай қап-қара боп күйіп кетті.

МОЙЫНДАУ

Ей, қу дүние, төрт құбылаң түгел емес, сенде де мың кемдік бар екен…

ГЕНІНЕ  ҚАРА

Бұл кісі адам алдаудың мың бір түрлі жолын біледі. Соған қарағанда арғы аталарында не нағашы жұртында Алдаркөсемен бір нағашы-жиендік байланыстар болуы керек…

МӘҢГІЛІКТІҢ  БЕЛГІЛЕРІ

Өлмес дауыстар… Өлмес бейнелер… Өлмес сөздер… Өлмес әуендер… Өлмес есімдер… Мәңгілік деген бар екен ғой.

КЕРІ  ӘСЕР

Бір адамдардың жойдасыз, жөнсіз қылығы сенің бүкіл адамға деген сеніміңнен айырады.

СЕБЕБІ  БАР

Адам бақытсыздығының басты себебі: өз ба­сындағы  бақытты  дер  шағында  сезіне  алмауы.

ЖУАСТАР

Бастауға емес, еруге, алуға емес, беруге жаралған жандар болады.

АДАМ  ҚЫЛМАЙДЫ,  АДА  ҚЫЛАДЫ

Жарнамасы жетерлік, мақтаулары мәнді болған соң, бір нәрсе болса да білейін деп сол үйретушілерге үйренемін деп барсаң, үйренбек түгілі, бұрынғы үйренгендеріңнен айырылып,  ада  болып  қаласың.

Су  –  керемет!

Жас шағыңда ана сусынды бір ішесің, мына сусынды бір ішесің, таңдамайсың, тал­ғамайсың. Кейін асқазаныңа жаққан сусынды ішесің. Ал ең керемет, ең ғажайып, ең тәтті сусын – су екенін білген кезіңде, бәрі кеш болып  қалады.

«Мәртебелі»

Өмірлік мәртебесін аннан-мыннан сатып алған марапаттарымен өлшейтін адамдар бар.

Жұбату

Ортақол ғана ақынмын деп өзіңді-өзің мүжи берме. Жақсы жерге тұяқ іліктіріп белді қызметке аралассаң, айналаңдағылар ақындық қарым-деңгейіңді классиктермен теңестіре бас­тайды.

Өресіз

Қазақ болуға рухы мен өресі жетпегендіктен те «біздің руымыз» деп жанталаса ұран сап ойды, қырды кезіп, ата-бабаларының жоқ мазарын іздеп далбақтап  жүр.

ҚҰНДЫ  ӨМІР

Кітаптар құндылығын жоймайтын қазына екен­дігін түсінген адам ғана құнды  өмір  сүре  алады.

Судағы  айқай

Су түбіндегі айқай жер бетіндегілердің құлағына жетпейді.

Қиыншылықсыз  өмір  жоқ

Жастайынан көп мәпені көріп, еш қиыншылықсыз өскен адам кейін қиын­шылықтарды өзі жасап алып  жүреді.

Мерекелік  ауру

Мереке болса болды, емпілдеп жүрген, еңіреп жүрген ерендеріміз сыңғырлаған медаль, шытырлағаны бар марапаттар дәмететін айналшық ауруға тап болыпты…

Құлдыраңдатқан  құлқын

Халықшыл болып та еседі, нарықшыл болып та бөседі. Әрі-беріден соң тура айтар сыншыл да бола қалады, андағы-мындағы кемшіліктерді көргіш міншіл де бола қалады… Әйтсе де бұл тынымсыз тірліктің бәрін өзінің қу құлқыны үшін құлдыраңдап жүргенін білесің…

Кесір  сөздің  кеселі

«Жездуха» десең, жаман жез­деңе жел бітеді…

Дүбәра

Басы қатты жұмыс істеге­німен де, басын алып жүре алмай жүр.

Ананың  орны

Ибалы қызды көргенде, қызым сондай болса екен дейсің. Біреудің келісті келінін көргенде, бізге де осындай келін бұйырса екен дейсің. Біреудің сыпайы қарындасын көр­генде, қарындасым да солай бойжетсе дейсің. Ал біреулердің қандай анасын көрсең де, анам осындай болса екен деген адамды көрген  жоқпын.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Жалғасы  бар.)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: