Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

23.11.2023, 9:40 627

ӨРШИ  ТҮСУДЕ

Берілетін атақтар жылдан-жылға көбейген сайын, оның айналасындағы шатақтар да өршіп барады…

ЕСІК  пен  ТЕСІК

Жұмысқа уақытында келсең, алшаң басып есіктен кіресің. Ал жұмысқа кешігіп келсең, амалсыз сырт айналып артқы тесіктен кіресің.

ШЫНАЙЫ  МӘН

Айтылмай қалған шындықтар – өмірдің ақиқи мәні.

ЖҰМАҚТЫ  ЖАҚЫНДАТУ

Жұмаққа кіре алмайтынын білген бір көркеуделер мына дүниеде жұмақ жасап, соның бар рақатын сарқып көріп қалғысы келеді…

БІР  ПАРТИЯҒА  ҚАРАП

Өзгерместер өзгермес…

СОҒАН  ЖЕТКІЗСІН

Қатының да, халқың да мойындайтын мәуелі бір мамыражай шақтар келеді екен-ау…

ҚОСЫЛДЫ

Кем дүниеге енді бір кеміс дүние  қосылды.

МЫҢҚЫРСЫҚ

Баратын жерге бармай, бармайтын жерге барып әбден діңкәні құртты.

МЫНА  ИТТІ-АЙ…

Идеологиясы жоқ елдің иті де иесіне қарап үреді.

ЖАУАПСЫЗ  СҰРАҚ

Ащы арақ соншама неге тәтті болды екен?

ХАЛЫҚТЫҚ  ЖОЛ  –  ҚАЛЫПТЫ  ЖОЛ

Халықтың ойынын ойна. Халықтың тойын тойла. Халықтың қамын ойла.

БҮРМЕ

Біреуден естіген әңгіменің бір-екі бүрмесі болады.

СЫБЫРЛАҚ

Жалғыз тұрса да сыбырлап сөйлейді. Көптің ішінде тұрса да сыбырлап сөйлейді. Үнемі сыбыр­лап сөйлегені сабырыңнан айыратыны сондай – ол сыбырлай бастағанда, жер-дүниені жаңғыртып айғайлап  жібергің  келеді.

АҚШАНЫҢ  ҚҰДІРЕТІ

Қалтаңда ақшаңның бар болуы  дүниенің тарлығын ұмыттырады…

Кеңесі  жоқ  кеңестер

Түрлі-түрлі кеңестер қаптап жүр… Ал әкімшілік­тегілер дені дұрыс, татымды кеңес беретін тірі жан таба алмай, кәукиген кеңкелестерден ақыл сұрап отыр…

Әмбебап  ішкіш

Сапырып сыра ішсе, сыралғы достарын, қылғытып коньяк ішсе, қойнындағы қатынын, арқыратып арақ ішсе, ағайын-туысын ойланбастан сатып жіберуге бар…

НАНСОҒАРЛАР

Халықтың қамын жеген депутаттардан гөрі, мемлекеттің «нанын» жеген депутаттар көп сияқты.

Қайсысы  тұлға?

Біреулер өзінің біреуге ұқсайтынын мақтаныш тұтады. Біреулер өзінің ешкімге ұқсамайтынын мақтаныш тұтады.

Өзгеріс  көрмеген

Көп жылдан бері өзгеріс көрмегендер жоғарыдағы ротациялық орын ауыстыруларды үлкен өзгеріс көріп, әлдеқандай қылып жүр…

Жаңалықсыз  тірлік

Жаңалық дейтіндей жаңалықтардың сиреп кеткені сондай – жұрт бүгінде «Жаңалықтар» бағдарламасын көруді қойған…

Құбылғыш

Кеудесіне нан пісіп шіренетін кезінде бай-манап­тай  балпиып шіреніп қалады. Басқаға күні қарап сұраншақтанатын кезінде сұрқы қашып ілмиіп тіленіп қалады.

Жалғыз

Кейбіреулер ел-жұрттан қашып, жалғыздан-жалғыз қалғысы келіп жүреді. Енді біреулер елдің ішінде жүріп жалғыз өзі болғысы келіп жүреді.

Қоғамда

Былай барсаң шікірейген тасбет шенеуніктер, былай барсаң ауыл-үйдің жартышеке есерлері, былай барсаң өсек гулеткен гуілбайлар, былай барсаң сақалы бар, мұрты жоқ сүдінсіздер, былай барсаң табан жалаған, жалаңдаған жылмаңбайлар, былай барсаң сөз аңдыған сұрқиялар… Біз сол-солардың арасымен жүріп отырып, жақсы адамдармен, жайсаң жандармен, жасампаз жастармен, піскен бастармен кездесіп, баянды тірлік етіп жатамыз…

Көп  марапаттан  соң…

Бұрын: «Кімдер марапат алды?» деп сұрайтын едік. Қазір көп марапаттан соң: «Кім-кімдер марапат ала алмады?» деп сұрауға көштік…

Сахна  сыры

Ессіз де көзсіз, делқұлы, есерсоқ көрермендер көбейген сайын, концерт залдардың аласа сахналары бой жетпестей боп биіктеп-биіктеп алыстап барады.

Неге  екен?

Тіршілігімізді түзеуге уәде берген жаңа Қазақстанның әкімдерінің жанында бізді тоқыратып кеткен ескі Қазақста­нның әкімдері жантаңдап неге ақыл айтып жүреді?

Уақыт-ай,  уақыт…

Құрдастарыңның жылтыңдаған жымсық көздеріне қарасаң, жалаңдаған жастық шағың есіңе түседі. Қалтаңдап алтақ-талтақ басқан жүрістеріне қарасаң, құрық тастаған қарттықты көрсетеді…

Сөзі  қандай?

Ұлттың сөзін айтпаса, ұлдың сөзін айтпаса, ұланның сөзін айтпаса, құлдың сөзін, құтанның сөзін көрінген көксоқ­қан  айта  береді…

Дарынсыз  дей  алмас

Не жазарыңды білмесең, ешкім түсінбейтін дүниелер жаз. Жұрт түсінбесе де, ешқайсысы сені дарынсыз деп айта алмайды…

Шайда  гәп  бар

Ер жігіт күндегідей шай ішуді азайтып кетсе, ол шайқор­лығының кемуі ғана емес, шай ішетін басқа бір жерді тапқаны да болуы мүмкін…

Саясаттың  құс  базары

Саясаттың құс базарында сайрағыш бұлбұлдары, шықылықтаған сауысқандары, өз атын өзі шақырған көкек­тері, қомағай құзғындары, бір-ақ жұтар бірқазандары, күн шықса жоқ болар жапалақтары, түрленгіш тотықұстары бар…

Күйлі

Әкімнің соңында салпақтаған шал күйлі, әркімнің қорасынан жем жеген мал күйлі.

Сын

Жер бөліміндегілер жер шұқып отыр. Мәдениет бөліміндегілер мәдениеттен жұрдай екен. Кәсіпкерлік бөліміндегілердің кәсіби біліктілігі тым төмен. Білім бөліміндегілерге білімділер керек емес екен. Денсаулық бөліміндегілер түшкіріп-пысқырып, күрк-күрк жөтеліп, науқастарды әл-әзер қарап, емдеген болып жүр…

Жатысыңа  болайын,  Ленин

Коммунистердің құдайдан безуінің себебі кейін белгілі болды: өлген соң өздері мовзолейлерде көсіліп жатып құдайдай боп жұртты табындырғысы келген екен…

Есімде   мән  бар

Ертеде қара қауқары жетіп жетпіс-сексендегілер балалы болса, азан шақырып Жетпісбай, Сексенбай қоятын. Ендігі желіккен жетпіс-сексендегілер алда-жалда балалы бола қалса, Дәрібай қоя салса болады….

Пәнидің  мазмұны

Өлгенше өмір сүреміз…

Жоқтың  түбі  жоқ  болар

Намыс жоқ. Жігер жоқ. Талап жоқ. Әрекет жоқ. Әділдік жоқ. Берекет жоқ. Тоба жоқ. Шүкіршілік жоқ. Қаражат жоқ. Рух жоқ… Жоқтардан ғана тұратын жартымсыз тірлік тұралап, тоқырап, тұйыққа тіреліп тұр…

«Сайлау»

«Сайлау, сайлау» деп далақтап шапқылауымыз – бірімізді-біріміз алдап-сулап ойнау болып тұр…

Бермесқұл

Ешкімге ешқашан ештеңесін тегін беріп көрмеген көк метін кісі. Алда-жалда әлемде газ азайып, қымбаттап кетті десе, өз ішінен шыққан «желді» де пұлдап, саудаға салып сатуға бар.

Бұл  да  «күрескер»

Әлеуметтік желіде болса да, аннан бір шымшып, мыннан бір шымшып, жергілікті жебірлердің жайбарақат «жем» жеуіне мүмкіндік бермей-ақ жүр…

Жас  ұрпаққа  ризашылық

Митыңдаған мұғалімнің неше күн көз майын тауысып, тиянақтап жазып-сызып берген ғылыми жобасын қазіргі күні көптеген оқушы әжептәуір жақсы қорғап жүр. Құлшына тақылдаған түрлеріне қарап риза боласың. Мырыңдап тұрса, не істер едің, а?!.

Үрей

Жүрегі кір надандар дінге келген кезде, жүрегі таза адамдар діннен үрейлене бастайды.

Сасытқыш

Руын ұран қылып, төріне тұмар қылып тыртыңдаған тыштақайлардың сасық пиғылдары қазақтың дарқан даласының саф ауасын тарылтып тұр.

Екі  сәт

Күлуге шақ қалып отырып жазамын. Жылауға шақ қалып отырып оқимын.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Соңы. Басы өткен санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: