Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

03.08.2023, 9:20 267

КЕСІР  ТАНАУ

Қарақат көзі күлімдеп тұр. Талпақ танауы таңқиып тұр. Көзіне қарасаң, ыстық құшағыңды ашып ғашық боласың. Танауына қарасаң, кейін шегініп қашық тұрасың…

СҮЙРЕТПЕ

Өзі сүйретіліп әзер жүрсе де, бірнеше адамды ізіне ертіп «сүйреп» жүреді.

Артық  АҚЫМАҚТЫҚ

Өмірі кітап бетін ашып көрмеген, кітап оқып көрмеген танысыңа: «Кітап шығардым. Осыны сізге сыйлаймын» дегеннен артық ақымақтық болмайды.

СҰРҚАЙ  СУРЕТТЕР

Еркек беттеніп кеткен етектілер…

ЖАҢАРҒАН  ӨМІР

Жаңа өмір бастаймын деп, жұмысын жаңа қалада жаңа орынға ауыстырды. Жаңа үй салды. Жаңа көлік алды. Жаңа достар тапты. Жаңадан әйел алды…

АЗДЫҢ  КӨБІ

Аз ғұмырда көп жасағанға не жетсін?!

ҚАЛТА  ХАЛІ  НЕШІК?

Депутаттыққа үміткерлер халыққа емес, қалтасына қарап жүр…

МАРАПАТТЫҢ  ТҮРІ

Кей марапат маңдай тер төккен еселі еңбегің үшін емес, сенің мазаны алмай, арғы-бергіні қозғамай тыныш жүруің үшін беріледі…

АУЫЛЫНА  САЙ  ӘКІМІ

Аңқау да аңғырт ауылға алдамшы, суаяқ, арамза әкім тап болар.

ҚЫЗ  ҚАРАУ

Біреуге қыздың күлкісі ұнайды, біреуге қыздың түр-түсі ұнайды. Біреуге қыздың жүрісі ұнайды, біреуге қыздың тұрысы ұнайды. Біреуге қыздың көзі ұнайды, біреуге қыздың сөзі ұнайды. Біреуге қыздың әкесі ұнайды, біреуге қыздың шешесі ұнайды…

Осылайша жігіттер талғам-таңдауына сай бүткіл қызды бөліп-бөліп алады…

ТЕГІН  ДЕГЕНГЕ

Тегінге тексіз үйір болады.

«ҚАНЫПЕЗЕР»

Көп жыл қызмет істеген қатынның сүйегі қатты болады.

ЖЕЛІМІ  БАР

Әлеуметтік желінің есігінде желім бар. Бір ашсаң болды, қолың мен көзің жабысып, қайта шыға алмай қаласың…

АҚЫЛ  КЕРЕК

Біреудің дұрыс ақылын сатып алу үшін де ақыл керек.

ЕСКЕРТУ

Кішкентай миы бар адамға үлкен әңгіме айтпа. Бәрібір басына сыймайды.

БҰЛ  ДА  БІР  МҰРАТ

Әбден қартайып, қалжырап, өзің өлгің келгенде өлгенге не жетсін.

ЖАҢАРУҒА  ЖОЛ

Елдің бюджетін талан-тараж, талапайға салатын жемқор жұтқындарға түрмелердің есігін айқара ашып қояйық.

Жер  жарған

Шығармасының атақ-даңқынан гөрі ақынның өзінің дақпырт-даңғазасы жер жарып тұр.

Басы  ауырған  философ

Кейде шамадан көп ішкен арақ ертеңіне піспеген шала басыңды пісіріп, уақытша болса да әжептәуір философ етеді.

Ұқсатамын

Бір партия – бір ағза: бірдей ойлайды, бірге ұрандатады. Басқа оймен, басқа пікірмен шаруасы жоқ. Сондықтан да бір партияшылдарды мен бір ғана телеарнаны көретін адамдарға ұқсатамын.

Соңғы  жылдардың  «жемісі»

Соңғы жылдардың «сүбелі» бір жемісі – ұялмайтын, қызармайтын адамдардың қатарын нық қалыптастырып кетті.

Жылмиғандар

«Пәленше әкім келіп ақсақалдармен кездесіп кетті» дегенге қарасам, ақсақал түгілі қарасақал да жоқ. Ылғи жылмиған кемпір бет, көсе шалдармен  кездесіп  қайтыпты.

Ақыл  болғаныңа

Ешкімге сенбе деп біреуге ақыл айту – ең нақұрыстық  ақыл.

«Ұстаным»

Қазір оқитындардан гөрі оқымайтындарға жағдай жасалып қойған сияқты: беретініңді бер де, бағаңды ала бер деген ұстанымның желі айдарынан  есіп  тұр.

Уақыт  көрсетті

Елін, жұртын ақымақ қылғысы келетіндердің түбінде не болатынын білдім: өзі елден шыққан ақымақ  боп  қалады  екен…

Жас  шенеунік

Қимылына көз ілеспейді, іс-әрекетіне сөз ілеспейді. Бір рет мойнына шаруа жүктесең, енді қайтып  көзіңе  түспейді.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: