Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

27.07.2023, 9:20 292

ЕСЕККЕ  АЙНАЛУ

Есек дәмемен көп жүрген сорлы қасқа соңында есек болып қалады.

ДҮНИЕ  СЫРЫ

Көл-көсір, көп дүниең кейде көсілуіңе жетпей қалып жұртқа телміртіп жатады. Аз дүние кейде анда-мында бейберекетсіз шашсаң да ауысып қалып жатады.

ІЗ

Ізбен ғана жүрген адам іздегенін таппайды…

ӨЗГЕРІСТЕР

Әкім ауысса болды: дәуір алмасып жатқандай өзгерістер басталады…

ҚОҒАМ  АХУАЛЫ

Ащы шындықтан әбден қалжыраған, ит-сілікпесі шыққан қоғам тәтті өтірікке де, татымсыз өтірікке де алғаусыз илана қалуға бар.

БІРЕУЛЕРДІҢ  АРМАНЫ

Біреулердің бар арманы – ақылды адамға айналу емес, ақшасы бар адамға айналу.

ЕКІ  ТОПТЫҚ  ҚОҒАМ

Біздегілерді қақ жарып екі-ақ топқа бөлуге болатын сияқты: мақтағыштар мен боқтағыштар.

ЖАЛАҚБАЙ

Біреулермен сөйлесіп топ ішінде тұрса да, жан-жағына жалтақтап қарап, жүрген-тұрғанға көз тігіп, алыс-жақындағыларды аңдып, айналадағыларды барлап, өткен-кеткенді көзімен шығарып салып жалақтап тұрады…

ТҰРЛАУСЫЗ  ТАҒДЫР

Бір алақандай көрпенің астына сыйған жас жұбайлар кейін сезімдері салқындап, төзімдері сарқылып, даладай кең бір үйге, бір шаңырақтың астына сыймай жатады.

АПОКАЛИПСИС

Қазақ болғысы келмейтін қазақтар да бар.

ЖАРТЫ  БАҚЫТ

Түсіне білгенге, еркектің шұлығы мен шұлғауын жуу – әйел үшін жарты бақыт.

ШОЛАҚ  ӨМІР

Өмір дегенің – шоп-шолақ: біреуден оздым-ау, біреуден оздым, біреуден озып кеттім деп ауыз толтырып айтамын-ау деп жүргеніңде шолтаң етіп бітеді де қалады.

ТӨРТ  АЯҚТЫ  ТІРЛІК

Ешкі көздеген ит мінезді сұрқылтайлар торғайдың миындай миына қарамай, есекше берекетсіз ақырып, боталы түйедей боздап, итше ырылдасып, маймылша тірлік етіп жүр.

БІР  ӘНШІГЕ  ҚАРАП

Еркек еркек болсын, әйел әйел болсын дегің келеді…

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ  БАР  КӨЙЛЕК

Жағасыз  көйлек  кигеннің артықшылығы – жағаңнан  ешкім  ала алмайды.

ДАСТАРҚАН  БАСЫНДАҒЫ  ДҮБІР

Әуелде елден ерек ешкім де, ештеңе де жоқ еді. Бір-екі тостан соң, сөйлеуші де көбейді, «қой» деуші де табылды, «өй» деуші де табылды…

ОРНЫҢДЫ  БІЛДІР

Сен тек жұрт жиналып тұрған жерде болуға ғана тырыспа. Қайта жұрт сен тұрған жерде жиналатын болсын…

ІЗГІЛІК  ӘЛЕМІ

Әр адамнан сөнбейтін жарық көр. Әр адамға сөнбейтін жарық бер.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: